Ардақты жолдастар!
Болып өткен жалпы Ресей кеңестерінің X тобы келешекте оқу жұмысы қай қалыпта, қай ретте баруы тиіс екендігін айтты.
Кеңес үкіметінің бес жыл жасаған өмірінің ішінде оқу мәселесі бірінші рет қана мұндай жалпы жиылысқа салынып шешілді. Әрине, бұл оқу жұмысын үкімет ұмытып, не болмаса керексіз жұмыс деп жүргендігі емес: жау жағасынан, ит етегінен алып, шамасынан келмегендігі. Енді үкімет ауыр халден шықты. Жемірілген шаруашылықты түзетумен пара-пар оқу жұмысын да аяққа бастыру шарасына кірісіп жатыр.
X топ оқу майданында қараңғылық, надандықпен күресуге үкімет қолынан келер жәрдемін, күшін аямас деген сөзін айтты.
Оқу майданында қараңғылық, надандықты жеңсек, шаруашылықты да көтеру қиын болмайтындығын әм шаруашылықты көркейту өнер-білім оқумен байлаулы екендігін біліп, X топ орталық үкіметке һәм жергілікті мекемелерге мықтап тапсырған жұмысының біреуі: оқу жұмысын ілгері бастыруға бар күштерін, бар білімдерін аямай кірісуі.
Мұның үстіне «Известия» газетінде басылып шыққан жолдас Лениннің оқу жұмысы туралы жазған мақаласында қараңғылық, надандық майданына үкімет қай көзбен қарауы керек екендігін һәм бұл жұмысты қай жолмен апару тиістілігін айтады.
Енді губерниялық атқару комитеттері һәм жергілікті оқу бөлімдері қараңғылықпен күресу майданында X топтың қаулысы һәм жолдас Лениннің мақаласында көрсетілген жолмен қолданулары керек.
Соңғы уақытқа шейін жер-жерлерде оқу жұмысы тиісті қалыпта шешілмей келді, оқу майданында алға басқандығымыз шамалы. Жолдас Ленин мақаласында патша заманындағы һәм ол уақыттағы оқыған адамдардың санын салыстырып мынаны көрсетеді. Россияда, Кавказда (1897 жылдың есебі бойынша) бір мың адамға 223 оқыған адам келеді екен, ал осы күні бір мың адамға 319 адам келеді. Мінеки, бұдан көрініп отыр: біз оқу майданында патша үкіметінен онша көп ұзап кете алмаппыз. Ішкі губернияларда оқу жұмысының халі мұндай нашар болса, біздің Қазақстанда одан да жаман деуге болады.
Бізде жүз кісіге 4—5 оқыған кісі келеді. Жоғарыда көрсетілген сандардан көрініп отыр, оқу майданындағы жауымыз—қараңғылық, надандық әлі күшті екендігі. Атқару комитеттерінің һәм жергілікті оқу бөлімдерінің зор міндеті осыны ұмытпастан бар күшін, бар білімдерін, бар жігерлерін оқу майданына аударулары керек.
Әрине, ақша болмай, қаражат болмай оқу жұмысы көгермейді. Жолдас Ленин айтып отыр: «Жақын арада үкіметтің бюджеті (бір жылғы түсімі әм шығыны) қайта қаралса, басқа расходтарды азайтып, оның есесіне оқу жұмысына берілетін ақшаны көбейту керек», — деп. Соның үшін, көп исполкомдар бюджетті бөлгенде оқу жұмысына жеткілікті қылып берулері тиіс.
Басқа жұмыстарға шығатын шығындарды азайтып, оның орнына оқуға берілетін ақшаны — қаражатты көбейтулері керек. Екінші гәп — исполкомдар оқу майданындағы қызметкерлердің халіне артықша көз салулары тиіс.
Үшінші — договормен ашылатын школдарды көбейту шарасына шындап кірісулері керек.
Енді оқу жұмысын ілгері бастырудың жол-жобасы көрсетіледі, ендігі зор міндет оқу орындарының мойындарында қалды. Бұл жұмысқа исполкомдар шын көңілімен кіріссе жауымыз — наданшылықтың сөзсіз жеңілуіне көз жетеді.
Қазақстан республикасының халық комиссарлар кеңесінің төрағасы: Сейфуллин.
Халық ағарту комиссары: Залиев.
31.01.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі