Әдебиетiмiздiң айбарлы кезеңдерiнен саналатын алпысыншы жылдардағы естен шықпайтын айтулы айтыстардың бiрi лирикалық кейiпкер жөнiнде болғанын көзi қарақты, құйма құлақ оқырман ұмыта қоймаған шығар. Лирикалық кейiпкер дегенiмiз кiм деген сұраққа ақын-жазушылар да, әдебиет сарапшылары да бiр-бiрiмен қайтып қайрылмастай болып сөзге кеп жататыны әлi есiмiзде. Олардың бiрi лирикалық кейiпкердi тыс күш, тылсым құдiрет көрiп, айға отырғызып әспеттесе; екiншiсi оны ақ шаң, қара топыраққа аунатып, айтқанына көндiрiп, айдауына жүргiзiп қоятын-ды; сол кезде тағы бiрi оның тұлғасын әлемге сыйғыза алмай, әлекке түсiп жататын да, екiншiсi келiп оны тарының қуызындай тар қуысқа кiргiзiп, қамап тастай салушы едi. Тағы да олардың әрқайсысы бұл тұжырымдарды әйтеуiр бүйректен сирақ шығарып, көзге түсе қалайын деген құр дабыра ниеттен емес, дәлелi мен дәйегi жеткiлiктi өмiр мен өлеңнiң өзiнен шығарып айтатын-ды. Жұртты да, сарапшы-сыншыларды да сарсылтып, ұзаққа созылған сол айтыс ақыры қол алысып|, бас изескен мынадай тұжырыммен – лирикалық кейiпкер дегенiмiз ақынның өзi деген бiр-ақ ауыз тұжырыммен аяқталып едi. Шынында жоғарыда бiр-бiрiмен тебiсiп жатқан кереғар пiкiрлер, негiзiнен, ақындардың бiр-бiрiне ұқсамайтын әртектiлiгiнен, олардың дүниетанымының, болмыс-бiтiмiнiң, талант-табиғатының, интеллект өресiнiң, т.б. өзгешелiктерiнен туындап жатқан пiкiрлер едi. Бұзылмайтындай болып бетондалған осы формулалардан кейiн лирикалық кейiпкер жөнiндегi түтеп тұрған дау-дамай айтыс белгiлi бiр уақыт бойы пышақпен кескендей сап тиылды.
Әдебиет проблемасы, сiрә да, таусыла ма?! Бiр проблеманың шешiмiн таптым дегенше, екiншi проблеманың есiгiн қақтым дей бер. Ендi жұрттың алдында, егер лирикалық кейiпкер дегенiмiз ақынның өзi болатын болса, ақын деген кiм, оның қоғаммен, қоршаған ортамен байланысы қандай болуы керек, уақыт пен кеңiстiк iшiндегi орнын қалай белгiлеуге болады деген қыруар сұраулар аңыздап шыға келдi. Яғни ақын дегенiмiз өз бойында шабыттың шалқар желi есiп, жұлдыздар сорғалап, сұрапыл сiлкiнiстер болып жататын, мынау қоршаған орта мен уақытқа тәуелсiз дербес өмiр сүре беретiн тылсым жұмбақ микроәлем бе? Жоқ, әлде айналадағы тiршiлiкпен қоян-қолтық араласып, бiтеқайнасып кеткен, олардан дербес, тәуелсiз өмiр сүре алмайтын, шыркөбелек айналып тұрған осынау дүниемен бiрге шыркөбелек айналып тұратын микробөлшек пе?! Осының қайсысы?
Ақынды қоршаған орта мен уақыттан бөлiп ап дербес өмiр сүре беретiн тылсым жұмбақ деп қарастыратын болсақ, онда ол – қанша талантты болса да – өзiнiң қарақан басыныңы күйiнен басқа асырып ештеңе айта алмайтын, қоғам мен уақыттан үзiлiп тыс қалған, яғни өз заманы мен өз замандасына рухани қызмет ету сияқты ұлы миссиядан жұрдай болып тоналған, ақырында сырттан дем мен леп кiрмегендiктен iштей iрiп, бүлiнiп, творчестволық құлдырау мен күйреуге ұшыраған, үй-iшi, ұсақ-түйектiң бодауында кеткен тұлғаға айналар едi. Ал егер ақынды айналадағы тiршiлiктен тәуелсiз өмiр сүре алмайтын, өмiрде болып жатқан құбылыстарды өзiнше творчестволықпен қорытуға дәрменi жетпейтiн микробөлшек дейтiн болсақ, онда ол өзiнiң творчестволық дербестiгiнен айрылып қалған, осынау шыркөбелек айналып тұрған дүниемен бiрге механикалық қозғалысқа түсiп шыркөбелек айнала беретiн, өзiндiк бет ажары жоқ машықкер мен кәсiпкер боп кетерi сөзсiз. Дұрыс-ақ дейiк. Сонымен, ақын деген уақыт пен заманнан тыс қалған тоң-терiс томаға-тұйық микроәлем де емес, заман мен диалогқа түсе алмайтын, өзiндiк бет ажары жоқ механикалық қозғалыстағы микробөлшек те емес. Сонда ол кiм? Егер бiрер ауыз сөзбен жинақтап айтсақ, ол осынау ұлы заман мен уақыттың әрi микроәлемi, әрi микробөлшегi. Осы екi қасиет өз бойында бiрiгiп синтезделiп, өз басынан қатар табылғанда ғана ол Ұлы Мәртебелi Уақыт пен Заманның ақыны деген ардақты есiмге лайық бола алмақ. Бiрiнсiз бiрi жоқ.
Әрине, бұл сөздi бiз құр қиялдан шығарып алып отырған жоқпыз, өмiрдiң өзiнен, өлеңнiң өзiнен шығарып алып отырмыз. Ақындарға сөз берейiк.
Мен басымнан қорқамын атом ба деп,
Бiр әлемет жасалып жатыр ма деп.
Мұндайдағы сұрапыл тап болар ма,
Өзi болған өзiмен пақырға кеп.
Мен басымнан қорқамын атом ба деп.
Белгiсiз элементтер миымда ойнап,
Миым қайнап барады, миым қайнап.
Белгiсiз ғұмырларға мекен болып,
Өз денеме өз басым бұйырмай ма?!
Бұл ғаламның түбiне жететiндей,
Сұмдық-сұмдық сынаулар өтетiндей.
Мен басымнан қорқамын, мен болмасам,
Атом миым жарылып кететiндей.
Бұл Мұқағали Мақатевтың «Басымнан қорқам» атты өлеңi. Мiне, нағыз азаматтық өлең. Ақын бүкiл адамзат баласының басына түскен қасiреттi өзiнiң жеке басының қасiретiндей қабылдайды. Ол өйткенi өзiн уақыт пен заманнан тыс қоя алмайды. Сондықтан да ол өзiнiң бүкiл болмыс-бiтiмiн, тiршiлiк-тынысын уақытпен бiрге өрiп, бiрге қабыстырып жiберген. Балталасаң, бұзылмайтындай тұтастық. Сонымен бiрге бұл өлең әбден жауыр болған жаттанды сөздерден мүлде ада. Заман мен уақыт үнiн ақын бойындағы дүниетаным, талант табиғаты, болмыс-бiтiм, интелектуальдық қуат өзiнше шыңдап, суғарып, өзiнше көркем қорытудан өткiзген. Сондықтан да ақын үнi заман мен уақыт үнiмен бiртұтас естiле тұра, өзiнiң ерекшелiк дербестiгiн жоғалтпайды. Айқын да айбатты!
Ендi Жұмекен Нәжiмеденовтың «Қыс – 80» өлеңiн оқып көрейiкшi:
Оң қарымды басқан сынды тау құлап,
глобустың оң жартысын су алды.
Кiшi қызым сәл тұрды да жаудырап,
«папа тыныш ұйықтады» деп қуанды.
Төсегiме келгендердiң бәрi осы –
Түсiнбейдi бiрi тiлдi, бiрi ымды.
«Тыныш» деген сөзден ұшып зәресi,
Шешем байғұс жетiп келiп сүрiндi.
Ғұмыр бойы тыныштықты уағыздадым жан салып,
тыныштықты аңсадым:
Отаныма тек тыныштық тiледiм,
ошағыма от басыма тiледiм,
бiрақ, бiрақ тiлегенiм жоқ едi
Тыныш тапсын деп ешқашан жүрегiм.
Оң жақ жартым тынып қалды бiртүрлi,
Сол жақ жартым соған қарсы майдан ашқан сықылды.
Бiр мұхитқа антициклон келдi де,
Бiр құрылықта революция жеңдi де –
аман қалдым мен, мiне.
Ақын төсек тартып жатыр. Қатаң ауру, қатты күйзелiс үстiнде. Жеке бастың ауруы, жеке басының күйзелiсi, бiрақ бұл жолдардан сiз ақынның жеке басының аласұруы мен жеке басының гөй-гөйiн естiп отырсыз ба? Жоқ! Әрине, ақын өз басының күйзелiсiн бүкiләлемдiк сұрапылдармен, бүкiләлемдiк құбылыстармен сабақтастырып жiберген. Бұл да нағыз азамат ақынның қолынан келетiн iс. Уақыт пен Заманның төл перзентi ғана осылай сөйлей алмақ!
М.Мақатаев өз өлеңiнде бүкiл адамзат баласының басына түскен қатердi өз басына түскен қатердей қабылдаса, Ж.Нәжiмеденов, оған керiсiнше, өз басына түскен күйзелiстi заман мен уақыт күйзелiсiмен қатар қарастырады. Екi ақын, екi түрлi қарым-қатынас, бiрақ азаматтық кредо бiр. Екеуi де әрi заман мен уақыт денесiндегi микробөлшек, әрi өз қолтаңбасы, өз үнi бар тылсым жұмбақ микроәлем. Қоршаған ортадан өздерiн тыс, томаға-тұйық ұстау да, көрiнген тақырыптың шылауында кететiн «бос айналысқа» түсу де жоқ.
Әрине, мұндай өрелi өлеңдердi жалғыз осы екi ақын творчествосынан ғана емес, басқа ақындар шығармаларынан да табуға болады. Дей тұрғанмен, қазiргi қазақ поэзиясының хал-ахуалы кiм-кiмдi болсын қатты алаңдатуы тиiс. Жекелей ақындар болмаса, көптеген ақындар творчествосын «сұрқайылық ауруы» сортаң топырақтай жайлап бара жатқанын жасыра алмаймыз. Ол «сұрқайлық ауруының» басты себебi жоғарыда айтып өткен ең қажеттi екi қасиеттiң бiр жерден табылмауынан, синтезделiп жинақталмауынан деп бiлемiз. Соның салдарынан қазiр өзiне өзi тығылып, күн жаумай су болып, ұнжырғасы түскен жылаңқы өлеңдер де, көкiрегiн құс жастық қылып көпсiгенше ұрғылайтын даңғаза өлеңдер де қаптап барады. Шын творчестволық iзденiс, шын творчестволық белсендiлiк жоқ. Ал шын творчестволық үрдiс жоқ жерде қандай бiр iрi тақырыпты жырламасын шын азаматтық белсендiлiктiң көрiнуi мүмкiн бе? Әрине, жоқ!Ондай кездерде ұйқас-ырғағы, буын-бунағы түгел, яғни киiмi бар, бiрақ iшiнде түйiрi жоқ ортақол сұрқай өлеңдердi конвейрмен толассыз ағытатын механикалық машық фабрикасы iске қосылады. Творчество атаулыдан жұрдай, қаны да, жаны да жоқ ондай стандартты өндiрiстiк өнiм кiмге дәрi, кiмге шiкiрә? Лайым, болашақта бiздiң өлең әлемiмiздi содан сақтасын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі