Ербай Медина
Қызылорда қаласы
Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия
Білімнің дәнін себелеп, жемісіне қуанатын адам жанының бағбаны – ұстаз. Мектепті біздің екінші үйіміз деп есептейтін болсақ, ұстазды екінші анамыздай көреміз.
Француз философы Жан-Жак Руссо айтқандай, өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын ұстаз қауымын қалай ұлықтасақ та артық емес. «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт», - деген халық даналығы. Өз басым ұстазға құрмет көрсетуді ұлтқа қызмет етумен тең деп түсінемін. Өйткені өмірдің күре жолында өз бағытыңды адаспай табуыңа бірден-бір себепкер мұғалім екені бәрімізге белгілі. Ендеше, ұстазды неге құрметтемеске?! Және сол құрметімізді қалай білдіреміз? Болашағыңның жарқын болуына ықпал етуші жанның қасиетіне қалайша бас имеске?!
Ең алдымен, ұстазың еркелігің басылмаған балаң кезіңде тағдырыңның аппақ парағына соны із қалдырып, қолға қалам ұстатуды, әріп тануды үйрететін, сауатыңды ашқан абзал жан екенін ұмытпауымыз керек. Бала жүрегін сыр сандыққа теңесек, сол сандықтың кілтін аша білетін сырласыңа айналар сенімді де қымбат жан екені даусыз.
Ең алғаш білім ордасы – алтын ұя мектебінің табалдырығын аттағаннан бастап, ұстазыңнан терең білім алып, дүниенің тылсым сырларын ұғынасың. Білім тұңғиығына бойлатумен қатар, адам атаулының бойында болуға тиісті барша ізгі қасиеттерге баулиды. Қажырлы түрде еңбек етуге, алдыңа биік мақсаттар қоюға үйретеді.
Бар білгенін шәкірт санасына зерделеп, тағылымды өнеге үйрететін мамандық иесі болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұстаз дегеніміз - жүректің жылуын, жан шуағын, адамгершілік пен ізгілік қасиеттерді бойға дарытатын керемет жан. Ұстаз мамандығы - ең асылы да ардақтысы. Ұстазға құрмет ету шәкірттің басты міндеті болып саналады. Алайда, білімнің бұлағынан сусынын қандырып отырған ізгі жанды құрметтеудің орнына мұғаліммен сөзге келіп, балағаттайтын оқушылардың бар екені қандай өкінішті.
Соның бірі – 11 наурыз күні биология сабағында Талдықорған қаласындағы оқушының ұстазына ерсі қылығы жайында шыққан әлеуметтік желідегі хабар. Бұл оқиға мені қатты қынжылтты. Екінші анасындай болған ұлағатты ұстазға оқушының соншалықты дөрекі сөйлеп, мінез көрсетуі - біздің елдігімізге сын. Өйткені бұл оқушы - еліміздің болашағы. Егер үміт күтіп отырған осындай жастардан ерсі қылықтар шығатын болса, келешегіміз қандай болмақ? Бұндай әрекеттерден біз жиреніп, сабақ алуымыз керек. Адамгершілік қасиеттерге ие Абай айтқан «толық» адам болуға тырысуымыз қажет.
«Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер», - деген Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың дана сөзін көкірегімізге түйіп өскен жөн. Рухани азық сыйлап, білімнің кемесінде еркін жүздіретін ұстаздың еңбегі біз үшін қашанда өлшеусіз. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі», - деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі де ұстаз мәртебесін биікке қояды.
Ел қорғағайтын батыр да, сөз өнерінің иесі ақын да, қарапайым жұмысшы да, жерден несібе терген диқан да, мал баққан малшы да, ел басқарған әкім де, ғұлама хакім де – бәрі де ұстаз алдынан шығатыны бәрімізге аян. Сол себепті бүкіл адамзат баласы ұстазға құрметпен бас иеді.
Ұстазын қадірлемеген шәкірттің өзінің ұлкен мақсаттар жолында нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайды деп ойлаймын. Ақыл-парасаты мол, тарихта аты әйгілі тұлғалардың өзі де ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғанын оқыдық. Нақты дәлелдер келтіретін болсақ, Абылай хан - Төле биді, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Шәкәрім - Абайды, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан.
Ұстаздың алдын кесе өтпей, әрбір сөзіне асқан жылылықпен жауап беріп, өз ізеттілігімізді көрсете алсақ, сөзіміздің нақты іске айналғаны болар еді.
Ұстаздың берген білімі мен тәрбиесі, өнегесі ата-ананың тәрбиесімен қатар өрбіп отырады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздың атқарар жүгі аз емес. Шәкіртіне сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында бар ғұмырын арнайтын, ерінбей-жалықпай бар білгенін аямайтын ардақты жанды құрметтемеуге біздің қақымыз жоқ. Ұстаздың алдын кесе өтпеу, мейірім мен ізгіліктен жаралған жанның көңіліне қаяу салмау біздің қолымыздан келетіні хақ. Халықтың ортасында жүргенде төр, әрине, мұғалімдікі болу керек.
Ұстазды қалай дәріптесек те жарасады. Ол білімнің бұлағынан сусындатумен қатар, әрдайым өзінің бойындағы ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін, тәлім-тәрбиесін бізге, яғни, шәкірттеріне беріп отырады. Қарапайым да мейірімді ұстаздың ғұмырындағы қымбат уақытын мектебіне, шәкірттеріне арнап, өзгеге күннің құдіретті сәулесіндей нұрын төгетіні баршамызға аян. Ұстаз – бәріміз үшін ата – анамыздан кейінгі қымбатты жандардың бірі. Өзінің білімділігімен, жайдары мінезімен, бар болмысымен бізге жақсы әсер қалдырады.
Мұғалім. Бұл - адамның ардақты аты.
Білімдік бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адамнан,
Сүйеді сондықтан да жақын, жаты..., - деп жырлаған Сәбит Мұқановтың осынау жыр шумағынан ұстаздың адамзат үшін ең аяулы жанға айналғанын білуге болады. Баланың жан дүниесін күй сандыққа теңесек, сол сандықтың кілтін аша білетін мұғалім – нағыз ұстаз. Ең сенімді де сырласымыз – әрине, ұстаз. Ол бізді тарыдай қалпында қабылдап, алтын ұядан таудай етіп шығарады. Білім кемесімен өмір теңізінде қалай жүзуді үйретеді.
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз, - деп Абай айтпақшы, мен өзімнің оқыған мектебіммен, аяулы ұстаздарыммен мақтанамын.
Міне, сондай ардақты ұстаздардың бірі – менің қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Гүлмира апайым. Білімділігімен қатар, жайдары мінезімен, сабырлы қалпымен, өзіне жарасымды бар болмысымен жүрегіміздің төрінен орын алды. Менің сөз өнеріне деген сүйіспеншілігім мен құштарлығымды арттырып, әдебиет әлеміне деген көзқарасымның қалыптасуына себепші болған еді.
«Ана тілі... жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына», - деп Жүсіпбек Аймауытов бағасын берген сөз өнерінің құдіретіне терең бойлау кез келген жанның қолынан келе бермейді. Бойыңдағы алпыс екі тамырыңды шымырлатып, жан жүйеңді жадыратар, құлақ құрышын қандыратын сөздерімен көркем шығармаға деген қызығушылығымызды оята білді. Әрбір сабағында ақындар мен жазушылардың сөз өнеріндегі қолтаңбасын әңгімелеп, олардың шығармаларына әдеби тұрғыдан талдау жасап бергенде, бар ынта-жігеріммен тыңдап отыратынмын. Ұстазымның сөз мәнері, дауыс сазы, қиыннан қиыстырып сөйлеуі еріксіз өзіне баурап алатын. Тіпті ақындардың жырларын мәнеріне келтіріп, жатқа айтып бергенде, еріксіз таңырқайтынбыз. Сүйіне тыңдаймыз. Ұстазға еліктеп, біздің де ақындардың жырларын жатқа оқып, көркем әңгімелерді бар ынтамызбен талдауымызға Гүлмира апай риза болатын. Ол кісінің күлімдеген көздері мен ақыл-парасаттылығы байқалып тұратын кіршіксіз жарқын жүзі жүрегіме нұр құйғандай болады.
Зейнолла Қабдолов өзінің «Менің Әуезовім» атты шығармасында «О, ғажап! Университет аудиториясына Ұлылық кіріп келе жатты...» - деп, өзінің ұстазына деген шексіз сүйіспеншілігін осынау сөйлеммен-ақ керемет білдіреді емес пе? Мен де қазақ тілі мен әдебиеті сабағында Гүлмира апайдың кіріп келуін есікке қарап, күтіп отыратынмын.
Ұстазға деген құрметім ол кісінің берген әрбір сабағына қызығушылықтан бастау алған секілді. Үнемі ұстазыма бас иіп өтемін. Ол кісі маған үнемі қолдау білдіріп, одан әрі шыңдалуыма ықпал етті. Өмір теңізіне құлаш ұрып, ағысына қарсы жүзеге білуді үйреніп келе жатқан кез келген шәкірт ұстазымен мақтанады. Менің мектеп қабырғасында жүріп жеткен жетістіктеріме Гүлмира апайымның ықпалы зор. Ұстазымның маған берген тәлімі мен білімі менің болашақта өмірімнің азығына айналары сөзсіз. Атыраудан Алтайға дейін шектесіп жатқан тәуелсіз Қазақстан жерінде, Отанымның кең-байтақ өлкесінде менің тегін білім алып, еркіндікке қанат жайған бала қырандай биікке құлаш ұруым – ұстаздарымның арқасы. Ұстаз болмаса, өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес деп есептер едім.
Қазақтың тамаша ақын қызы Фариза Оңғарсынованың
Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
Шәкіртсіз өмір – сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің
Бейнетін көріп жүрсіздер.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
Жанымнан жалын, жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
Әр сәтің тұрған, бір ерлік, - деген осынау жыр жолдары дәл менің ұстазыма арналғандай.
Жан дүниемді нұрландырып, жүрегіме шапағатқа бөлеген, болашақ таңдаған мамандығымның мықты иесі боларына сенім білдірген Гүлмира ұстазымды әрдайым ерекше айтып жүремін. Өз ұстазымды бәйгеге тұлпар баптаған атбегіге теңер едім. Қырандай қияға қарап көз шолып, менің болашағымның жарқын боларын болжай білген.
Міне, менің журналистикаға деген құштарлығым осылай басталды. Өнер атаулының ішіндегі қиын да күрделісі – сөз өнері. Сөз өнерінің құлағынан ұстап, елдің мұң-мұқтажын жеткізетін, кең ауқымды әлеуметтік мәселе көтере білетін, «төртінші билік» атанған журналист болу оңай емес екенін жақсы түсінемін.
Бала кезімнен қиялымда асқақтаған арманымның жүзеге асарына сенімім мол. Қарапайым журналист емес, әлемдік бәсекеге қабілетті танымал журналист болсам деймін. Қазақ еліндегі журналистика саласының әлемдік деңгейде иық тірестіре алар сала болуына үлесімді қосқым келеді. Бала күнімнен көркем шығармаларды, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар мен очерктерді көп оқитынмын. Ойымдағы түйгендерімді ақ парақ бетіне қалам ұшымен түсіретінмін. Телеарналардағы хабарларды қарап, ондағы журналистерден үлгі алатынмын. Осындай балалық қиялыма қанат бітірген ұстазыма алғысым шексіз.
Ұстаз туралы ұлтымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген еді.
Егер де өзім армандаған оқуға қол жеткізіп, таңдаған мамандық иесі болсам, ең алдымен, ұстазым жайлы талай-талай көлемді дүниелер жазатыным анық. Мұғалім мәртебесін көтерер мақалалар жазып, туындаған мәселелердің шешімін табуға ұмтыламын деген мақсатым бар. Ұстаздарды құрметтеу жолында өзгеге де жарқын істер жасау менің болашағымның еншісінде.
Әлемнің жарты бөлігін жаулаған ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», – деген сөзінен ұлық болса да, ұстаз алдында өзінің бас иетінін байқаймыз. Қай дәуірде болсын, ұстаздарға деген құрмет жоғары болған. Сондықтан кеше де, бүгін де ұстаздың мәртебесі жоғары, шоқтығы биік тұр. Келешекте де солай болмақ. Әрбір саналы азамат тек қана ата-анасының емес, ұстазына да қарыздар.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», – деп халық даналығында айтылғандай, әрбір баланың жұлдызын жағып, болашағына бағдаршам бола білген ұстаздың еңбегі шексіз.
«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Балаға деген шексіз махаббатың иесі бола білген ұстаздарым өз еңбектерінің жемісін ұдайы көреді деген ойдамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі