Россияда 1917 жылы 25-қазанда төңкеріс жасап, Кеңес үкіметін орнатушы жұмыскер табы. Жұмыскер табының жолбасшысы Коммунист партиясы. Коммунист партиясы ұлт партиясы емес, тап партиясы. Тап партиясы болғанда жұмыскерлер табының, еңбекші нашар табының партиясы. Және бір халықтың ғана жұмыскер, нашарлар табының партиясы емес, барлық жер дүниедегі жалпы жұмыскерлер, нашарлар табының партиясы. Коммунист партиясына барлық адам баласы бірдей. «Анау орыс, мен қазақ, мынау жебірей, ол кәпір, бұл мұсылман» деген сөздер баяғыдан бері келе жатқан патша, хан, корольдардың орнатқан ғұрып-әдет, заң қағидаларының жемістері, ана сүтімен еміліп сүйектеріне сіңген адамдардікі.
Мұндай ала ниет өзімшілдік адам баласын аздырып, бір- бірімен жауластырғаннан басқа ешнәрсеге де жеткізбейді. Адам баласы азғанда, менмен болғанда, бір-бірімен жауласқанда барлық михнатты жұмыскерлер, нашарлар табы татпақ. Коммунист партиясының түпкі мақсаты адам баласының менмендігін, өзімшілдігін, ала ниет арам пиғылдығын, бір-бірімен жауласуын жойып, жер-дүниеге бірдейлік, бостандық, туысқандық махаббат, бақыт орнатпақ.
Бұл мақсатқа жету үшін Коммунист партиясы ауыр халде жүрген күллі дүниедегі жұмыскер табын оятып, ұйымдастырып, қол қаруымен оларды құлданып келе жатқан байлар табының қолынан күш алмақ. Ол күш — байлық әм үкімет. 1917 жылы 25- қазанда Коммунист партиясы жұмыскерлерге бас болып, әскердегі крестьян кедейлерінің балаларын қосып алып Россияның байларының үкіметін әм барлық зор байлығын алды. Россияға жұмыскерлердің әм еңбекші нашарлардың кеңесімен жаңа заң, закон, жөн-жоба іс жүргізетін Кеңес үкіметін орнатты. Және Коммунист партиясы Россияда үкіметті қолға алған соң жалпы Россиядағы ұлттардың бәрі бірдей тең екендігін әм әр ұлттың жұмыскерлері, еңбекші нашарлары өз ұлттарының тұрмыстарына қарай автономиялы республикаларын құруға ерікті екендігін жариялады. Күллі Россияның әмірі, билігі, дәулеті жұмыскер нашарлар табынікі екендігін жариялады. Әм бұл Россиядағы әp ұлттардың нашар табының бірдейлік негізіне құрылған кеңесті (советті) автономияларының ұйымдасып, құрасып, бір жалпы Россияның құрама республикасы болатындығын жариялады.
Россияда әр ұлттың автономиялары құрыла бастады. Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан, Қалмақ, Украина, Белорус, Қырым, Әзірбайжан, Дағыстан, Армян әм басқа автономиялар құрылып, бәрін де коммунистер жобасымен кеңес үкіметтері жасалып, бәрі құрасып, орталық үкімет Мәскеуде болып, жалпы Россияның бірдейлік негізіне құрылған құрамалы Советті (кеңесті) республикасы болды.
Мұндай үкімет жасау қазіргідей тәртіп жасап, іс жүргізу коммунизмнің түпкі мақсатына жету үшін жасап отырған жол.
Басқа түрлі үкімет жасалса, басқа түрлі тәртіппен іс жүргізілсе, коммунизмнің түпкі мақсаты, жер-дүниеге бірдейлік, туысқандық, махаббат, бақыт орнатуы қиын.
Жер-дүниеге бірдейлік, туысқандық орнауына байлар, мырзалар, төрелер қарсы. Себебі ап-анық, бірдейлік, туысқандық орнайтын болса, байлар малы мен жерінен, үйінен айрылады. Мырзалар, төрелер ұлықтығынан, дәрежелерінен айрылады. Қара малайлармен бірдей қара жұмысқа түседі. Қолдары былғанады, байлықтан, қожалықтан, ұлықтықтан айрылуға сүйекке сіңіп қалған ала ниет арам пиғылдық, өзімшілдік, менмендік көнбейді, болмайды.
«Бірдейлік» деген не?.. Мен қалайша жалшы жұмыскермен бірдейлесем, мен бұл малды, бұл «даражаны» одан тартып алып па едім?—дейді бай мен төре. «Кәпір мұсылманмен бірдей болады, туысқан болады деген не?.. Кәпір мен мұсылман туысқан болушы ма еді. Бірдей болушы ма еді?..» — дейді тағы бай мен төре және оларға жағынып олардың пайдасына шариғаттан дәлел табады молдалар.
Міне, Коммунист партиясының түпкі мақсатына жетуіне қарсы тұрып, бөгет болатын осылар. Жер-дүниеге тегіс жалпы бостандық, бірдейлік, туысқандық орнауы жұмыскерлер, еңбекші нашарлар табына ғана пайдалы. Байлар, төрелер қолдарындағысынан айрылғысы келмейді. Нашарларды дауам құл қылып жұмысқа жегіп қойып, өздері рахатта ғана жүргісі келеді. Мұның бәрі жұртқа белгілі іс. Коммунист партиясы бір ұлттан бір ұлтты артық, кем көрмейді. Бірақ Октябрь төңкерісінен туған жаңағы айтылған автономиялар да байлар, мырза, төрелер табына әм олардың қызметшілеріне жол ерік берілмес дейді, әм ерік, жол берілмеу жағына әрекет қылады, әм қылып та келеді.
Түпкі мақсатқа жету үшін жер-дүниедегі әр ұлттың жұмыскерлері, еңбекші нашарлары бір ұйымда болып тізе қосып, іс істеу керек дейді. Әм соның ұранын Октябрьден бері салып іс жүргізіп келеді. Жалпы жер-дүниедегі барлық ұлттардың жұмыскерлері, нашарлары бірігіп, тізе қосу үшін өнер-білім жүзінде артта қалған кірме ұлттардың жұмыскер еңбекші-нашарлар табы өнер-білім тауып, қатарға кірулері керек дейді.
Міне, сол үшін әр ұлттың жұмыскерлер, нашарлар табының тұрмыс жайына қарай дүкен құрып, өз тілінде оқысын, өз тілінде өнер-білім алсын деп автономия беріп отыр.
Түбінде жер-дүниеге бірдейлік, туысқандық орнату мақсатын көздеп, соған жету үшін Октябрь төңкерісін жасап әр ұлтқа автономия берген Коммунист партиясы ұлт мәселесін осылай қылып жеңіл ғана шешеді.
«Коммунист партиясының мұнысы автономия емес. Бір ұлтқа автономия берсе ол ұлттың ішкі жұмысына неге кіріседі?» деушілер коммунизмнің түпкі мақсатына қосылмаушылар.
1922 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі