Корейская косметика премиум класса

Қазақ футболының хәл-ақуалы

Бірде Қазақстан футбол құрамасының ойынын теледидардан көріп отырғанымды байқаған әкем. “Қойшы сол футболыңды, бәрібір де біздікілер түк бітірмейді” деген болатын. Сонда оның осы айтқан сөздері маған неге қазақ футболына осылай салғырт қараудамыз деген сұрақ туындатқан болатын. Бала кезімнен айналадағылардан естіп келе жатқаным бір-ақ нәрсе, ол қазақ футбол дәрежесінің мүшкіл хәлде екендігі жайлы көлденең сөздер. Дегенмен, қанша жерден көңілге ауыр тисе де оның астарында бір шындық  жатыр. Мүмкін араңызда кейбір адамдар мына мақаламды оқып басқа пікірде болуы мүмкін, бірақ та мен мұны қазақ футболын кемсіту үшін емес, дамуының тежелу себептері мен алдағы болашағы жайлы сөз қозғау үшін жазып отырмын.  

Менің түсінігімде қазақ футболының ілгері жылжуын тежетіп отырған бірнеше себептер бар. Солардың көшін бастап тұрғаны футбол ойынына қажетті спорттық нысандардың жеткілікті дәрежеде жабдықталмауы. Мысалға, еліміздегі жалпы футбол алаңдарын алып қарастырайық. Олардың басым бөлігі совет одағы кезінде салынған және көбісінің тозығы жеткен. Жаңа заман талабына сай келмегені былай тұрсын, кейде сол алаңдарды доп қуамын деп майып болып қалуың да ғажап емес. Көңілді қуантары бұл мәселе өз шешімін табу жолында. Елордамыздағы “Астана-Арена”  жоғарғы стандартқа сай келетін, сапалы құрал-саймандармен жабдықталған заманауи алаң. Өкініштісі мұндай алаң елімізде біреу ғана. Ал енді оны Шымкенттегі Қажымұхан Мұңайтпасов атындағы алаңмен салыстырып қарасақ, екеуінің арасы жер мен көктей. Екіншісінде қатты жаңбыр жауғанда, не болмаса салқын ауа райында футбол ойнаудың еш ыңғайы келмейді.

Жаңағы заманауи "Астана-Арена" алаңда елордалық “Астана” футбол клубы өнер көрсетеді. Еліміздің мақтан тұтар командасы осы жылғы УЕФА еуропа лигасының 1/16 финалына дейін жетіп, көк туымызды еуропа төрінде көтерткен болатын. Бұл клубның бағындырған белесі биік. Осы бір сәтте мені алаңдататыны өзге қазақ клубтарының бәріне беймәлім жағдайы. Елордалық клубпен керегесі тең Қарағандылық “Шахтер”, Шымкенттік “Ордабасы” мен “Ақтөбе” секілді клубтар бар. Оларда өз заманында талай рет бәйгені қанжығасына басқан. Алайда қаржы тапшылығының әсерінен олар дағдарысқа ұшыраған. Алдағы уақытта осы клубтарды инвестор тарту немесе үкіметтен қаржы бөлу арқылы қайта жаңғыртар болсақ, онда біздің премьер лигамыз ағылшын премьер лигасы секілді бәсекелестік пен қызыққа толы болып қалуы мүмкін. 

Қазақстан премьер лигасында жыл сайын көрініс табатын тренд футболымыздың қазіргі жағдайын анық көрсетіп отыр. Астана ФК мен Қайрат екеуі арасындағы бірінші орын үшін жүргізілетін бәйке, өзге клубтар тарапынан жеңіске деген ынтаның төмен деңгейде екенін аңғартуда. Оған себеп те жетерлік. Өзіңіз қараңыз, керемет алаң мен қалталы демеушілерге ие Астана мен Қайрат қалай ғана жақсы нәтиже көрсетпейді!? Оған қоса жанкүйер тапшылығы да бар. Біз тек шет мемлекеттің командасымен болатын ойынды көруге ғана барамыз. Өзара ойындарға назар аудармаймыз. Орта есеппен алғанда әр ойында алаңның 80% бос болады екен. Осындай бос, жанкүйерсіз ортада кімнің ойнағысы келеді?  

Қазақ футболының алға аттауына кедергі келтіретін мәселенің тағы бірі ол біздің менталитетіміз бен санамызда қалыптасып қалған стереотиптер.  Барлығымыз білетіндей ел арасында қазақ футболшыларының өнер көрсетуіне немқұрайлы қараймыз. Футбол десе ойлайтынымыз сол баяғы топтың жындыша допты қуу. Біз оның кереметін әлі толық түсіне қиын секілді. Бізде футбол үйірмелері жетерлік. Осыған қарап, кейде енді не керек деп ойланып қаламыз. Алайда қанша жерден футбол ойнауға керектіні дайындап жүрсек те, ойнайтын адамды таба алмаудамыз. Ойнайыншы дейін адам көп. Шындығы, балаларымызды футболдан шеттетіп жатқан өзіміз. Расымен де, сіздерге өз отбасымда орын алған оқиғаны үлгі ретінде келтірейін. Менің қарындасым көк өрім шағында футболға қатты қызығатын. Ақыры оны қаладағы футбол үйірмесіне қатыстырдық. Ол бұл спорт түріне білек сыбана кіріскен болуы керек, атқарған еңбегінің жемісін көрер тұста та жетіп қалған еді. Бірақ, осы аралықта біз үлкен қателікке бой алдырдық. Отбасымызбен ақылдасып, қарындасыма футболдан гөрі сабақ оқыған дұрысырақ болады деп оның осы спорттан кетуінің себепшісі болдық. Әрине өкініштің оты әлі кеудеде. Дәл осындай жағдай мыңдаған қазақ отбасысында орын алды деп ойлаймын. Балаларымызға біреуіміз футболды қанымызға жат десек, енді екіншіміз футболдан нан таппайсың дейміз. Дегенмен, осы көзқарастың орынсыз екендігін талай қазақ баласы дәлелдеп жүр. Солардың бірі Қазақстандық Лео атты лақап атқа ие 17 жасар Тараз қаласының тумасы Еркебулан Сейдахмет. Ол осы жылы Ресейдің “УФА” клубынан шақырту алып, кәсіби келісімшартқа отырды.

Енді қорытындылай келгенде, елімізде футболдың қарқынды дамуы жаңа көрініс табуда. Отандық клубтар ел атын әлем алдында асқақтатып жатыр. Осы үдерісті одан әрі дамыту, міне сіз бен біздің қолымызда. Керегі футбол ойнаймын деген баланы баспай, оларды жұдырықтай жұмыла қолдау. 

Ержан Еркемай Тұран университеті, 1-курс, журналистика факультеті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз