Жақсы болсын, жаман болсын, дүние жүзіне шыққан әрбір кітапшаға, кітапқа кедей Қазақстан сияқты елдер жалқау қарамай ықтиқаттап сәлем беру керек.
«Ешбір мағынасыз сөз болмайды, ешбір мағынасыз кітап болмайды» деп Плеханов айтқан.
Сол айтқандай, кітаптың жақсылығы, жамандығы өз алдына. Кітап — мәдениеттің, өнердің жемісі. Өнерлі елдің кітабы көп болады.
Соның үшін Қазақстанда, Қазақ тілінде шыққан кітапшаларға ерінбей тұрып сәлем беру керек. «Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы шал алдынан шығады» дейді. Сондай-ақ «алты жасар бала» тәрізді кішкене кітапша да дүние жүзіне шыға келсе, түре келіп сәлем беріп, танысып отыру міндетіміз.
Ысмағұл Сәдуақасұлы жолдас «Ұлт театры туралы» деп «Еңбекші қазақ» газетіне мақалалар жазып жүрді. Ысмағұлдың бұл мақалаларындағы кейбір пікірлеріне қосылып, кейбірін теріс деп білсем де, уақытында пікірімді «Еңбекші қазақ» арқылы білдіре алмадым. Себебі, уақытымның жоқтығы және басқа да бір себептер болды.
Жуырда Ысмағұлдың сол «Ұлт театры туралы» деп газетке жазған мақалаларын кітапша қылып шығарыпты. Көрген соң жаңағы айтқан шарттар жөнімен сәлем беріп, танысқаннан кейін біраз ғана сөзбен өз пікірімді айтуға тура келді. «Ұлт театры» әрине зор іс. Бұл туралы қанша сөз жазылып, қанша кітапша түгіл, бірнеше кітап жазылса да әзір Қазақстанға көптік қылмайды.
«Ұлт театры» деген зор іс болса, оны істей қою да оңай жұмыс емес.
Сондықтан «Ұлт театры» жасалу жайында нұсқа, жол-жоба ретінде: «Ұлт театры» деп шығарылған, жазылған сөзге, бұл іске тым оңай, тым жеңіл қарағандықты көрсетпеу керек еді.
«Ұлт театрын» ашқанда, ашу турасында Ысмағұл қазақтың ойын үйреніп жүрген кейбір жігіттерін мақтай-мақтай салады да, «ал енді ұлт театры ашылды» дегендей қылады. Мәселен, Ысмағұл былай дейді. «Қояндыда бір жігіт қоян болыпты. Қоян болғанда «бір жерге қолын, бір жерге аяғын, бір жерге басын тығып алатын, жүрісі тарп-түрп ететін қоян» емес, тіпті епті қоян болған. Үстелдің үстінде шыны аяқтар тұр екен, сол үстелге әлгі қоян болған жігіт ептеп секіріп мініп, шыны аяқтарды қозғамай, қайта секіріп түсіп кетіпті. Міне осы жігіт театрда пьеса ойнауға да жарайтын болса керек» дейді.
Және «Әміре «Ағаш аяқты» айтқанда, қандай салмақты адам көрініп отырса да, еріксіз күліп жібереді. Күлдіретін Әміренің өнері, қыржиған беті, жұмылған көздері — қысқасы, Әміренің артистігі» дейді. Серке Мырқымбайды жақсы ойнады. Еуропаның қай артисінен кейін емес дейді.
Қысқасы, Ысмағұл осындай мақтауларды айта салады да, «ұлт театрын» аша салады.
Ысмағұлдың сөзінің маңыздысы: «Театр жұртты тәрбиелейтін мәдениеттің бір мектебі. Артистер сол мектептің оқытушылары» дейді. Мұнысы дұрыс. Бұл хат білетін кісіге белгілі. Бірақ бұған азырақ қосымша керек еді. Ол қосымшаны қоспағаны, үлкен қате қылғаны ғой деймін.
Қосымша дегенім мынау: «ұлт театрына» жаңа артист болайын деп жүрген жігіттерді, «қоянша секіреді, бетін тыржитады. Еуропаның қай артисінен де кем емес» деп, басын айналдырып көпірте мақтағанша, сол мәдениет мектебі болатын театрға алған жігіттердін жақсы артист болуы үшін алдымен өздеріне театр білімін толықтыру керек екендігін түсіндіріп, «өздері оқу қажет» деу керек еді.
«Басын бапан, аяғын сапан» қылмай «қоянша секіретін» артистерге шу дегеннен кеп ақша жұмсамай, текке мақтамай, оларды әрі артист, әрі үйренуші қылып, театр білімін беру үшін, театр мектебін ашып үйретуші, оқытушы артистер шақыртып, мына көп ақшаны осыған жұмсау керек еді.
Осы ретпен «артистікке алынған жігіттерге үйрену керек» деген ақыл көбірек айтылса, үлкен атақтан кішкене іс пайдалы болып, өгіздің үрген тұлыбынан жас бұзау артық болатын еді.
Құр «ұлт театры» деген үлкен аттан осындай «театр мектебі» болғаны кімге болса да пайдалы, жемісті болар еді. Артист боламын деп жүрген жас жігіттер де «Еуропаның қай артисінен кейін емессің» дегенге мәз болып, елікпей, жөндеп театр білімін үйреніп, өздері оқып жүріп, анда-санда жұрт алдында алған білім-тәжірибесімен ойнап жүрсе, жақсы ойнай бастар еді. Жақсы ойнай бастаған соң, театрды көруге жұрт та ынтық болар еді. Және Ысмағұл «ұлт театрына жақсы пьеса керек, жақсы пьесаға бәйге тігіп отырмыз. Бас бәйге мың сом, екіншіге бес жүз сом беріледі» дейді.
Ия, бұл бәйге аз емес, Ақан серінің «Құлагері» де бір жарыста бәйгесіне мың сом алған жоқ шығар! Мұнысы былай тұрсын. Бірақ Ысмағұл қандай атқа бәйге берілетінін, қандай пьесаны «жақсы» дейтінін айтпайды. Тек айтатыны: «жалғыз-ақ айтатынымыз ұлт театрын көркейту үшін жақсы жазылған пьесалар керек».
Қандай пьеса деп көрсеткендегісі, орыстың «Ревизорындай» пьеса керек дейді. Бұған қоса «орыс жазушылары, «Пугачевщинаны» жазса, біз неге Кенесарыны жазбаймыз» — дейді.
Бұл айтуына қарағанда бәйге алатын жақсы пьесалар «Ревизор» сияқты, Кенесары тәрізді батырларды суреттейтін ғана пьесалар керек қой...
Білмейтін сыр жоқ, біздің пьеса жазатындарымыздың көбі Коммунист партиясынан тыс оқығандар.
Коммунист партиясынан жай ғана тыс оқығандар емес, көбінесе Коммунист партиясын онша тәуір көре қоймайтын оқығандар. Кімді тәуір көретін оқығандар?.. Кенесарыны тәуір көретін советтің «комиссарларының», «Ревизорларының» ізін андып, түймедей қатесін түйедей қылып келтіретін оқығандар.
Ал енді, Кенесары мен «Ревизорды» қандай жазушылар «жақсы» жазады?
Әрине, «Ревизордың» қазір кім ізін андып жүрсе, сол оны жақсырақ жазады, Кенесарыны кім тәуір көріп, оған сүйсініп, кім оны жоқтап, сағынып көбірек іздесе, сол оны «жақсылап» жазады.
Бұлай болғанда, менің ойымша, бәйгені кім алатынын аттарды айдамай-ақ тұрғанда шамалауға болады.
Менің ойымша, бұл Ысмағұлдың үлкен қатесі. Ұлт театрына арнап пьеса жазу керек деп пікірін Халықтың алдына салғанда, ең алдымен, қазақ еңбекшілерінің тұрмысынан, төңкеріс тартысының түрлі оқиғаларынан мүсіндеп жазылған пьесалар қадірлі болады, осындай пьесалар маңызды болады деп жазу керек еді.
Мұны айтқанда, әрине, Кенесары мен «Ревизорды» жазбау керек деп отырғаным жоқ. Жазу керек: Бірақ «Қарақшы» ондай болмау керек. Қарақшы дұрыс бөліну керек.
«Ұлт театрына» ең алдымен қадірлі пьесалар әлгі айтқандай «төңкеріс тартысынан, қазақ еңбекшілерінің тұрмысынан» жазылған жақсы пьесалар дегенде, аз-маз қаламының желі бар қазақтың коммунистері, комсомолдары пьеса жазбай қалмас еді. Атын қамшылар еді. Жарысқа кірмей қалуға арланар еді.
Мұндай бетті көрсетпегені, мұндай жөн сілтеп, бәйгеге, мұндай қарақшы тікпегені үлкен қате болды.
Мәселен, кейбір тұяғының желі бар жазушылар, Кенесары мен «Ревизорды» Ысмағұл айтқандай «жақсылап» жаза алмайтын болған соң, бәйгеге кірмей қалды.
Және Ысмағұл «Ұлт театры туралы» деп жазғанында, менің «Қызыл сұңқарлар» мен «Бақыт жолына» деген пьесаларыма өзінше баға кеседі... Әрине әркім әр нәрсеге өз базарының нарқымен баға беруге ерікті ғой. Біреу ақшасын қызыл алмаға береді, біреу шикіл алмаға береді... Ысмағұлдың «Сәкен жазғандарын түзете берсін» деген ақылын рақмет айтып қарсы аламын. Бірақ бір алмайтын жерім Ысмағұлдың «сөз шеберлігін Абай мен Мағжаннан үйрен» деген ақылын тұтас ала алмаймын. Үйренуден қашпаймын. Бірақ дұрыс үйретушілерден үйренерміз деймін. Абайды былай қоя тұрайын, әрине кей ретте Абайдан үйрену дұрыс. Мағжанның үйренген молдалары осы күні Кеңес үкіметінен қашып, Еуропада тентіреп жүрген Бальмонт, Мережковский, Сағит Ремиев және олардың бабасы Соловьев сияқтылар болғандықтан, мен үйренсем бұлардан емес, басқа молдалардан үйренермін.
Мағжандар үйретуші болса, Мағжан медресесінің зор үйретушілері Бөкейханов пен Шоқаевтар ғой. Мағжан «шебер сөздің» молдасы болса, Бөкейханов пен Шоқаев шебер саясаттың молдалары ғой... Бұлай болса, «шебер саясатты» осылардан үйрену керек болады ғой.
Осылай болған соң, бұлардың медресесінен мен сірә оқи алмайтын шығармын...
«Ақсақ сауысқанша Париждің ат қорасының төбесінде Шоқаевтар қанша шоқандап, шоқайып отырып шықылдаса да, ешкімге үйренерлік өздерінде ештеңе жоқ».
«Ұлт театры туралы» Ысмағұл болса да, басқалар болса да жаза бергені жақсы. Бұл туралы қандай пікірлер болса да әлеумет алдына түсе беруі керек.
Бірақ менің ойымша, «ұлт театры туралы» бәйге қарақшысын жөндеп, анық белгілеп тігу керек.
«Осындай қарақшыға» жеткен аттар ғана ең бірінші бәйгені ала алады деп айқын көрсету керек. Әйтпесе тек шауып келген аттың озғанына бәйге бере бермеу керек.
Және ұлт театрына жақсы пьесалар жазу үшін «сөз шеберлігін үйренуге дұрыс оқытушыларды «молдаларды» көрсету керек, тіпті театрға қатынасы жоқ оның бер жағында совет театрына ағайындығы жоқ Мағжан сияқтылардан үйрен деп, айта бермеу керек.
Театрдың үйретушісі, нұсқаушысы еңбекші тап, «қарақшы» да сол.
1926 жылы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі