Әуелгі байлық - денсаулық
Білікті дәрігерлер құрамы аудандық ауруханаға ат басын тіреді
Баршамызға белгілі, ауданымыз йод тапшылығы айқын сезілетін аймақтар қатарынан. Осыған орай, желтоқсан айының 3 ші жұлдызында аудандық ауруханаға С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті эндокринология кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Жангентхан қажы Абылайұлы бастаған дәрігерлер құрамы келіп, емделушілерді қабылдап, кеңестерімен бөлісті. Дәрігерлер құрамында, эндокринолог Наталья Петровна Ахетова, эндокринолог, УЗИ-маманы, Асқар Тлегенов, Инвитро зертханалық орталығының маманы Жамал Азиз болды. Ақ халаттылардың бұл іссапары жайымен толық танысу үшін, дәрігер Жангентхан қажы Абылайұлының сырлы сұхбатымен таныс болайық.
— Қайырлы күн, Жангентхан Абылайұлы! Көңіл-күйіңіз қалай? Бүгінгі күн сәттілігін ала келсін дей отырып, сауалдардың алғашқысына кезек беруді жөн санап отырмын. Игі бастама жасап, ауданымызға келіп қалған екенсіз, оған түрткі болған не нәрсе?
— Қайырлы күн. Күн баршамызға сәтті болсын. Өзіңізге белгілі, Райымбек ауданы аумағы йод тапшылығы айқын сезілетін аймақ. Йодтың адам ағзасына аса қажет элемент екені белгілі. Ал оның жетіспеушілігі қалқанша бездің ұлғаюына әкеліп соғатыны тағы бар. Дәрігер ретінде, аудан тұрғындарының денсаулығына алаңдаушылық танытып, жәрдем көрсету мақсатында және білікті маман, бас дәрігердің орынбасары, бірінші санаттағы эндокринолог дәрігер Гауһар Абдикаримқызының шақыртуымен келіп қалдық. Осы жаз маусымын таулы өлке тұрғындарының денсаулығына бақылау жүргізуге арнадық десек те болады.
— Йод жетіспеушілігінің зардаптары мен олардың аудан тұрғындары арасындағы көрсеткіштері жайлы айта кетсеңіз.
— Қабылдауыма келгендер арасынан бойы жасына сәйкес өспеген балаларды көрдім. Жастары 30-дан асқанына қарамастан, бойлары аласа. Уақытылы дәрігер қабылдауына жүгінбеген себептен де осындай жағдай орын алған. Оларға бой өсіретін гормондар тағайындадым. Бойына біткен бала жатырында өліп қалатын ана келіп жүгінді. Оны да йодтың тапшылығымен байланыстырып, арнайы дәрі ішуді ұсындым. Алдын алмаған жағдайда, шарананың ми дамуында мәселелер туындауы мүмкін. Себебі, ми дамуы жетіспеушілігі қандағы йод жетіспеушілігімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, адамдардың шынтақ тұсының қарая күстенуі, өкшенің тілімденуі, шаштың түсуі мен үлкен дәреттің кешеуілдеуі де йод жетіспеушілігінің алғашқы белгілері. Мектеп жасындағы балалардың оқу үлгерімі нашар деген шағымдар да жиі айтылды. Ол есте сақтау қабілеті мен мидың жұмыс жасауына тікелей байланысты. Сондықтан бұл да йод жетіспеушілігінің бір әсері. Сайып келгенде, барлық дерттің себебі - халық сауатсыздығының әсерінен деп білемін. Тұрғындар сауатты түрде өз денсаулық қажеттіліктерін өтей білсе, түрлі дерттер саны да көбеймес еді.
— Ем-шара, кеңес беру барысы қалай жүзеге асуда?
— Ем алушыларды қабылдап жатқанымызға бүгін 2-ші күн. Байқағаным, жемсау (зоб) ауруы көп кездесті. Бұл ағзаға йодтың сырттан келмеу себебінен, қалқанша бездің оны өздігінен шығарамын деп үздіксіз жұмыс жасап, ұлғаюы әсерінен туындайтын дерт. Себебі, қалқанша безі-ағзадағы йод шығарушы жалғыз фабрика. Айта кетерлігі, біздер қан мен кіші дәреттегі йодты анықтау анализін Мәскеудегі зертханаға жіберу жағын ұйымдастырып, келісімге отырып, тұрғындарға тегін сараптама жасауға жәрдемдескелі отырмыз. Осыған орай, Инвитро зертханалық орталығынан дәрігер келіп қан қабылдауды жүзеге асыруда. Аталған Инвитро зертханасына ерекше алғыс білдіре кеткеніміз де жөн болар. Бұл сараптама арқылы ағзадағы йод тапшылығы дәрежесі мен оның зардаптарын анықтауға толық мүмкіндік бар.
Ем алушыларды қабылдау барысында, аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы Құдайбергенов мырза да келіп, жұмыс барысымен танысып кетті. Келіп ақ алғысын білдіріп кетті. Бұл мен үшін де аса қуанышты жағдай болды. Әкімнің бұл әрекеті оның парасаттылығынан хабар бергендей ерекше әсер қалдырды.
— Йод жетіспеушілігінің алдын алу жолдарына берер кеңесіңіз қандай?
— Елімізде, йод тапшылығының алдын алуға байланысты арнайы Заң қабылданған. Заң бойынша, ас тұзын йодтау, йодталған нан, йодталған айран және йодталған су шығару шаралары қарастырылған. Алайда, ауылдық мекендерде аталған өнімдерді тұрғындар өздері даярлайтын болғандықтан, йод элементін жіті қадағалаудан шығарып алып жатады. Халыққа йодталған ас тұзын пайдалануды алғашқы қажеттілік деп білемін, сонымен қатар, арнайы эндокринолог маманының кеңесіне уақытылы жүгініп, йодомарин сынды арнайы тағайындалған дәрілік заттарды тұтынуға кеңес беремін. Жоғарыда аталған өнімдердің йодталу шаралары жалпы профилактикалық шараларға жатқызылса, индивидуалды профилактикалық шараларға жеке дәрілік заттарды сауатты түрде пайдалана білу жатады. Қарапайым тұрмыста да йодомарин дәрісін үзбей қабылдауды әдетке айналдыру қажет. Одан өзге, йод элементі туралы ақпарат алу жағын аудандық ағарту саласында қолданғаны абзал. Қарапайым мектеп қабырғасындағы жазба жұмысына “йод” тақырыбын арқау етсе де артық емес.
— Аудан халқының денсаулығы үшін жасаған шипалы сапарыңыз үшін үлкен алғыс. Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктеріңіз жалғасын тауып, сәттілік серік болсын!
Бижан Ақерке
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі