Қазақстанда кеңселерде қазақ тілін жүргізу керек екен. 12-партия жиылысынан кейін тынбай айтылып келе жатқан сөз.
Жалпы Ресейдің Коммунист партиясының 12-жиылысында ұлт мәселесі туралы қаулысының шығып жарияланғанына едәуір уақыт өтті, бірақ бұл қаулының іске асуы, ғаламға қойылуы зор қиындықпен болып жатыр.
Оған себептер көп. Әрине, себептің ең зоры: осы күнгі өз алдына автономиялы үкіметті ел болып отырған Ресейдегі уақ ұлттардың оқыған адамдарының аздығы. Кеңсе істерін жүргізе білетін адамдарының жоқтығы. Бар болса, аздығы. Сол оқыған адамдары аз, кеңсе істерін жүргізе білетін адамдары аз республиканың бірі — біздің Қазақстан.
Міне, сол оқыған адамдарының аздығынан, кеңсе істерін жүргізе білетін адамдардың аздығынан біздің Қазақстанда қазақтары аз жер түгіл, қазақтары көп жерлердің өздерінде де кеңселерде қазақ тілі көңілдегідей жүріп кете алмай жатыр.
Қазақстанның қазағы көп жерлерінің өздерінде қазақ тілінің кеңселерде жүріп кете алмай жатуына себеп болып тұрған екінші мәселе: біздің кеңселеріміздің кедейліктері.
Әрине, кеңсе кедей болса, көңілдегідей қазақша әм орысша жазу білетін адамдарды сұраған ақысын беріп, кеңсе қызметіне ала алмайды. Аз ғана ақыға орысша әм қазақша білетін адамдар қызмет қыла қоймайды. «Орысша — қазақша білетін» дегенім... біздің Қазақстанның көп жерінде орыс пен қазақ аралас. Сол себепті орыс пен қазақ аралас отырған жерлердің кеңселеріне қазақша әм орысша жазуды бірдей білетін адамдар қазіргі уақытта бағалырақ болады.
Онан соң, Қазақстанның кеңселерінде қазақ тілін жүргізу ретінде үлкен бір бөгет мынау: біздің болыстық мекемелерімізде қызмет қылып жүрген қазақтардың, сол мекемелердің басында жүрген қазақтардың бірсыпырасы қазақша жазғаннан, қазақша оқығаннан, қазақша сөйлегеннен орысшаны жақсы көреді, орысшаны оңай көреді. Кейбіреулері тіпті қазақша жазу әм оқуды білмейді. Ал кейбір аз білгендері қазақша жазбай жүріп аз білгенінен айырылып қалады. Мұндай хал әсіресе бұрынғы заманда патшаның ұлықсаттарынан өте қаймығып, сол ұлықтарға өте қатты жағынып қалып жерлерде көбірек сезіледі. Әм өздері сол патшаның әр түрлі «ұлығы» болудың жолына қаттырақ түскен жерлерде көбірек сезіледі. Міне, осындай қулық ескі әдеттен біздің қазіргі Кеңес үкіметінде жүрген адамдарымыздың кейбіреулері әлі қайтқан жоқ. Бұлардың ойынша орысша сөйлесең «білгіш» көрінесің, қазақша сөйлеп, қазақша жазсаң «білмейтін» болып көрінесің.
Бұлар өздері қазақшадан орысшаға ұстарақ болады.
12-партия жиналысының ұлт мәселесі туралы шығарған «кеңселерде әр ұлттың өз тілі қолдансын» деген қаулысының көңілдегідей уақытысында іске аспауына бір үлкен бөгет, үлкен кесір әдеттері, қулықтары осындай. Іс басында жүрген қызметкерлер бұл әдеттерін тастамаса, мұндай қызметкерлер бағалы қызметкер бола алмайды.
Жаңа мен айтып өттім: кеңсе кедей болса, орысша әм қазақша жазу білетін адамдардың сұраған ақыларын беріп қызметке ала алмайды деп; ол рас, бірақ кейбір жерлерде жұрт қатар ақы алып қызмет қылудан қашып жүрген орысша әм қазақша оқулы адамдар бар. Мәселен, Орал губерниясында орысша орта дәрежелі мектеп бітірген елу қазақтың списогі қазір менің қолымда. Бұлар қызметтен қашып елде жүргендер. Мұндай сұмырайлар талай жерде бар.
Ендігі, күллі Қазақстанда іс басында жүрген, 12-партия жиналысының қаулысы іске ассын деген азаматтардың міндеті:
1. Өзі Кеңес қызметінде Қазақстанда жүріп қазақша сөйлеуді, қазақша жазуды менсінбейтіндерді үйрету.
2. Әм жұрт қатар ақы алып қызмет қылудан қашып жүрген сұмырайларды қай ретпен болса да іске жегу.
3. Хат біліп кеңсе ісін білмейтіндерді тез үйретіп қызметке салу. Міне, Кеңес әм партия қызметінде жүрген, 12-жалпы партия жиылысының қаулысы іске ассын дейтін азаматтар осы іске жалпы жұмыла кіріссе, бұл мәселенің шешілуі оңайланады.
22.12.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі