Бір шәкірт ұстазымен егін алқабын аралап келе жатады. Кенет жол шетінде жатқан тозығы жеткен бір аяқ киімге екеуінің көздері түседі.
Шәкірт ұстазына:
— Шамасы, мынау егінші шаруаның аяқ киімі сияқты. Тығып қойсақ қайтеді? Сосын бір жерге жасырынып қалай абдырап, сасқанын қызықтайық, — дейді.
Сонда ұстазы:
— Кедейлерді әбігерге салуды қызық көріп, олардың есебінен көңіл көтергеніміз адамгершілікке жатпайды. Өзіңе бақыт пен шаттық сыйлағың келе ме? Онда оны мазақа айналдырмай, керісінше, аяқ киіміне ақша салып қояйық. Сонан кейін ғана не қызық болатынын көрейік, — дейді.
Ұстазының ұсынысы көңіліне бірден қонған шәкірт айтқанын орындайды. Көп ұзамай екеуі жақын тұрған ағаштың артына барып жасырынады. Сәлден соң жүзі күн көзіне әбден тозыққан, жұпыны киімді бір шаруа келеді. Аяғын аяқ киіміне сұққаны сол еді, ішіндегі затты сезіп, дереу қайта суырып алады. Қолын салып еді, ақша екен. Екінші сыңарынан да сондай ақша шықты. Ақшаға бір, жан-жағына бір қарап, таң-тамаша боп тұрып қалды. Көз жетер жерде ешкім байқалмады. Ақшаны ұстап тізерлеп отыра кетті. Жасаураған жүзін қолымен басып отырып дауыстап сөйлей бастады: «Я, Раббым! Сен менің хәлімді өзімнен артық білушісің. Әйелімнің ауру екенін, балаларымның аш-жалаңаш екенінен хабардар болдың. Бәрімізді басқа түскен нәубеттен құтқардың. Шүкір, шүкір...». Осылайша, ұзақ уақыт жасын төккен күйі Жаратушыға алғыс айтып, шүкірлігін білдіріп отырды.
Манадан бері одан көз жазбай қарап отырған шәкірттің қос жанары жасқа толып, қатты әсерге бөленді. Ұстазы шәкіртіне қарап:
— Қазір бұрынғы хәліңнен бақыттырақ екеніңді сезіп отырған сияқтысың. Алғашқы ойыңды іске асырғанда қандай күйде болар едің?! — дейді. Шәкірті:
— Иә, ұстаз! Өмір бойы ұмытпастай дәріс алдым. Сізге алғысым шексіз! «Берген кездегі қуаныш алған кездегі қуаныштан артық болады» деген сөздің мағынасын енді түсіндім, — деп жауап қатты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі