Азауұлы Доспамбет
(трагедия)
© Нарша Булгакбаев
Доспамбет — Азов қаласының батыры әрі жырауы
Қосай — Доспамбеттің сүйікті ұлы
Қази — Доспамбеттің адал досы
Есай — Доспамбеттің екінші ұлы
Әлидің қызы — Қосай, Есай, Досайдың анасы, Доспамбеттің жары
Гузель — Қосайдың ғашық болып қалған, түріктің қызы
Пашаһ — Басты жауыз кейіпкер
Сұлтан — Осман империясының сұлтаны
1
(дуэль, шымылдық жабулы немесе ашулы, Есай мен Қосай қылыштасып жатады, екеуі де берісетін емес)
Есай: Не болды Қосай, әлгі түріктің қызы маза бермей жатыр ма? (Есай Қосайды жығады)
Қосай: Есай жан, көп сандырақтай берме. (Қосай қайта тұрып Есайды жығады)
Есай: Мені не, білмейді деп ойлайсың ба?
Қосай: Сенде ешқандай дәлел жоқ.
Есай: Өлең дәптеріңді армансыз оқыдым ғой, өлердей ғашық болыпсың ғой.
Қосай: Бауырыңды сатпайтын шығарсың.
Есай: Әзірге ойда жоқ.
Қази: Сөзді қойып шайқасыңдар. А, мінекей, әкелерің, Азаудың қолбасшысы, батыры әрі жырауы, Ер Доспамбет келе жатыр… (ұлдарға қарап) Мені жерге қаратпаңдар!
Доспамбет: Уа Ноғай жұртшылығы. Уа менің сүйікті ұлдарым! (Доспамбет Қазиге таянып) Қази, ерекше құрметіңе алғыс. Қанекей, жалғастыра берсін! (шайқас / дуэль жалғасады)
Қази: Бар өнерлеріңді паш етіңдер! Әкелеріңнің алдында.
Есай: Әке, ертерек келгеніңізде, менің қалай жеңіп жатқанымды көрер едіңіз.
Қосай: Ал қазір жеңісің қайда қашып кетті?
Доспамбет: Артық сөздің қажеті жоқ. Кімнің үстемдігі артып тұрғанын жақсы көріп тұрмын. Менің ізбасарым кім болатынын әуелден білгенмін.
Есай: Мен туралы айтып жатқаныңызға еш күмәнім жоқ. Үмітіңізді ақтаймын әке! Қосай, неге үндемейсің?
Қосай: Мен де дәл солай ойлаймын. Бірақ есіңде болсын Есай, бала өзіне сыншы бола алмайды. Әке балаға сыншы.
Қази: Шайқасты тоқтатыңдар! Бүгінгі жекпе-жекте Қосай басым болды. Әкесінің аузынан түсіп қалған ғой! Өй, жаным сол!
Доспамбет: Әкенің балаға алалығы жоқ. Есай: Шайқасты қай көзіңізбен көрдіңіз Қази Аға! Бірінші ойланып алып сөйлегеніңіз дұрыс болар еді.
Қази: Әкеңнің тұрғаны, әйтпесе…
Доспамбет: Жарайды Қази, сабаңа түс. Маған мұрагер, мирасқор жайында қазірден бастап ойлана беру керек. Бірақ мен өз шешімімді қабылдауға асықпаймын.
Есай: Сонымен…
Доспамбет: Не сонымен? Ертең үлкен жорыққа шығамыз. Енді демалыңдар.
2
(жасырын кездесу)
Қосай: Қас сұлудың өзі еді
Жүзі отқа тимеген
Желке шашы өрілген
Адамзат сірә көрмеген
Қосайдың сүйгені қайда екен?!
Гузель: Асықпаған дұрыс болар, сүйгені деп айтуға.
Қосай: Ешкім көріп қалмасын деп тығылып келдім, сені іздеп, шуағың есімнен кетпей қойды, ұйықтай алмадым сені ойлап, соқыр қылды мені мына махаббат, сенсіз күнім қараңғы бір түнек сияқты. (құшақтайды)
Гузель: Екеуміздің пәк махаббатымызды көріп, бүкіл түріктің қыздары қызғанатын болды ғой. (күліп) Бірақ бір нәрсені ұмытпа, сен мені әлі толық зерттеп біткен жоқсың, сұлу жігіт.
Қосай: Бар тілегім — сені көру,
Тағдырыма жазылды.
Бір көргеннен ұнату,
Жүрегіме жазылды.
Гузель: Момын әрі батылсың, тәуекелшіл өжетсің.
Қосай: Барлық күзет әскерлерінің біреуін шулатпай өтіп, ешкімнің жанын алмадым.
Гузель: Оған қоса ақындығың да бар, махаббат жайлы талмай жырлайтын.
Қосай: Сен де осал емессің ғой.
Гузель: Мені бақытты ете алатын бір ғана мақтаншақ адам бар сияқты… Бірақ есімін таппай тұрмын.
Қосай: Дәл күміс қоңыраудай үнің сенің, әрбір сөзің сыңғырлап тұрады. Қоңыр дауысыңды тыңдаудан мен жалықпаспын. Естімеймін сенің сөзіңнен басқа сөзді, көрмеймін сенің жүзіңнен басқа жүзді. Қуанышты сезінемін сонда ғана, өзіңмен бірге дәйім болсам ғана.
Гузель: Тағы бір Гузель деген ару cаған ұнап қалса оған бүйрек бұрар ма едің?
Қосай: Миллион ару болса да әрине жоқ. Періштелердің өзі біздің махаббатқа қарап тамсанып үйіліп тұр.
Гузель: Сен оны қайдан көріп тұрсың?
Қосай: Себебі, көзбен емес сүйетін,
жүрекпен сүйетін ермін мен. Ойлап сені күнде жүрек алаңдайды, жалғыз жүрек сенсіз қалса қансырайды, мәңгі бірге боламыз деп уәде берсең, күн мен ай, тек бізді ойлап жарқырайды.
Гузель: Қалайша мәңгі бірге боламыз, сұлу жігіт? Сен ноғайсың, мен түріктің қызымын, біз оңайшылықпен қосыла алмаспыз. Жұртымыз жау, еліміз дұшпан.
Қосай: Алаңдама бір жөні болар, әкеңе өзім барсам қайтеді, өзім бәрін түсіндіріп айтамын, сөз түсінетін адам шығар.
Гузель: Ақымақ болма Қосайым, басыңды шауып алады ол, ешкімді аямайды, әкемді көндірудің амалын табармын, тек сен менен үміт үзбе.
Қосай: Асықпайын мен онда, асықпайын. Сен қызғанарсың мені бәлкім, қырық қыз артымнан еріп жүр, бірақ мен сені сатпаймын, ешкімге айырбастамаймын, күтуден сені жалықпаймын.
(қарауыл әскерлердің дауысы)
Гузель: Шу шықпай тұрып қайт енді. Сен де менің көңілімді біраз көтеріп тастадың ғой, өзіңе абай бол.
Қосай: Ендеше не күтіп тұрмын, қайтайын Ноғай еліме, ешкімнен таяқ жемей тұрып (бір көзін қысады).
Гузель: Күзетшілерден сақ бол.
Қосай: Сені бір көріп кетсем болды, ешкімнен қорықпай кете беретін әдетім бар.
Гузель: Рас па?
Қосай: Рас, сенің маған деген көзқарасың, бойымдағы қорқынышты жойып жібереді. Тоқта Гузель, тағы да бір қарашы, енді кете берсең болады.
3
Қази: Доспамбет! Саған өзі осы қалада тұрған ұнай ма, әлде Донға барып көшейік пе? Негізінде, Азов пен Дон әскері біріксе, түріктердің дымы қалмас еді.
Доспамбет: Біздің қала — Азауымыз, қағидаттар мекені болған, сенімді қала негізіміз, дүйім жұрттың иманы болған, діндар мұсылмандары бар, батыры әрі жырауы бар, осылардың арасында, Доспамбет деген халифы бар.
Қази: Қатты мақтадың ғой, бірақ Гусман паша жайлы айтпадың.
Доспамбет: Онда менің шаруам жоқ, түріктерден азат болмай, биліктегілерден ешкімді сүйіп өтпеспін. Алты жыл өтсін Азовты менің ұлдарым басқаратын болады.
Қази: Құдай бұйыртсын, дәл санап есептеп қойдың ба?
Доспамбет: Ұлдарым Азаулының ағасы, ал мен барша Ноғайлардың ханы, әрі биі боламын.
Қази: Жолың болсын. Стамбулда білім алған сенде арман жоқ шығар… Айтшы, Стамбулдан қай жері кем біздің Азовтың?
Доспамбет: Азау қаласы мақтанышымыз емес пе? Дәулетті отбасында дүниеге келдім. Дүниенің өткіншілігін термеледім. Өз өмірімді өзімше топшаладым. Қилы заманда тиыштық жоқ, тәуелсіздікті аңсайсың. Бостандық жолында ерлікпен өлсем өкінбес едім.
Есай: Ерлікпен өлу деген қалай ол сонда, есі ауысқан адам ұқсап жауға бірінші болып жүгіру ме?
Доспамбет: Ерлікті адам тек соғыста ғана танытпайды, отбасында да, бір шаңырақ астында, ерлікке тән мінез көрсетуге болады. Есай есіңде болсын ерлік мінезден.
Есай: Ол сонда қалай?
Доспамбет: Іштей айтатын болсақ ерлік дегеніміз өзіңмен соғыста жеңілмеу, ал сырттай, ерлік дегеніміз жақсы адамдармен дәйім жақсы қарым-қатынас сақтау. Сонда ешнәрсеге өкінбейсің. Жалпы адам ешқашан жасаған ісіне өкінбеуі керек.
Қази: Осы жерде сен қателестің, бұл мұсылманшылық емес қой, күнә қайда? Құдайдан қорқу қайда?
Доспамбет: Мені тыңда Қази, әр адамның тағдыры әртүрлі. Өз басым өмірден өкінбей өтіп келемін, енді Доспамбет үшін Едігенің шөбересі, Мұсаның ұлы, Ер Мамайдың алдында Шаһид кешу ғана қалды, міне сонда, өмірден өкінбей кете беруге болады.
Қази: Ешқашан жасаған ісіңе өкінбе де, жарайды, ол да дұрыс шығар. Ендеше өзіңнің патшаң, биіңнің алдында ерлікпен көз жұмуыңа тілектеспін.
Доспамбет: Қази, есіңде ме, өмір сүрудің өзі қиын болған уақыт, мен енді ғана кіші әскери құрамының қолбасшысы болған кездер. Ноғай атты ұлтымның алдында әлі беделім жоқ, Азаулының отыз үш ағасының бірі ғанамын. Содан кейін тағдырдың жазуымен сені кездестірген уақыт. Өле-өлгенше дос боламыз деп уәде берген, Кіші Ноғайдың негізін салған, Шейдахтың немересі Қазимен жорықта үнемі бірге боламын деп кім ойлаған.
Қази: Қазір бәрі басқаша. Азовтың тізгіні сенде. Сол кездегі билікке деген ұмтылысың қорқынышты еді. Енді қазір Кіші Ноғайлардың қолын бастаған батырсың, жасың әлі отызға жеткен жоқ, әрі жырау, әрі ақынсың. Нағыз ердің бейнесі сенде, хан болуға лайықтысың, би болуға лайықтысың.
Доспамбет: Өрлігім менің өктемдігім, қайсарлығым батырлығым, жөн жосықты білетін кісілігім. Ағамын деп жүргендер жетеді, алайда олардың ішінде, маған ұқсағандары жоқ еді. Жырларымды жаттап жүрген шығарсың, Қази!
Қази: Шығармаларыңның бәрі жорық үстінде түссе қайсыбірін жаттап жүр дейсің. Өзіңнің терең ойлылығыңа сай, бейнелі, айшықты, көркем теңеулер, сырлы суреттер, өрнекті ойлар. Образдар! Не дейін енді басқа?
Доспамбет: Сол да жетеді (күледі)
Қази: Дәл экспрессивті детальдар, алуан түрлі поэтикалық интонациялар, еніп кететін лирика, теңдесі жоқ жауынгердің идеалды портреті, халық сенің толғауларыңды ноғай поэзиясының жауһары дейді. Енді ризасың ба?
Доспамбет: Саған да ризамын, халқыма да ризамын.
Қази: Өткенді еске алайықшы. Недеген ғажап, ағалық дәстүр. Билік пен мансапқа мұрагерлік жолмен емес, керісінше қарым қабілетімен, іскерлігімен, ақылдылығымен, әскери өнерімен көзге түскен адамды ғана Ағалар Хан мен Билер деп сайлайды, міне қыпшақтардың артық тұсы осында, сайлаушылар тек ағалар болған. Бірақ әттең, Ағалық дәстүр моңғол шапқыншылығынан кейін бұзылып, хан мен билер Шыңғысхан ұрпағына тиесілі болып қалды. Ал ағалық шен әскери лауазым болып қалды. Аға сөзі енді паша деген сөзбен алмасты, тарылтып, тарылтып, кейін өзіңнен үлкенге ғана қолданатын сөз болып қалатын шығар. Замана шынымен бұзылды, биліктегілердің бейнесі өзгерді. Доспамбет!
Есай: Туу, Қази Аға! Миды ашытып жібердіңіз ғой, билік пен соғыстан басқа әңгіме неге айтпаймыз осы, мысалы… қорадағы мал туралы?
Қази: Есай! Есіңе кел. Миың одан ашымасын, бұл сендерге сабақ, сендер келешек Азаудың мұрагерлерісіңдер, жауынгер қолбасшы боласыңдар. Мирас қылып қалдырамыз, мынандай ғажап қаланы, Доспамбеттің ұлдарына…
Доспамбет: Тарихқа саяхат жасағаныңа рахмет, осы күнімізге шүкіршілік қылайық. Дүниенің ақыры опат болып тынатынын да ұмытпайық. Қызығы, сайраны мол жастық шақтың аяғы қарттық кеселіне кезігіп, қор шағына кенелерін сезе білейік. Жарқын өмір бір жолата сөнер соңында.
Қази: Бұл мұңды сөздерді менің құлағым қабылдай алмады. Айтшы Доспамбет, осы саған қолбастау қиын ба, әлде шайыр болу қиын ба?
Доспамбет: Мені феодалдар шыңдаған жоқ па. Өзімнің де кейін фоедым көп болды… Сондықтан мен Жер қадірін жақсы білемін. Қолбастау да, шайыр болу да қиын емес маған. Алайда тағдыр тәлкегінен жыраудың өзі де, батыр да, құтыла алмас, сірә да… Жоғалтпаса иманын, еңсесі елдің биік болар. Нұрландырмаса иманын, гармония бұзылып құрып тынар. Мына дүниенің ақыры, шегі бар екенін ескертейін. Адам баласы өз жүрегін өткінші өмірмен алдамасын.
Қази: Күнде көретініміз жорықтан жорық, шаршап кеттім, алайда сенің жырларыңды естігенде шаршағаным жоғалып, күш-қуатым тасып кетеді. Осы сен нағыз батырларға тән әділет пен теңдік үшін күресті керемет сипаттай білесің. Талғампаз жыраусың, өз ойыңды жеткізу үшін ерекше сөздерді өте дәл табасың.
Доспамбет: Бағалағаныңа мың алғыс достым, жауынгерлік пен ерлікті жырламағанда басқа нені жырлайын, а, Қази? Жайығым менің! Бірлікте өмір сүрген, іргесі бүтін, ешкімге бас имеген дербес ел болған заманды аңсаймын. Елдің тыныштығы, бейбітшілік қой қалайтыным.
(Қосай келеді)
Доспамбет: Оралдың ба аман-есен, Қосайжан. (құшақтау) Енді анаңмен қауыш.
Ана: Ақыл-ойың, парасатың әдемі,
Бәрі өзіңе жарасып тұр әдемі.
Тамсандырған таңғажайып әлемің,
Қарсы алдыңнан жол ашатын әдемі.
Куә болдым самғауыңа, мың шүкір!
Куә болды ауыл ел-жұрт, мың шүкір!
Сені күткен асыл, асқақ сезіммен,
Түндерім мен таңдарыма, мың шүкір!
Аз да болса қуаныш қой, мың шүкір!
Айналдың сен қорғаныма, мың шүкір!
Менің ғана ғұмырыма бұйырып,
Менің ұлым болғаныңа, мың шүкір!
(құшақтайды)
Бәрін де аналар сезеді, қасында бола алмаса да. Бәрін де аналар көреді, жанында бола алмаса да. Қырандай аспандап барасың, көкке қарай шарықтап… (Екі жақ бетінен екі рет сүйеді, құшақтайды)
Қосай: Анашым… Не айтарымды да білмеймін қалдым. Сізді қатты сағындым. (құшақтайды) Досай қайда, інім менің?
Есай: Не болды Апа соншама есіркетіп, сол айтқан сөздеріңізге лайықты болып алсын да бірінші!
Ана: Есай! Есіңді жи, бауырың емес пе?
Есай: Есім орнымда. Кешір, бірақ бауырым деп айтуға қимаймын.
(Қосай әкесіне таянады)
Доспамбет: Естілік бойыңа дарып тараған ғой, дарыған ғой. Бүркіттей әуелеп ұштың сен, Құдай солай қалаған ғой. Байыптысың, пайымдысың жақсы ат қой. Жігіт болдың қияпатты, көркем, асқақ, жақсы ат қой. Қасиетің көп, өлшеп жазған, тағдыр дейтін өмір ғой. Бақыт деген есік, құлып, соны үйреніп бұрамақ қой.
Ана: Тәнім жыламас, жаным жылайды қарақтарым. Қайда барсаңдар да, сау қайтыңдар, шырақтарым. Осындай ұлы перзенттерімнің болғанына, қуанамын, мақтанамын, жарқындарым.
Есай: Рахмет анашым, біз үшін босқа алаңдамаңыз. Досай қайда?
Ана: Ол даланың баласы ғой, жасы әлі он үшке де жеткен жоқ, жорыққа шығамын деп қояды.
(Есай шығып кетеді)
Ана: Аналарыңмын, бәріне де разымын. Кешір Алла, болса бізден қателік. Күліп жүріңдер, дәл осылай. Елестемесін қайғы да, қасірет те. Ананың шын бақыты — баласының аман саулығы.
(Доспамбет шығып кетеді)
Қази: Уайымдамаңыз, біз қай жорықтан аман есен қайтпап едік.
Қосай: Алла бізбен бірге Ана, Алла бізбен бірге.
Ана: Жүрегімдесіңдер әрдайым, жүрегімдесіңдер. (Қази мен Қосай кетіп бара жатып)
4
Уәзір: Шегіну керек Сұлтаным, шегіну керек! Бір арғымақ үстіндегі батыр, ешқашан жығылып көрмеген, қылышынан қан тамған, жауырыны қақпақтай, жұдырық иығы тоқпақтай. Өзі… бір қызығы, өлеңдетіп шайқасады екен. Біраз әскерімізді жайпап тастады. Ақын болып сөз бастайды екен, батыр болып қол бастайды екен.
Сұлтан: Кім ол?! Қайдан шыққан бәлекет?! (қылқындырады)
Уәзір: Жүйрік аттың үстіндегі ақын, батырсымақ, Кіші Ноғайдағы ағалардың бірі. Есімі Доспамбет.
Сұлтан: Атын жебемен жығып, өзін қоршауға алыңдар және қолға түсіріңдер.
(мойнын босатады)
Уәзір: Жақсы Сұлтан Ием.
Сұлтан: Басын шауып, табаққа салып, менің алдыма алып келетін бол. Әйтпесе жағдайың өте ауыр болады.
Уәзірі: Түсінікті сұлтаным, әміріңіз орындалады.
5
(шайқас үстінде)
Доспамбет: Арғымақ атымнан айрылдым Қази, арғымақ атымнан!
(жылқының ауыр кісінеуі)
Қази: Өте өкінішті Доспамбет, тек қайғырма. Бізге дәл қазір шегіну қажет, әрі қарай шабудың мағынасы жоқ, түріктердің көмекші қолдары келуі мүмкін.
Доспамбет: Дон казактарынан пайда болмады ма?
Қази: Сату да қазір-ақ, бірігу де қазір-ақ. Білесің ғой, бәріміз де Осман Империясы үшін бір-бір тайпа ғанамыз.
Доспамбет: (жылап отырады, тізерлеп) Ер серігім тұлпарым, ерекше көңіл бөлгенім, баламнан артық көргенім, бұндай тұлпар табылмас, енді қайтып күн көргенім. Жүйрік атым, қайта оралшы. Арғымағым қайта оралшы. (жылау) Аттан жығылдық, енді тек жерді басып соғысатын боламын ба?
(түрегеліп) Бұрынғы Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман қашан келеді?! Еділ мен Жайықтың бойын ел жайлатып өз жерінде еркін жүретін уақыт қашан келеді, Қази!
Қази: Білсем айтар едім… білмеймін ғой, білмеймін.
(Доспамбет айғайлайды)
6
(Қосай кіріп келіп)
Доспамбет: Қыпшақ руын безендірдің ғой, даланың гүлі болған Қосайым менің, Әкең Доспамбет, бостан босқа сені мұрагер санамайды. (құшақтайды)
Қосай: Сонда сіз мені жауынгерлігім үшін ғана жақсы көресіз бе?
Доспамбет: Басқа не үшін жақсы көруім керек? А? (күледі)
Қосай: Есақай ренжіп қалмасын.
Есай: Расымен, ал мен ше?
Доспамбет: Ал сен, менің сүйікті де, әсем ұлым, ренжіме, екінші мұрагерімсің.
Есай: Әйтеуір Досайдан кейінгі үшінші болмағаныма шүкір.
Доспамбет: Құлынды Айғыр қылмас үшін әкелелерің сендердің не істемеді. Арқанмен тартты, бақты, өсірді. Уақыт келді. Ақтаңдар енді менің үмітімді!
Есай: Қосай кеше саған не болды, бабыңда болмадың ба, әлде түріктің қаһарына төзе алмай қалдың ба?
Доспамбет: Қарағым, ондайыңды қой. Соқыр емеспіз қой. Мен сендерді бір-бірін қызғансын деп тәрбиелеп пе едім? Кешегі түріктермен шайқасқан кезде, ұлым Қосай, ержүрек соғысты, жарайсың ұлым менің. Нағыз Ер деуге лайықты, солай емес пе? Ал Есақай, саған әлі… өсу керек, даму керек. Ең бастысы, қызғанбау керек!
Есай: Өсіп болдым әке, жасым он алтыда, қашанғы енді өсе берем, менің де бір үлесім бар шығар сол шайқастан. Сөзіме келетін болсақ, ешқандай қызғаныш жоқ.
Доспамбет: Бірақ жүрегіңде бар. Қосайдан үйренерің көп, мойында! Шайқасудың ешкім білмейтін сырларын Қосай жақсы біледі.
Есай: Оданша ағашпен шайқасқаным артық. Табиғаттың да ешкім білмейтін сырлары көп.
Доспамбет: Ал түріктер де даңқты күресті, шындықты кімнен жасырамыз?!
Қосай: Туған жерді жаулармен таптатуға батылым бармас, менің ең күшті арманым осы Әке. Түріктермен шебер шайқастыңыз, мен бала кезімдегі бұрынғы жорықтарыңызды көре алмадым, бірақ естен кетпестей болғаны анық.
Доспамбет: Иә, түріктерді қалай жеңуді әкелеріңнен артық ешкім білмеген. Ұлдарым, сендер ол шайқастарды көрген жоқсыңдар, бірақ мен, ол шайқастарда, бағыма қарай мәжбүрлі түрде, қырғын өлімді де, сауғалап аққан қанды да көрдім, өте көп жауынгер менің қолымнан қаза тапты... Құдай өзі кешірсін, бірақ жүрегің үйреніп кетеді екен, жеңіс сезімі болса әрине, жеңіліс болса, босқа төгілген қан. Содан соң жеңісі мен жеңілісі аралас болған керемет, баға жетпестей шайқастар болды. Азаулының болашақ мұрагерлері, бұның бәрі сендерге ғибрат.
Есай: Атадан қалған мұраға қиянат жасамаспыз. Халықтың мұрасын ешкімге оңайшылықпен таптатпаспыз. Халықтың мұрасы — Рухани мұра, оны келер ұрпаққа табыстайтын боламыз.
Қосай: Тым бөсіп кеттің пе Есақай, қалай боп кетті?
(Қази кіріп келеді)
Қази: Осы сен көпіріп сөзбен мақтана беруіңді қойсайшы, бар өнеріңді оданша шайқаста неге көрсетпейсің?
Есай: Әлі-ақ көрсетемін! Қайдан атып шықтыңыз?
Доспамбет: Оппозицияның күші мықты Қази, Дон казактары түбінде түріктерді жоймай қоймайды, ал біз ноғайлар осыны пайдалануымыз керек, қашанғы бодан бола береміз, тәуелсіздік түспей ме ырқымызға. Құдайға шүкір әскеріміз жетеді. Дарқан дала көп, сыртқы жау да көп, шұрайлы жерлердің иесі өзіміз болуымыз керек.
Қази: Әскеріміз аздау сияқты, Доспамбет.
Доспамбет: Соған да шүкір де.
Қази: Оппозицияң ертең өзімізге қарсы шығып жүрмесін.
Доспамбет: Осы сәттен бастап Дон казактарына қосыламыз. Түріктерге жойқын соққы береміз. Ал ертеңгі күнге келетін болсақ, асықпайық болжам жасауға. Бір Алла ғана білер, ертең не болатынын.
Қази: Осыған тойымдық қылайық, қайтеміз халықты босқа шулатып.
Доспамбет: Тойымдығы аз боп тұр. Болды, жетер, ұрысқа аттанатын да уақыт келді. Жиналып, дайын болыңдар. Бұл жолы түріктерге қарсы жойқын соққы болайын деп тұр.
Қази: Адам баласында қанағат, нысап деген болған ба өзі? Ноғайлар шын мықты болса, түріктерді ешкімнің көмегінсіз-ақ жеңбей ме ендеше?!
Доспамбет: Сен ноғайларға тіл тигізбе. Өзіңнің де ноғай екеніңді ұмытпа.
Қази: Өз ақылың өзіңе, өз ақылым өзіме.
Доспамбет: Досым да менің, дұшпаным да, батыр деп мені мойындар. Шындығым хан мен билерден жоғары, ақиқат менде, әділдік менде, туралық менде, бұл тағдырдың қалауы ғой, менің осындай болғаным. Өр мінезді өжет ой, иесі екенімді білемін. Көшпенділер дәуірінің, зердесі екенімді білемін. Осыған дейін менің ақылыма сеніп келдің ғой, енді не болды саған, Қази?
Қази: Мақтаншақ жауынгерсің Доспамбет, мақтаншақсың, бірақ өз айтқаныңнан төмен емессің. Сондықтан сеніп келдім.
Доспамбет: Өзім терең ойлымын, өзіме өзім кейде таңғаламын, сырлы теңеулерім өрнекті, көркем ойларым бейнелі, айшықты өлеңдерім рухқа толы.
Қосай: Әке, осылай біздің рухымызды көтерсеңіз, ешбір дұшпанға жығылмаспыз.
Есай: Па шіркін, соғысқаннан басқа қызық қалмады ғой бұл өмірде?! Оның үстіне Доспамбеттей әкеммен.
Қази: Дем алар күн қашан туады екен. Уф… Әкелерің әбден қажытты ғой.
Ана: Аман болыңдар қайда болсаңдар да, сау қайтыңдар қайда барсаңдар да.
Доспамбет: Ертең жорыққа шықпақшымыз. Үлкен оппозициялық күш түріктерге қарсы шабуыл жасамақшы. Біз соларға қосыламыз. Олардан қалмауымыз керек. Дәл уақытында аттануымыз қажет.
7
Гузель: Не үшін шақырдыңыз әке?
Уәзір: Сенен бір ноғайдың жігіті жайлы сұрау үшін.
Гузель: Оны қайдан… (аузын жауып қалады) Мен ешқандай да…
Уәзір: Тшш… Мені білмейді дейсің бе? Мені ақымақ санама, тыңшым бәрін де айтып берді. Сонымен, не дейсің?
Гузель: Батыр десе батыр, ақын десе ақын.
Уәзір: Есімі кім?
Гузель: Мен білмеймін
Уәзір: Қалай білмейсің! Жаныңның барында айт!
Гузель: Қ-қ-қосай.
Уәзір: Оның аты Қосай де.
Гузель: Шын сүйіп қалсам ше әкешім.
Уәзір: Жексұрын болдым де ендеше. Бірақ тоқта… шын сүйсең, оны осында алып кел, екеуіңді қосуға уәде етейін.
Гузель: Шыныменен бе?! Бірақ сізге айтар бір өтінішім бар. Оны осында алып келсем, өлтірмейтініңізге уәде бересіз ғой?
Уәзір: Өлтірмек үшін емес, достық үшін, уәде, оның үстіне Стамбулдың сарайын көріп қонақ болсын.
Гузель: Тамаша, Рахмет әке. Мен бұл хабарды жылдам Қосайға жеткізейін.
Уәзір: Тоқта! Асықпа қызым. Бұл бірінші шарт — менің алдыма келу. Ал енді екінші шарт, оны азғыр, біздің қатарға қос, елін, жерін, халқын, бәрін тастасын.
Гузель: Мен кетейін
Уәзір: Үшінші шарт — маған адал қызмет етсін.
Гузель: Ал ешбіріне көнбесе ше?
Уәзір: Оны бұдан былай, көрмейтін боласың.
8
Гузель: Білесің бе, әкем маған бірнеше шарт қойды.
Қосай: Талаптары орынсыз болмаса болды, махаббат үшін орындаймыз.
Гузель: Біріншіден сен, Стамбул сарайына қонақ болуға, достық мақсатында келуге міндеттісің, әйтпесе мені енді ешқашан көрмейтін боласың.
Қосай: Өте жақсы жаңалық екен, бірақ ең соңғы сөздерің ұнамады. Қонақ бол десе қонақ боламыз, Стамбулға Уәзірдің өзі шақырып тұрса, оның үстіне достық үшін, бұл ғажап қой.
Гузель: Стамбулда жүз қыз келіп жабысса, не істейсің?
Қосай: Қашам
Гузель: Қайда барып тығыласың?
Қосай: Сенің құшағыңа
Гузель: Менің құшағым бос болмаса ше?
Қосай: Қалай сонда, бос сияқты еді ғой.
Гузель: Қалжың ғой
Қосай: Адам солай қалжыңдай ма екен? Сен тыңда. Миллион қыз жүгірсін мені жеуге, бірақ мен кезбе емеспін қорықпа жаным, асықпаймын оларға жем болуға, сен бастысы қызғанбасаң болды жаным.
Гузель: Таңдауы жүрегімнің сен екенсің. Құдайым сені сақтасын, жалған махаббат алдамасын, сезіміміз тек шынайы болсын, өтірік алдаудан аман болсын. Неге бізге нағыз ғашықтықтың символы болмасқа?
Қосай: Болсақ болайық.
Гузель: Әкем маған тағы да бір шарт қойды.
Қосай: Сен мені тағы да қорқытайын дедің.
Гузель: Біздің қатарға қосылуың керек, сонда ғана біздің арамыз ажырамайды екен.
Қосай: Кешір, бірақ сенің әкең қу адам екен.
Гузель: Соңғы шарт. Әкеме адал қызмет ету. Сен бұл талапқа көнермісің?
Қосай: Әкеңнің сонда не ойлағаны бар?! Өй, басым қатып кетті ғой! Қосыл десе қосылайын, бірақ елімді қайтіп сатайын, әкемді қайтіп...
Гузель: Ойлан Қосай, тағы да ойлан, дұрыстап ойлан, махаббат құрбандықты талап етеді.
Қосай: Келістім! Махаббат үшін құрбан қылдым! Елімді де, өзімді де! Әкемді де… (күрсініп, тізерлейді)
Гузель: Қайғырма Қосай, қайғырма.
Махаббат құрбандықты талап етеді. Әйтпесе әкем бермейді мені саған, талабы қатал сондай енді, амал бар ма қайтейін енді.
Қосай: Әкеңнің ойлағаны осы ма…
Құрбан болуға дайынмын, Махаббаттың жолында, Құдайым мені кешіре гөр, Кешірімнің жолында, Қуанышты күндерім, Күтіп тұр деп сенейін алда, Сатқан жоқпын ешкімді де, Елім жерім туысқаным, Анашым әкешім аман бол, Мен өзгердім ендеше, Жүрегім қорықпа дайын бол!
9
Доспамбет: Қосай қайда?
Қази: Мен де таба алмай жүрмін оны бүгін.
Доспамбет: Маңызды ұрыс екенін біле ме өзі?
Есай: Жоқ, жауапсыздық деп осындайды айту керек!
Доспамбет: Қалай білмейді! Түріктерге қарсы соңғы нүкте.
Ана: Қосай осы неге көрінбей кетті, аман болса бопты. Көрмегеніме біраз болды.
Есай: Жоғалды, қызына кеткен шығар.
Доспамбет: Қандай қыз? Қызы несі!
Қази: Қосайдың жоғалғанына расымен көп болды, бір жаққа қарай үнемі жалтарып кетеді, сөйтіп дайындықтан қашып, құтылып жүрді.
Доспамбет: Мұндай маңызды ұрыста Қосайсыз қалай шаппақпыз?
Қази: Иә рас, ертең түнгі лагердегі түріктер әскері әлсіз деп ойламаймын, бірақ бекіністі оңай алуымыз керек.
Доспамбет: Жоқ Қосайсыз аттанған дұрыс болмас.
Қази: Ноғай әскері ертең ұрысқа сенсіз шаппаймыз дейді, Доспамбет!
Доспамбет: Ал мен Қосайсыз шаппаймын.
10
Уәзір: Босатыңдар. Әңгімемді қысқа қайырайын. Еліңді сатасың, қызымды беремін, таңдау сенде.
Қосай: Мен бұл жерге елімді сату үшін емес, қызыңызды алып қашу үшін келдім.
Гузель: Әке өтінемін, оған…
Уәзір: Тыныш! Қосайжан… Сен үшін ең дұрыс шешім, жүрегіңді тыңдау. Бізге қосыл, мен сені әскері көп жасақтың басшысы қыламын.
Қосай: Шыныменен әскері көп пе?
Азаулының мұрагеріне бұл аз болар.
Уәзір: Олай болса құрметті қонақтың құрметіне құрбандық шалайық.
(Гузельге пышақ кезейді)
Қосай: Тоқтаңыз, тоқтаңыз…
Уәзір: Сонымен, не шештің?
Қосай: Келістім… Махаббат үшін келістім. Гузель үшін келістім, босатыңызшы. (Гузельді босатады) Тек сен үшін! (жүгіріп келіп құшақтайды)
Уәзір: Не де болса келістің ғой. Тамаша, бәрекелді, таңғалдырдың, жарайсың!
Қосай: Құрбан қылдым… Елімді де… Өзімді де... Әкемді де... Махаббаттың күші осыншама жойқын болар ма екен?! Қас қағым сәтте, сата салдым. Сұмдық-ай! Бірақ басқа амал бар ма?!
Уәзір: Махаббат жандарыңды жазады. Екеуіңе де құтты болсын. (жауыздықпен күледі)
11
(Шайқас, Доспамбет, Қази, Есай үшеуі жаулардың әскерімен шайқасады. Шайқас біткеннен кейін Доспамбет жалғыз қалады да, бет-аузының бәрін орап алған бір жаудың әскерін көреді. Доспамбет алыстан садақпен бейтаныс бір түрік жауынгеріне жебе қадайды. Барып анықтайтын деп, өлген өлмегенін тексеруге шешім қабылдайды)
Доспамбет: Адасқан жауынгер кімсің сен?! О, Құдайым! О, Тәңірім! (жебені суырып алады) Бұның қалай Қосайжан, мүмкін емес… (тізерлеп)
(Қази мен Есай жетіп келеді)
Қази: Мынау Қосай ғой.
Есай: Бәсе, соңғы кездері біртүрлі боп жүр едің.
(Қази мен Есай Доспамбетті жау әскерінен қорғайды)
Қази: Қайттық Доспамбет. Дон казактары артқа шегінуде, кеттік енді!
Қосай: Әке, мені кешір. Мені жауыздар алдады. Ал мен сорлы алдандым. Мені кешіресің ғой, иә? (өлер сәтінде)
Доспамбет: Әрине ұлым кешіремін, әрине…
Қази: Доспамбет енді өз басымызды сақтауымыз керек!
Есай: Есіңізді жыйыңыз! (қоршауда қалады)
Қази: Кеттік енді!
(қолына ұстап алып, түрегеледі)
Доспамбет: Ұлы-ы-ым..... (айғалайды)
(Доспамбет жан жағына жалтақтап, қолынан Қосайды жібермейді, барлығы қоршауға түседі, Есай мен Қази екі жағынан Доспамбетті қорғайды, көмекке Ноғай әскерлері келеді, аман есен қашып шығады)
12
Қази: Мәскеу мемелектінің шетін шаптық, Азаудың тізгіні сенде, бірақ түріктерден әлі құтылар түріміз жоқ.
(Жерлемес бұрын мәйіттің жанында отырады. Анасы жылап жатады)
Анасы: (жылап) Қосайымнан енді айрылдым, кім жұбатар жанымды. Қазасы батты жаныма, сормаңдай болған ұлым-ай. Кім көңіл айтар алдарқатып, ұлымды маған қайтарып. Жүрегім қайғырып жатыр менің, қайтейін жатыр шырылдатып.
Қази: Сабр етіңіз жеңеше, тағдырдың жазуы ғой, Қосай жастықпен алданды.
Ана: Қаза боларын кім білген, Қази? Қансырамаған сау жерім қалмады. Есім танғанша жылайын, есімнен айырылып танайын. Мен бұлай болады деп ойламадым, тағдыр келіп үміт отын бұзып кетті, келін жоқ, өзі де жоқ, балам қайда? Ажал келіп ана бақытын құртып кетті. Туғаның кеше еді, өлгенің бүгін бе? Аңқау бала Қосайым, ажалды сонша сүйдің бе? Қайғы қасірет әкелді, неге біздің шаңыраққа. Кешірдім сені Қосайым, Ана кешірмей қоя ма? Құдайым! Сен маған арыстан сыйладың. Оны неге қайтып алдың, оны неге қайтарып алдың?
Қази: Расымен абдырап қалдық бәріміз де.
Доспамбет: Бұл кеш әкеңнің қор шағы, анаңның тартар азабы… Өз баласының жанын алып, ақылынан айрылған кезі. Доспамбеттің жүрегінің тоқтайтын кезі. Ұлымның қазасын бір ғасыр ұмытайын десем де ұмыта алмаспын, қанша кешірім іздесем де таба алмаспын, себебі кешірім мен үшін енді жоқ ...
(тізерлейді, маңдайын жерге қояды) Қосайды алып кеткенім, әдейі емес тигізгенім. Армандаған кездерің, үміт болған кездерің. Өз халқыңды сүйіп ең, әділ болған кездерің. Күлімсіреген жүздерің. Танымал болар едің ғой, барлық алты алаш білетін. Бай қуатты болар едің ғой, бар арманың орындалатын. Би болар едің ғой, мақтан тұтар ететін. Хан болар едің ғой, тау тәрізді болатын. Біліп қой Қосай, кек алуға, шақырады, қаның сенің. Туған далаң, елің, бәрі түгел жоқтайтын болады. Қанша сатқын десе де, батыл жолды таңдадың, өлімнің көзіне тік қарадың. Туған жерді таптатпау еді ғой, сенің асыл арманың. Мен ұлымды дұшпандар лагерінде кездестіруді ойлаған жоқ едім. Қосайжан, кешір мені, қаның сенің кек алуға шақыратынын біл, күшімізді сол жолда аямаспыз. Уәде беремін Қосайжан. (түрегеліп) Уәде беремін Қосайжан! Азап жанды күшейтеді, түбінде бақытсыздық жеңіледі. (қайтадан отырады) Дала халқы ұлдарын ұмытпайды, нұрлы жаным. Қасиетті қаның сенің әкең мен халқыңа аса қымбат. Біз кек алу үшін күшімізді аямаймыз! Кек қайтару ғана қалды Қосайжан, кек қайтару. Кінәлінің бәрін табамыз, шайқаста жауды қырамыз, бастарын олардың аламыз, арнап құрбандық шаламыз!
Қази: Қосай жастықпен алданды.
Есай: Ж-о-о-о-қ Ер Қосайларыңыз махаббатқа алданды, махаббатқа… Жақтырмап едім сол қызды, ақыры түрік боп шығыпты ғой, өзі кінәлі, не жыны бар, сол түрік қызға жабысып. Ер деген атыңнан айрылдың Қосай, өкінішті. Осының бәрі Ердің ісі ме?
Доспамбет: Ол қалай сонда? Не қылған түріктің қызы?! Қази, бұл жайлы білесің бе?
Қази: Мен бәрін өте жақсы білемін. Мен сол күні-ақ адамдардан сұрастырып, зерттеп тастағанмын. Сол баяғы дұшпандар тартысы. Түрік уәзірі, әдейі барып азғыр деген екен қызына, сөйтіп қыз Қосайды өзіне қаратып алыпты, Қосай сол қызға алданыпты. Өз әкесіне қарсы шапсын деп сені солай жоймақшы болған екен. Ол уәзірсымақ түріктің, сенің шайқаста батыл, сөзден шебер екеніңді біліп, қатты қызғаныпты. Сөйтіп өз қызы арқылы Қосайды пайдаланғысы келген, ол байғұс махаббатқа алданып, амал жоқ сол қыз үшін бәрін сатып, сөйтіп ноғай мұрагері шамалы уақыт ішінде түрік әскерінің қатарынан шыға келді.
Есай: Түріктің қыздары әдемі болады деп естуші едім. Әй Қосайжан ес жоқ қой, ес жоқ.
Доспамбет: Ол дұшпан кім?! (ашуланып) Кім ол соншама бізбен бұлай манипуляция жасайтын.
Қази: Түрік сұлтанының тапсырмасын орындаған түрік Уәзірі. Сенің шайқасқанда мықты, азулы ақын, жырау екеніңді бұрыннан біледі екен, тіпті кезінде шонжардың баласы болғаныңды да біледі екен, жалпы айтқанда сені құрту басты мұраты болыпты. Бақсымен келісіп махаббат үшін Қосайдың миын айналдырып алған ба, солай әйтеуір.
Есай: Бақсы кімнің миын айналдырыпты?! Қойыңысшы, соған сенесіз бе, Қосайдың өзінің миы айналып қалған. Ақымақ емес пе, түріктің қызының соңынан ерген.
Қази: Жоқ! Бақсы бәрін құртқан, сұлтанның миын айналдырған.
Есай: Жо-жо-жоқ, қыз құртты бәрін, қыз!
Қази: Есақай салғыласпа.
Есай: Дұшпан ішімізден шықты Әке!
Қази: Не айтып тұрсың Есақай, бауырың емес пе?!
Доспамбет: Қойыңдар енді! Қызының кінәсін кешірмеспін. Құдай жазасын берсін! Ал Сұлтанның Уәзірімен әңгіме мүлдем басқаша. Аямағанды аяма!
Қази: Мында келіп кетші қалқам (Есайға)
Есай: Айтар сөзіңіз болса, бәрінің көзінше айтыңыз. Неге үндемейсіз, Қази Аға? Осы айтқаныңыздың бәрін қайдан білесіз? Мәліметтер көктен келді ме?
Қази: Уәзірлер кеңесіне бірнеше рет тыңшы болып қатыстым. Отырыстар мен жиындар ішінен бағанағы айтқан Уәзірді тауып, қысып көріп едім, барлығын жайып салды, сөйтіп өз қызы арқылы Қосайды құртты. Ал Бақсыға келетін болсақ, оның сөзі бойынша, Доспамбет осылай құриды деп Уәзірге уәде берген екен.
Доспамбет: Кімнен кек алып, кімнің басын шабу керек екенін таптық. Жарайсың Қази! Жайрата салмадыңба, сол тұрған жерінде.
Қази: Сол жерде жайрата салайын деп едім, өзіңе қалдырайын дедім, оның үстіне күзетшілері мықты көрінді. Шын айтамын Доспамбет, сәті түспеді, өз жанымнан аса алмадым, кешір мені.
Есай: Сылтау, неге сол жерде бірден о дүниеге аттандырып жібермедіңіз, Қосайға соншалықты жаныңыз ашитын болса.
Қази: Жай сөйле! Басын алайын деп едім, қауіпсіздік сақтау керек болды.
Есай: Қорқақ екенсіз, мен болсам ғой… сондай мүмкіндікті жіберіп, қайақтың қауіпсіздігі. Сол жерде мен болғанда, шіркін…
Қази: Есақай есіңді шығарамын қазір! (ашуланып)
Есай: Айтпақшы, кезек менде, енді менен мәліметтер болсын, біздің халық шулап жатыр — әке үмітін ақтамады, Қосай елін сатқан оңбаған деп бәрі айтып жүр. Қырым мен Ноғай жұртшылығы арасында шу шықты, түрік әскеріне косылған сатқынды қандай әке тәрбиелеген деп. Қосайыңыз атыңызға кір келтірді әкешім. Қырым ханына енді қай бетіңізбен қарамақшысыз?
Доспамбет: Онда сенің шаруаң болмасын. Қосайды азғырғанның басын алып кек аламын, кек алудың жөнін менен артық ешкім білмес. Қази, неге түрің бұзылып кетті?
Қази: Сол жорыққа бармаяқ қойсақ қайтеді, кек алғаннан не өзгереді дейсің?!
Ана: Сендер не айтып тұрсыңдар, қойыңдар енді, жорықтарыңды доғарыңдар! Бітпейтін ұрыс.
Қази: Дұрыс айтасыз, бұл ұрыстан тірі оралуымыз екі талай. Бірақ жарайды! Қайтар ұлыңның кегін! Бірақ біліп қой Доспамбет, күнә өзіңе ғана жазылады, кек алуға мен тек себепкер боламын, артынан өкініп жүрме.
Доспамбет: Кінә емес, күнә емес, бұл әділеттілік. Одан кек алып, басын оның шабамын! Ашуға мен булықсам, жазғырмассың тәңірім! (дұға, қол жаю)
Қази: Құдайға қалдырмадың, бәрін өзің шешкің келеді, ол да дұрыс шығар, ал бәлкім бұрыс шығар. Нағыз әділеттілік кешірімде, бір Аллаға ғана тапсыруда. Доспамбет, тоқта деймін, Доспамбет…
(Барлығы сахнадан кетіп Анасы ғана қалады)
Анасы: Менің ұлымды өлтірген, өзінің туған әкесі. Мұндай сұмдық іске ол қалай ғана барды екен. Көңілім суыды сенен Доспамбет. Мені мұндай күйге қалайша түсірдің.
13
Уәзір: Мынауың өз ұлына садақпен оқ кезеп, жебенің ұшын дәл тигізген, қанпезер Доспамбет емес пе? Енді мені өлтіруге келді, не пайда? Әлде билікке таласқың келе ме? Өз қолыңмен өлтіріп алып, менен кек алғың келеді, менің не жазығым бар сонда?!
Доспамбет: Өйткені сен азғырудың шеберісің. Сені де уәзір дейді-ау
Уәзір: Неге үндемей қалдың? Не үшін келгеніңді ұмытып қалдың ба? Менің еш жазығым жоқ, таңдау жасаған өзіңнің ұлың, сатқын ұлың, сатқын!
(Доспамбет ұмтылып, жерге жығады)
Доспамбет: Сені қалай азаптап өлтіретінім жайлы ойланып қалдым. Менің басымды табаққа салып, алып келуді саған бұйырыпты ғой. Енді керісінше болайын деп тұр. Қазір… Басыңды әдемілеп тұрып кесеміз. Одан кейін Доспамбеттің атынан Сұлтанға сыйлық қылып жібереміз.
(Гузель жүгіріп келеді)
Гузель: Жоқ! Өтінемін. Ғафу етіңіз. Әкемді кешіріңіз.
Доспамбет: (Гузелдің қолын жіппен орап байлап қояды) Бұл жауыз сенің әкең емес, бұл жауыз билік құмар оңбаған. Ұлым Қосайды да, сені де ойыншық қылды. Жалған махаббаттарыңды пайдаланды. Бұның үкімі өлім!
Гузель: Жоқ! (жылайды)
Уәзір: Кек алғаннан не пайда көресің?
Доспамбет: Тұлпарымның кегін аламын. Ұлымның қазасын жуып шаямын.
Гузель: Ж-о-о-о-қ! (теріс қарап, көзін жұмады)
14
Ана: Әйтеуір орладыңдар-ау. Аман есенсіңдер ме? Қазанға ет салайын.
Қази: Ұлыңыздың кегін қайтардық, жеңеше!
Ана: Қуанарымды да, жыларымды да білмеймін.
Доспамбет: Жап аузыңды сатқын, екіжүзді зинақор, бұл үйде қай бетіммен жүрмін деп ұялмайсың ба?! Әлде сенікі қырықтағы дағдарыс па, ұят емес қылық па?
Қази: Доспамбет, не көрінді, жай сөйлесеңші!
Доспамбет: Қосайдың сатқындығын кешірсем де, сенің сатқындығыңды кешіре алмаспын. Барша Ноғай қауымы бізді өсектеп жүр, дәлірек айтқанда сенің бұл пасықтығыңды.
Ана: Түк те түсінігім жоқ.
Доспамбет: Қазір-ақ үйден қуып шығар едім, бірақ жүрегім қарсылық танытады. Енді тек балаларымның анасы ғанасың. Екеумізді енді ешнәрсе байланыстырмайды.
Ана: Сіз қайдан… Рахмет, мың алғыс үйден қуып шықпағаныңызға, бірақ мен күнәсізбін, пиғылым адал, ниетім таза.
Доспамбет: Барып тұрған өтірік, мойындасаңшы! Сенің ой-толғамыңды, өмірлік мақсатыңды, рухани дүниеңді, адамгершілік ұстанымдарыңды, дүниетанымыңды менен артық ешкім білмейді. Сондықтан мені алдай алмайсың.
Ана: Бәрі де рас, алдай алмаймын, кешірілмес күнә жасадым. Рақымшылық жасауыңыз үшін не істеуім керек, не деуім керек?
Доспамбет: Тоқтай тұрыңдар мен бір затымды таппай тұрмын.
Ана: Не зат?
Доспамбет: Сені талай шошытқан зат!
Ана: Астапыралла, ол немене?
Доспамбет: Қамшымды табалар емеспін, қамшымды! (айғалап айту)
Қази: Досеке, Доспамбет, Аймадет сабр етсейші, не болды сонша дүрлігіп?!
Доспамбет: Тоқтаңдар, менің қамшым қайда?!
Есай: Біреу ұрлап алған шығар, алайда қамшы ұрлайтын нәрсе ме?
Қази: Бәлкім ұрыста, бір жерде, түсіп қалған шығар, не көрінді соншама?!
Есай: Қазір мен тауып беремін, үйдің бір бұрышында тығылып жатқан шығар.
Қази: Кек алдық деп қуанып келсек, енді қамшы шықты!
Доспамбет: Арғымағыма оқ тиді… жығылды. Ер Қосайым қаза болды… жоғалды. Әлидің қызы күнәһар болды… жылатты. Енді осы сұмдықтың бәрінен кейін қамшымды жоғалтқаным қалай? Әлде осының бәрі аз болды ма? Ер жігітке лайық қару, ең әуелі қамшы ғой.
Қази: Мәскеу мемелектінің шетін шаптық, Азаудың тізгіні сенде, енді саған не жетпейді?
Есай: Айтты ғой не жетпейтінін.
Қази: Адамға жайлы қоныс, малға жайлы орын болса болды, жетеді сол, бастысы аманбыз, саумыз, баймыз, одан артық не керек? Жаңа қамшыны өзім-ақ тауып беремін.
Доспамбет: Жеңгеніміз осы еді, ұлымның қазасын ұмытқаным осы еді, енді қамшы, абыройымның аманаты. Қамшы жоғалту ұлымды жоғалтқанмен тең, ол жерге қайта баруымыз керек, қайта шабуымыз керек. Солай деп әскерге бұйрық бер!
Қази: Жо-жо-жоқ, ол жерге енді қайтып оралмаймыз. Олар бекіністерін көбейтіп, қаланың сыртындағы әскерлерді жүз есе көбейтіп қойды.
Доспамбет: Ол ұрысқа Қази достым, Есай балам, сендер бармайсыңдар, өте қауіпті. Бұл менің жеке шаруам. Тек қолдайтын жанашыр жандар болса. Үйді өзіңе аманат қылдым Әлидің қызы, бұл жерге енді қайтып ораламын ба, бұл жерді енді қайтіп көремін бе, не болса да қамшымсыз оралмаймын. Кетерімді білемін, құртарын олардың білемін, жарығым менің сөнейін деп тұр, соңғы жорығым сеземін. Білемін ажал келерін. Күнәңді Құдай кешірмес, бірақ басқа амалым жоқ, Досайымды саған аманаттадым, Әлидің қызы!
Ана: Аманатқа қиянат қылмаспын, бірақ мен туралы жаман ойлама, барлығы сен ойлағандай болмаған.
Доспамбет: Болды, ақталсаң, Құдайдың алдына барып ақтал. Ал мен болсам, өз ар-намысым мен қадір-қасиетімді қайтаруға кеттім.
Қази: Сен есіңнен адасқаннан саумысың?! Сен дегеніңе жеттің, кегіңді алдың, енді өзің ажал құшпақпысың, Доспамбет! Ойлан! Сол жерден қамшы оп-оңай табыла қояды деген ертегі ғой…
Доспамбет: Намысың қайда досым-ау? Қашанда ер намысы қамшымен өлшенген. Отбасының қадір-қасиетінің белгісі. Қамшыны жоғалтқаным өз-өзіме сұққан пышақпен тең. Жүрегім сезеді, мен өз қамшымды кешегі Мәскеуге жорық кезінде, дәл сол бекініс маңайында жоғалттым. Немесе қайтар жолда, көлдің әр жағындағы қайыңды орман ішінде қамшымнан айырылып қалдым. Біз мәңгілік достыққа серт бергеннен бастап білесің ғой Қази! Мен қамшысыз ешқашан ұрысқа аттанбайтынымды.
Қази: Ол ұрысқа сені жалғыз жіберіп бізді жын қақты дейсің бе?! Доспамбет қайда, адал досың да сонда.
Есай: Әкем қайда, мен де сонда.
Доспамбет: Азаулының ұлы ноғаймын. Бірақ қамшысыз Доспамбет Азовтың ұлы бола алмайды. Қайтып оралатынымызға сенсеңдер болды. Доспамбет не үшін дүниеге келгенін білесіңдер ме?
Есай: Батыр болып тарихта қалу үшін.
Қази: Жынды болып тарихта қалу үшін.
Доспамбет: Жауап дұрыс емес. Доспамбет соғыспақ үшін туылған, жырламақ үшін жаралған. Сендерді білмеймін, бірақ мен ердің, ардың, ұяттың, намыстың символы болған сүйікті қамшымды сағындым.
Жұбайы: Жүрегім сезеді Уа Тәңірім, аман қылсын жорықтарыңды.
Доспамбет: Жаманның да тілегі қабыл болар. Бірақ сені енді ешқашан кешірмеспін. Айналамда сатқындар қаптайды деп кім ойлаған, қорлықтың бәрін жақындарымнан көрдім.
Ана: Бір қателік, ағаттық кетті, кеш мені.
Доспамбет: Осы үйге қайтып келуді Құдай нәсіп етсе, сені бұл үйден көрмейтін болайын, болды кеттік.
Ана: Қателеспейтін пенде жоқ, тоқта Доспамбет, тоқта.
15
Қази: Астраханьды түріктер қайтарып алды деп естідім. Ол жерде түріктердің әскері басым, әр бұрышы қорғалған. Түріктер қаһарының шегінде тұр.
Доспамбет: Бұл шпионаж жорық, ұмытпа.
Қази: Ешқандай жорық біле білсең, шусыз болмайды.
Доспамбет: Ал менің көңілімде еш қорқыныш та, күмән да жоқ, бастысы алға. Мәскеуден Астраханьға дейін 15 тәулік бойы іздеп келеміз қамшыны. Астрахань маңайындағы шайқасқа қосылып кетпейік. Саған не, бұл жорық қорқыныш туғызып тұр ма, әлде қауіп тудырып тұр ма?
Қази: Қорқыныш бар, қорқынышпен қарау керек әр нарсеге, бастысы қорқыныш пен сақтықты шатастырмау қажет. Мен тіксініп тұрмын, әлде именіп тұрмын ба, біртүрлі сезім.
Доспамбет: Болды, әңгіме таяқ жегізбей тұрғанда, мен қамшымды тауып үлгеруім керек.
(Астрахань Шайқасы басталады, үшеуі бірігіп барлық түрік әскерін талқандайды, Доспамбет алыстан қамшысын танып таяна бастайды)
Қарағайлы орман бойында,
Қамшым қалыпты ойында.
Бүлдіргесі бұлан терісі.
Өрімі туралы білсеңдер,
Екі жас пілдің қайысы.
Алтын шырмауық, жез сабы.
(Қамшыны алып құшақтайды)
(Барлығын өлтірдік дегенде, бір қарсылас жауынгер аман қалады, ұтымды сәтті пайдаланып, Доспамбетке таянып, қылышты мойнына кезеп қалады)
Доспамбет: Менен кейін талай жырау, талай батыр дүниеге келер. Толғауым терең, нәр алсын. Ерлігім мықты, рух алсын. Өкінбеспін ұрпағыма, құнды дүние қалдырсам.
(Есай мен Қази көмектесейін десе, Доспамбетті екі жағынан да түрік әскерлері қоршап алады)
Есай: Қош бол Əке. (оң жақ бұрыштан)
Қази: Қош бол достым. (сол жақ бұрыштан)
Есай мен Қази бірге: Қош бол Азауұлы Доспамбет.
(Доспамбеттің басын шауып жібереді)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі