Темір жолы жоқ, көлбеген, қиырсыз кең бетпақ далалы Қазақстанға әуе кемесінің керек екенін бірде жазып еткенбіз.
Әуе кемесі дегеніміз аспанға ұшатын аэроплан.
Аэроплан атан түйемен алты ай жүретін жерге алты сағатта жетеді. Бір шеті мен бір шеті алты айлық жол, бір шеті мен бір шетіндегі қазақтары бірімен-бірі қатынаса алмайтын Қазақстанға ойды, қырды, тауды-тасты, шөлді, көлді тыңдамай, қанаты талмай, үстіне жүк артып құстай ұшатын әуе кемесі — аэропланның өте керек екеніне ешкім «керек емес» деп дау қылмайтын шығар.
Әуе кемесін күшейтуге әуелі темір жолдары бар Россияның зор қалалы, өнеркәсіпті аймақтары да қатты кірісіп жатыр. Қазір Мәскеуде әуе кемесін күшейту мақсатымен қауымдар ашылып, күн сайын түрлі жәрдемдер жинап жатыр. Күніне әуе кемесіне арналып қанша жәрдем жиналып жатқандығы Мәскеу газеттеріне жарияланып отыр.
Мәскеудің үлгісімен Қазақстанның орталық бас мекемелерінің мекен қылып отырған қаласы Орынборда да Қазақстанда әуе кемесін жүргізіп әм оны күшейту мақсатымен қауым ашылды. Бұл қауым Қазақстан әуе кемесіне жәрдем жинауға кіріседі. Қазақстанның барлық қалаларына әуе кемесіне жәрдем жинауға кірісуге нұсқалар жіберді.
Бұл Орынбордағы әуе кемесінің қауымы біраз ақша жинады. Ол жиналған ақша бір аэроплан сатып алуға толғанда, Мәскеуден аэроплан алынып, Қазақстанның иен даласына ұшып, әр жерлеріне бара бастамақ.
Қазақстанның үкіметі отырған қаласы Орынбор. Орынбордан Қазақстанның әрбір шеткі қалаларына әм ол шеткі қалалардан Орынборға хат-хабар поштамен бір ай, хат те екі ай, хат те кей уақыттарда үш айларда да әрең келетін еді. Егерде хат-хабар пошта бұл араларға аэропланмен қатынасса, хат-хабарларды Қазақстанның қай түкпірінен болса да Орынбор күн жарымдарда алып отырар еді. Әм Орынборға бермек болған хабарын Қазақстан шеттеріндегі қай қаласы болса да күн жарымдарда жеткізіп беріп отырар еді.
Үкіметпен, үкіметтің губерния, уез әм болыстағы, ауылдағы бұтақтары, губерниялық, уездік, болыстық, ауылдық исполкомда әм олардың әрбір бөлімдері де жылдам, тез хабарласып, қатынасып отырса, халықтың қай ісі болса тез түзеліп, әлденіп жөнге салынып, халықтың түрлі бұтақты шаруашылығы тұрмысы оңдалып кетер еді. Халықтың, үкіметтің істері оңалған соң ол халықтың өнер-білім істері де тезірек дүрілдеп, гүлденіп алға басып кетер еді.
Жақын арада Қазақстанның орталық бас мекемелері бір аэроплан алуға ақша шығарды. Ол ақша кешікпей Мәскеуге жіберіліп, Мәскеуден бір аэроплан алынбақ. Бұл аэроплан Қазақстанның тұңғыш аэропланы болады.
Және Қазақстанның әскери комиссариатына Мәскеудегі жалпы Россия кеңес құрамасынын әскери бас мекемесі бір аэроплан бермек болды. Сөйтіп Қазақстанда жақын арада екі аэроплан болмақ. Бірақ бұл йен жалпақ Қазақстанда екі аэроплан ешнәрсе болмайды. Қазақстанға ең аз болғанда губерния басына бірден, екіден аэроплан керек. Қазақстанның әрбір губерниясы тез ақша жинап, тез арада бірден, екіден аэроплан алулары керек. Мәселен, жіберген пошталары екі ай, үш айларда әрең келетін Семей, Ақмола, Бекей губернияларына бір-бірден аэроплан алу қиын нәрсе емес. Жалғыз-ақ бұл іске губернияда отырған азаматтар мұрындық болып, бастап, өздері жұмылып кіріссе, лезде-ақ болатын іс. Адам баласы істеймін деп шындап кіріссе, қандай қиын нәрсе болса да істемей қоймайды.
Губерниялар аэропланға ақша жинау керек. Бұл туралы біздің губерниялардағы газеттеріміз де жазып, халықты бұл іске қатты, жалықпай шақырулары керек.
Жан-жануардың тіршілігіне керек азықты қан тамырлары арқылы денеге таратып отырады. Мемлекет дене мысалында болғанда, сол мемлекеттің қатынасу, хабарласу мекемелері қан тамыры есепті болады.
Қан денеге жылдам, тез уақытында тарап отырса, тән саламат болады. Қан біртүрлі әлсіз тарап отырса, бөгеліп тарап отырса, тән саламат болмайды, кеселді ауру болады. Тән зағиф болады әм ақырында ауыр тұрмысқа шыдай алмай әлсіз кеселді аурудан өледі. Бұл уақытқа дейін Қазақстан мемлекеті әлсіз, ауру тән мысалында болып келеді. Елдегі түрлі бассыздық, түрлі тәртіпсіздік сол ауылмен, елмен, үкіметтің арасының жөнді қатынас, хабарластарының болмай келгендігінен.
Халықтың үкіметтің жайы осы халде бара берсе, ол халық халық болып, мемлекет атанып отыруы өте қиын, өте қауіпті нәрсе. Қазақстанның болашағын ойлаған азамат Қазақстанның тұрмысын басқа өнерлі халықтардың тұрмысына жақындастыруға тырысу керек. Алдыңғы түйесі үкілі, қырғауылды, қызыл-жасылды кілем жапқан, шайқалса су төгілмейтін сырғалы, жорғалы, қарқаралы, сәукелелі сұлулар жетектеген қоңыраулы көштердің заманы етті. Ол қайта келмейді. Ол қайта келем десе де керегі жоқ.
Енді халық — халық бола алады, егерде аэропланды, темір жолды, автомобильді, электрлі, соқалы, машиналы, зауытты, фабрикті болса ғана. Қысқасы, Қазақстанның әр губерниясы аэроплан алуға ақша жинап, тез ұшатын болулары керек.
Қай губернияның серке болуын күтеміз!
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі