(Губерниялардағы әм уездегі жолдастардың құлағына)
Әр жерден алған хабарларға қарағанда, Қазақстанның кейбір жерлерінде бұрынғы ел-елдің араларындағы ұрлық, барымта деген теріс-бұзық әдеттер қазіргі уақытта ұлғайып, шабыншылыққа айналған. «Еңбекші қазақ» газетінің өткен нөмірінде бұл туралы «Арғын» деген жолдас қысқаша жазып өтті. Бұл бұзықтық әсіресе Қазақстанның күншығыс жағындағы Семей, Ақмола, Торғай губернияларында басым болып бара жатқан түрі бар. Әрине, қысы-жазы киіз үйде көшіп жүрген Адай уезі тәрізді жерлерде де бұл бұзықтық әлі қойылмай келе жатыр. Қазір Орынборға Атбасар уезінен (Ақмола губерниясының қаласы), елден кісілер келіп отыр. Бұлардың айтуына қарағанда, әм бұлардың сол ел жаққа комиссия шықса екен деген тілектеріне қарағанда, Атбасар уезімен жапсарлас Торғай уезінің қазақтарының арасындағы барымта күшейе-күшейе ел шабуға бет алған ыңғайы бар көрінеді. Екінші, Атбасар уезі мен Ақмола уезінің жапсар қазақтарының өз араларында да жүгенсіздік, жолсыздық, топ-топ жылқы айдайтын барымта елдің берекесін алған түрі бар көрінеді. Бірақ бұл екі араға Ақмоланың губерниялық исполкомының төрағасы жолдас Сабыр Шәріпұлы шығып әзірге жайластырса керек. Ақыры не боларын әлі көрерміз. Үшінші, Ақмола уезі мен Семей губерниясының Қарқаралы уезінің жапсарындағы қазақтардың арасындағы бұрынғы ұрлық, барымта деген пәле қазір өте зорайып, Ақмола мен Қарқаралы қазақтары жылқыны үйір-үйірімен айдасып, екі елдің халі жаугершілік замандағы жайға түсіп, берекесі кете бастаған көрінеді. Қазір бұл жапсардан да тынышы кеткен елден кісілер Орынборға келіп тұр. Қолдарына винтовка алған арамтамақ қулар отыздан, қырықтан, елуден, жүзден жүріп Ақмола мен Қарқаралы арасында алдына түскен малды қызыл жол қылып айдап, ел шабатын болыпты. Бұл жерден алып отырған хабарларымыз анық хабарлар. Әм бұл елуден, жүзден «кісі аттандыратын» мырзалардың ат-жөндері де қазір белгілі болып отыр. Үш-төрт жылдан бері ылғи жұтқа, аштыққа шалдығып, малының жүзінен жиырмасы яки жиырма бесі ғана қалып, кедейлікке айналып отырған елді бұл ұрлықшы залымдар тағы да құртуға айналған. Енді оның үстіне тағы үлкен кесапаттары, кесірлері тиейін деп отыр.
Жақын арада бұл Қарқаралы мен Ақмоланың жапсар жерінің халі әңгіме болып, бұл бұзықты, бұл пәлені күш жұмсамай жай тыюға комиссия сайланды. Комиссияның бастығы осы жерде белгіленді. Мүшелері болып Ақмола мен Семей губерниялық исполкомдарының лайықтауымен екі губерниядан бір-бірден кісі кіреді. Комиссия жай жазасыз тұрған елге ешбір зиян келтірмейтін қылып, екі уездің жапсарына таяу барып, онсыз да кедейленген, шаруа баққан елдің шаруасын бүлдірген мұндай пәлені басып, құртпақ.
Бұл іске губерния-губернияларда отырған, уездерде отырған іс бастарындағы жігіттер шындап назарларын сала қарап, тезірек елді тыныштандыру қамдарын жасаулары керек. Қазір күз. Қыс келеді, шаруа баққан жалпы ел қыстауларына барып отын, шөп, пішен деген нәрселерін жинап ала алмай отыр, үй- қораларын жөндей алмай отыр. Бағып отырған азын-аулақ малдарын еркімен, жайымен бағып жая алмай отыр. Отыздан, қырықтан, елуден, жүзден қолдарына мылтық ұстап, сыпыра елдің қыстауларында ел талағыш, жол аузын күзеткен, өткен-кеткенді аңдыған, ел шапқыш, барымташыл-ұрлықшыл қулар жүр. Бұлар тыйылмаса қалың нахақ елге бұлардың кесапаттары бұдан да басым тиеді. Губерниялық, уездік исполкомдар тезінен тыя алмаса, комиссия тыя алмаса, бұл топтанып, қолдарына сайғақ ұстап, мылтық ұстап, ұшырасқан кісіні атып кетіп жүрген қуларды әскердің күшімен тыюға тура келеді. Әскер шықса бұл іс оңайлықпен тыныш қана өтпейді. Онда ұрлыққа, ел шабуға бас болып жүрген мырзалар да шіреніп үйлерінде отыра алмайды.
Міне, қазір бұл жұмыстың осындай болашағы көрініп тұр.
Губерниялардағы, уездердегі іс басында отырған азаматтар, бұл істің алды-артын ойлаңдар! Сендер тыя алмасаңдар, винтовка ұстап, ел шауып, кісі атып жүрген топтарды әскер тыяды.
Екі елдің арасындағы мұндай шабыншылық, байланысып шие болып түйілген түйіншек. Мұны тез арада өздерін тезінен шешпесеңдер, бұл түйіншектер қылыштың жүзімен шабылып шешілмек. Бұзықтар үшін момындар қақсап қалмасын. Оның жауабы сендердің мойындарында!
Ұрлықты тез жұмыла құртуға кірісіңдер! Елге кесірі тиеді.
1923 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі