Өлең, жыр, ақындар

Менің қателерім туралы

Осы жылы 3-августе шыққан 150 номерлі «Советская степь» газеті мен «Еңбекші қазақтың» сол жұлдыздағы номерінде Жүсіпбекұлының «Сәкен мен Сәкеншілдік» деген мақаласы шықты. Біздің бұрынғы-соңғы қателеріміз бен адасқандарымыздың жалпы түрлерін сөз қылып, теріп жатудың қажеті шамалы. Сондықтан тұп-тура: 1) жік тартысына қалай қатынастым, 2) осы қателерімізден не таптық 3) сол өткен қателерге кәзір қалай қараймын деп түгел айтып көрейін.

1917 жылы Уақытша үкіметпен, алашордамен тартысып, ол жұмыстан аз уақыт қол үзіп (Колчактың абақтысында болғандықтан), 1920 жылы Орынборда болған жалпы қазақ советінде Алашорда бастықтарының съезге қатынасуына қарсы топтасқан жікте болдым. Өйткені Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы және басқа алашордашылар съезге делегат болып келіпті. Бұларға қарсы тұрған жік әуелінде былай құрылды: Жангелдин, Досұлы, Алманұлы, Кулаков, Қалашников (орыстар) мен, Шәріпұлы, Жүсіпбекұлы, Елестапұлы және басқаларымыз Қазақстан әскери комиссарының орынбасары Ж.Жангелдіұлының басқаруымен алашордашыларды басты орындарға жолатпау керек, қарсы тұруымыз керек деген мәселені талқыға салдық. Жинағандардың бәрі де алашордаға қатты қарсы екендіктерін білдірді. Қарсы шығып тартысу үшін съезде сөйлеуге үш жолдасты белгіледік. Олар — Қалашников, Әділұлы және Елестапұлы еді. Ертеңіне уағда бойынша осы үш жолдас съезде алашқа қарсы шығып сөз сөйледі. Бірақ дауысқа қойылған жерде біз азшылықта қалдық, бүктеліп қалдық. Партия бюросы екі жаққа бірдей аран жатық болды. Сонан соң Байтұрсынұлын оқу комиссары қылып, Ақайұлы мен Сәрсенұлдарын Казаткомге мүше қылып сайлады. Ал енді біздердің ашық қарсы тұруымызға шейін алашты жақтайтындар Қазақстан үкіметіне ең беделді бастыққа лайық адам Байтұрсынұлы деп жүретін еді.

Мұның артынан да талас біткен жоқ. Ішінара тартыс болып жатты. Ондағы мақсат алашордашыларды басқару орындарынан айдау. Себебі, бұлар іс басына мініп алып, өздерінің бұрынғы алашордашыл жолдарын жүргізіп отырды. Олармен қоса алаш ықпалында жүрген жолдастарды да қумақ едік. Біз осылай айладық.

Осының аяғы барды да, 1922 жылы үлкен жікке, қатты тартысқа соқты. 3 жалпы қазақ съезінде үске шығып, өлкелік қызметте жүргендердің оңшыл ия ұлтшыл дегендерін қызметтен ауыстырдық. Орындарына жаңа кісілер қойылды. Бұл жаңа қойылғандар біздің ойымызша партия жолында дұрыс жүргендер еді.

Осы ретте басты қызметке қойылғандардың ішінде мен (Совнарком басы), Атаниязұлы (заң комиссары), Нұрмақұлы (Жоғарғы сот), Садуақасұлы Жанайдар (Казатком хатшысы), Залиұлы (оқу комиссары), Темірәліұлы (Жер-су комиссары) және басқалар бар еді.

Съезді де, съездегі барлық істерді де Қазақстан өлкелік комитет бюросының хатшылары Корастолев пен Асылбекұлы және бюро мүшелері Мендешұлы пен Вайнштейндер басқарды.

Бізді жоғарыда айтылған орындарға қойғанда оңшыл-ұлтшылдар деп Мырзағалиұлы, Кенжеұлы және Смағұл Садуақасұлдарын басты қызметтен түсірген де жоғарыдағы төртеуі болды. Қазақ жағындағы жікті алғашқыда ұйымдастырып, маңайларына жинап басқарған Мендешұлы мен Асылбекұлы болды. Мені де өздеріне тартты. Ұйымдастыру мәселелері үйде шешілетін болды. Мен алғашқыда шын адал ниетіммен Совнаркомға бастық болудан қаштым. Бірақ мені әрі айтып, бері айтып көндірді. Мұны Корастолев, Асылбекұлдары мен Орынбор губернелік бақылау комиссиясының бастығы Конев жолдастар ұмытпауға тиісті. Осылай болғансын, менің қашқаныма қарамастан мені Совнаркомға бастық қылып сайлады.

Мұны айтып отырғаным — мен еш уақытта сол жіктерде қара басымның мансабы үшін жүргенім жоқ. Мәселен, 1-жалпы қазақ съезінде мені Қазақстан атқару комитетінің Президиуміне мүше қылуға ұсынғанда да «мені сайламаңыздар» деп қаштым. Қатты қарсы болдым. Ауызша да, қағаз жүзінде де арыздар бердім. 3-жалпы қазақ съезінен былай қарай жік тартысы бұрынғысынан үдегендей болды. Бір жылдан соң біз Мендешұлына, оның жаңа құрылған жігіне және Корастолевке қарсы күресе бастадық. Онда біз Мендешұлын жағымталшыл (көттәкі), табанды пікірі жоқ байлаусыз және «солақай» деп, Корастолевті отаршылыққа ымырашылдық қылады (отаршылықпен жөндеп күреспейді) деп айыптадық. Осыдан бастап 1924 жылы Совнарком басынан ауысқаныма шейін, өзімнің осы кездегі отырған орныма қарай мен белгілі бір жіктің басы болып сыналдым. Ал енді Мендешұлы мен Корастолевтарға қарсы Нұрмақұлы, Асылбекұлы, Досұлы, Жанайдар Садуақасұлдары да күресті. Артынан осы топқа Орынбайұлы, Тоқжігітұлы, Тоқтыбайұлы Кәрім және басқалар қосылды.

Әрине, Мендешұлына қарсы күресіп жүргенімізде біз кімде-кім біздің «жолымызға» таяу жүрсе, сондай жолдастарды тәуірірек жауапты орындарға ұсынуға тырыстық.

Ал Мендешұлының жігіңде жүрген жолдастардың ішінен таза коммунист дегендерін іске тартуға ұмтылдық (Абдрахманұлы, Исаұлы, Илмағамбетұлы, Жанышұлы секілділерді).

1925 жылы Совнарком басынан кеттім. Қазақстанға Сырдария, Жетісу облыстары қосылып, Өлкелік партия комитетіне Қожанұлы хатшы болып, Смағұл Садуақасұлы бюрода екінің бірі болғаннан кейін (оқу комиссары және «Еңбекші қазақтың» редакторы болды ғой) маған да, бұрынғы мен секілденіп байшыл, ұлтшылдыққа қарсы арпалысып келгендерге де Қазақстанда қызмет істеу қиын боларын сездім. Қызылордада болған 5-съезд Қожанұлы мен Садуақасұлдарының үстем басшылығымен өтті. Маған осы съезд ұлтшылдардың үлкен мерекеге батқан кезі болып көрінді. Съезд ашылған театр үйіне көтерілген тулардың ішінде алаш ұраны жазылған алашорданың жасыл туы қоса көтерілген болып шықты. Тіпті «Ақмешітті» Қызылорда атандырғанның өзін алашқа ниеттілер өздерінше жорып, өздерінше түйсінді. Съездің ертеңінде партияда жоқ біреу екі құлағы езуінде қуанған түрмен маған «әйтеуір аяқтап келгенде біздің көздегеніміз болды... Съезде желбіреп ұлт жалауы көтерілді, астанаға біздің тілегімізге туралап «Орда» деген ат қойылды. Оған «Қызыл» деген сөз кіргенімен біздің қазақта «Қызыл» деген сөздің келіп-кетері жоқ... Съезд «бетті ауылға бұр» — деген ұранмен өтті. Оны бұрын біз де айтқанбыз... деп тағы басқа сол секілділерді айтты.

Бұрын біз байшыл, ұлтшылсың дегеніміз үшін бізді іштерінен атарға оғы болмай жүргендер тап осы қарсаңда ереулеп кетті. Біздерге қыр көрсетіп, ілік іздеп жүретін болды.

Съездің ертеңінде-ақ Қаратілеуұлы кездесіп, бірнеше бөтен адамдардың көзінше (Қажымұқан және басқалар) Жанайдарды «саяси» тілмен қаракеттеп киіп әкетті. Сонда Қаратілеуұлының емеуріні кәдімгі «қырам, жоям» деген тәрізді білек көрсету болды. Жанайдардан шығып маған байланысты. Бұрынғысынан да екіленіп кетті. «Енді жайларыңды табамыз» — деді.

Смағұл Садуақасұлы жауынгерленіп «Қазақ халқы енді тарихының жаңа бетін ашады... Бос айғайлап жүрген қызыл ауыздардың қарасы өшті...» деп мақала жазды. Мұстамбайұлы, Каделенко, Құшанбайұлы секілдерді ереулеп есі шығып, еркінсіп «теке аттатысып» жүретін болды.

5-съезден кейін Мәскеуге XI съезге бардым. Съезден соң Қазақстандағы жағдайлардан, өз жайымнан Сталин, Куйбышев, Молотов жолдастарға арыз бердім. Сталин жолдаспен ауызша сөйлестім. Сөйлескенде барлық мән-жайды айттым. Үлкен орыннан түсірілгендердің оқуға сұранатын әдеті бар ғой. Сол ретпен мен де Комакадемияға оқуға кіргізіңіз дедім. Мен осы сөздерді айтқан соң Сталин жолдас «Комакадемияға орналастыру оп-оңай, бірақ Қазақстан халі дәл өзің айтқандай болса, Сіздердің Қазақстаннан қашуларыңыз керек емес, қайта қатты белсеніп істеулерің керек. Менің мәслихатым осы» деді.

Әрине жолдас Сталиннің тілін алдым. Берген ақылы мені әжептәуір көтеріп, алдандырып тастады. Не жұмысқа жегілсем де істен бас тартпауға белімді байлап, Қазақстанға келдім. Жолда, отарбада келе жатып «Қара жер» дейтін поэмамды жаздым.

Ол поэмада кеңес үкіметін май айында масатыдай құлпырған жасыл түсті дүниені қақ жарып келе жатқан отарбаға мысалдап, «Қара жердің» қызықты көріністерін отарба терезесінде отырып жырлау секілділер жазылған еді. Қазақстанға келісімен поэмамды «Еңбекші қазақ» редакторы Смағұлға бердім. Смағұл поэмамды алып, қалтасында екі айдай сақтап, созбалап баспауға айналды. Әрі-беріден соң қалжың-мазаққа айналдырды. Партияның бақылау комиссиясына арыз берем деп домбыттым. Аздан соң «Советстан» атты поэма жаздым. Мұнда мен Кеңестер Одағын, Кеңестер Одағындағы ескі жалғанды басып, жаншып көздеген нысанаға ат қойып келе жатқан төңкеріс күйін жырладым.

Төңкерісті ілгері қарай сүйреп келе жатқан жүйрік отарбаның ырғағына теңеп, айдаушылары (Рузутак — Орталық Комитет) қырағы дегендер жазылған еді.Мұны әкеліп Смағұлға тағы бердім. Смағұл бұрынғыдай күлмеді. Бірақ «баспаймын» деді. Поэмамды өзіме қайтармай алып қалды (Мұның барлығына да дәлелді қағаздар бар).

Ал «Қара жер» деген алғашқы поэмамды зордан, бүлдіріп басқан болды.

Осылай болған соң және басқару қызметтерде Смағұл секілділер отырғанда мен секілділердің саяси әлеумет істеріне араласуға мүмкін емес екеніне көзім жетті. Сондықтан уақытша «қызыл» тақырыпты жазудан тиылдым. Еш нәрсеге араласпайтын тұрмысқа айналдым. Менің «Аққудың айырылуы» деген және осы секілді бірнеше шығармаларым тап осы кезде жазылды. Ол кезде де билеп-төстеп отырған батырлардан (Смағұлдардан) бөтен ойлаушылар ашық, шын өз пікірлерін жаза алмайтын болды. Сәбит Мұқанұлы секілді жазушылар «Сасық төре мансапқорларды» жамандап, ұрсып, саясаттан ауылға қашты. («Ауылға қайттым» дегенін қара). Осы бізді сынап отырған Жүсіпбекұлдары басып бара жатқан ұлтшыл жазушыларға қарсы жазған мақаласына ашық қол қоя алмай, «Жымық» деп бүркеншік атпен жымып, бұғып қана жазды. Сонан Қазақстанға Галощекин жеп келіп, өлкелік комитеттен Қожанұлы түсірілгеннен кейін мен іске араласпай, сырттап жүруден шығып, шамам келгенінше іске қайта араласуға байландым.

Журналдарға жазып, кәсіпшілер одағының ағарту бөлімімен байланысып, солардың тапсырғандарын орындап жүрдім. Қазақ коммунистерінің ішінде шын партия жолында жүр деген Тәтімұлы Қали, Исаұлы Ораз, Құрамысұлы Ізмұқан, Бекұлы Орынбек және осы секілді жолдастарға жақын жүруге кірістім.

Редактор, оқу комиссары Смағұл бұрынғысынан танбады. Ұлтшыл жазушылардың жазғандарын газет-журналдарға құмартып басатын, ақшаны соларға төгетін болды. Біздердікін баспайтын, басса да зордың күнінен басатын болды. Мен өлкелік комитеттің бөліміне арыз жаздым. Ұйымдастыру бөлімінің орынбасары Исаұлына шақтым. Сонымен тіпті «алаш жазушыларымен бірдей көрсе де ырза болар едім» дедім. Исаұлы мені Киселев жолдасқа апарды. Киселев Голощекин жолдасқа айтам деді. Бірақ ол кісі сол кезде бір жаққа жүріп бара жатқандықтан бұл қылықтар сөз болмай қала берді.

Мұнан кейін түрлі пленумдар, конференция, съездер келді. Дәл осы кездерде Голощекинге жолығуға «Сәкен қара басыңа бірдеме іздеп ия орын сұрап жүр дер» деген өсектен қаштым. Жолығып сөйлесе алмадым. Артынан Смағұл оралып, партия жолына зияндылығымен әйгіленді. Бұл туралы Исаұлы мен Нұрмақұлдарының мақалалары шықты. Мен дәл осы кезде саясат туралы сөйлесуден бездім. Тіпті кейбір жолдастармен жолығысудан қашқақтайтын болдым.

Жалғыз-ақ әдебиет мәселесіне араласқым келді. Мұнан да бір қадар шықпады. Бұл жолымда бірте-бірте мені сыртқа шығарып, еш нәрсеге араласпай қалуға айналдырды. Бұл сарыуайымшылдыққа (упадочничество) икемдеді. Біздің қаладағы болсын, даладағы болсын тұрмысымыздың түрлі қайшылық, шалағайлық секілді біздердің күнделік тұрмысымыздағы көріністер, оның үстіне партиямыздың бас жағындағы кейбір қыңырлықтар, ауа жайылулар — бәрі шумақталып мені де қоршағандай болып төмен тартты. Бір түрлі упадочничество туғызды.

Партияның бас жағынан қыңыр мінездер табылып, соны ашып, ол қыңыр мінезге түскендер бір кезде «бәріміз сеніп әспеттеген көсемдер болғандығын (көсемдер болғандар әрине Қазақстан көсемдері емес) көргенде маған кеңес үкіметінің жаулары шоқ-шоқ деп масаттанып, күліп тұрған тәрізді көрінді. Осылар мені ойға салды, көңілімді қозғады. Бір түрлі упадочничествоға салды.

Оның үстіне кейбір ол кездегі істерге ырза емес адамдардың қыңқылдары қосылып сарыуайымға итерді. Менің кейбір шығармаларымда партия жолынан қиғаш кеткен жерлер тап осы кездің ісі секілді жағдайдың жемісі еді.

Міне қысқаша жік тартыстарының «тарихы», жіктен кейінгі жайым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз