Аудандардағы, қалалардағы мектеп, медресе, школдардың ығын-шығындары жергілікті халықтан жиналған алым-салықтардан төленсін. Ауылдың һәм қаланың школ, мектеп, медреселеріндегі оқушылардың жалованиялары да сол жергілікті халықтан жиналып қазынаға түскен алымдардан төленіп отырсын деп, кеңес мемлекетінің орталық үкіметі қаулы шығарды.
Бұлай болғанда қай жерде қазынаға жергілікті халықтан алым түспесе, түссе де аз түссе, сол жердегі ауыл һәм қаланың мектеп, медресе, школдары жабылмақ. Мектеп, медресе, школдар жабылса, жаңа көзі ашылайын деп келе жатқан, надандық тұманында шіріген қазақ сол надандық құшағында жата бермек.
Қазақ халқының келесі жас буыны, қазақ халқының келешектегі шаруашылығын, келешектегі тарихын, барлық тағдырын қолдарына алатын жас балалары, әкелерінің, бабаларының батқан надандық, қараңғылығының құшағында қала бермек.
«Әркімге өзінің жері мекедей көрінеді» деп бұрынғылар айтқан. Сондай-ақ әр халық өзінің жерін, өзінің тұрмысын бек қасиетті көреді. Әсіресе біздің қазақ өзінің тұрмысын, өзінің жерін дүниенің жұмағы деп біледі.
«Құдай артық жаратқан біздің жердей жер бар ма? Киіз үйде кеңшілікте жатқандай һәм көшіп-қонып жүрген тұрмыстай тұрмыс бар ма?!. Жарықтық қымыз бен еттей ас бар ма? Орыс шіркін қысы-жазы сасып, пысынап қамалып, қалада ағаш үйде, тас үйде отырады. Не болса соны тамақ қылады... Жарықтық қазақты айтсайшы...» — дейді қазақ. Бұл қазақтың бұрынғы сөздері болушы еді. Қазір бұл сөздерді қазақ айта ма, айтпай ма білмеймін. Ал бұдан былай бұл сөздерді қазақтың енді жылдан-жылға айтпауы хақ.
Бұрынғы уақытта өнер-білімсіз-ақ далада хайуан тәрізді күн өткізіп жүре беруге болатын. Далада оқу, өнер-білім үйренбей-ақ «ит көзі түтін танымас» болып жүре беруге қазақ мал асырап, сол малдың өсімін жұмсайтын. Енді қазір қазақтың ол уайымсыз, ойсыз, қаперсіз көшіп-қонып, кеңшілікте малының өсімін жұмсап жүре беретін заманы өтті. Қазақ малының қайта бастағанына он жылдан асты. Бұрын малдың шығынынан өсімі артық болатын.
Енді малдың өсімінен шығыны артылды. Қазақ халқының шаруасы мұнымен тұрса жақсы, бірақ мұныменен тұрмайды, жыл сайын қазақ малының саны азая бермек. Егерде осы бастан мұны ойлап қазақ қамданбаса, ақырында азып-тозып, қаңғырып құрымақ, азып-тозып, қаңғырып қырылмау үшін қазақ халқына не қылу керек?
Қазақ халқына ең әуелі оқу керек, оқу керек, оқу керек!
Оқыса көзі, көкірегінің көзі ашылады. Көзі ашылса, айтпай- ақ, ымдамай-ақ, нұсқамай-ақ өзі көреді. Оқымаған адам, оқымаған халық — надан, қараңғы, соқыр. Соқырдың күні — қараңғы. Енді бұдан былай ірі, көп, топ-топ мал өсіре алмайтын болған соң, қазақ халқы құрып кетпейін десе, екінші түрмен, екінші ретпен тіршілік қылуға кірісу керек. Оқусыз, өнер-білімсіз, екінші түрмен тіршілік қылу бек қиын.
Оқу, өнер-білім білген малсыз-ақ тіршілік қылып, жан сақтай алады. Малсыз-ақ қырдағы мал баққан надан байлардан артығырақ өмір сүре алады. Оқу керек, оқу керек деген сөз баяғыдан айтылып келе жатыр. Ол уақыттарда ел малды, бай еді, заман тыныштық еді...
Бұл күнде ішкі һәм тысқы соғыстардың салдарынан жалғыз қазақтың дәулеті шайқалып, малы кеміп тұрған жоқ, жалпы Ресейдің дәулеті шайқалып, шаруашылығы бүлініп, түзеле алмай жатыр. Кеңес үкіметі жалпы Ресейдің бүлінген шаруашылығын түзетуге барлық күшін салып, қазіргі уақытта оқу ісін жергілікті халықтардың өз қолына беріп отыр. Оқуды керек қылсаң өзің ойланып, оқу үшін халыққа түскен алымды тез қазынаға салып, әр ауылға яки әр болысқа школ аштырып, балаңды өз еркіңмен оқыт деп отыр. Басқа жәрдемді үкімет беріп, оқу ісін үкімет өзі басқарып отырмақ болып отыр.
Қазіргі уақытта оқу ісіне қазынадан ақша бармай жатыр. Мүмкін ауылдардағы, елдегі, шет қалалардағы оқытушылар көптен жалования ақша алған да жоқ шығар.
Қазақ «а құдай, аузыма менің әкеп сал, құдай» деп жатпай, ауылдағы, елдегі оқушыларға жататын үй беріп, тамақ беріп, оқушыларды кетіп қалатын қылмай ұстап, бәрі жұмылып, ұйымдасып оқыту ісіне кірісіп, балаларын оқытулары керек.
Оқу ісіне жөндеп ынталарын салып кіріспей, ел қыдырып тамақ аңдып, ел арасының арам, қу партиясының сөзін бағып кеткен—атқа мінген ел адамдары жігіт ағасы, ел ағасы емес. Елдің атқа мінген бастықтары оқу ісіне қарамай кетсе, ел балалары оқусыз жүрсе, атқа мінген ел адамдарының мойнына қазақтың кейінгі келешек жас буынының мың лағынеті артылады. Көңілінде азырақ адамдықтың саңлауы бар әр қазақтың баласы енді бұдан былай жадынан оқу ісін тастамау керек.
Қазаққа оқу бұрын бір мәртебе керек болса, енді мың мәрте керек болды. Қазақ алдындағы болашағын ойлауы керек. «Ертеңгісін ойламайтын есек» деген.
24.11.1922 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі