Егінге қамданатын уақыт жетті. Міне, қазір наурыз айы туды. Жаз жақын. Уақыт тынбай ілгері жүруде. Ешкімнің еріншектігіне заман тоқтап, қарап тұрмайды.
Пысық, күшті адам заманнан кейін қалмай, мезгілінде үлгіріп, тіршілік ретінде керекті істерін істеп қалады. Шабан, әлсіз, жалқау адам заманға ілесе алмай, мезгілінде үлгере алмай, әр нәрседен кем қалады.
Қазақстанның елі жалқау. Заманнан кейін, артта қалған ел. Бірақ сен жалқау екенсің деп, жүріп бара жатқан заман тоқтап тұрмайды.
Кімде-кім жалпы өнерлі адамзаттың қатарына кірмек болса, тынбастан еңбек қылу керек. Жалқаулықты қалдыру керек. Тіршіліктің негізі — еңбек. Еңбекпен ғана адам жақсы тұрмысқа жетпек.
Міне, енді егінге қамданатын уақыт жетті. Егінге ертеден қамдану керек. Қазақстан халқы шабан, жалқау. Сол шабандықтың, жалқаулықтың салдарынан надан әм өнерлі елдің бәрінің артында қалған. «Шабан үйрек бұрын ұшар...» деп қазақ мақал айтса да, сол үйрек құрлы «бұрын ұшуды» білмейді.
Өзі еңбек қылмаған адамға ешкім де жәрдем қылмайтынын қалың қазақтың кедейлері білетін болды. Енді шабандықты тастап, егінге дайындалу керек.
Қазақстан үкіметі бұл ретте қолынан келген жәрдемін аямас. Оның қылған жәрдемі жалпы қалың ашардың бәріне жетпейді.
Қазақстанның жер-суын басқаратын комиссариаты өзінің тапқан сегіз жүз мың пұттай тұқымын губерния-губернияға бөліп жіберіп отыр. Мәскеуден тағы да жердем сұрап жатыр. Жәрдем ала алса, тағы да губерния-губернияға бөліп жібермек.
Бірақ бұл жетпейді. Қазақстанға 3 миллион пұттай тұқым керек. Жалғыз жәрдем беретін Мәскеудің өзінде де тұқым аз.
Міне, сол себепті жалпы халықтың өзі ерте бастан қамданып, тұқым тауып, жалғасып, ұштасып, мезгілінен бұрын егін салуға даярлануы керек.
«Жатқанға жан жуымайды...», жазғы егінге қамданатын уақыт жетті!
Бұл туралы губерниядағы, уездердегі, елдегі еңбекші халыққа шын кызмет қыламын деген азаматтар ертерек ойланып, ерінбей, тынбай халыққа жармаланып, қолынан келген түрлі жәрдемдерін, ақылдарын беріп, жалпы ауыл халқым жұмыла егін ісіне кірістіруге барлық күштерін салулары керек.
Жалпы халықтың шаруасы түзелмесе, Кеңес үкіметінің де ісі түзелмейді. Жоғарғы Кеңес үкіметінің нұсқасы осы.
Бұған терең ой жіберу керек.
Шындап, ерінбей ертеден егінге кірісу керек. Бұл әр азаматтың борышы.
1924 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі