Өлең, жыр, ақындар

Оқудағы жастар арасында

10-тамызда Орынбордағы Қазақстанның оқу институтында, әм татар институтында оқушы жастар ұйымының мүшелерінің жалпы жиылысында жолдас Нұрмақов қазіргі жер жүзіндегі мемлекет араларындағы саясат жайы туралы баяндама қылды және мен Кеңес республикаларының одақтық құрамасы туралы әм Қазақстанның орталық кеңес комитетінің 3-жалпы мәжілісінің қараған мәселелері туралы шығарған қаулылары жөнінде баяндама қылдым.

Қазақстанның орталық комитетінің 3-мәжілісінің қараған мәселелерінің ішінде қазақ тілін кеңселерде жүргізу деген мәселенің, әм Қазақстанда әуе кемесін жүргізу деген мәселелердің шешілуі жастарға біртүрлі ұнап, барлығы бірауыздан Қазақстанда мекемелерде кеңсе істерін қазақшаға тез аударуды қуаттап, Қазақстанның барлық қазақ балалары оқитын шола әм мектептерінде қазақ балаларын кеңсе істеріне де таныстыратын болса екен деп, мұны Қазақстан оқу комиссариаты биылғы жылғы сабақ ретіне міндетті қылып кіргізсе екен деп қарар шығарды.

Және шамалары келгенше әуе кемесінің болуына жәрдем қылуды әм мүше болып «әуе кемесі достарының қауымына» жазылуға қаулы қылды.

Қазақстанның оқу институтындағы әм татар институтындағы жастардың мұнысы ерлік.

Қазақ әм татар институттарындағы жастардың шын көңілдерімен істеген бұл қаулыларының іске асып, іс жүзінде көрінуіне тілектеспіз! Орынбордағы өзге шкалалардағы жастар да бұл игі тілекке қосылар! Іс жастардікі!

19.09.1923 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз