Өлең, жыр, ақындар

Жас азамат, әскери мектепке даярлан

Осы 1924 жылдың тамыз-қыркүйек айынан бастап Орынбор қаласында төрт жүздей жігітке шақталып әскери мектеп ашылады. Мектеп қазақ жігіттері үшін ашылады. Бұл мектептің мақсаты — қазақтың болашақ қызыләскеріне бастықтар, үйретушілер даярлау. Мектептің оқуы үш топқа бөлінбек: атты әскердің ғылымын әм тәртіптерін үйрететін бөлім, жаяу әскердің ғылымын әм тәртіптерін үйрететін бөлім және зеңбіректі әскердің ғылымын әм тәртіптерін үйрететін бөлім.

Бұл мектепке қандай оқулы әм қандай жасты жігіттердің алынатыны туралы уақытында губерния-губернияға әм уез-уезге қағаз жіберілмек. Және бұл төрт жүз жігіттің орны Қазақстанның барлық уездеріне мөлшерленіп, бөлініп жіберілмек. Әр губерния әм уез өзіне тиген орындарға арнап жігіттерін жіберуі тиіс болады.

Қазақ еңбекшілерінің жастары бұл мектепке уақытынан қалмай алдын ала даярланып келулері керек.

Әскер оқуына ұмтылушы жастар көп. Уақытынан кеш қалған жігіттер кіре алмай құр қалады. Сол себепті алдын ала қамдану керек.

Бұл мектепке түсу үшін онша көп оқудың керегі жоқ. Хат білетін әм азырақ есеп тәртіптерін білетін адам болса алынар деп ойлаймыз.

Және бұл мектепке осы күні басқа қалаларда әскери мектептерде оқып жүрген қазақ жігіттері алынбақ (мәселен, Қазан қаласында әскери мектептерде оқып жүрген қазақ жігіттері алынбақ), бірақ бұл жігіттер алдын ала өздерінің санын, білімдерін айтып, Қазақстанның әскери комиссариатына білдіріп қоюлары керек.

Еңбекшіл тапқа, Кеңес үкіметіне қызыләскердің керек екенін жұрттың бәрі біледі. Қазақстан үкіметіне де қызыләскердің керек екенін жұрттың, әсіресе жастардың білуі тиіс. Бұл туралы үгіт-насихат айтпай-ақ жастардың өздері-ақ екпінді қамданып, бұл мектепке түсуге талпынар.

Патшалардың заманында езіліп, бұғып, қорғаншақ болып қалған қазақтың қалың еңбекшіл табының жас азаматы, сені Кеңес үкіметі әуелі майданға, жаңа тұрмысқа шақырады! Сені Кеңес үкіметі жалпы адамзаттың қатарына, теңдікті, бақытты, жаңа тұрмысқа шақырады!

Ерте талпын, жас азамат!

28.03.1924 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз