Бір халықтың мәдениет ретінде қандай дәрежеде екендігі сол халықтың хат білетіндерінің санының көп-аздығына қарап білінеді. Хат білетіндері көп болса, ол халық мәдениет, өнер-білім ретінде артта қалған болады.
Және әр халықтың мәдениет ретінде қандай халде, қандай орында екенін, сол халықтың газет оқуының, газет алдырылуының көп-аздығына қарап та біледі.
Мәселен:
Әрбір халықтың жүз адамының ішінде хат білетіндерінің сандары мынадай:
1. Данияның 100 адамын алсақ, бәрі де хат біледі, 100 процент.
2. Бельгияның жүз адамын алсақ, оның ішінен тоқсан тоғыз адамы хат біледі, тоқсан тоғыз процент.
3. Германияның 100 адамын алсақ, оның ішінен 98 адамы хат біледі, 98 процент.
4. Швецияның 100 адамын алсақ, оның ішінен 97 адамы хат біледі, 97 процент.
5. Россияның орыс халқының 100 адамын алсақ, оның ішінен 33 адамы хат біледі, 33 процент.
6. Қазақ халқының 100 адамын алсақ, оның ішінен 3 адамы хат біледі, 3 процент.
Міне, осы алты жұрттың әрбір 100 (жүз) адамының нешеуінің хат білетінін көргенде, осы 6 жұрттың қайсысының мәдениет ретінде жоғары екені білінеді.
Бетпақ далада қараңғы түнде қаңғырып, өгізге жеккен дөңгелегі сынық, екі аяқты қаңсыған ағаш арбаның ығына тезектің түтінін бықсытып қазақ кедейі отырады.
Оның үстінен Бетпақдаланы басқан қараңғы түнді қақ жарып, электр фонарьдің жарығымен әуе кемесінен (аэропланмен) мәдениетті, өнерлі жұрттың, мәселен Германияның азаматы ұшып өтеді.
Қазақ кедейі мұны көріп аспанға қарап жағасын ұстап «калима» келтіреді.
Міне, Германияның 100 адамының 98 адамы хат білгендегі, қазақтың 100 адамының үшеуі-ақ хат білгендігі айырмасы да үкіметтің әр түрлі іске тұтынған жол-жобалары да «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде жазылып отырады.
Қазақ хат білуге, білген хатын ұмытпауға тырысу керек.
Енді қай халықта қанша газет шығады екен, соған келейік. Мәселен, жылына кәрі болсын, әйел болсын, еркек болсын, әрбір жан басына:
1. Данияда 5423 дана газет шығып тұрады.
2. Германияда 3512 дана газет шығып тұрады.
3. Швецияда 2461 дана газет шығып тұрады.
4. Бельгияда 2406 дана газет шығып тұрады.
5. Россияда 3 дана газет шығып тұрады.
6. Қазақстанда 500 қазаққа жылына бір-ақ газет шығып тұрады.
Міне, бұл есеп те қай халықтың мәдениет ретінде, өнер-білім ретінде қандай дәрежеде екенін көрсетеді. Германияның әрбір адамына жылына 3 512 дана газет шығып тұрса, қазақтың 500 адамына жылына ортаққа бір-ақ газет шығып тұрады...
Бұдан бұрын талай жазып та келдік. Қазақстанның еңбекшіл табы жер жүзінің еңбекшіл табының қатарына кіруі үшін пәлен қылу керек, түлен қылу керек деп. Міне, сондағы қазақтың кедейлеріне жалпы қатарға кіру үшін көп керекті істің бірі — жұмылып жатпай-тұрмай оқу. Ал оқудың ішінде әр түрлі мағлұмат алу үшін жер жүзінің тұрмысынан, әр мемлекеттің саясатынан мағлұматтар алып, әрбір істен хабардар болып отыру үшін газет алдырып, газет оқып отыру керек.
Өнерлі халықтардың әрбір адамы жылына 5000-6000 дана газет алдырып оқып отыратын себебі сол.
Газет оқу адамның білімін арттырады.
Қазақтың біразы жасында оқып хат таныса да, ешбір кітап, газет оқымаған соң, білімінен айрылып, таныған хатын ұмытып, қарайып, бара-бара әбден надан болып кетеді.
Қазақстан үкіметінің істері — кеңестік қазақтың кедейіне, жарлысына керек іс.
Аз хат білетін кедейінің екеу-үшеуі біріксе де газет алдырып, оқуға кірісу керек.
18.06.1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі