Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселені бұдан бұрын да газет бетінде қозғап едік. Әрбір кеңестер жиылысында да әм биылғы болып өткен жалпыресейлік Коммунистер партиясының 12-ші жиылысында да көп сөйленіп, «әрбір аймақта қай халық көп болса, сол аймақтың кеңселерінде іс сол жергілікті көпшілікті халықтың тілінде жүрсін» деп қарар шығарған.
Ал екінші түрмен мұны былай деп айтқан:
«Бұрын патша заманында кемдікте болған, қазір автономия алған уақ халықтардың жерлеріндегі мекемелердің істері де сол уақ халықтардың ана тілдерінде жүрсін» деген.
Бұлай қылудан не пайда бар екенін әм пайда болса, ол пайда кімге болатынын көп бажайлап айтпаса да, әркімнің өзі-ақ білер. Сонда да қысқаша айтып өтейік. Автономиялы уақ халықтардың кеңселерінде іс сол халықтың өз тілінде жүрсе, ол халықтың жалпы еңбекшілері бұрынғы патша заманында патшаның жасауылдарының тізесін, ызғарын көріп қалған қалың надан бұқарасы өзге халықтардың бұқараларымен теңелгенін іс жүзінде көреді. Үкіметтің істеген істеріне түсінетін болып, тәртіп, заң, жол-жобаларымен танысып, үкімет істеріне өздері де қатысатын болады. Бұрын кемдікте жүріп, қараңғылықта надан болып артта қалған, езіліп, басы қаңғырып тозып бара жатқан Ресейдегі қалың уақ халықтардың сансыз еңбекшілері теңелгенін көріп, сілкініп, кезі ашылып, Кеңес үкіметінің құрылысы әм шаруашылық түзету істеріне кіріссе, революцияның бекініп ілгері басу ісіне кіріскен болады.
Олай болғанда, бұл кеңселерде істі жергілікті, көпшілік халықтың ана тілінде жүргізуден сол халықтың жалпы еңбекшіл табына да пайда әм революцияға да пайда.
Міне, мұны біліп отырып, бұл іске шындап жәрдем қылмаған кісі, не ешнәрсеге түсінбейтін адам, не еңбекшіл табына әм революцияға шын дос адам емес.
Қазақстанда еңбекшіл табына қызмет қылам, революцияға қызмет қылам деген адам, қай ұлттан болса да, бұл іске аз болса да, қолынан келетін қызметін шындап көрсетіп қалуы керек.
Қазақстанда қазағы көп жерлерде, қазақтан басқа халықтардан бір де адам жоқ жерлерде, мәселен қырдағы болыстарда, волостной исполкомдарда, ауылнай исполкомдарда, аудандық сот әм милиция мекемелерінде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізуге қазір Қазақстан үкіметі кірісіп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның ішкі істерін басқарып тұратын комиссариаты әм сот істерін басқарып тұратын комиссариаты күллі Қазақстанға жарлықтарын жібермек болып жатыр.
Қазақстанның ішкі істерін басқарып тұратын комиссариаттың атынан Қазақстанның әр губернияларына кісілер жіберіп жатыр.
Бұл жіберіліп жатқан кісілер — Орынбордағы жұмыскерлер факультетінде оқып жүрген қазақ еңбекшілерінің балалары.
Бұлар әр уезге барып, елге шығып, алдымен болыстық исполкомдардың кеңселерінің істерін қазақшаға аудармақ. Істі қалай жүргізуді үйретпек. Жөнге салмақ, нұсқалар көрсетпек.
Бұл оңай іс емес, үлкен ауыр іс, үлкен жауапты іс. Бірақ қанша қиын болса да, бұл тапсырылған істі мойындарына алған соң, жұмыскерлер факультетінің бұл бара жатқан жігіттері көңілдегідей орындар деген сеніміміз зор.
Енді бұл істің бір қиын жері — қазақша хат білетіндерден кеңсе істерін тура нұсқамен дұрыс жүргізетін кісілер аз.
Қазіргі бұл іске шындап кіріскенде әр губернияның істейтін істері — қазақша хатшылық курстарын ашып, қырға, болыстарға хатшы боларлық кісілер даярлау. Бұған бар күшті жинап, аямай кірісу керек.
Және қандай болса да әрбір ашылған курста қазақ тілінде кеңсе істерін жүргізу тақырыпты нұсқалар көрсететін болу керек. Кеңсе жүргізу істеріне орысша хат білмейтін болса да, қазақша хат білетін қазақ жігіттерін таныстыру қажет.
Сол курстарында оқитын болсын, милиция курстарында оқитын баршалары да кеңсе істерін жүргізу нұсқаларын білуге керек.
Өйткені осы айтқан мекемелердің ел арасындағы бұтақтарының бәрінде істі қазақ тілінде жүргізетін болады. Қайда оқып жүрсе де қазақ жігіттерінің бәрі де істі қазақ тілінде жүргізетін болады. Бәрі де кеңсе ісін жүргізуді білулері қажет.
Қазағы көп жерде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу ретінде ел аралаған, қала аралаған жұмыскерлердің бәрі де жәрдем қылып, жол көрсетіп, бұл мәселенің орындалуын тексеріп отырулары керек. Міне, сөйтіп, жұмылып жалпы жұрт кіріссе ғана бұл істен көңілдегідей жеміс шығады.
Кеңселерде қызмет істері қазақша жүргенде ғана бұл күнге шейін қадірсіз болып келген қазақша хат білетін адамдардың бағалары артады. Жұрт оқуға ынталық болып кіріседі.
Бұл — Қазақстанның, жалпы еңбекшілердің алдағы бір тығыз керекті ісі.
25.06.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі