Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді. Не себепті қазақты орыс «киргиз» деп кеткенін тексермей-ақ, ол «киргиз» деген аттың қалайша жалпы қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілуі керек екенін жұртқа айтқым келеді.
Орыстың патшасы қазақты қаратып алып жалпы қазаққа «киргиз» деген ат жапсырылған соң қазақ халқын оңай қаратып алған соң орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты біртүрлі мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде біртүрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын болды. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен қарап, тұмсығын кекірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды...
Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда «ах ты, Палкан, киргиздан да жамансың!» дейтін болды...
Ақ патшаның жасауылдарының, төрелерінің бұл аңыздары орыстың надан халықтарының араларына да жайылды. Келе-келе тұрмыстың игілігін өзгелермен бірдей қазақтың көруге еш уақытта лайығы жоқ деп ойлайтын болып, қала тұрмысына түсіп, оқып, тазарақ тұра бастаған қазақты көрсе таңырқап: «қарашы, тіпті өзін киргиз дейтін емес!» — деп тамсанып жүретін болды.
Қазақтың бір қылығын жақтырмаса: «белгілі енді, киргиз болған соң қайтуші еді!» — дейтін болды.
Қырға шыққан шабармандары, жасауылдары қазаққа зорлық қылғанда, қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап: «у, у, у! киргиз-з!!!» дейтін болды.
«Киргиз» дегенді әлгі мырзалар бір түрлі ызбарланып, тістеніп айтатын болды.
Енді ол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазаққа бұлай қарауды тыйды. Енді қазақ та бір, басқа халықтар да бір. Қазір әр жерден мидай тарихи қателерді түзетті әм мұндай түзетілген аттарды Кеңес үкіметі де қатты ықтиятпен қабыл алды. Мәселен, Хиваны қазір «Хорезм» жұрты дейтін болды. «Сартты» өзбек дейтін болды. Әм бұл түзетіліп қойған аттарды кеңес үкіметі қолданып кетті. Біз «киргиз» деген атты жоғалтып, өзімізді «қазақ» деп атасыз, басқа халықтар да бізді «қазақ» деп осы атты қолданып кетпек, Біздің бір үлкен кемшілігіміз — осы күнгі басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Әуелі біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Красный Киргизстан» деп аталады. Бұл елдің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егерде біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді.
Біздің әр қазақ жігіті «киргиз» дегенді тастап, қоймастан «қазақ, қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек.
Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!»
15.02.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі