Корейская косметика премиум класса

Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесінің идеясын ұлттық мүдде тұрғысынан талдау

А.Кемелбаеваның «Шашты» әңгімесінде ұлттық құндылықтарымыз жан-жақты суреттелген деп айтуға болады.  Ұлттық мүдде идеясын бірнеше оқиғалар барысында көреміз. Автор барлығын өз кейіпкерлерінің бойындағы құндылықтар арқылы жеткізеді.

«Шашты» әңгімесі –  адамның жан дүниесіне қатты әсер ететін шығарма.Оны қаламгер ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырған деп білемін. Шығарманы оқыған сайын ұлттық құндылықтарымыз биіктей түседі.

Ең алдыменен, шығармадағы көтерілген басты мәселе –  адам тағдыры. Жер бетінде адам тағдырымен ойнап, оның өмірін ұрлаудан артық күнә жоқ. Жазушы, біріншіден, осыны ашып көрсетеді. Оны біз түрікпендерде құлдықта өмірін өткізген Тасқұл бейнесі арқылы көреміз. Құлдықта жүрсе де, ар- намысын алдыңғы орынға қойған Тасқұлда ұлтымызға ғана тән намысқойлық қасиет басым деп ойлаймын. Ол қанша рет қашуға бел буса да, босап шыға алмайды. Сонымен қатар, ешқашан да өзінің шыққан тегі туралы тіс жарып айтпайды. Бұл халқымызда өз тегіне, руына қара дақ, сүйекке таңба салмау деген қастерлі ұғымымен тікелей байланысты деп түсінемін. Міне, шығармадағы ұлттық мүддеге келгендегі ең бір ұтымды жері Тасқұлдың осы бір қасиетінде жатыр.

Екінші бір ұлттық құндылықтың көрініс тапқан жерін «Өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық даналығымен байланыстыруға болады. Түрікпендерден қашып құтыла алмаған Тасқұл құлдыққа түскен Кенжебектің өз тағдырын қайталап, құлдықта өмірі өткенін қаламайды. Өз арманына жете алмаса да, соны Кенжебек арқылы жүзеге асырады. Осы жолда Тасқұлға халқымыздың даналығы, көрегендігі, ат баптау өнеріне деген , аспан әлемінің құпияларын терең меңгерген сұңғыла қасиеті  көмектеседі. Бұндай қасиеттер біздің қазағымызға ғана тән екенін білеміз. Шығармада: «– Шашты-түкті дүние сені адастырмас, толған ай алтын қазығың. Түнгі дегдар даламен көк бөріше жортарсың...  Әулие пірің Баба түкті Шашты Әзиз қолдасын, жылқы пірі Қамбар ата қолдасын, қысылтаяңда қырық шілтен ғайып ерен кезіксін!» деген Тасқұлдың балаға берген батасының ұлттық мүдденің ең бір шарықтау шегі деп айтуға болады. Көк бөрі біздің көк түріктердің символы болған, жылқы пірі Қамар ата халқымыздың серігі, қанаты болған, Баба түкті Шашты Әзиз қорғаушымыз болған. Тасқұлдың осы батасының өзі қазақ халқының бүкіл болмысын ашып көрсетіп тұр емес пе?

Халқымыздың бойындағы ең бір асыл қасиет – ұлт мүддесіне қызмет етер ұрпақ жалғастығы. Тасқұлдың Кенжебекке берген бүкіл тәрбиесі, айтқан сөздері оны намысты, қайсар етіп тәрбиелеп шығарады. Еліне жеткен Кенжебек осы тәрбиені ту етіп, ұлт мүдесіне қызмет етіп, атақты батыр болады. Шығарманың соңында Әз Тәуке хан тұсында шоқбелдеу  таққан Шашты айтулы азамат болып, аты ел аузына ілікті деп аяқталады.  Жорықта қол бастайды.  Баяғы теке түрікпенді шауып, қыруар жылқысын қайтарып алып, түрікпеннің сұлу қызын қоса әкелді. Осылайша, жылқышы атасының ғана емес, құлдыққа түскен күллі қазақ затының кегін қайтарады. Кенжебек қалған өмірінің азаттықта өтуіне себепші болған атасының сөздерін есіне алып, өміріне жаратады. Осы тұстан ұлтымызға тән жаудан кек қайтару, туған елге қызмет ету, намысты қолдан бермеу, үлкеннің кеңесін азық, аманатқа қиянат жасамау  сияқты ешқашан ортаймайтын, құндылығы жойылмайтын ұлт тағылымын көреміз деп ойлаймын.

Қорыта келгенде, әңгімеден алар тәлім-тәрбие көп, осы құндылықтарды өз бойымызға сіңіріп, Шашты сияқты еліміз бен жерімізге қызмет етейік деп ойымды аяқтаймын.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×