Өлең, жыр, ақындар

Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабы туралы

Шерхан Мұртазаның қай шығармасын алып қарасақ та, өмірдің ащы шындығы мен автордың жан күйзелісін, сондай-ақ сыни көзқарасын анық байқай аламыз. Жазушы қаламынан туған әрбір шығарма терең мағынасымен және жазылу шеберлігімен ерекшеленіп тұрады. Қаламгер артына өшпейтін із - әдеби мұра қалдырып, оның шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Ш. Мұртазаның ұтқыр ойлы, ұшқыр қаламды жазушы екені сөзсіз.

«Бір кем дүние» шығармасынан автордың өмірден көрген- білген «әттеген-айлары» мен өткен заманға деген өкінішін байқауға болады. Бұл кітап ұлттымыздың, қоғамымыздың өресіз қылықтары мен келеңсіз мінез-құлықтарына деген реніштен туған.

Автордың орақ тілімен орып түсер философиялық ойлары Абай қарасөздерінен кейін халыққа ой салып, өмір мен көңілдің көлеңкелі тұстарын ашуға бағытталды. Жазушы бұл кітапта ой-тұжырымдарын қысқа-нұсқа жеткізіп, жалпылама емес, дәлелді мысалдармен жазған. Философиялық толғамдар  түсінген адамның жүрек түкпіріне жетіп, оқырманды еріксіз ойға батырады.

Шерхан Мұртаза «кем дүние» деп баға берген тақырыптардың бірі - сатқындық. Жазушы кезінде Махамбеттің басын алған да, 1937 жылы Алаш азаматтарына нақақ жала жауып, ұстатып жіберген де, Кенесары ханды сатып кеткен де өзіміздің қазақтар екенін ашына жазады. Олардың өмірлеріне балта шапқан досым деп жақын тартқан, ауылдасым деп ардақтаған адамдары болғанын сатқындықтың нақ белгісі екенін көрсетеді.

Тағы да бір өзекті тақырып- көреалмаушылық. Келтірген мысалдары арқылы автор қазақтың бірін-бірі көре алмай, біреудің арбасы жоғары жылжыса, алдынан кесе көлденең шығып, кедергі болуға тырысатынын жеткізеді. Бұдан бөлек, кітапта әділетсіздік, надандық, ар-ұят, және тағы да басқа тақырыптар қамтылған.

Жарты әлемді жаулаған Шынғыс ханның жерленген жерінің әлі күнге дейін табылмағаны, Кенесары ханның басының  араға қаншама уақыт өтседе елге қайтпағаны, Баласағұн қаласына қазақ пен қырғыздың таласуы секілді оқиғалардың жауабының табылмауына деген өкінішін сынмен жеткізген. Баршамызға белгілі ұлт зиялыларын арқау қыла отырып заман мен адам қателіктерін тере жазған. Сонымен қатар кітапта қазіргі таңдағы ең өзекті болып табылатын тіл мәселесіде кездеседі. Ш. Мұртаза халқымыздың жартысына жуығы ана тілін білмейтініне, білседе сөйлемейтініне, тіпті  дауысқа салғанда 90 пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс бергеніне ұлттық қасиеттің жоқтығы деп баға берген. Расыменде бір кем дүние. Жоқ зор кең дүние.

Шығармадан оқырман ең әуелі өмірді, артынан өзін таниды. Қаламгер кесек сөздермен заман мен қоғамды, адамдарды сынға алып жазады. «Бір кем дүние» кітабын ақиқаттың астары десек болады. Дәл осы себептен де туынды жоғары сұранысқа ие.

Сейдалы Тоғжан 2-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз