Еңбекшіл қазақ халқының жастары әскерге алыну керек деген мәселе әбден піскен мәселе еді.
Бұл күнге шейін бұл мәселенің жарыққа шықпай келе жатқаны — қазақ еңбекшілерінің бұл іске даяр еместігі, надандығы әм кеңес үкіметінің бұл мәселені іске асыруға мұршасының келмей жатқандығы еді.
Мәскеуде болып өткен Россия Коммунист партиясының 12- жалпы жиылысы бұл мәселе туралы мынадай қаулы шығарған:
Бұрынғы әскери тәртіп бойынша алынбай жүрген ұлттардың автономиялы республикаларында әм бұрынғы әскерге жастары жалпы ретпен алынып жүрсе де, бірақ өз алдына бөлек әскерлері болмаған уақ ұлттардың республикаларында өз алдына бөлек әскерлер жасалсын деген. Қазіргі уақытта жанды Россияның кеңес құрамасының орталық үкіметінің беталысына қарағанда, 12-партия жиылысының жасаған қаулыларының бәрін іске асыруға кіріскен көрінеді. Сол 12-партия жиылысының ұлт мәселесі туралы шығарған қарарының бір қаулысы осы жоғарғы көрсетіп отырған әскер мәселесі.
Қазақ еңбекшіл жастарының әскерге кіруінің жалпы еңбекшілдер табына зор пайдалы іс екенін айтып жатудың көп қажеті жоқ.
Жалпы жер жүзінің еңбекшіл табы майданға шығып, қатар түзеп өздерінің жалпы тарихи жауы — байлар табымен күрескенде әр ұлттан қосылған еңбекшіл халықтың күшті, білімді, өнерлі болуы қажет.
Білімсіз, өнерсіз, надан болған халық күшсіз, әлсіз болады. Алысқан, аңдысқан жауын жеңу үшін еңбекшіл тап, адамзаттың бар білімін, бар өнерін, бар тәжірибесін үйренуі керек. Сүйтсе ғана еңбекшіл тап өзінің жолын тура көздей біледі, сүйтсе ғана еңбекшіл табы күшті болады. Сүйтсе ғана арбасқан тарихи жауын жеңе алады.
Қазіргі Россияда болып жатқан таптар күресінің (тап революциясының) мақсатына жетіп, жер-дүниеге жайылып, орнап қалуына, сол тап күресі майданына әр ұлттардан шығып, дауыс қосып ұйымдасқан еңбекшіл халықтардың бәрінің бірдей білімді, бірдей күшті, бірдей қарулы болуы керек.
Ал олай болу үшін, сол жалпы еңбекшіл табының бір бөлегі — қазақ еңбекшілерінің жастары қызыл әскерге кіріп, жалпы майданға шығып, жалпы еңбекшілер ұранына дауыстарын қосуы керек. Орыстың жұмыскерлерінің, кедей, крестьяндарының қызыл әскерінің алып берген бостандығын пайдаланып, әскерге кіріп, бірге майданға түсуді мойнына алмай отыру — қазақ еңбекшілдеріне үлкен кемдік...
«Алыс болса аулыңа бармаймысың?» дегендей, қиын екен деп іске кіріспеу дұрыс емес. Бұған алдымен әр губернияның пікірі керек. Бұған жалпы ынта керек. Енді бұл іске тез кірісу керек.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі