Кеңестік Ресейде қару алып еңбекшіл табының үкіметіне қарсы майдан ашып күрескен жаулар қазіргі уақытта (бірен-саран қашып жүрген қашқындар болмаса) жоқ деуге болады.
Ресейде социализмге, коммунизмге қарсы адамдар енді білектің күшімен кеңес үкіметін жеңе алмайтын болған соң әртүрлі перде жамылып, түрлі елеусіз, айлалы тәсілдермен тәрбие-білім, сөз майданына шығатын түрі бар. Еңбекшіл табы — бұрынғы патшалар үкіметінің кезінде оқи алмай қалған тап. Сол себепті бұл тәрбие-білім, сөз майданында еңбекшіл табының азаматтары біраз уақыт шорқақтық көрсетті. Еңбекшіл табының тәрбие-білім негізіне алатын жобаларына іштерінен қарсы мырзалар әртүрлі сыңайы бояумен, түрлі әдемі перделермен қара мысықтарын біраз уақыт жанамаластырып, әрбір іске, әрбір сөзге қыстырып бұл майданға жіберіп қалулары мүмкін.
Ашық қан майданында қару-жарақпен қарама-қарсы шыққан жаудан да, ішіне кіріп алып, бір шатырдың астында, өзіңмен бір көрпе, бір тон жамылған жау жүз есе қауіпті, жүз есе сұм, жүз есе жауыз болмақ һәм бұлармен күресуге білімді, ыңғайлы, зейінді азаматтар өте көп керек.
Бұндайлар мектеп, медреселерде, курстарда, институттарда, университеттерде, бала тәрбиелейтін үйлерде әм басқа түрлі баяндама қылатын мәжілістерде болмақ.
Және бұндайлардың көбірек болатын жері баспасөзде. Қазақстанда баспасөз деген нәрсе: газет, журнал әм басқа кітаптар өте аз болса, бұларды жазатын кісілер онан да өте аз. Оның бергі жағында еңбекшіл табының мақсаттарын көздеп жазатын жазушылар тіпті аз. Ал еңбекшіл табының ұлымыз деп жүргендердің көбі бұл қауіпті элементтермен тәрбие-білім, сөз майданында күресуге ойланатын да емес. Әм көбінің басқа істері болмаса, бұл қара мысықпен күресу ісі қолдарынан да келмес.
Еңбекшіл табының азаматы болып қазақтан Коммунист партиясына кіргендердің көбінің құр керекті кезінде сөйлеген сөздері болмаса, газет-журналға нұсқалы сөз жазушылар, мектеп-медреселерде, оқушылардың жиылыстарында үзбей баяндама жасаушылар өте аз.
Бұған қарағанда тәрбие-білім, баспасөз майданында еңбекшіл табының мақсұтты істері көпке шейін ақсап баратын түрі бар. Біраз уақытқа шейін біздің оқушы балаларымыздың көбі социализм, коммунизмнің негізіне тура түзу тәрбие, түзу білім ала алмайтын түрі бар.
Бірақ аздап болса да тура түзу тәрбие, түзу білім алған жастар ер жетіп, аз да болса солар келіп кейінгілерін үйретер: бірақ іс бұл қалыпта болса көп жағынан әлсіз бармақ, сүйтсе де айналып қарағанда, үміт — сол аз да болса тура тәрбие, тура білім алатын жастар, бар үміт сендерде!
Үйреніңдер, тынбай тез оқыңдар, тәрбие-білім, баспасөз майданына өздерің тез шығатын болыңдар.
05.04.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі