12-наурызда Қазақстанның Орталық кеңестер комитетінің 2- жалпы жиылысы ашылды.
Орталық комитеттің бұл 2-жиылысының ашылатын күні Николай патшаның «басынан дәулет құсы ұшып», ата-бабалары 300 жыл қазған зынданына өзі құлаған күніне дәл келді. Бұл бір тарихи қуанышты іс.
Және осы орталық комитеттің 2-жиылысы 14-наурызда коммунист партиясының алғашқы негізінің салынғанына 25 жыл толған уақытына тура келеді. Әм наурыздың 15-нен әрі қарай Қазақстанның коммунист партиясының 3-жалпы жиылысы ашылады. Бұның бәрі осы наурызда келетін алдағы іс.
Орталық комитеттің жалпы жиылысында қаралатын мәселелердің ең зоры аймақтық, жергілікті күнбелі тығыз істердің істелетін жобасы. Оларға керекті қаражаттардың қайдан алынатын әм қайда жұмсалатын тәртіптері.
Аймақтық әм жергілікті мекемелердің әрине ең алдымен қарап, бар күшін жұмсайтын істері — оқу ісі әм елдердің шаруасын жөндеу. Жиылысқа келген Орталық комитет мүшелері бұл 2 мәселеге бар ынтасын салып кірісіп, осы 2 жұмысты көркейтуге, күшейтуге кірісулері керек. Қазақстанның тағдыры Орталық комитеттің қолында, Орталық комитеттің мүшелері қазіргі уақытта нашар табына ненің пайдалы, ненің зиян екенін білулері керек.
Октябрь төңкерісі алып берген теңдік, бостандықты пайдаланып қатардан қалмауға ең алдымен екі-ақ нәрсе керек.
Олар: оқу әм мал.
Және наурыздың 15-нен әрі қарай Қазақстанның коммунист партиясының ІІІ-жалпы жиылысы болады дедік.
Бұл жиылыста да түрлі мәселе қаралмақ. Мұнда қаралатын мәселенің бір зоры ел арасында коммунист партиясының нашар табын тәрбиелеу істерін жүргізіп, нашарлар табын коммунист партиясының саясына меңгеріп алу мәселесі.
Әрине, бұл туралы да түрлі жобалар, түрлі нұсқаулар бар. Түрлі тәсілдер, түрлі әдістер бар.
Коммунист партиясының Қазақстанға ықпалын жүргізіп, нашарлар табын меңгеріп алып кетуіне көп бөгеттердің біреулері — жанды бөгеттер, біреулері — жансыз бөгеттер.
Жанды бөгеттер мыналар:
1. Баққұмарлық, арам ойлылық.
2. Арам ойлы ұлтшылдық.
3. Отаршылдық арам ойлылық.
Менің ойымша бұл мен көрсеткен 3 түрлі бөгеттің қазіргі Қазақстандағы коммунист партиясына ең үлкен қауіпті бөгет — баққұмарлық, арам ойлылық әм отаршылдық арам ойлылық.
Қазір бізге ұлтшылдықпен күресу оңай. Ал мына екі түрлі: Баққұмарлық пен отаршылдыққа қарсы күресу өте қиын. Бұлар коммунист партиясының ең қауіпті дұшпандары. Бұлармен байқап арбасып, қатты күресу керек. Бұлар жойылмай Қазақстанда партия істері өркендеуі өте қиын. Мұны партия азаматтары енді шындап ойлаулары керек.
Бұлармен күреспей іс оңбайды. Әрине, бұл «азаматтар да» қарап жатпас. Арам уларын шашып бағар. Үйтсе де күресу керек.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі