Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу сатқындықтың белгісі.
Б. Момышұлы
Дүниедегі барлық қиындықты көрген бұл қазақ халқы. Кешегі ашаршылық, кешегі нәубет, кешегі қуғын-сүргін, сұм алапаттарды басынан өткерген. Бірақ, кезіндегі біздің бабаларымыз, диірменнің астындағы іргетасын берік қалап, керемет құйып кеткен. Диірменнің үсті шыр айналғанымен, тастың үсті де, асты да бір айналған емес. Өйткені ол темірқазық секілді. Кезінде біздің Көктүрік бабаларымыз құйып кеткен темірқазық мәңгі жасайды. Ал диірменнің үстіндегі шыр айналып жатқаны, біздің өрге жүзген бекіредей халқымыздың осы күнге дейін өмір сүріп келе жатқандығының белгісі.
1948 жылы Бауыржан Момышұлы атамыз қиыр шығысқа бір шаруаларымен сапар шегіп барады. Сонда бір үлкен түрменің басшысы, орыс кісі келіп Бауыржанға:
- Жолдас Момышұлы. Осында қазақ халқына өте атақты, бір ғұлама жатыр.
Егер қаласаң кіріп, амандасып шық - деген екен.
Сонда Бауыржан Момышұлы түрмеге кіріп барыпты. Қараса алыстау шақырым жерде талдардың ішінде, 3-4 адам күздің қара суының қасында от жағып, жылынып отыр екен. Бауыржан ол атақты кісінің Мағжан Жұмабаев екенін бірден таныған. Себебі, Бауыржан Момышұлы - Алашорданың ұлы тұлғаларының көбін көрген, араласқан, тіпті жас кезінде Ораз Жандосовтың хатшысы болған. Содан соң, Бауыржан қасына таяп келіп:
- Ассалаумағалейкум - деп амандасқанында, Мағжан атамыз ашулы реңмен:
- Ей, бала, маған жолама! Кірім жұғады саған, қарам жұғады - деп айтқан екен. Мағжанның қабылдамайтынын сезген Бауыржанның мықтылығы сонша, Мағжан Жұмабаевтың 5 томдық шығармасын жатқа білген. Содан, Бауыржан Мағжанның бетіне тіке, қарсы қарап, от жалындаған жанарымен "Пайғамбар" деген өлеңін оқып берген.
Күн батыста қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңір ісін табанына таптаған - деп, "Пайғамбар" деген өлеңін оқиды. Ең соңғы қатарында тағы:
Ерте күнде отты күннен ғұн туған,
Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам.
Жүзімді де қысық қара көзімді,
Туа сала жалынменен мен жуғам - деп оқығанында, Мағжан Жұмабаевтың жүзі жұмсара бастаған екен. Және Бауыржан Момышұлының кез келген өлеңді астынан жоғары қарай оқитын қабілеті болған. Бауыржан дәл сол "Пайғамбар"өлеңін астынан жоғары оқыған кезінде, Мағжан күліп жіберіп, жүзіне күлкі ұялаған екен.
Содан Баукеңе қарап тұрып:
- Ей, шырағым кім боласың? Атың кім? Шенің қандай? - деп сұраған
Содан Бауыржан атамыз:
- Менің аты-жөнім: Бауыржан Момышұлы. Әскери шенім осындай -деп, екеуі танысып, құшақтасып, төс қағысыпты. Сонда Мағжанның аузынан шыққан сөзі осы екен:
-Шырағым Бауыржан, егер шамаң келсе мені құтқар - деп тура 1948-ші жылы айтқан екен. Ал протокол бойынша 1938-ші жылы Мағжанды ату жазасына кесті. 1938-де ату жазасына кесілді деп қағазын шығарып, халық жауы деген айып тағып, жоқ қылып жіберген. Бірақ, 1948-ші жылы Бауыржан Момышұлы Мағжанды түрмеден көрген. Бұл қалай?
Мағжан Жұмабаев Бауыржанға өтініш айтып:
Ей, шырағым, мені құтқар, егер шамаң жетсе - деп өтінгенде, Бауыржан атамыз келісіп, құтқарып алуға уәде беріп, 1 аптадан кейін бар күшімді салып, сізді босатып алып кетуге тырысамын деп уәде берген. Бірақ, қанша дегенмен әскери шенді өкіл болғаннан кейін, шаруасы көп болып 10 күннен кейін келген. 10 күннен кейін келіп, түрменің басшысынан сұраса:
- Ол кісі мына жерде өзеннен қайықпен жүк таситын. Бір күні қайығы аударылып құлап, суға батып қайтыс болып кетті - деп алдаусыратқан. Бауыржан оның алдап тұрғанын дер кезінде аңғарған. Себебі, екеуінің бірге байланысқа түскенін көріп, Мағжан Жұмабаевты басқа жаққа алып кеткен. Сонда Бауыржан Момышұлы атамыздан біреу сұрайды ғой:
- Неге бұлай? Қазақтың зиялы Алашорда өкілдерін, сол кездегі бабаларымызды неге олай жасырды? - деген кезде Бауыржан:
- Білесің бе? Олар 1000 жылда, 100 жылда бір рет туатын үлкен тұлғалар. Олардың білімділігін, ақылдылығын саясат өз пайдасына асырған - деп, ашып айтқан. Мәселен Тұрар Рысқұлов 21 жасында КСРО-ның премьер министры болған. 21 жасында Ұлан-Батырға барып, Моңғолияның астанасын Ұлан- Батыр деп атын қойып, Моңғолия мемлекетінің конституциясын жазып берген. Бұл кісілердің бәрі ерекше тұлғалар. Сол Тұрар Рысқұловты да, 1937-1938-де атқан жоқ, репрессияға ұшыраған жоқ. 1944-ші жылы бір-ақ қайтыс болған. Сол уақытқа дейін жасырып отырған, білдірмеген. Міне, осы сынды Алашордашылардың қаншауы тірі, қаншауы сол кезде шын мәнінде қуғын-сүргіннің құрбаны болып кеткенін шын мәнісінде ешкім білмейді - деп Бауыржан Момышұлы өз аузымен баяндап берген екен.
Мысалы, біз кейде ғана ақылдымыз, білімдіміз. Цивилизация деген сөздер шығып кетті қазір. Бірақ олай емес. Біз кейінге шегінген сайын, биіктей береді екенбіз. Біз тек қана технологиямен оздық, гелендвагенмен оздық, айфонмен озып отырмыз. Біз ұшақтарымызбен, дамыған технологияларымызбен ғана бұл кісілерден озықпыз. Ал ақыл мен парасатқа келген кезде біз мүлде жұрдаймыз. Ал олардың ой ойлауы, олардың елді ойлауы, болашақты ойлауы, болашақ үшін жасаған амалдары үлкен. Кешегі Алихан атамыз айтқан ғой "Қазақ қиямет күнге дейін өмір сүреді" - деп. Сондықтан, біздің бойымыздағы тектілік - ол көміліп бара жатқан құндылық. Біз өзіміздің ұлт ретіндегі, текті халық ретіндегі болмысымызды дәлелдеуіміз үшін, ізденуіміз қажет. Ал, ол үшін арқамызды кешегі ұлы бабаларға тіреуіміз қажет. Соларды оқып, зерттеп, солардың жолымен жүруіміз керек.
Қазақ - өткенге салауат деп айтып жатады ғой. Кешегі өзіміздің бабаларымыздың жолын білмей, болашаққа бағдар ала алмаймыз. Ал өткен тарихымызды білсек, болашаққа дұрыс бағдар ала аламыз. Соны білген кезде ғана, болашақта ұрпақ түзу жолмен жүре алады. Сондықтан бізге бүгінгі таңда ізденіс, әрі білім мен ақыл-ойдың парасаты керек. Және қазақ елі өр мінезді, текті халық болуға ұмтылу керек!
Сабыр Шұғыла Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі