Надан адам газет, журнал оқымайды. Газет, журнал оқымаған адам — соқыр, мүгедек.
Әр мемлекеттің қандай саясат қолданатыны, әр мемлекеттің тысында, ішінде саясаты қандай тәсілмен жүргізілетіні һәм әр мемлекеттің әлеумет ісінің ағымы, шаруашылығының құрылыс тәртібі газет, журналында жазылады. Газет, журнал хабаршысы.
Газет, журнал, кітап оқымайтын адам өмірін босқа өткізген, қалың, сапырылысып, асығып қайнаған топтың арасында мең-зең болып, қақтығып, адасып қалған пенде.
Қалың топтың ерсілі-қарсылы сапырылысып, гулесіп жатқанына мең-зең болып адасқан пәнде түсінбейді. Адамзатқа екі түрлі ас керек: біреуі — тәніне, біреуі — рухына. Рухына керектің үлкені — газет, журнал, кітап оқу. Газет, журнал, кітап оқыған адамның білімі, дүниеге, тұрмысқа көзқарасы бірте-бірте кеңейе бермек, маңайында болып жатқан істердің не екенін, маңайында сапырылысып әрекет қылып жатқан адамдардың кім екенін һәм өзінің кім екенін білмек.
Газет, журнал, кітап оқыған кісі көп болса да, аз болса да саясат ісіне һәм әлеумет ісіне қатынаса бермек. Қазақтың жұмыскерлерінің, кедейлерінің көбі газет, журнал, кітап оқымайды. Көбі оқу білмейтін-ақ шығар. Ал оқу білетіндерінің көбі оқымайды. Бүл үлкен кемшілік. Бұл құр тәніне ғана ас іздеп, топ ішінде қақтығып, адасып қалғандық. Қазіргі уақытта әсіресе Кеңестік республикада өзінің кім екенін танымағандық.
Ішкі һәм сыртқы дүниелерде не болып, не қойып жатқанын білмеген жұмыскер һәм кедей Кеңестік республикада болса да өз сыбағасын өзі қанша айтқанмен түгелдеп ала алмайды.
Мұны жұмыскер, кедейлер табының оқу білетін жігіттері естерінен қалдырмау керек.
Алып тұратын газет, журналы болса жыртпай, бүлдірмей, басқа алып тұрмайтын жолдастарына берулері керек.
10.10.1922 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі