Қабанбай кәртейген тұсында ел азаматы келіп көңілін сұрап:
— Сен алмаған жау болмады, сен жүрмеген жер болмады, сенде де арман бар ма екен? — депті.
— Армансыз кісі бола ма екен, арманымды айтып берейін, естіңдер, — деп сөз бастайды.
— Мен он жеті жасымда ат жалын жаңа тартып мінген кезім еді, қырық жігіт жолдас алып қырғыз деген елге бардым да біраз ғана мал алып жөнелдік. Малды айдатып жіберіп, өзім қуғыншы келе ме деп қарауылдап артында қала бердім. Артымнан шаң шықты. Шаңға қарасам, жаңғыз кісі екен бұрын жетіп-ақ қалды. Қарасам, өзім секілді жас жігіт екен. Келе сала найзамен желкемнен түйреп, аттан түсіріп алды.
— Сен Қабанбай ма? — деді
— Қабанбаймын, — дедім.
— Қабанбай болсаң, менімен бірге жүр деді. Амал қанша өзі менен мықтырақ екен, ілесіп жүріп кеттім. Бір үлкен ақ ордаға кірдік. үйде бір жуан сары тоқтап келген әйел отыр екен. Есіктен кіріп келгенде:
— Мына кәпірді неге әкелдің, сол жерге өлтіріп кетсең етті, — деді баласына мені көрсетіп.
— Іштеңе етпес, шеше, — деді де, баласы үйден шығып кетті.
Жаздың күні қаным кеуіп, сусап баратырмын.
— Шешеке, маған бір сусып берсеңіз қайтеді? — деді Қабанбай. Босағада сары таз тұр екен, әлгіге түзге отырды да, мінеки, сусын, — деп әкеп берді, ішерімді де, ішпесімді де білмей тұрдым да, көзімді жұмып сіміріп салдым. Сөйткенше болмай бағанағы жас жігіт те кіріп келді де, қолымнан жетектеп алып бір үйге әкеліп, екі аяқ, екі қолыма шідер салды да, бір әйелге: «сен осыған күтуші боласың» деді. Сол жатқаннан табан төрт ай жаттым. Күнінде бір мезгіл келіп, қал-жайымды сұрап тұрады. Төсек орын даяр, тамақ даяр.
Бір күні бір жерде үлкен той ма, ас па, өзім де білмеймін, бірнеме болып, мұқым халықтың бәрі соған қарай аттанып кетті. Әлгі жігіттің әке-шешесі де кетті. Атқа мінер азаматтың бәрі де кетті. Сөйтіп отырғанда бағанағы жігіт келді. Қолымдағы, аяғымдағы шідерді шешіп, босатты да:
— Я, Қабанбай батыр, екеуіміз күш сынасып көрейік, — деді. Екеуіміз ұстаса кетіп, кіргенде, аяғын керегеге шарт-шарт тигіздім. «Енді кезек — менікі» деп, көтеріп ап көтергенде аяғым шаңыраққа аз-ақ жетпеді, — дейді Қабанбай.
— Я, Қабанбай, мен сені осынша күтіп, сақтап жүргенімді білесің бе? — деді жігіт.
— Қайдан білейін, — деді Қабанбай.
— Білмесең, мінеки, — деп, киімін шешінді.
Жігіт деп жүргені қыз екен. Мен сені әкелгенде, өзіме Құдай қосқан қосақ етуге әкелген едім. «Есің бар да, еліңді тап!» деген, еліңе қайтқың келе ме? — деді. Елін сағынбас ер бола ма, үйірін сағынбас мал бола ма, неге қайтпайын, егер қайтатын шама болса.
Далаға шығып кетіп қыз екі тең әкелді, екі ат әкелді және жүк артуға бір ат әкелді. Теңді бір атқа қостап, екеуіміз екі атқа мініп алып жүріп кеттік. Сол жүргеннен бес күн жүрдік. Қыз:
— Енді бір жерге барып орнығайық, жасырынайық, менің әкемнің аты тұлпардан да кем емес, — деді. Бір таудың қуысына келіп бір үңгірге кіріп жатады. Сонда үш күн жатады. Тау басына шығып қарауылдап көріп тұрады. Үш күн өткен соң:
— Енді бізді алатын жау жоқ, әкем іздеп, күдерін үзді, енді таба алмайды, — деді қыз. Сол жүргеннен жүріп Қабанбай жол бастайды. Елге түстік жер қалады. Бір көлдің басына келіп ат оттатады. Қабанбай қызға бірде:
— Мен — сендік, неқақтай қосылайық, біздің ойнап-күлуіміз қаша ма?» — деді. Қабанбай болмаған соң қыз теңді бұзып, жібек шатырын тігіп, төсегін салып:
— Мен суға түсіп, дәрет алып келе қояйын, сен маған қарама! — дейді. Мұны Қабанбай көңіліне алып, көңіліне келеді. Шатырдың шетін көтеріп жіберіп Қабанбай қараса, қыз судан жаңа ғана шығып келеді екен. Етінің ағы аппақ қардай екен, — деді Қабанбай. Қыз қалпақтай түсті.
«Мынаған не болды» деп жүгіріп барса, қыздың құр ғана өкпесі соғып жатыр екен. Көтеріп алып ары шайқай, бері шайқаса да болмай, қыз өліп қалды. Қызды арулай көмеді. Қыздың шешесінің айтқанындай: «мына кәпірді неге өлтірмедің» дегендей, Қабанбайдың көзі өткір екен, қызға көз тиіп өледі. Қабанбай жас малға тура қарағанда, табанында өліп қалады екен. Мінеки, жігіттер арман деген осы, сол әйел тірі болса, ол екеуімізден бала туса, оның күші менен артық болар еді, артта қалған қазақтың жел жағынан да, ық жағынан да кісі жүрмес еді. Менің арманым — осы, — деді Қабанбай.
Оқуға кеңес береміз:
Қабанбайдың бас қолбасы болып, «Дарабоз» атануы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі