Өлең, жыр, ақындар

Театрдағы мәдени кеш

                                                      

Сонау XIII ғасырдан бері ұмытылмай келе жатқан түрік халықтарының ғүлама ойшылы, әулие Насреддин Хожаның есімі қазақ елінде Қожанасыр деген атпен таныс. Қожанасырдың сөз қуаты халықтар арасындағы шекараны бұзып өтіп, оны әлемге танымал етті. Адам бойындағы ойсыздық, табансыздық, сараңдық, озбырлық сияқты нәпсі қасиеттерін әшкере етіп, дәл тауып айтылған қысқа, өтімді, шешен, сөздермен жеткізуі Қожекеңнің дүниетанымдық көзқарастарының хақ ілімі арнасында қалыптасқанын дәлелдейді. Оның рухани-интелектуалдық мағынасы терең әзілдері адамды тек күлдіріп қана қоймай, оның рухани толысуына жәрдем ететін, жақсы мен жаманды ажыратуға тәрбиелейтін баға жетпес ұстаз. Қожекең айтты деген әзілдердің мол болуына әр замандарда өмір сүрген әулиелер де өз үлестерін қосты.

Қазақта Қожанасырды танымайтын адам жоқтың қасы. Қажанасыр бейнесі ауыз әдебиетімізде де ойып орын алады. Әсіресе, оның әзіл әңгімелері, күлдіргі хикаялары бүгінге дейін әсерленіп жеткен. Қазақ ауыз әдебиетінде Қожанасыр есімі  Алдар көсе, Тазша бала сияқты әйгілі кейіпкерлермен қатар жүреді. Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде Қожанасыр хикаялары қазаққа көрші елден келгендігі, оның шаһарда тұрғандығы айтылады.

Бүкіл түркі әлеміне танымал сатирашы туралы нақты мәліметтер жоқ. Сондықтан, Қожанасырдың тұлғалық мінезін, оның әлем әдебиетіндегі орнын зерделеу мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «тарих және география» мамандығының 1 курс магистранттары эдвайзер Қозғамбаева Гүлнар Бестібайқызымен бірге М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өткен белгілі қаламгер Тынымбай Нұрмағанбетовтің "Қожанасыр тірі екен"  атты екі бөлімді музыкалық комедиясына барып қайтты. Қожанасыр жалпы Шығыс елдері, оның ішінде түркі халықтарына ортақ кейіпкер. Ал, спектакльде Қожанасырды сатып пайда таппақ, сенсация жасамақ болған коммерсанттар негізгі рөлді сомдайды. Ортақ бабалары Қожанасырды өз еліне алып кету үшін келген түркі халықтары өкілдерінің өзара дау-дамайы, пікірталасы бейнеленеді.  Қожанасыр түскен ситуациялар – пьеса мен спектакль алға тартатын түп идеяны ашуға бастайды: тарих көшіне ілесе алмай, тілін, дінін жоғалтқан, ділінен айырылған халықтар жер бетінде аз емес. ХХІ ғасыр – жаһандану ғасырына түркі халықтары қалай жетті, болмысы қалай өзгерді? Бұл жолда ол нені тапты, неден ұтылды және бүгінгі түркі әлемінің бет-бейнесі қандай? Көрермен осы бір көкейтесті сауалдарға  жауап таба алады. Жеңіл және әзіл-оспақты мазмұны бар қойылым түріктердің өмір сүретін шындықтарын ашады және болашақта не болатынын ойлауды ұсынады. Спектакльдің басты мақсаты-түркі мемлекеттерін бірлікке, татуласуға шақыру. Спектакль біздің қазіргі өміріміздің әлеуметтік, қоғамдық және саяси аспектілерін қозғайды, оқиғалары күлкі тудыра отырып халқымыздың, жалпы түркі әлемінің бүгінгі ахуалын зерделей білуге, болашағы туралы ойлануға шақырады.

Әзіл - күлкімен астасқан қойылымды магистранттар қызығушылықпен тамашалып,  ерекше әсер алып қайтты. Магистранттар қойылым жоғары деңгейде өтіп, шеберлікпен көрерменге қоғамның барлық мәселелерін жеткізді деген баға берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Т.ғ.к., профессор Қозғамбаева Г.Б.
Тарих факультетінің 1 курс магистранты Мукышева А.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз