ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылдың 24-қарашасындағы №456 Жарлығына сәйкес «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» туралы жарлыққа қол қойған болатын. Соған сәйкес Мемлекеттік комиссияның республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі мүшелері белгіленген зерттеу тақырыбы аясында Кеңестік саясаттың құрбандарын анықтау, құжаттарды құпиясыздандыру, жиналған материалдар негізінде құжаттар жинақтарын шығару бойынша табысты жұмыстар атқарып жатыр.
Мемлекеттік комиссияның Алматы қаласы бойынша 4-ші тобының зерттеу тақырыбы – 1916-1930 жж. мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды ақтау бойынша зерттеу, ұсыныстарды дайындау және енгізу жұмыстарын жүргізу болып табылады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін орын алған мәжбүрлі босқыншылық ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы күштеп ұжымдастыру, кәмпескелеу саясаттарының және ашаршылықтың салдарынан елдің өз ішінде, сондай-ақ көршілес, шекаралас мемлекеттермен қатар алыс шетелдерге де мәжбүрлі ауа көшу жалғасын тапқан. Тарихшылар 1931-1933 жж. ашаршылықтың салдарынан босқыншылыққа ұшырағандар саны 1030 мың болса, оның тек 414 мыңы елге қайтып оралғандығын айтса, ал 616 мыңы шет елдерде қалып қойған деген қорытындылар жасаған. Дегенмен бұл келтірілген саннан бөлек, мәселенің әлі де анықтауды қажет ететін тұстары жетерлік. Соның ішінде босқыншылыққа ұшыраған байлар, орташалар, кедейлер саны; көшу барысында аштықтан, аурудан қайтыс болғандар саны, шекараны бұзып өту барысында сотсыз, үкімсіз атылғандар, мәжбүрлі көшудің себептері және т.б. жатады. Міне, осындай күрделі де қайшылыққа толы мәселелерді Мемлекеттік комиссия мүшелері құпия, аса құпия деректер негізінде анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Мемлекеттік шекараны заңсыз бұзып өтудің заңдық жағына тоқталар болса, ол РКФСР Қылмыстық Кодексінің 84-ші бабымен жазаланған. 1926 жылғы РКФСР Қылмыстық кодексіне сәйкес бұл бап бойынша айыпталғандар 1 жылға дейінге мерзімге мәжбүрлі еңбекпен түзеу лагеріне сотталған немесе 500 сомға дейінгі мөлшерде айыппұл салынған. Дегенмен, шекараны бұзуға мәжбүр болған босқындарға бұл Кодексте көрсетілгеннен де көп мерзімге сотталғандығы туралы деректер мұрағат құжаттарында көптеп кездеседі. Ал, РКФСР Қылмыстық Кодекстің 1936 жылғы түзетулері мен өзгертулеріне сәйкес шекараны заңсыз бұзушылар 1-3 жыл аралығында мерзімге лагерьлерге сотталған. Яғни, РКФСР Қылмыстық Кодексіндегі мұндай өзгерістер шекараны заңсыз бұзып өтушілерге қатысты жазаның күшейтілгенін көрсетеді. Жаппай босқыншылық кәмпескелеу, ұжымдастыру, ашаршылық жылдарында жоғары деңгейде болса, одан кейінгі жылдары да бұл үдеріс тоқтаған жоқ. Ал, жағдай біртіндеп реттеле бастаған кезде ауа көшкен қазақ шаруашылықтарының Отанына қайта оралу үдерісін архивтік деректер айғақтайды. Бұл мәселенің тек бір қыры ғана. Ал, қазақ босқындарының қиыншылық пен қайғыға толы тағдырының басқа да қырлары бүгінгі таңда еліміздегі «құпия» және «аса құпия», сондай-ақ шет мемлекеттер архивтеріндегі құжаттар негізінде толықтай зерттеуді қажет етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, PhD Байдаулетова Мадина Досбергенқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі