Екібас зауытынан Орынборға Қазақстанның коммунист партиясының аймақтық 3-жалпы жиылысына қазақ жұмыскерлерінен елшілер келді.
Бұлардың айтуына қарағанда, Екібас зауытының өз халі де әм сол зауыттағы жұмысшы халдері де өте нашар.
Екібас зауыты Кереку (Павлодар) уезінде (Семей губернесі) қаладан жүзден аса шақырым, Ақмола жағында, Кереку қаласынан Ертіс өзенімен жоғары өрлегенде 25 шақырымдай жердегі «Ермак» деген пароход тоқтайтын жерден Екібасқа темір жол барады.
Бұл зауыт 1888 жылы жүре бастаған. Қазір жер астынан тас көмір һәм басқа түрлі кендер шығаратын 5 шахтысы бар. Және шойын құятын зауыт, кокс зауыты, кірпіш фабригі, тері зауыты, майқайың зауыты, көктас зауыты, утас зауыты, известь зауыты, ақ топырақ зауыты, сабын зауыты, тақтай тілетін, от диірмендер, шебер ұсталық дүкені әм басқа шаруалар бар.
Міне, осы айтылған зауыт, фабриктерді іске жүргізіп тұрған күнде 15 мыңға жақын жұмыскер керек болады.
1913 жылда, 14, 15, 16, 17-жылдарда бұл айтылған Екібас зауыттарында 8—10 мыңға дейін жұмыскерлер қызмет қылды.
Соңғы жылдардағы сыртқы әм ішкі таптар соғысының зардабынан, Россияның жалпы шаруашылығының бүлінгендігінен Екібас зауыттарының ісі нашарға айналып, ақырында тоқталып қала жаздап, қазіргі уақытта 6-ақ жүз жұмыскер ие болып қалып отыр.
Екібас зауытының өз халінің нашарлығын әзір қоя тұрып, сондағы жұмыскерлердің нашар халдері туралы бір-екі сөз айталық.
Келген жұмыскерлердің айтуына қарағанда, Екібастағы билеушілердің көбі бұзық адамдар көрінеді. Бұлардың жұмыскерлерге істейтін істері нағыз «Некеннің» заманындағы мырзалардың ісіндей болса керек. Жұмыскерлердің жататын жерлері былғаныш, қараңғы, суық, тамақ аз, киім нашар, қазақ жұмыскерлеріне монша жоқ, школа, мектеп жоқ. Оқу әм аң-білік беретін мекемелер жоқ. Саясат, әлеумет істерінен қазақ жұмыскерлерінің еш мағлұматтары жоқ. Оқушы, үйретуші, бастық, жөн сілтеуші жоқ. Жұмыстары бұл шарттарына қарағанда өте ауыр.
Бұл жұмыскерлердің жоғарғы губерниялық яки аймақтық мекемелерден барып халдерін біліп, соны жөндеуге ойлаған ешкім болмаған. Күздігүні Екібасқа Қазақстанның кәсіп-шаруа дүкендерінің бас мекемесінің (кирпромбюроның) төрағасы барып, жұмыскерлердің халін көрмей кеткен. Әуелі жұмыскерлердің көбі білмей қалған.
Қыстыгүні әдейі Екібасқа жіберген Қазақстанның Коммунист партиясының аймақтық комитетінің Әмзе Нақымжанов деген кісісі онда бармапты.
Өздерінің барлық мән-жайларын айтып әм зауыттың өз халін айтып Орынборға келген жұмыскерлер толық қылып жазып баяндама берді.
Бұл баяндамасын қорытып жазып келесі нөмірлерде басармыз әм тиісті мекемелерге ол баяндама сөздерін көлденең тартамыз. Ал қазір мынаны ғана айтамыз. Екібастағы есалаң жынды билерді тексеруге сенімді кісілер жіберу керек. Тиісті мекемелер Екібас зауытындағы жұмыскердің халдерін жөндетуге тез кірісулері керек. Екібас зауытындағы жұмыскерлерге аң-білік үйретіп, дауам қызмет қылып тұратын сенімді, пысық кісілер жіберу керек.
Бұл істелінбесе Екібастағылардың халдері оңалмайды. Рас, жақын арада Қазақстанның кәсіп ұйымдарының бас мекемесіне, сол Екібас зауытына әм басқа мұндай кәсіп жерлеріне тексеруші кісілер жібер деп Қазақстанның Совнаркомы 40000 сом ақша берді. Және Совнарком келесі жылға Екібас зауытына һәм басқа сондай кәсіп жерлеріне школа, коммуна һәм басқа аң-білік мекемелерін аш деп оқу комиссариатына қаражат беріп, бұйрық қылды.
Екібастағы қазақ жұмыскерлерінің тезірек тәнін де, жанын да тәрбиелеуге кірісу керек.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі