(Ақын Жұматай Жақыпбаев туралы эссе)
“Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан бөз...” — деген де бір қанатты қағида бар ғой, менің ұғымымдағы Жұматай Жақыпбаев ақын да артынан сөз ерген жақсы да жайсаң жігіттердің бірі еді. Онымен ең алғаш рет 1969 жылы кездестім, білем. Талдықорған облыстық “Октябрь туы” аталатын газет редакциясында істеймін, сондағы әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісімін. Осы өңірдегі өлең жазатын, әңгіме құрастыратын, әйтеуір өмір жолын әдебиет жағына бағыштаймын дейтін үлкен-кішінің бәрі дерлік біздің алдымызға топырлап келіп жатады. Бәрін де жылы жүзбен қабылдап, қолдан келсе демеу болуға барымызды салып-ақ жүретін кезіміз еді.
Күндердің күні болғанда маған сәлем беріп, қызыл шырайлы, суағарында сұлу ғана мұрты бар, насыбай ататын адамдарша астыңғы ернін жымыра сөйлейтін, жымия күлетін шымыр денелі бір жас жігіт келді. Асықпай ғана амандасып болды да, баппен қозғалып, қарсы алдыма келіп отырды. Аты-жөнін, өзінің өлең жазатынын айтты-ау деймін. Әлденеге көңіл-күйім болмай тұрды ма, мұндай жігіттердің күніге бірі кіріп, бірі шығып жататынына етіміз үйреніп кеткендіктен бе, сөзін самарқау ғана тыңдадым-ау деймін. Әйтеуір алғашқы кездесуде соншалық елпілдеп, емешегім үзіле қойды деп айта алмас едім.
Ол маған қолмен жазылған бес-алты өлеңін қалдырды да, “оқып көрерсіз” деп, сол бір өзіне тән салмақты жүрісінің сәнін бұзбаған қалпында жағалай бас изеп, жымия қоштасты да, есіктен шығып кете берген. Кекеткені ме, келіскені ме, белгісіз, сол бір танау астындағы жымиысы ғана есімде қалып қойыпты.
Араға біраз күндер салып барып, қағаздарымды ақтарып отырсам, сол жігіттің, қалдырып кеткен өлеңдері жатыр екен. Алдымен аты-жөніне көзім түсті — Жұматай Жақыпбаев. Енді жазғандарына үңілейін. Пәлі, дерсің! Мынауың мықты ғой! Өлеңдері жұтынып-ақ тұр екен, қамшы салдырар емес. Жасырмай-ақ қояйын, редакциямызға өлең жазатындар көп келгенімен, дәл мұндай шымыр да жұмыр жырлар кезіге бермейтұғын. Ара-тұра осы іспеттес шуақты шумақтар қолымызға тие қалса, жабыла оқып, жамырай талқылап, өреміз жеткенше өзеурей пікір айтып, тезірек жариялап жіберуге асығушы едік. Біздің бөлімде Шұғай Өсіпов, Свет Оразаев, Жайырбек Қаспақов сияқты жігіттер істейтін, кейін олардың қатарына аты шығып, атағы жайыла бастаған Ақұштап Бақтыгереева келіп қосылған.
Міне, бұл жолы да басымыз түгел түйісе қалып, Жұматай өлеңдерін жапатармағай сүйсініп оқып жатырмыз. Свет, Ақұштаптар оны сыртынан жақсы білетін де болып шықты. “КазМУ-де оқыған, боксшы жігіт!” деп те жіберді біреулері.
Оны білеміз дейтіндердің Жұматай жайындағы мінездемелері жақсы екен, әнеу күні өзім де бір көргеннен ұнатып қалғандай едім. Әсіресе оның кісіні жатсынбай, жатырқамай қарайтыны, үргелектемей, ойын да, бойын да көтере түсіп, өзін-өзі еркін ұстайтыны байқалып қалып еді. Маған сонысымен де жағып қалса керек.
Өлеңін жарияладық. Бұдан кейін ол бізге жиі келіп, үзбей араласып жүретін болды. Сол жылдары мен Жаркент жақтан Әбен Дәуренбеков деген тағы бір жақсы ақынды тауып қайтып, қызметке де алдырған болатынмын. Көп ұзамай Жұматай да бізге келіп, жұмысқа орналасты да, мінезінің жұғымдылығынан болар, аз ғана күндер ішінде тонның ішкі бауындай араласып, жақындасып кете бергенбіз. Ол ұдайы өзін ірі ұстайтын, бірақ кіші екенін әсте естен шығармайтын тәкаппар қалпындағы інілігінен жазбады, мен аға болып қала бергенмін.
Бір мен ғана емес, Жұматай дегенің айнала жүргендердің бәріне сүйкімді жігіт болып шықты. Өз бойына жарасымды әзіл-оспақ, сыпайы қалжың-қағытпаларымен үлкеннің де, кішінің де тілін тауып, басшылардың да ойынан шыға білді. Жатыпатар шымшымалары да жоқ емес, бірақ артық кетпейді, ешкімнің кемістігін айтып, шенеп-мінемейді. Мысқылының өзін мысалмен түйіндеп, әжуасын әзілге айналдырып, ұтқыр да ұтымды айтқыштығымен жуып-шайып, төніп келе берген даудың алдын алып, жайма-шуақтандырып отырады.
Өз шығармашылығына келгенде өте бипаз, асығып-аптығу дегенді білмейді, талғампаз, бір образ не ойына алған детальдің соңына түссе, қашан иі қанғанша ұзақ толғатып жүріп алатыны, замандасы Әбдіраштың Жарасқаны айтқандай, “бір күн жазған өлеңін бір жыл насихаттайтыны” бар еді.
Біз білетін Жұматай әртүрлі бас қосуларда, өзімен қатарлас жүретін жора-жолдас арасында соларға арнап шығарған сексеуіл шоғындай ұшқын атқан экспромт-шумақтарын оңды-солды аямай шашып жүретін еді. Бірақ атқан оғы құр кетпейтін құла мергендей, кімге қарата айтса да, сол сөзін арнаған адамның бүкіл бітім-болмысын, мінез-құлқын, ішкі-сыртқы кескін-келбетін қолмен қойғандай дәл беретін еді, әлгі нысанаға алған үлкен-кішінің өздері де, ондай өлеңді естіген өзгелер де ұмытпай, біріне бірі айтып, қақпақылдай қағып ала жөнелетін. Біріне бірі жеткізіп, соған өздері де мәз-мәйрам бола күле жүріп, ауыздан ауызға таратып жіберетін. Әсіресе “Октябрь туы” редакциясында өзімен бірге қызмет атқарған жігіт-желең, қыз-қырқын, тіпті тікелей бастықтарына қарата айтқан бір шумақ, жарым шумақ өлеңдері көп болушы еді.
Ол өзі, қалай десек те, табиғаты бөлек, жаратылысынан сұңғыла, туа бітті тектілігі бар, жүріс-тұрыс, бітім-болмысымен баяғының сал-серілеріне ұқсап туған жігіт болатын. Жоққа бола күйгелектене күйіп-пісу, болымсыз табысына бола күпіне мақтанып, асып-тасуға мүлдем жоқ еді. Кейде мен оған: “Осы келе жатқаныңда, шыныңды айтшы, қалтаңда ғой көк тиын жоқ, бірақ мыңды айдаған бай баласы сияқты маң-маң басасың, аспан айналып жерге түседі десе де асықпас маңғаздың өзісің” — дейтін едім. “Өзіңізге.., өзіңізге тартқамыз ғой, көке!” — дейтін де қоятын еді ол. Сұлу мұртын бір сипап, миығынан күлген қалпымен жөніне кете берер еді.
... Зайдаға қосылғанша (ақын Зайда Елғондинова) салт басты, сабау қамшылы күйінде біраз жүріп қалды. Төрт-бес адам бас қосқан жерде, оның үстіне айналасы аузына қарап қолпаштай түсіп, көтермелеп отырса, ол өзін барынша еркін сезінетін еді, домбыра да шертетін, әншілерге де қосылып кетіп, қасындағыларға қарата достық әзілдің де жеті атасын қарша боратып, төңірегін түгел күлдіріп, өзі де күліп, мәз болып отырушы еді, көп кісілік думанды дүрмекті ұната бермейтін.
Жұматайдың көбіне-көп қалжың нысанасына алатын адамының бірі— аға досы, ақын Әбен Дәуренбеков болушы еді.“Әзілің жарасса — атаңмен ойна”, — деген қағиданы малданып, екеуі құрдастарша қалжыңдаса беретін. Үнемі зілсіз қажасып отыратын. Бірде итжығыс түссе, бірде Жұматайдың басымдығы байқалып қала беретін.
Сол Әбен Талдықорған қаласынан пәтер алып, бір күні үйімді көр деп, Жұматайды ертіп келе жатса керек. Ішуді іші жек көрмейтін Жұматайдың әңгіменің аяғын дәйім ғана ішімдік жағына апарып тірей беретін әдеті бар еді. “Міне, мынау үй, пәтеріміз осының үшінші қабатында”,— деп келе жатқан Әбенге, әлгі үйдің астыңғы қабаты тұтас қана азық-түлік дүкені екенін көре қойған Жұматай:
Бұл үйдің үсті де дом, асты да дом,
Тиіп тұр іргесіне гастроном,—
деп жібереді. Әбен де ол шіркіннен қашпайды білем, екеуі бір-бірін арғы жағын айтпай-ақ түсіне қояды да, қатарласа барып дүкенге бас сұғыпты. “Ал, қайсысын аламыз?”— деген Әбенге Жұматай:
Қасында еріп жүрсе екі-үш сыра,
Арақтың төресі ғой “Экстра”, — деген екен.
Әбеннің тұңғыш қызы дүниеге келіп, соның шілдеханасына жиналып отырғандардың көзінше:
Айналайын Гүлзадам,
Айтайын саған бір жаңа ән.
Әкең сенің импортный —
Поштамен келген Құлжадан, —
дегенді де Жұматай айтқан.
Әбеннің көп жылдар бұрын Қытай жағынан ауып келгенін емеурінмен білдіре кеткендігі еді онысы. Сол Гүлзада апыл-тапыл жүре бастаған кезде, Әбеннің үйіне келе қалады да, жөпшендіде аузыңа ештеңе тие қоймай, тамағы жыбырлай берген Жұматай:
Келетін ағайының бар алыста,
Мықты болсаң үйіңде арақ ұста.
Мамаңа айтшы — жүз грамм құйып берсін
Жұматай Жақыпбаев товаришқа!
— деп, “үйде арақ болмай тұр еді” — деп сылтауратқан ата-анасын да бір іліп өткен ғой.
Айтып жүрмеген соң ұмытып та қалыппын, мұндай-мұндай бірқақпайлар онда өте көп болушы еді.
Сол Әбеннің бойының аласалығын меңзеп:
Құлақшыны екі тышқанның терісі,
Өзі Суанның перісі...
Озат колхоздың қызылшасындай бойы бар,
Соған қарамай,
Тоқал алсам ба деген де ойы бар,—
деп бір кетсе, Тоқтасын Сүгірбеков дейтін ақын жігітке:
Қиярдың бөшкесіндей жуан ақын,
Жүнжүн берсең — балаша жұбанатын,
Қыз көрсе қылмың қағып қуанатын,
Кіндігін қытай кескен Суан ақын, —
Сүр жегендей боламыз сені көрсек,
Бірдемең бар ма бізді суаратын?! —
дейтіні де бар.
Аңқылдап қалған, ақкөңіл Тоқтасынның барған үйіне ауызша “бір қой сыйлап” кететіні болады екен. Сырын білетіндер күледі де қояды, сырын білмейтіндер шынымен қой береді екен деп дәметіп те жүретін көрінеді. Бізге де бірер қой “атағаны” бар. Бірде бәріне ортақ жолдастарының бірінің әйелі босанып, соларға барып “бауы берік болсын” айтайын десе “қалтасының түбі тесік”, бармайын десе тағы да ұят, не істерін білмей дағдарған Жұматайдың алдынан Тоқтасын жолыға кетпей ме. Жұматайдың қысылып тұрған жағдайын өз аузынан естіген Тоқтасын: “Мен бір қой атадым” — деп қалса керек. Сонда Жұматай: “Әй, Тоқа-ай, сіздің қойлардай қойдың мен болсам бес-алтауын қатар атап, өзіне айдатып-ақ жіберер едім ғой”,— депті.
Сол Тоқтасынның жаңағыдай қылығына қарата шығарған Жұматайдың тағы бір өлеңі мынандай:
Бір жілігі базарда,
Бір жілігі қазанда,
Бір жілігі Басқанда,
Бір жілігі аспанда,
Бір жілігі арқанда,
Бір жілігі Сарқанда..,
Тоқаңның бір қойы бар,
Әркімге берсем деген ойы бар.
Тоқаң бермей жүрген жоқ,
Өзің тап та, сойып ал!
Облыстық газет жігіттерін бірде колхоздағы жұмысқа апарып салады. Оларды бастап барған газет редакторының орынбасары Елжас Бейсенбеков болса, өзі де елгезек, тынымсыз, басқаларға да дікектеп тыным бермесе керек. Ақ таңнан оятып алып, “тұрыңдар да, тұрыңдар!” — деп жігіттердің мазасын ала береді екен. Басына ұдайы түрік тақиясын киіп жүретін көрінеді.
Мекеніміз Кеңарал,
Уақыт жоқ демалар,
Тықақ-тықақ етеді,
Турецкий Генерал!.. —
деп, Жұматай Елжастың өзін де, өзге жігіттерді де күлдірсе керек. Бұлардың жұмыс істеп жатқан Кеңаралдары әйгілі Зылиха Тамшыбаева басқаратын кеңшарға қарайды екен. Бірде плантация басындағы бұларға қарай келе жатқан сол Зылиханы көріп қалған Елжас бастық асып-сасып оның алдынан шығам деп жүргенде, шалбарының құйрық тұсын бұта сыдырып, жыртып алыпты. Кісіге ұдайы жүзін ғана бере сөйлеп, көткеншектеп шығатын қытайларша, Елжас та амалсыз Зылиханың алдынан артымен шегіншектей бермей ме, соны бағып отырған Жұматай:
Жалбырап жүріп көтеніңіз,
Зылиха сіздің не теңіңіз, —
деп бір қағытып өтеді.
Оның Баяндин Құттыбекке, редакциядағы басқа да жігіт-желең, қыз-келіншектерге қарата айтқан тапқыр да дәл шумақтарының, достық әзілдерінің көбін есіме түсіре алмай отырмын. Білетіндердің ауылы алыс, сұрап алудың да ретін таппадым.
Кейінірек, Алматыға ауысқаннан кейінгі кезде ол “Жазушы” баспасындағы маған жиі келіп тұратын еді. Бір күні: “Көке, мен орысша бірер өлең жазып ем, тыңдайсыз ба, оқып берейін? Осындағы орысша өлең жазатын Орынбай, Бақытжандар мақтап жүр”,— дегені бар.
Өлеңдері шынында да жақсы сияқты. Бірақ мен оған:
— Сен қазақ жырының түбін түсіріп жүрген үлкен ақынсың ғой. Соңыңнан біраз жастарды да ертіп, “Жұматай қағанатын” құрғаныңды да естіп жүрміз. Орысшаны сол Олжастарға-ақ қалдырсаң қайтеді, тыпа-тыныш,— деп едім, ол түсінді ме, жоқ па, білмедім, әйтеуір одан соң орысша өлеңімді тыңда деп мені мазаламайтын болған.
... Бір күні естідім, Жұматай жұмыстан шығып, ауылына кетіп қалыпты. Әке-шешесі Талдықорған түбіндегі “Жетісу” аталатын бір ұжымшарда тұратын. Көктем кезі еді. Мал төлдеп жатқан, шопандарға ілесіп, қозы бағуға сақманшы болып кетіпті деген хабар да жеткен бізге. Оның мінезіне күлгеміз де қойғанбыз. Газет редакторының орынбасарымен жұмыс үстінде жүз шайысып қалып, бастықтығын көрсетіп дікеңдей берген әлгінің иегінен Қасым Қайсенов ағамыз айтқандай, бір сүйкеп жіберіп, тұрыпты да жүре беріпті.
Мен ол кезде облыстық партия комитетінде істеймін. Екі-үш ай бойына жұмыссыз жүріп қалған Жұматай ақынға жанашырлық көрсеткім келіп: “Редакцияға соқса, маған кіріп шықсыншы, жұмыс қарастырып көрейін” — деп сәлем айттым жігіттерден. Бұл кезде Жұматай сақал-мұрт жіберіпті деп те естігенмін. “Араб шейхтерінен аумай қалыпты”,— деп жүрген жігіттер.
— Сәкеңе барсаң, сақал-мұртыңды қауғадай қылмай, қырғызып бар. Обкомдағылардан ыңғайсыз болар,— дейді ғой оған редакция жігіттері әдейілеп ескертіп.
Бірден елп етіп келе қалса Жұматай Жұматай бола ма, “Жарайды, барып көрейін!” — деудің орнына:
— Сәкең бірден жұмыс тауып бере қойса — жақсы, тауып бермесе — не жұмыс жоқ, не сақал-мұрт жоқ, сымпиып қала бермеймін бе, одан да “аш құлақтан — тыныш құлақ”, осылай жүре берсем қайтеді? — дейтін көрінеді.
Жұматай Жақыпбаев дегенің осындай жігіт болатын...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі