Өлең, жыр, ақындар

Сарыарқа пирамидасы – Қаражартас қорымы

Қазақстанда да пирамида бар екенін білесіз бе? Бұл – Сарыарқаның жүрегінде орналасқан Қаражартас пирамидасы.

Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштері ең көп таралған және жақсы зерттелген аймақ – Орталық Қазақстан. Қарағанды облысына қарасты Шет ауданының Талды ауылынан сегіз шақырым қашықтықта, Талды өзенінің бойындағы Қаражартас қорымының жанынан табылған. Көп адам Қаражартас пирамидасы тек ХХІ ғасырда зерттеле бастады деп ойлайды. Бірақ бұл қате тұжырым. Зерттеу жұмыстары сонау 1940–1950 жылдары Әлкей Марғұланның бастамасымен Орталық Қазақстанға жасалған экспедициядан бастау алған. «Орталық Қазақстан экспедициясы» деп аталатын зерттеу жұмыстары 1946 жылы басталған. Талды өңірі – тарихи ескерткіштерге бай, киелі мекен. Бұл туралы Әлкей Марғұланның «Орталық Қазақстан жеріндегі Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты еңбегінде жазылған. Сонымен қатар, еңбекте Талды, Жаңажұрт, Байбала аумағындағы қоныстар археологиялық картаға енгізілген. Талды өңірінде Данияр моласы мен Мейірман мырзаның мазарлары сақталған.

Қаражартастағы бұл пирамиданы 2015 жылы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкиннің бастауымен Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің студенттері және алматылық археолог Арман Бейсеновтың «Беғазы-Тасмола» зерттеу тобы бірлесіп, топырақтан аршып, қалпына келтірді.

Қаражартас пирамидасының ерекшелігі – оның баспалдақ тәрізді пирамидалық пішінде салынуы. Пирамиданың табаны 15×15 метр, ал биіктігі шамамен 3–4 метр. Құрылысы қарапайым қабірге ұқсамайды, маңайында көптеген тас молалар орналасқан. Археологтардың болжауынша, бұл құрылыс жерлеу рәсімдеріне емес, арнайы діни жоралғылар өткізу үшін салынған. Пирамиданың ең үстіңгі бөлігі 4×4 метр болатын жалпақ тас алаңқайдан тұрады. Төменгі қабатында қырыққа жуық үлкенді-кішілі тастар тікесінен орналастырылған. Сонымен қатар, пирамиданы айнала тас жолдар төселген. Қазіргі таңда нысан қоршалып, тазартылып, бастапқы қалпына келтірілген.

Қызықты деректердің бірі – Қаражартас пирамидасы шамамен үш мың жыл бұрын салынған. Археологтардың айтуынша, бұл ескерткіш Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатады. Пирамида маңынан бірнеше кіші қорымдар табылып, ол жерден он екі адамның сүйегі анықталған. Зерттеушілер бұл жер сол дәуірдегі ақсүйектер мен беделді тұлғалардың жерленген орны болуы мүмкін деп болжайды. Кейбір деректерде бұл жерде тайпа көсемі жерленген деген пікірлер де кездеседі. Сонымен қатар, пирамиданың құрылымы Оңтүстік Америкадағы ежелгі пирамидаларға ұқсастығы атап өтіледі. Қаражартас пирамидасынан адам сүйектерімен қатар қыш ыдыс сынықтары, садақ ұштары, қола пышақтар және ине сияқты тұрмыстық және әскери құралдар табылған. Бұл жәдігерлер сол кезеңдегі адамдардың тұрмысы, мәдениеті және әлеуметтік құрылымы туралы құнды мәлімет береді.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Рысбекова Майра


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар