Заһарын төгіп, қаһарын тіккен Еуропа жиһангерлерінің Кеңес үкіметіне айдап салып отырған құралы — өз арамыздан шыққан басмашылар болатын.
Кеңесті Россияның қай түкпірінен болса да елді ылаңға салып, момындардың мазасын алған қанға құмар бұзықтар шығып, талай арбасып көрсе де, қызыләскердің күшімен тарқатылып, көп орындарда .... жоқ етілген.
Басмашылардың бас көтеріп, қарысқан мезгілі 19 — 20-жылдарда көбірек болды. Бірақ инабатты ұстаған жол жоқ, бар нәрсесі — ел бүлдіру, ел талау болғандықтан, өмірі ұзақ болмады. Кеңес үкіметінің жолына түскен қара шаруа ондай ісі лан ел бүлдіргіштердің соңына ерген жоқ. Қолынан түк келмесе де бар ниеті кеңес үкіметіне қарсы болған байлардың да іштерінен тілеген тілектері орындалмады. Сонымен соңғы жылдарда ішкі Россия бейбастақтардан тазартылып, бүлінген шаруа ретке қойылды. Бірақ Россиядан кеткен жендеттердің Түркістан республикасында сарқыты әлі де бар.
Басмашылардың өз елінен үзілмей келе жатқан жері — Ферғана облысы. Басмашылардың Ферғана халқын сергелдеңге түсіргендеріне 5 — 6 жылдай болды. Содан бері Ферғанадағы басмашылар дамылсыз шабуылдап, жұрттың шаруасын күйзелтіп, басқаға мойын бұрғызбай жағаласумен келді. 4 — 5 жыл ұдайымен қан төгіскен басмашылар Ферғананы ылаңдады. Кәсіп шаруашылығынан берекесі кетіп, жергілікті халық әлсіреп қалды. Халықтың көбі бүліншілікке ұшырап, басқа губернияларға ауып кетуіне де себеп болды. Талай кәсіп орындары қирап, іске жарамсыз халге жетті. Халық жәбірленді. Алғашқы кезде басмашыларға көмек беріп, қолтығына су бүріккен Қоқан үкіметі болған. Қоқан үкіметі Россиядан қашқан қазақтармен қосылып, басмашыларды көтермелеп тұрған.
Қоқан үкіметінің әскері қуылып, таратылғаннан кейін басмашылар бытырап, бөлек-бөлек болып кеткен. Басмашылар ел шулатып, жұртты талап жүрсе де өздеріне жақсы ат тағу үшін Түркістан автономиясын құрушы атанып та жүрген. Заманның ыңғайына қарап, қулар өзгеріп, біресе ақ әскері атанып, біресе ислам қорғаушылары атанып тонын түрліше айналдырып киген. Бірақ кеңес үкіметінің берген кеңшілігі бейнетқор елге басмашылардың жалған сөздеріне сенімін кетіріп, олардан қайыр жоқ екенін көрсетті. Халық олардан жиренді, безді. Нақ осы мезгілде басмашылардың бастықтары бірінен соң бірі жоғалып, абдырап келеді. Қанішерлердің күні қиыншылыққа айналып, ел саябырлап, тыныштық алуға бет алды.
Бейбітшілікті орнатушы қызыләскерлер бұл жаулармен жағаласып, талай бөгет болып келеді. Бірақ тау-тасты жерлерде жасырынып жүріп, қолға түспей, көп іс қылып, алғашқы жылдарда әл бермей жүрген еді. Соңына түсіп, тәсіліне түсінген жауынгер қызыләскерлер олардың тығылған жерлерін сезіп, бастықтарын тұтқынға алып, көбін тірідей ұстаған. Жергілікті халық қызыләскерлерге жәрдем беріп, жаулардың тығылған жерлерін көрсетіп тұрған.
Нақ осы мезгілде бастықтары қолға түсіп, тиісті жазалары мойнына қойылып, өлім жазасына бұйырылған. Қазір беттері қайтып, сулық болуға айналды. Қасақана қанға құмар адамдары, арам сатқындары әлі қарсылық көрсетіп, тиіп-қашып жүрсе керек.
Жаудан беті қайтпаған, қарсыласқан дұшпанды талай мұқатқан қызыләскерлер мен жергілікті халық, диханшылардың көңілді милициялары бұл жаулардың ізіне түсіп, тұқымын құртуға бет алған. Кешікпей жаулардан құтылып, бейнетқор диханшылар кеңес үкіметінің саясында тыныш тұрмыс ел заңымен жасауында сөз жоқ.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі