Өлең, жыр, ақындар

Ғабдолла тірі екен

1918 жылы Сібірдің байшылдары, патшашылдары тулап кеңес үкіметіне қарсы шабуыл жасаған кезде, Ақмола қаласында уезной советтің члені Ғабдолла Асылбек баласы өзгелерімізбен бірге жауыздардың қолына тұтқынға түскен еді.

Әуелде 3 айдай Ғабдолла бәріміз шынжыр кісенінде болдық. Адамшылықтың ары кеткен, зиялы адам суретіндегі құзғындардан көрмеген таршылық жоқ.

1919 жылғы қаңтардың басында адамды бет қаратпаған 30 — 40 градус аяздарда 40 — 50 кісіні Ақмоладан Қызылжар арқылы оңбаған, ішкіш Анненковтың отряды жаяу айдады. Соның ішінде сабаз азамат, сабырлы Ғабдолла да бар еді.

Одан азап вагонына түсіп (вагон смерти) үш-төрт күнде бір ғана нәр су татып, қараңғы, мұз, сұп-суық темір вагонда ай жарымдай болып, Омбыдан Семей барып, одан қайта Омбыға алып келіп лагерьге тықты. Вагонда 20 шақты азамат аштан, суықтан темір қапас қамауда шәһит болған. Бүйтіп қор қылғанша атып бір-ақ өлтір деп жолдастар талай рет темір вагонды тепкілеген. Бұрынғы қан ішкіш кәпірлердің ойына кірмеген жауыздықтарды, азаптарды 20-ғасырдың зиялыларынан көрдік. Темір вагонда бірге отырып 20 шақты ер-азамат тіршіліктен өлімге жөнелді. Вагонда отырғандардың ішінде халық үшін қан жұтқан ер Ғабдолла бар еді. Омбы лагерінде алғашқы 40—50 азаматтың тірі қалғандарынан сүзек болып тағы да көбі өлді. Сөйтіп тұтқында болғанымызға 10 шақты ай болғанда, 1919 жылы наурыз айының ақырғы кезінде Ғабдолла һәм басқалар қатты ауырып жатқанда, мен, Жұмабай екеуіміз лагерьден қаштық.

Біз кеткеннен кейін бізбен әлгі бірге болған жас азамат, сорлы жұрттың құрбаны, естен кетпес бауырым Бәкен Серікбаев шейіт болған. Кереку қамалын, Баянауыл қаласын басып Түркістан кеттім. Күндер өтті.

Колчак қашардан бұрын Ғабдоллаларды Жырақ Күншығысқа жіберген. Барған жерінде Ғабдолла бір хат жазған, онан соң күз Колчак қашып құрыған, бірақ Ғабдолладан бір хабар болмаған. Жұрт күдер үзіп, жылап-жылап қойған. Енді Семенов құрып, жол ашылған соң Ғабдолладан хат келді. Ғабдолла Жырақ Күншығыс майданында екен. Колчак, Анненков, Семенов, Калмыков, Капвиль һәм басқа жауыздардан аман қалған жоқ деп жұрт күдер үзіп қойған бауырым Ғабдолла, тірі екенсің, құшақтап сүйдім, бауырым.

1920 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз