Францияда өткен Халықаралық көрмелер бюросының кезекті, 152-ші сессиясында «ЭКСПО-2017» expo-2017 көрмесін Қазақстанда ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданғаны белгілі. Дауыс беруші 161 елдің 103-і Қазақстанды таңдаған. Бұл жаңалыққа Астанадағы біраз жұрттың бөркін аспанға ата қуанып жатқанын теледидардан көрдік. Дегенмен аты әдемі бұл көрменің сипаты қандай болатынын екінің бірі біле бермесе керек. Осыған орай оқырман назарына ол жөнінде танымдық мақала ұсынып отырмыз.
ЭКСПО атауы – өзінің аты айтып тұрғандай, «экспонат» деген сөзден шыққан. Қазақшаласақ, жәдігер болады, яғни ол – жер жүзін мекендеген барша халықтардың өмірдің түрлі саласында қол жеткізген жетістіктерін, жәдігерлерін көрсететін алаң. Онда ЭКСПО-ның кезекті таңдаған тақырыбына орай жұрттың бұрынғы-соңғы жеткен жетістіктері көпшілік назарына ұсынылады.
Мысалы, 1862 жылы Лондонда болған ЭКСПО-да жұрт алғашқы тігін машинасымен танысқан. 1876 және 1893 жылдардағы Филадельфия мен Чикаго (АҚШ) ЭКСПО-сында жұрт назарына тұңғыш телефон аппараты және алғашқы әлектр қуатымен жарықтандыру жүйесі ұсынылған. Ал енді бүгінде әлем жұртшылығы қолданып жүрген «телевидение» деген сөзді қолданысқа 1900 жылы Париждегі көрме кезінде орыс инженері Константин Перский ендірген екен.
Бекітілген тақырыбына қарай көрмелерге қолөнер, бейнелеу өнері, өнеркәсіп, жаңа технология туындылары, түрлі пайдалы қазбалар мен олардан алынған өнімдер де қойылады. Адамзатты алаңдатып отырған экология, урбанизация сияқты жаһандық проблемаларға қатысты жаңалықтар да осында талқыға түседі. Қысқасы, онда жұртшылық назарына ұсынылатын дүниелердің ауқымы кең. Аталған іс-шараға бүкіл әлемнен түрлі мамандар, өнертапқыштар, кәсіпорындар қатысады.
ЭКСПО-ның алғашқы көрмесі 1851 жылы 1-мамыр мен 15-қазан аралығында сол кездегі ағылшын ханзадасы Альберттің (кейін Ұлыбритания ханшайымы Викторияның күйеуі болған) бастамасымен Лондонда өткізілген. Содан бергі уақыттарда ол әлемде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тарихына көз жіберсек, ол содан бері 43 мәрте ұйымдастырылыпты. Ал бұл көрмені өткізген қалалар ішінде Франция астанасы Париж рекорд жасап тұр, мұнда ол 1855, 1867, 1878, 1889, 1900, 1937 жылдары ұйымдастырылыпты. 1889 жылғы ЭКСПО кезінде Франция әйгілі Эйфель мұнарасын жұрт назарына ұсынған. Бүгінде бұл мұнара Париждің символы.
Жалпы алғанда, әлем елдері ішінен ЭКСПО-ны өткізу бойынша екінші орында АҚШ тұр. Мұнда ол 5 мәрте ұйымдастырылған. Одан кейінгі орындарды Жапония (4 мәрте), Ұлыбритания мен Канада (2 реттен) алады. Аталған көрме сондай-ақ Бельгия, Германия, Италия, Испания, Португалия, Оңтүстік Корея, Австралия, Қытай елдерінде бір-бір мәртеден ұйымдастырылған. Қытай демекші, қамтылған елдер мен барып тамашалаған адамдардың саны, ЭКСПО өткізілген алаңның үлкендігі жөнінен Қытайдың Шанхай қаласы әлем бойынша алда тұр. Мұнда ЭКСПО көрмесі 2010 жылы өткізілгені мәлім. Оған әлемнің 190 елі қатысқан болатын. 5,28 шаршы шақырым алаңды қамтыған көрмені ол өткізілген 184 күн ішінде 73 миллион адам барып тамашалапты.
ЭКСПО «әмбебап», «халықаралық» және «арнайы» деп аталып, негізгі үш түрлі бағыт бойынша өткізіледі. Өткізілетін уақыты 3-тен 6 айға дейінгі мерзімді қамтиды. Әлем елдері арасындағы мұндай көрмені өткізу құқығына ие болу жолындағы бәсекелестік Олимпиада өткізу үшін болатын бәсекелестіктен бір де кем емес.
Сонда осындай керемет көрменің табыстары мен шығындары қандай болады? Бұл жөнінде жұрт пікірі әрқалай. Мысалы, 2000 жылы Ганноверде (Германия) ұйымдастырылған көрме кезінде көрмені тамашалаушылар үшін күніне 261 мың билет сатылады деп шамаланғанымен бұл жоспар орындалмай қалған деседі. Ал кейбір сарапшылардың есебінше, осы көрмеге қатысқан Нидерланды елі өз жетістіктерін көрсету жолында 35 миллион доллар шығындапты. Дегенмен жетістіктерін қажетті дәрежеде көрсете алуының арқасында кейін елге тартылған инвестиция арқылы Нидерланды бұл шығынын 10 есеге дейін өндіріп алған көрінеді.
Қорыта айтқанда, ЭКСПО көрмесінің осындай кереметтері бар. Ал 2017 жылы Астанада өтетін көрмені ол өткізілген уақыт ішінде кемінде 5 миллион адам тамашалайтын болады деп болжануда. Ол «Болашақтың қуат көздері» деген негізгі тақырыппен өтпек. Қысқасы, онда адамзатты толғандырып жүрген қуат көзінің баламалы түрлеріне көшуге байланысты жаңа технологиялар көрсетілетін болады.
Мақала zamana.kz сайтынан алынды
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
арай
супер
арай
жарайсындар
Еділ
Сол ЭКСПО 2017 колданыска берилмей жатып кулап жатса, колданыска калай береди екен
Ереке
Билет туралы сұрайын деп едім, бір телефон көтеріп жауап бермеді! Бұны қалай түсінуге болады? Қарапайым халық хабарласа алмай жатырмыз. ЭКСПО басталмай жатып осындай болама?! Бұл кімнің кінәсі?