Қазақстанның орталық кеңесі (совет) комитетінің жаңада болып өткен 3-ші жалпы жиылысы: «Қазақстанда қазағы көп жерлерде мекеме істері қазақ тілінде жүрсін, бұл алдымен болыстарда басталсын» деп қаулы қылды.
Бұл туралы бұрын да жазғамыз, әм бұл туралы 12-ші партия жиылысының қаулысы да бар.
Және бұл туралы біздің Қазақстанның сот істерін басқаратын комиссариаты, әм Қазақстанның ішкі істерін басқаратын комиссариаты да губерния-губернияға бұйрықтарын жіберді. Бұйрықтар тығыз.
Және қағаздан гөрі игі ғой деп биыл жазға Орынбордан әр елге бара жатқан қазақ оқушыларына, студенттерге Қазақстанның ішкі істерін басқарушы комиссариатынан қағаздар алып беріп, бұл істі тапсырып жібердік.
Мұндағы мақсат — бұлар әр губернияға барысымен қазақ тілінің дүкенін ашып жіберіп, қаптатып қазақ тілін жүргізіп жіберер деген емес, әйтеуір адам барған соң губерния-губерниялардағы, уездердегі қазақ еңбекшіл табының шын ілгері басуын ойлаған, әм сол еңбекшіл таптың үкіметінің шын көркеюін, гүлденуін ойлаған қайратты азаматтар болса, тура қалып ойланып, бұл зор тарихи іске белсеніп кірісер ме екен дегендік еді.
Ақмола, Семей, Бөкей, Қостанай губерниясына жіберген жігіттерден хабар алынды, хабарлары ете уайымды. Бәрінің айтатын сөздері: «ешбір жерде қазақ тілін ешкім іске асыруға ойланған жоқ, әм ойланатын емес...» — дейді.
Іс қиын, іс уайымды екені рас, көп ақша керек екені рас. Бірақ қандай іс болса да ынтамен болмақ. Сол ынта губерниялардағы, уездердегі әртүрлі қызмет басындағы жігіттерде бар ма?..
Келген хабарларға қарағанда, ондай ынта, қалай қылсақ та болдырайық деген шын көңіл жоқ.
Жоқты бар қылады деген, ауыр қиындықтарды жеңеді деген қызмет басындағы жігіттер құр уайым айтатын түрі бар. Құр: «бұған қаражат керек, бұған анау керек, бұған мынау керек» деген сөздерді айтатын түрлері бар.
Жалпы ынта бөліп, жігер, қайрат болса, өз-өзіне сенген кәміл иман болса, ер жігіттің істей алмайтын ісі жоқ.
Қызыл әскер жалпы жұмылған ынтаның, қайратты жігердің, ерліктің арқасында, әр қимылдың арқасында, қамаған қалың жауын жеңді.
Қазақ тілін жүргізу ісі қиын болса, сондай-ақ болар.
Бұған жалпы ынта, қажымас қайрат керек.
Келесі жалпы жиылыста губерниялардағы, уездердегі қызмет басындағы жігіттерден бұл іс туралы не қылғаны жөнінде әйгілі жауап алынбақ. Губерниядағы әм уездегі халықпен қатынасып отырған іс бастарындағы жігіттер бұл сұрауларға лайықты жауаптарын даярлай берулері керек.
15.08.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі