Жер-дүниедегі коммунистер партияларының біріккен ұйымының (интернационалының) Петроградтағы орталық атқару, орындау комитеті ұйымға кірген әр халықтың коммунист партияларының 7-қарашада төртінші жалпы жиылысын ашты. Жиылысқа күллі дүниедегі коммунист партияларынан уәкілдері келді. Барлық дүниеде 53 халықта Коммунист партиясы бар екен. Соның бәрі бірге ұйымдасқан. Және жер-дүниенің коммунизм жолындағы ұйымдасқан жастардың (жастар интернационалының) елшілері келді. Әм және жер-дүниедегі кәсіпшілердің біріккен ұйымдарының (интернационалының) елшілері келді.
Дүниедегі бірге ұйымдасқан коммунистер партияларының бұл төртінші жалпы жиылысына мына төмендегі халықтардың Коммунист партияларынан уәкілдер келді: Америкадан, Австриядан, Англиядан, Аргентинадан, Австралиядан, Армениядан, Әзірбайжаннан, Болгариядан, Бельгиядан, Бразилиядан, Бұхарадан, Кавказдан, Венгриядан, Грециядан, Германиядан, Грузиядан, Даниядан, Дағыстаннан, Жырақ күншығыстан, Мысырдан, Үндістаннан, Ирландиядан, Испаниядан, Канададан, Қытайдан, Кореядан, Люксембургтен, Латвиядан, Литвадан, Мексикадан, Норвегиядан, Польшадан, Персиядан, Кудцустан, Португалиядан, Румыниядан, Россиядан,Түркиядан (Стамбул үкіметіндегі), Анкара үкіметіндегі Түркиядан, Украинадан, Уругвайдан, Франциядан, Финляндиядан, Хиуадан, Чилиден, Швециядан, Швейцариядан, Чехословакиядан, Эстониядан, Югославиядан, Оңтүстік Африкадан, Яволдан, Жапониядан әм жер жүзіндегі коммунист жолындағы біріккен жастар ұйымынан және жер- дүниедегі кәсіпшілердің біріккен ұйымдарынан.
Міне, осы айтылған елдердің бәрінен Петроградтағы бұл ашылған төртінші жалпы жер-дүние коммунистер жиылысына елшілер келіп отыр.
Жиылыстың мақсаты, жалпы жол-жобасы, көздеген түпкі мақсаты, тәртібі бір һәм бір жалпы ұйымға кірген жер-дүние коммунистерінің соңғы уақыттардағы істеген істерін бағалап һәм келешектегі істейтін істеріне план жасау және бұл жаңағы жоғарыдағы айтылып өткен уәкілдері келіп отырған халықтардың коммунист партияларының орталарынан сайлап қойған Петроградтағы орталық комитеттің істеген істері туралы баяндамасын тыңдап, оның істеген істеріне баға беріп, кемдігі болса айтып әм келешекте істеуіне, орындауына түрлі істер, түрлі жолдар көрсетпек. Және бұл жиылыстың мақсатын жер-дүниедегі Коммунист партиясының жобасымен құрылып әм сол Коммунист партиясының нұсқауымен іс жүргізіп отырған Россиядағы кеңес үкіметінің соңғы уақыттардағы істеп отырған істерін бағалап, шаруашылық жайын біліп, шаруашылықты түзеу ретіндегі істеген істерге баға беру.
Және бұл жиылыстың ең үлкен мақсаты — жалпы дүниедегі мемлекеттердің жүргізіп, қолданып отырған саясаттарын қарап тексеріп, сол жалпы дүниедегі мемлекеттерді билеп отырған байлар үкіметтерімен бұдан былай қалай күресудің лажын құру, планын жасау. Жер-дүниедегі жұмыскерлер табы қайткенде байлардың құлдығынан тезірек құтылады, соның лажын қарастырып, соған түрлі жолдар, лаждар белгілеу.
Жиылыс Октябрь төңкерісінің бес жылдық мейрамы күні, 7-қарашада Петроградта ашылды.
Жиылысқа жер-дүние коммунистерінің (интернационалдың) Петроградтағы орталық комитетінің төрағасы орталық комитеттің істеген істері туралы баяндама қылды. Бұл баяндаманы жиылыс анықтап қарап өтті. Жиылысқа әр халықтан келген коммунистер әрқайсысы өз халықтарының үкіметтерінің саясаты туралы, мемлекет жайы туралы, кәсіп әм өздерінің Коммунист партияларының істеген істері туралы баяндамалар жасады.
Жиылысқа Ленин жолдас Ресей Кеңес үкіметінің істері, саясаты туралы, жер-дүниедегі күшті мемлекеттердің саясаттары туралы әм жер-дүниедегі болашақ өзгеріс, революция туралы баяндамалар жасады. Бұл баяндамалардың бәрі бір бажайланып қатты ыждаһатпен қаралып, тексеріліп өтті.
Қазір жиылыстың бітетін уақыты таянды.
Бұл жалпы дүниедегі Коммунист партияларының бірлескен ұйымының (интернационалының) 4-жиылысы бұдан бұлай жалпы дүниедегі байлар табы мен жұмыскерлер, кедейлер табы күрескенде жұмыскерлер, кедейлер табына қалай бас болып, қалай әрекет қылуын белгілемек. Әр халықтың жұмыскерлер табының көп-аздығына, әлді-әлсіздігіне қарай және әр халықтың ауылдағы шаруасы, қара бұқара халқының аңды-аңсыздығына қарай сол әр халықта партия ісін әртүрлі тәсілмен, әртүрлі әдіспен жүргізуге нұсқалар жасамақ.
Бұл бүкіл дүние жүзі Коммунист партиясының біріккен ұйымы (интернационалы) Россияда Кеңес үкіметі орнаған соң ғана жасалды. Осы аз жылдың ішінде бұл ұйым мұндай көбейіп, ұлғайып, 53 халықтың Коммунист партиясын бірге жиыстырып отыр. Коммунист партияларының интернационалы — жалпы дүние жұмыскерлерінің, кедейлерінің әм байлар, төрелер билеген күшті мемлекеттердің табандарының астында езілген нашар халықтардың жолбасшысы, қорғаны. Бұл Коммунист партияларының интернационалы арқасында жалпы дүниедегі нашарлар табы байларды жеңуіне сенеміз.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі