Бiзде дәстүрлi қазақ өлеңi немесе дәстүрлi қазақ өлеңiнiң үлгiсi деген ұғым бар. Сөз жоқ, кез келген ұғым белгiлi бiр құбылыстың бiздiң санамыз бен зердемiзде қордалануынан, сан жылдар бойы тырнақтап жинақталған тәжiрибенiң қортындысынан пайда болады да, бiртiндеп барып қалыптасқан атауға иеленедi. Әрине, оның қалыптасу процесi кейде шұғыл, кейде шабан. Мұны айтқанда, бiз дәстүрлi қазақ өлеңi немесе дәстүрлi қазақ өлеңiнiң үлгiсi деген ұғымның шыққан тегiн мүшелеп ажыратып, туған жылын анықтап берейiк деп отырған жоқпыз. Әңгiме құлағымызға әбден сiңiстi боп кеткен осы ұғымды қалай түсiнiп, қалай қабылдайтындығымыз жайлы болмақ.
Бұл ұғым — аса кең ұғым, көл-көсiр дүние. Бiрақ осыншалықты көл-көсiр дүниенi кейде мектеп хрестоматиясының аясында — тарыдай қауызға салып қарайтынымыз бар. Егер сiз дәстүрлi қазақ өлеңiнiң үлгiсi дегенiмiз не деп сұрай қалсаңыз, сөз жоқ, екiнiң бiрi төрт жолдан тұратын он бiр буынды қазақтың қара өлеңiн, жетi-сегiз буынды жыр үлгiлерiн алдымен ауызға алады да, тағы да тақымдап түртпектей түссеңiз, бiрер өлең үлгiлерiн атаса атар, атамаса, ары қарай аттап баспасы хақ. Сонда қалай? Әлгiнде ғана ауыз толтырып, көл-көсiр дүние деп отырғанымыз екi көсiп алуға жарамай, түбi тақылдап қалатын таңқы, тапшы болғаны ма? Жоқ! Бәрi де өзiмiзден. Бiз тым берiден бастаймыз да, әрiге көз жүгiртпеймiз. Бұл ретте ғасырлар бойы халықтың рухани қазынасын жасаған ақын-жыраулардың телегей-теңiз мұраларына көңiл аудара бермеймiз. Содан барып ұзақ кезеңдер бойы сан дәуiр мен сан қоғамның ақын-жыраулары арқылы айтылған халықтың ой-арманы мен мұң-мұқтажына қызмет еткен жыр үлгiлерiн ұмыт қалдырамыз. Егер соларды тiлге тиек ете қалсаңыз: «Жоқ, олар жыраулық жыр үлгiлерi», — деп шыға келетiндерi тағы бар. Сонда жыраулық поэзия үлгiсi дәстүрлi қазақ өлеңiнiң үлгiсi бола алмағаны ма? Рас, жыраулық поэзия үлгiлерi жазба әдебиетi дүниеге келгеннен бергi белгiлi бiр кезең бойы қолданылмай жүрдi. Оның үстiне, дәстүрдiң де озығы, тозығы бар. Станиславский сөзiмен айтқанда, кейбiр дәстүрлер — жақсы сақталған «өлi дене». Бiрақ кейбiр «өлi денеге» айналған дәстүрлерiмiздiң күнi-күнi келгенде қайтадан түлеп, жаңарып, «тiрiлiп» кететiнiн бiлiп те жүрмiз, көрiп те жүрмiз.
Махамбеттi тыңдап көрелiкшi:
Шамдансам, шалқасмнан түсер асаумын,
Шамырқансам, шатынап сынар болатпын.
Құс iлген қуда сын жоқ ұят пен.
Жiгiт жауға шаппай қалай деймiсiң? —
Қанды көбе киiнiп,
Бiр аллаға сыйынып,
Кезенген жауға кез келдiк
Жалаң найза, бiр атпен!
Ендi Төлеген Айбергеновке құлақ салайық:
Мен — қара төспiн қайғыдан бақыт жасаған,
Шатырлап жатқан найзағайлы аспан босағам,
Мен жарық Жермiн Жаңғырықтарға үн қосқан,
Төбемдi көрсе, түн қашқан.
Омырауымнан жарқылдап ағып жатады
Құйрықты жұлдыз тынбастан.
Екi дәуiр. Екi ақын. Екi өлеңдегi де серпiлiс қандай! Бiрiншiсiнде — тәуекелге бел буған арыстан айбар! Екiншiсiнде — өр мiнезден туған өжет пафос! Екеуi де екi басқа. Екеуiндегi де тiзгiн үздi шабысты өлең жолдары кенет аспанға тiк шаншылғандай кiлт үзiлiп, қайта жосылады. Ырғақ ше? Тақыр жерге топылдап түсiп жатқан тұлпарлар тұяғының дүбiрi! Екi ақын да көкiрегiн кернеп келген жыр жолдарының басын бос қоя берген. Өзi басталып, өзi аяқталып жатқандай. Қалыпқа құйылған штамптан мүлде ада. Ақындар жыр жолдарымен де, буын санымен де санаспайды. Содан болса керек, бiз Махамбет жырларын поэзия үлгiсiне жатқызып, Төлеген жырларын сол үлгiнi жаңартып, жаңғыртушы немесе мүлде жаңа үлгiдегi ақын деп айтып та жүрмiз, жазып та жүрмiз. Бiрақ Төлеген өз өлеңiн дәстүрлi қазақ өлеңiнiң үлгiсiмен жазған деген сөздi де өз басым естiген емеспiн. Бiздiң қателесер тұсымыз да осы. Қаншама ғасырлар бойы рухани байлығымыздың молаюына өлшеусiз қызмет еткен жыраулық поэзия үлгiсi бүгiнгi таңда дәстүрлi қазақ өлеңiнiң үлгiсi болуына толық қақылы. Сондықтан он бiр буынды қазақтың қара өлең үлгiсiне қандай көзбен қарасақ, жыраулық поэзия үлгiсiне де сондай көзбен қараған жөн. Өйткенi ол жаңғырып, жаңара өзгерiп, ортамызға қайта оралып отыр. Одан әлi талай ұрпақ ақындары өз творчестволарын қандыра суарары сөзсiз.
Бұл жерде тағы да бiр басын ашып алар мәселе — жаңа өлең үлгiсi, яғни қазiргi түсiнiгiмiз бойынша айтсақ, жаңа форма қалай, қайдан пайда болады? Бұл да бiр өз кезегiн күтiп жатқан проблема. Жаңа форма дегеннiң қажетi не? Оны қолдан проблема жасаудың керегi бар ма? Бүкiл классикалық дүниелерiмiз төрт жолдан тұратын он бiр буынды, жетi-сегiз буынды өлең формаларымен-ақ жасалынған жоқ па деген қарсы дауыстарды мен қазiр-ақ естiп отырмын. Бiрақ, амал не, сөз етуге тура келедi. Рас, он бiр буынды, жетi-сегiз буында өлең формалары арқылы жасалынған дүниелер ұшан-теңiз. Әлi де солай бола беретiнiне бәрiмiз де сенемiз. Оған ешкiм де күмән келтiре алдмайды. Өйткенi бұл формалар — уақыт тезiнен өткен, ақынның айтар ойын ашып көрсетуге толық қызмет ете алар ең тиiмдi формалар. Бұл формаларды қолына қалам ұстап, өлең жазатындардың бәрi меңгерiп алған. Қазiр атышулы ең мықты дүниелерiмiз де, түкке алғысыз шикi, дүмбiлез дүниелерiмiз де осы үлгiлермен жазылады. Нағыз ақындар үшiн бұл формалар — iшкi дүниесiнде қорытылған кесек-кесек сом ойлардың алтын қалыптары да, ал жалпы өлең жазғыштар үшiн сыртқы сүлдерiмен көз алдайтын, iшi қуыс графикалық схемалар. Он бiр буын да түлеп, жаңғырып, жасарып отырады. Оны түлетiп, жасартатын — ой мен мазмұн, ақын табиғатының ерекшелiгi. Мына өлеңдерге назар салайықшы:
Өмiр деген осынау майданда бұл
Қолбасы да, қорқақ та сайранда жүр.
Өмiр менен өлiмнiң ортасында
Кетер ме екем келе алмай байламға бiр.
(М.Мақатаев)
Ақын болды десе де жасында әйгi,
Қақ жартысы жырымның басылмайды.
Бiр сөзiм бар — бәрiбiр айтылмайды,
бiр есiгiм бәрiбiр ашылмайды.
(Ж.Нәжiмеденов)
Екi ақын, екi характер. Бiрiнде — ашық өкiнiш, нала. Екiншiсiнде — тұйық жұмбақтық. Екi ақынның да қыртысы аударылып, табиғаты көрiнiп тұр. Бiрақ бұл екi өлең он бiр буынмен жазыла тұра, басқа-басқа оқылады. Бiрден айырып, бiрден байқайсыз. Сөз жоқ, екi ақын да қара өлеңнiң нағыз сарбаздары. Олар өлеңнiң бұл формасының мол мүмкiндiгiн өз творчестволарымен өзгеше қырынан келiп дәлелдеп бердi. Жалғыз осылар ғана ма? Қара өлеңнiң iшкi мазмұны мен саздылығын өз дауыс, өз үнiмен байытқан ақындар қаншама. Әлi де осы өлең формасымен талай тамаша өлеңдер дүниеге келетiнi сөзсiз. Сондықтан Мұқағали: «Қазақтың қара өлеңi — құдiретiм, онда бiр сұмдық сыр бар естiлмеген», — деуi тегiн емес. Сөйте тұра, сол Мұқағали кенет:
Сiздер сезесiздер ме?
Түсiнесiздер ме?
Сенесiздер ме кiсiге Сiздер?
Сiздер — көтергiш крансыздар:
шығарасыздар да,
түсiресiздер.
Заманның жүгi арқаларыңызда,
Арқаларыңызда, жоталарыңызда.
Айтсаңыздар болды балапандарыңызға,
Лаулаймыз өрттей, от аламыз да,
— деп басқаша түр, басқаша мақаммен төгiлiп қоя бередi. Ақын бұл өлеңiнде төрт жолды да, буын санын да жинастырып қойған. Өлеңнiң жаңа формасы дүниеге келдi. Бiрiншi жол — 13, екiншi жол — 10, үшiншi жол — 9, төртiншi, бесiншi жолдар — 12, алтыншы, жетiншi жолдар — 13, сегiзiншi жол 10 буынмен жазылған. Сонысына қарамай, Мұқағали мiнезi аңқып тұр. Ақын осы өлеңiн қара өлең үлгiсiмен жаза алар ма едi Күмәнiм бар. Жазылған күнде де, дәл осылай шықпас едi. «Жiгiт боп барып ерлiк сапарға, шал болып қайта оралғандарға» шұқшия қадалып, ағынан жарылып, ақтарыла айту үшiн дәл осылай сөйлеу керек болып тұр. Өлең мазмұны мен табиғаты соны тiлейдi.
Сонымен,манадан берi айтып отырған сөздiң тобықтай түйiнi не дейсiз? Ол — жаңа форманы жаңа мазмұн мен мағына, ой ғана алып келе алады. Өлең форманы өзi таңдап киедi. Жаңа образ, жаңа сөз оралымдары мен ой кейде жаңа формаларды да әлгiндегiдей дүниеге әкеп жатады. Сондықтан жаңа формалармен жазылған өлеңдерге тiксiне қарамас бұрын, iшкi мағынасына, көтерер жүгiне қарап алғанымыз жөн. Кейде әйтеуiр бiр ерекшелiкпен көзге түсу үшiн iшкi мағынадан да, ойдан да жұрдай жаңа формамен жазылған «өлеңдердi» оқитынымыз бар. Ол, әрине, формализм. Он бiр буынмен жазылған, бiрақ айтар ойы, көтерер салмағы жоқ өлең де — формализм. Өлеңнiң өлең екенiн ақтап алатын бiр-ақ адвокат бар: ол — ой мен мағына. Олар жоқ болса, оған шеге ұйқас та, жұтынып тұрған ырғақ та ара түсе алмайды. Бiз кейде көтерер жүгi мен салмағы, дәнi бар, бiрақ ырғақ әуенiнен ақау табылып қалатын өлең, жырларды қарабайыр, прозаизм деп жерден ап, жерге сап төмпештеп жатамыз. Ондайда өлеңнiң ойына да, мағынасына да қарамаймыз. Ал оның есесiне, ырғақ пен ұйқастан маска киген «өлеңсымақтарға» кешiрiм жасап, ләм деп пiкiр айтпаймыз. Бiле бiлсек, нағыз қарабайырлық сол, нағыз прозаизм сол. Күрессек, ең алдымен сонымен күресейiк! Өйткенi өлең қалай да төрт жолдан, он бiр буыннан тұратын конвейр-конвейр боп төгiлiп жатқан кiрпiш-шумақтар емес. Ол кейiнгi кезде мағынасыз, мәнсiз жылтырақ сөздердiң жиынтығы боп бара жатқан, заказбен жазылатын ән текстерi де емес! Өлең-өлең!
Бiрде Константин Симонов Назым Хикметке, оның бiр өлеңiнiң аудармасын әңгiмелеп отырып, ұйқасы мен ырғағын жерге тигiзбей мақтай жөнеледi. Оған Назым Хикмет: «Мұндай ұйқас пен ырғақтың қажетi жоқ, ең алдымен, менiң ойым болсын. Жолма-жол қара сөзбен аударылса да, менiң не айтпақ болғанымды жұртқа түсiндiрiп берсiн», — дептi. Мұны Константин Симоновтың өзi еске алады. Сондықтан өлең формасын шектеп, шегелеп тастаудың қажетi жоқ. Менiң ойымша, егер өлең табиғаты тiлеп тұрса, қара сөзбен де жырлауға болады! Тек оқырман қауымды өзiнiң iшкi поэтикалық қуатымен сендiре алсын де!
Кейiнгi кезде ұйқас та жиi-жиi ауызға алынып, көп айтылып жүр. Кейбiреулер үшiн ол өлең оркестировкасының әрбiр дыбысын бақылап отыратын «сиқырлы таяқшаға» айналып бара жатқан сияқты. Шынында да солай ма? Жоқ. Ұйқас еш уақытта да басқару пультiнде тұрған емес, тұра алмайды да. Ол өлең организмнiң жанды бiр мүшесi ғана. Бұл жерде «жанды мүшесi» деген сөздi де дұрыс түсiнiп алуымыз керек. Егер ол өлеңнiң ырғағы мен әуенiне ғана қызмет етiп, ой мен мағынадан тыс тұратын болса, жанды мүше бола алмайды. Ол онда — қандауырмен сылынып тасталуға тиiс «жат дене». Мен өз басым өлең көтерер салмаққа мүлде үлес қоспайтын, тек құр жалаң сөздердiң жиынтығын жылтырақ түйме боп қаусырып тұрған екi-үш, тiптi, үш-төрт сөзден құралған күрделi ұйқастардан, өлеңнiң ойы мен мағынасын ашуға қызмет ететiн «барып-жарып», «келiп-желiп»... сияқты қарапайым ұйқастарды артық қоям. Ойлы өлең денесiне сiңiсiп тұрған ондай мағыналы ұйқастар (әлсiз болса да) оқылған кезде сезiлiп байқалмайды. Әрине, оларды контекстен әдейi бөлiп алып, жеке қарастырсаң-ақ, онда олар мән-мағынасы жағынан нағыз «жабайы» ұйқастар болып шыға келедi. Сонан кейiн төбе шашың тiк тұрып, өзiңнiң де үркуiңе, жұртты да үркiтуiңе жол ашық. Сондықтан ұйқасты тұрған орнынан бөлiп алмас бұрын, атқарып тұрған қызметi бар ма, жоқ па, соған да бiр көз жүгiртiп алған дұрыс.
Қалай дегенде де, ұйқас шектеулi. Ұйқас деймiз-ау, мұхиттай шалқар тiл байлығымыздың да шетi мен шегi бар. Өйткенi мұхит та белгiлi бойлық пен ендiктiң аралығында жатады. Ал ой мен мағынаның шегi жоқ. Түпсiз терең! Әрине, мұны айтқанда, барлық ұйқастар табылып бiттi, ендi жаңа ұйқастарды iздемей-ақ қояйық деп отырған жоқпын. Iздейiк. Бiрақ айтылар ойға нұқсан келтiрмейiк, ұйқасты ұйқас үшiн жасамайық, науқан етпейiк деп отырмын.
Бiз жақсы өлең оқығанда, «өмiрдiң өзiнен ойып алғандай екен» деп тәнтi боламыз. Олай болатын болса, ұйқас өлеңдi ғана емес, өмiрдi де құшақтап тұруы керек. Ұйқасты сөз еткенде, осы тұрғыдан сөз етейiк.
Ұйқас та өзгередi, жаңарады (тозады деуге аузым бармайды. Бұл туралы соңынан айтармыз). Бұдан бiраз жыл бұрын поэзиямызға түбiрлi ұйқас келгенде, оған жұрттың бiразы-ақ тiксiнiп қараған. Болашағы жоқ, өзiнен өзi құриды деген пiкiрлер де айтылып жүрдi. Бiрақ солай болды ма? Қазiр екiнiң бiрi түбiрлi ұйқасты қолданып жүр. Кезiнде келiншек болып имене басып кiрдi де, келе-келе өзiнiң кексе абысын-ажындарымен тiл табысып кеттi. Қазiр оны ешкiм де мiн санап, кемшiлiк көрiп жатпайды.
Ендi қазақ поэзиясына ассонанстық ұйқастар кiре бастады. Әрине, өзiнен өзi емес. Оларды өлеңнiң өзi алып келiп жатыр. Өйткенi шегеленген ұйқас бар жерде схематизмнiң ауылы алыс емес. Сондықтан бiр өлеңiнде болмаса, бiр өлеңiнде схема құрсауына түсiп қалатыны кәдiк. Оған куә болып жүрмiз. Содан қашу үшiнтүбiрлi ұйқасқа да, ассонанастық ұйқасқа да барады. Бүгiн бармаса, ертең барады. Оны тоқтатам деп күрес ашудың қажетi де жоқ деп бiлем.
Кезiнде ассонанастық ұйқас француз, орыс поэзиясында да болмаған. Әзiр бар. Сол кезде оларға дау айтылмады деп отырсыз ба? Бiрақ келе-келе ет үйрендi, құлаққа сiңiстi болып кеттi. Мына ұйқастарға қараңызшы: змеек-увеях, аллей-олень, трясется-солнце, глаз-баланс... Бұл ассонанстық ұйқастар кiмдiкi дейсiз ғой. Ғұмыр бойы классикалық дәстүрдi дәрiптеп өткен Илья Сельвинскийдiкi. Ол бұл ұйқастарды ой өрiсiн кеңейтiп, мазмұнын байыту үшiн тудырған. Әйтпесе, шеге ұйқас жасауға Илья Сельвинскийдiң шеберлiгi жетпей қалған жоқ.
Осындай творчестволық пiкiр таласы туғанда Абайға жүгiнетiнiмiз бар. Дұрыс-ақ. Абай — бiз үшiн эталон. Темiрқазық. Ондай жүгiнiске бiз «мұндай үлгi Абайда жоқ, сондықтан бiзге жат» деп шыға келемiз. Абайша жазудың бiзге қажетi жоқ. Өйткенi Абай өзiнен алдынғыларды қайталамаған, басқаша жазған. Үйренсек, сонысынан үйренейiк. Сондықтан жаңалыққа тiксiнбей тұрып, алдымен оның болашағын бiр бағдарлап алғанымыз жөн. Поэзия бүгiннiң ғана перзентi емес, болашақтың да перзентi. Өкiнiшке орай, бiзде поэзияға болашақтың көзiмен қарау жетiсе бермейдi
Тағы да тоқталып өтер бiр мәселе — сөз. Сөз — еш уақытта көнермейдi де тозбайды. Бәрi де әдемi. Орнын тауып тұрса, өлең үшiн архаизм де, неологизм де жоқ. Ал оларға ой мен мағына жүгiн арқалата алмасақ, онда сөз басқа. Ой, сурет, мағынасыз-ақ, дыбыс үндестiктерiн қуалап, сөздi алтын қоңыздай жылтыратып әлекке түсу бос әурешiлiк. Ал «тозды, көнердi» деген сөзiңiз, iрi суреткерлердiң қаламына iлiксе, тiрiлiп, жанданып жүре бередi. Бiзде «жыбырлап», «қыбырлап» деген сөз де бар. Құлақ кесетiн сөздер. Осы сөздердi өлеңге қолдануға бола ма? Бiз, сөз жоқ, етегiмiзге шоқ түскендей шыр-пыр боламыз. «Қандай тозығы жетiп, көнерген ұйқастар! Өлең түгiлi, ауызекi сөздiң өзiне қолдану сөлекет қой», — деймiз бiздер. Бұл үшiн ешкiмдi кiналай алмаймыз. Өйткенi бiзде түсiнiк солай қалыптасқан. Өлең тiлiн тек сыңғырлап төгiлiп тұрған әдемi сөздер жиынтығы деп ұғамыз. Бiрақ соған қарамай, әлгi құлақ кесетiн сөздердi бiр iрi ақын келдi де қолданды. Ол — қазiргi қазақ поэзиясының классигi Әбдiлдә Тәжiбаев:
Өрмекшiдей қыбырлап,
Аяқтары жыбырлап,
Түнде жұлдыз жүредi.
Тозған жерiн көгiнiң
Көкшiл торғын жiбiмен
Қайта торлап тiгедi.
Қандай жанды сурет! Алдыңыздан ашылған құбылысқа қадалдыңыз да қалдыңыз. Бұл жерде сiз «қыбырлап-жыбырлап», «жүредi, тiгедi» деген егiстiк ұйқастарды да елемейсiз. Бәрi де өлең табиғатына сiңiсiп, жұтылып кеттi. Тiптi, тырнақ астынан кiр iздеушiлер үшiн осы өлеңде үлкен ұйқас «мiнi» де бар. Әлгi етiстiк ұйқастарды айтып отырғам жоқ. Әбекең төртiншi жолдағы «көгiнiң» деген сөздi «жiбiмен» деген сөзбен ұйқастырған. Бiрақ ол үшiн ақынды кiнәлай алмайсың. Бұл ақын бойында болуға тиiс саналы салақтық. Онымен есептеспеуге болмайды. Әйтпесе, Әбекең «көгiнiң» деген сөзге жiбi түзу ұйқас таба алмай қалған жоқ. Әдейi таппай отыр. Ұйқаста мiн болса, мiн болсын, бiрақ салынған суретте мiн болмасын деп отыр. Көрдiңiз бе, «тозған, көнерген» деген ұйқаспен сөздерiмiз iрi суреткердiң қолына түскенде қалай жаңғырып, жаңарады! Тағы да өлең оқиық:
Қауырсынды ұстадық,
Қалам тауып алғанша.
Қарындашты ұштадық,
Гильзадай боп қалғанша.
(Қ.Мырзалиев)
Бұл өлең соғыс кезiндегi тылдың жоқшылық картинасы. Дәл осы бiр шумақта бүкiл бiр ұрпақтың драмасы мен трагедиясы жатыр. Ал осы өлеңдi өлең қылып тұрған бiр-ақ сөз. Ол — гильза деген термин сөз. Сол сөздi өлең денесiнен алып тастаңызшы, онда өлең жоқ. Өйткенi ол сөз — тұла бойыңды сiлкiндiрiп өткен толқынның эпинүктесi. Ақын үрейлi соғыс картинасын жасау үшiн гильзаны әдейi алып отыр.
Кейiнгi кезде термин сөздердi альфавит бойынша әдемiлеп тiзу модаға айналып барады. Қатерлi мода. Өйткенi контекстен жеке бөлiнiп алынған сөз — өлi сөз. Термин сөз ғана емес, барлық сөз елi. Сондықтан ол термин сөз бе немесе байырғы өзiмiздiң төл сөзiмiз бе, ең алдымен, оның өлеңдегi атқарып отырған қызметiне көз жүгiртiп алайық. Контекспен бiрге қарастырайық. Егер бiз олай етпей, бiр ақынның үш-төрт жинағынан жүз қаралы терминдi көгендеп тiзiп, тағы да оны бiр жинақтан алғандай етiп көрсетiп: «Бұл не, өлең кiтабы ма шет тiлдер мен терминдер оқулығы ма немесе техникалық ғылыми атаулардың сөздiгi ме?!» — деп жатсақ, оқырман қауымды нағыз шатастыру сонда болып шығады. Мұндай кезде сыртқы әсерге қызықпай, iшкi байыптылыққа сөз берген жөн. Әйтеуiр, бiр айтып қалайыншы деген арзан дiлмарлық емес, сабырлы байыптылық қана белгiлi бiр ақынға бағыт-бағдар бере алады.
Бiз бүгiн бұл мақаламызда өлеңнiң кейбiр мәселелерi жайлы толғандырып жүрген өз пiкiрiмiздi ғана сөз еттiк. Әрине, бұл мәселелердiң түйiнi тарқатылып, осымен шешiле қалады деп отырған жоқпыз. Өйткенi олар көп болып ақылдасып, кеңесе отырып шешiлетiн мәселелер.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі