Врангельді құртқан соң, осы уақытқа шейін дұшпандық қылып келе жатқан Еуропа үкіметтері Кеңес үкіметін лажсыз таныды деп «Еңбек туының» 1-нөмірінде айтқан едік. Бұл сөз қазір жарыққа шықты. Кеңес үкіметімен пайдалы шарттар жасап, бітім қылуға қазір Еуропа үкіметтері — Англия, Франция, Италия асығуда. Кеңестік Россиямен сауда-саттық шартын жасап та шығарды. Бұл уақытқа шейін Кеңес үкіметіне қарсы ынтымақ қосып келген Еуропа үкіметтері (Антанта) кеңестік Россиямен алыс-беріс қылғанда, Россияның байлығының пайдасын көргенде бір-бірінен үстем болуға жаһат қылмақ, қазір Еуропаның ынсапсыз мырзалары мұны ойлай бастады, ал бүйтіп Россиядан пайданы бірінен-бірі көбірек іздеуге кіріскенде осы уаққа шейін кеңес үкіметіне жау болып, ынтымақ қосып келген (Антанта) үкіметтердің өзара ынтымақтары бұзылуға мүмкін. Еуропа үкіметтерінің Россия саудасына таласып, өзара алакөз болғаны, әрине, бізге зиян емес.
Еуропа үкіметтері айтады: біз кеңес үкіметімен алыс-беріс қылуға кірісіп, екі жақтан жасалған шарттарға қол қойсақ та, онымыз кеңес үкіметін Россия үкіметі деп атағанымыз емес.
Әрине, біз Еуропа үкіметтерінің кеңес үкіметіне жау екенін білеміз, һәм бұл жауыздардың бүкіл дүниенің тағдыры қолымызда деп ойлайтынын да бәріміз білеміз, бірақ кеңес үкіметі мен Еуропа үкіметтері келісіп, шарттарын жасап, бұған қол қойысып, алыс-берісті жүргізсе, кеңес үкіметін үкімет деп танымаған несі қалады. Мұны Еуропадағы баспасөздер айтып та отыр.
Россияның байлығынан пайда қылу үшін сыртын ғана жылтыратса да, һәм қанша тағы да астыртын жауыздықтарын жасап жатса да, Еуропа өкіметтері кеңес үкіметінің күшеюін лажсыз таниды. Оған себеп — кеңес үкіметінің қуатты Коммунист партиясының ұранына Англияның, Францияның, Германияның, Италияның һәм басқалардың да сол социалист партиялары қосылып, қазір өз үкіметтеріне қыр көрсетіп отыр, бұл — бір. Екінші, Еуропаның һәм күллі дүние байларын қорғаушыларды: Врангельді, Семеновты, Валаховичті, Петлюраны Кеңестің Қызыл әскері быт-шыт қылып құртты. Үшінші, күллі мұсылман халықтары нашарларды жақтаушы Кеңес үкіметіне тілектес болып, мұсылман халықтарын құлданғаннан құртуға таянған қазіргі Еуропа үкіметтеріне қарсы тұрмаққа бірауыздан ант қылып отыр, һәм қарсылығын қатар қасап та жатыр.
Miнe, осы оқиғаның бәрі Англия, Америка, Франция, Италияның һәм өзге олардың компанияларының мыстарын құрытып, кеңес үкіметін күшейтіп һәм оны дұшпандарына еріксіз танытайын деп отыр. Расы Кеңес үкіметімен келісіп, алыс-беріс жүргізгенмен Еуропада төңкеріс болып, мемлекет ісін бұқара халықтары өздерінің қолына алғанша қазіргі патшалар, мырзалар билеген Еуропа үкіметтері кеңес үкіметіне қай жөнмен болса да дұшпандық қылулары шексіз, сыртқы дұшпандар кеңес үкіметін көріп отырып сырттан жылтырағандарымен ешуақытта тыныштанып ұйықтамайды, һәм қашан өздері құрығанша жанталасып, нашарлардың үкіметіне көріне болсын, астыртын болсын дұшпандығын қоюы мүмкін емес. Сыртқы дұшпандар құрымаған соң, ішкі дұшпанның құруы мүмкін емес.
Сыртқы дұшпандар Кеңес үкіметімен шағыстыратын шоқпарлары — көршілес уақ мемлекеттер, ішкі дұшпандардың кеңес үкіметімен шағыстыратын шоқпарлары надан уақыттағы крестьян тәрізді. Халық надан уақытта халықтарды Кеңес үкіметімен шағыстырулары, құтыртулары мынадан тарамақ: мәселен, қымбатшылықтан, жоқшылықтан. Кеңес мекемелерінің атынан бұзақылық, жолсыздық қылып, халықты үркітіп жүрген кейбір жауыздардың істері. Кеңес үкіметі ақсағанда, осы ішкі жұмыстан ақсайды. Қазір кеңес үкіметі күшейді. Мұны енді онан сайын нығайтып дүрілдетуге ішкі істі жөндеп, тезінен қымбатшылықты, жоқшылықты жою керек. Кеңестің кісісі болып бұзақылықты, жолсыздықты қылып жүрген залымдарды құрту керек. Міне сонда ғана үкімет көңілдегідей көркейіп, енбекшіл халық, жадырап, мемлекетте тыныштық орнамақ.
1920 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі