Қазақстанның еңбекшіл табы өз сыбағасын өзі алу үшін, өнерлі халықтардың еңбекшіл табының қатарына кіру үшін, Россиядағы жалпы еңбекшіл таптың алысып отырған бостандығын, теңдігінің жемістерімен пайдалану үшін керек екеніне, өнер-білім алуы керек екеніне ешкім қарсы айтпас.
Бұл туралы газеттердің жүзінде талай айтқамыз. Мұны көп айтпай-ақ, еңбекшіл халықтың өзі де білетін шығар.
Былтырдан бері қазақ жастарының көбі рабфакқа ұмтылады, басқа түрлі білім беретін оқуларға, школдарға, курстарға көп қарамайды. Бұл үлкен қате іс.
Тұрмыстың әртүрлі тарауларынан ғылым беретін талай мектеп, школалар бар. Қазақ еңбекшілерінің балалары сол тұрмыстың әртүрлі тарауынан білім беретін мектептердің бәрінен оқулары керек.
Тұрмыстың әр тарауынан мағлұматтар алу керек, әр тарауынан білім алу керек.
Қазақстанның әр губерниясынан келіп биыл 60 шамалы қазақ еңбекшілерінің балалары Орынбор рабфагына кірді. Әм тағы да сол рабфакқа түсетін қазақ балаларын даярлайтын биыл ашылған рабфак жанындағы «даярлау бөліміне» 40 бала алынбақ, баршасы биыл Орынбордағы рабфакқа кірген қазақ баласы 100 болмақ.
Қалың қазақ еңбекшілеріне бұл жеткілікті сан емес. Ал рабфакқа бұдан артық алуға болмайды, сол себепті оқимын деген жастардың бәрі құр дақпыртпен рабфакқа ентелей бермей, адам баласының тұрмысына керекті түрлі білім беретін ашылып жатқан школдардың, мектептердің әм курстардың бәріне кіре берулері дұрыс. Мәселен:
1) Қазандағы мұсылмандар үшін ашылған әскер бастықтарын даярлайтын школадан қазақтарға 50 орын беріп отыр, міне, соған бару керек. Ол школаға орысша сөйлей әм жаза білетін ғана, онан соң есептің төрт амалын білетін ғана жігіттер алынады.
Бұл елу орынның 40 орны Қазақстанның әр губерниясының партия комитеттеріне, әм әскери мекемелеріне бөлініп жіберілді, 10 орны Орынбордағы әскери комиссариаттың аймақтық партия комитетінің қарамағында қалды. Ол 10 орынға жігіттер Орынбордан жіберілмек.
2) Орынборда адам дәрігерлерінің школасы ашылып жатыр. Бұл школа (мед. техникум) Қазақстанның денсаулық комиссариатының қарамағында болады. 80 бала алынбақ. Оның 55 қазақ болмақ. Школа алты жылдық. Оған да тек жаза әм оқи білетін жігіттер алынбақ. Бұл школаға орындарын бөліп губернияға жіберген балалардың алды келіп жатыр. Бірақ кей губерниядан әлі келе қойған жоқ. Белгілі уақытынан кеш қалса, балалар осы Орынбордан алына бермек.
3) Қазақстанның жер-су комиссариатының қарамағында ауыл шаруашылығының школалары ашылған. Олар мал дәрігерінің школасы, жер кәсібінің школасы әм ауыл шаруасының школасы. Осылардың бәрі қосылып биыл бір школа болмақ. Ол орысша — зоотехнический техникум. Бұл школаға жер-су комиссариаты басшылық етіп, былтырғы балаларын алады, оның толмаған жеріне осы Орынбордан жаңадан балалар алмақ.
4) Қазақстанның ақша-қазына комиссариатының қарамағында биыл ақша-қазына ісінің курсы ашылмақ. Оған алатын балалардың жартысынан көбі қазақ болуға тиісті.
5) Биыл Қазақстанның кооперация істерін басқаратын мекемесінің қарамағында да курс ашылмақ. Курстың мақсаты қазақ елінде кооперация ісін ұлғайтып жүргізіп, алға бастыру үшін қазақ еңбекшілерінен адамдар даярламақ. Бұл жоғарғы айтқан 2 курсқа да орысша жазу, оқу білетін жігіттер алынбақ. Әм алынатын балалардың орындары әр губернияларға бөлініп жіберілмек.
Міне, осы айтқан школалардың әм курстардың бәріне де еңбекші қазақ балалары кеш қалмай келіп кірулері керек. Көңілдегідей кіріп алып, жұмылып оқып, тез білім алып шығып, түрлі тараулы тұрмыстың тізгініне ие болып, тұрмыстың қожасы еңбекші халықтың қожалығын жүргізулері керек.
Қазақстанның әрбір губерниясында іс басында отырған жігіттер салақ болмай, осы оқу істерін көңілдегідей бақылап, қолынан атқарып отыруға міндетті. Әм бұл іске әрбір губерниялық мекеменің қай-қайсында отырса да, Қазақстанның барлық қызметіндегі жігіттері еңбекші халық алдында жауапкер.
Және бұл оқу ісіне көңіл салмай, шын еңбекшіл нашар халықтың балаларын жіберуге жөнді қызмет қылмаған қызмет басындағы адамдарды әйгілеп айыптап, беттеріне еңбекшіл таптың азаматы емес деген таңба басып отыру керек.
Өйткені биыл губерния-губерниялардан Орынбордағы рабфакқа әм ашылған заң курсына еңбекші қазақ халқынан (жұмыскерлерден, кедейлерден, жалшылардан, нашарлардан) әдейі бөлініп жіберілген белгілі орындарға аз келді. Кейбір губерниялардан мекемелер әдейі арнап қолдарына қағаз беріп жібермеген соң, оқуға талапты жастар өздері келгендері бар. Және губерния-губернияда, іс бастарындағы оқыған, «көзі ашық» жігіттер күн бұрын жариялап, оқушы жастарға қандай школаға қандай тәртіппен түсуге болатынын айтпаған соң, келгендердің қолдарында тиісті исполкомнан, доктордан алған қағаздары жоқ болып та шықты.
Тағы да, Орынбордағы қазақ институты Қазақстанға тәртіпті, үлгілі мұғалімдер даярлап шығаратын қазақша медресеге биыл барлық Қазақстанның әр губерниясынан 150 шамалы қазақ балалары алынбақ, онда былтырғысымен 250 шамалы жігіт болмақ. Міне, сол қазақ институтының жанында болатын аймақтық үлгі-тәжірибе мектебіне кіретін балалардың орындарын әр губернияға бөліп жіберген едік. Бұған да жер-жерден балалардың арналып келуі сараң.
Бұл жоғарыдағы айтылған школа, мектеп, медреселерге, курстарға келген балалардың аз болуы қазақ еңбекшілерінің оқу ниеттерінің, ынталарының жоқтығы емес, губерниялардағы, уездердегі әр мекемеде отырған «көзі ашық» азаматтардың шабан жалқау, өзінен басқаның «көзінің ашылуын» көп ойламайтындығы.
Қараңғыда, надандық тұманында, іріп-шіріп жатқан, надандықтың арқасында берген теңдікті ала алмай, әлі көзі ашылмай жатқан еңбекшіл қалың қазақтың оқуына қандай қызметте жүрсе де қарлығаштай ынтасын салып, жәрдемін тигізбеген жігіттер — тек ұлылықты қуып, өз ісінің ғана қамын көздеп жүрген арамтамақтар.
Ондай адамдар, тек еңбекшіл халықтың нанын жеп, жеген нанын ақтай алмайтын құр азаматтар.
Қазақтың еңбекшілер табының сорына мұндай адамдар аз емес. Міне, соны біліп, соны көріп, еңбекшіл жастар, өздерің жалқауланбай жұмыла оқуға ұмтылыңдар. Жоғарғы айтқан оқулардың бәріне кеш қалмай кіре беріңдер!
15.09.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі