Білім кеңесінің жасалғанына көп болды. Бір-екі рет газет- журнал бетінде біраз істеген істері туралы ғана мағлұмат ретінде сөздер басылды.
Бұдан басқа жұрттың, көпшіліктің талқысына салған, баспасөздің майданына салған ешбір мәселесі көрінген жоқ.
Осы кітаптары жоқ, емлесі, жаңа кірген сөздердің жазылуы бекімеген қазақ еліне білім кеңесі істерін жиі-жиі жарияланып отыруы керек еді.
Емле (жазу) мәселесі әм жаңа кіргізіліп жүрген сөздердің мәселелері баспасөздің майданына, талқыға түсіп отыруы керек еді.
Білім жүйесі үйтпеді. Білім кеңесі құр өзімен-өзі болып келді. Білім кеңесінің әр түрлі мағынаға алған сөздерінің көбіне жұрт риза емес. Жұрттың біреуі мен, менің де риза емес сөздерім көп.
Білім кеңесінің істері майданға салынып отырмағандығынан, Қазақстанның әр аймағы талай белгілі мағыналарға әрқайсысы әртүрлі сөздерді алып жүр, бір мағынаға әркім әртүрлі сөз қолданып жүр. Кімдікі дұрыс, кімдікі теріс екендігін талқыға салып, білім кеңесі қорытып отыруы керек еді.
Бұл туралы мәжілістеріне Білім кеңесі осы Орынбордағы біледі деген адамдардың бәрін шақырып отырулары керек еді. Қаралатын мәселелерді күн бұрын жариялап, оған қатысатын адамдардың өзге қызметтен бос күндерін белгілеп шақырып отырулары керек еді. Білім кеңесі үйтпеді.
Мен өзім сол Білім кеңесінің қағазында бір мүшесі саналсам да, білім кеңесінің мәжілісі менің бос уақытыма көп ретте тура келмеді.
Қазіргі зор мәселе — жаңа сөздер мен жаңа жазу әм кітап.
Қазір тіл сөз қолданудан шатақ болып барады.
Мәселен, біреу «кіндік» дейді. Біреу «орталық» дейді. Біреу «ортақшыл» дейді. Біреу «коммунист» дейді. Біреу «халық ағарту комиссариаты» дейді. Біреу «оқу комиссариаты» дейді.
Бұлар қазақтың тұрмысында бұрын болмаған нәрселер болған соң, осындай әркім, әр жерде, әр түрлі атап жүрген болар дер едік. Бірақ кейбір қазақтың ескі тұрмысындағы бар нәрселердің өзін әркім әртүрлі атайды. Мәселен біреу «топ» дейді, біреу «жиылыс» дейді. Қазақтың бір газеті «шет патшалықтарда» деп жазады, біреуі «шет мемлекеттерде» деп жазады. Анаугүні жолдас Ленин өлгеннен кейін қазақтың бір газеті «Жолдас Ленинді жерлеу» деп жазды. Ал бір газет «Жолдас Ленинді қабірлеу» деп жазды.
Мәселен, біреу «маман» дейді. Біреу мұны «жаман» дейді. Міне, бұлар әшейін мысал үшін келтірген ғана сөздер. Даулы, теріс қолданып жүрген сөздер көп. Емле де, оқу кітаптары да даулы.
Осының бәрі — мәселелердің талқыға түсіп отырмауынан. Білім кеңесі бұл мәселелер туралы кеңесуге, әрбір қазағы бар республикалардан көп-азына қарай мөлшерлеп кісі шақырып, жиылыс қылмақ ойға келіп отыр. Бұл жиылыс біздің жыртық, кедей қалтамыздан едәуір ақша шығармақ. Және талай кісілерді істеп жүрген істерінен болмақ. Мұндай жиылысты қазір шақырудың қажеті жоқ. Менің ойымша басқа республикалардың кісілерін жиям деп әзір көңіл бөлмей-ақ, әуелі барлық Орынбордағы білетін қазақтармен істеу дұрыс, істегенде білім кеңесіне шақыруға керек кісілердің өзге қызметтен босай алатын уақыттарын белгілеп, жиылысты шақырып отыру керек. Және қаралатын мәселелерді күн бұрын жариялап отыру керек. Мәселелерді және баспасөз майданына салып отыру керек.
Міне, содан кейін барып, керек болса, барлық Қазақстанның ғана әр аймағынан кісілер шақырып жиылыс қылып, мәселелерді ортаға салу керек.
Білім кеңесі енді осы жолға түсер.
1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі