4-қазанда Қазақстанның автономиялы бөлек үкімет болғанына үш жыл болады.
...Қазақ халқы Россияның қатын патшасының заманынан бастап... Ұлы Петрдің тырнақты уысына түскен.
Сол шеңгелде Россия да Кеңес үкіметі орнағанша езіліп келген. Бір жағынан өздерінің байларының, мырзаларының құлдығында келіп, екінші жағынан орыстың ұлықтарынан қорлық көріп келіп, қазақтың еңбекшілері бұдан екі жыл бұрын осы Орынборда өзінің 1-жалпы жиылысында автономиялы республикасын жариялады. Үкіметін жасады.
Бұдан екі жыл бұрын қазақ еңбекшілдері құл еді. Енді кім? Енді қазақ еңбекшілдері барлық халықтармен тең, өрелі ел болды.
Бұрын қазақ еңбекшілдері өз ісін өзі істей алмайтын тіленші, сұраушы еді, енді өз ісіне өзі ие, өз ісін ешкімнен тілемей, сұрамай, өзі басқарып, өзі пішіп істейді.
Бұдан екі жыл бұрын бір қазақша мектеп ашу үшін көп тіленшілік, көп тақсырлау керек еді. Енді еңбекшіл қазақ өзі би, өзі қожа.
Бұдан екі жыл бұрын тастаған сүйек көзіне тимейтін, табалдырықтан аса алмайтын еңбекшіл қазақ халқы енді тор алдында, енді қатарда.
Бұрын патшашылдар көзіне елеусіз хайуан есебінде жүрген қазақ еңбекшілдері енді елеулі үкіметті, қатарлы ел.
Қазақстан еңбекшілдерін бұл теңдікке жеткізген Россияның Коммунист партиясы, Кеңес үкіметі.
Қазақстан еңбекшілдерінің автономиялы үкіметі жариялаған 4-қазанды мейрамдап отырмыз. Сол республика жарияланғалы Қазақстанның Кеңес үкіметі не істеді, не қойды, жұртқа белгілі.
Еңбекшіл халықтың дұшпандары бұл екі жылдың ішінде «Қазақстан үкіметі еңбекшілер пайдасына ешнәрсе істеген жоқ» деп айтар. Бұл екі жылдың ішінде еңбекшіл Қазақстан үкіметіне қандай халде, қандай жайда іс істеуге тура келгенін білген, көрген адамдар олай деп айтпас.
Тарих жүзінде болмағанды болдырып, еңбекшілдер үкіметін жасау оңай емес. Неше мың жыл жасаған патшалықтың заң-закон, жөн-жобасын, ғұрып-әдетін жойып, адамның көкірегіне орнап қалған теріс қалыбын өзгертіп, ескіліктің астын үстіне келтіру, жаңа жоба, жаңа тәртіп, жаңа тұрмыс, жаңа үкімет жасау оңай емес, ер қосы жүре түзелмек.
Дүрбелең уақытта бұзылған шаруашылық жөнделіп, Коммунист партиясының орнатқан Кеңес үкіметі, бірте-бірте гүлденіп жемістене бермек. Оның жемісінен еңбекшіл халық пайдалана бермек. Қазақстанның еңбекшілдеріне теңдікті, автономияны Россияның жұмыскерлері (пролетариаты) алып беріп отыр.
Енді бұдан былай қазақ еңбекшілдері орыс жұмыскерлерімен (пролетариатымен), оның басшысы Коммунист партиясымен қол ұстасып, бірге барар. Қазақ еңбекшілдерінің досы қазақтың өзінің ұйқыбас байы, төре қулықты мырзасы емес. Қазақ еңбекшілдерінің досы — орыстың жұмыскерлері. Орыстың коммунистері. Бұлай емес деп жалғыз еңбекшіл халқының дұшпандары ғана айтады.
Жасасын 4-қазан — қазақ еңбекшілдерінің күні! Жасасын орыс-қазақтардың бірлігі!
1922 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі