Өлең, жыр, ақындар

Бірінші мамыр

Көп уақыттан бері әуелі күнбатыс Еуропаның, соңғы уакыттарда күллі жер-дүниенің пролетариаты, жұмыскер-жалшылары қаулы жасап, 1-Мамырды мерекемен өткізіп келеді.

Көптен бері жер-дүниенің жұмыскер-жалшылары жауласып, арбасып келе жатқан байлардың жұмыстарын қойып, өз алдында топ жасап, бастарын қосып өз күштерін сынайтын күн — 1-Мамыр күні.

Жер-дүниедегі әр халықтың, әр мемлекеттің пролетариаты (жұмыскер-жалшылар) орыс, неміс, француз, араб, қытай бір-бірімен ынтымақтарының, тілектерінің бір екендіктерін білдіріп, шын көңілден туысқандық жүрегінен бір-біріне жер-көкті жаңғыртып, күңірентіп, ұрандап сәлем жіберетін күн — 1-Мамыр.

Жер-дүниенің байлары топтанған, ұрандасқан жұмыскер, жарлылардан қауіптеніп, қорқып қалтырайтын күн — 1-Мамыр.

Күллі жер-дүниенің байлары, паңдары көп кешікпей тәж тақыттарынан, байлықтарынан, үкіметтерінен айрылуларын сезетін күн — 1-Мамыр.

Россияның жұмыскер жарлылары байларын, мырзаларын, жандаралдарын жеңіп, үкіметті өз қолдарына алып, әмірлерін жүргізіп, күллі жер-дүниенің жұмыскер жалшыларына көсем болғанына 4-ші жыл болды. Россия пролетариатының жұмыскер-жалшыларының ісін көріп, дүниені жаңғыртып отырған ұрандарын естіп, жер жүзінің пролетариаты толқып қозғалуда, байлары, патшалары қорқып, сақтанып, қалтырауда, кемеге мінгендердің жаны бір дегендей, орыс, қазақ, неміс, француз, ағылшын, қытай, жапон жұмыскер-жалшыларының, жарлыларының тілектері, жандары бір; әм жер-дүниенің буржуа, байларының, патшаларының тілектері, жандары бір.

Бүгін 1-Мамырды — жер-дүниенің жұмыскер жалшыларының зор мейрамын — біз, қазақтың жұмыскер еңбекшілдері де құшақтарымызды жайып қарсы алып, зор шаттықпен мейрамдаймыз.

Бүгін біз де күллі жер-дүниенің пролетариатының жаңғыртып салған ұрандарына дауыстарымызды қосып, жер жүзінің жұмыскер-жалшыларына, жарлыларына шын көңілден, туысқандық жүзінен зор шаттықпен сәлемдерімізді жібереміз! Сәлем, бауырлар! Сәлем!

Бүгін 1-Мамыр зор мейрам күні, жұмыскер-жалшылардың, көп жыл қорлық көрген жарлы сорлылардың азаттық, бостандық үшін құрбан болған бауырларға туысқандық, жолдастық екенімізді қол қусырып, тағзым қылып жібереміз! Сәлем!

Естен кетпес жолдастар, сәлем, бауырлар!

Жасасын, жер-дүниенің жұмыскер, жалшы-жарлыларының бірлік-ынтымағы!

Жасасын, жер-дүниенің жұмыскер, жалшы-жарлыларының азаттық, бостандық үкіметі!

Жасасын 1-Мамыр мейрамы!

1921 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз