Өлең, жыр, ақындар

2025 жылға дейін мемлекеттік білім гранттарының саны 50 пайызға артады

2025 жылға дейін мемлекеттік білім гранттарының саны 50 пайызға артады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.

«Жоғары білімге кең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына 4 рет өткізіледі. Сондай-ақ шекті балл жинамаған талапкерлер ЖОО-ға шартты түрде ақылы негізде қабылданып, ҰБТ-ны бірінші курс оқып жүріп, қайта тапсыра алады. Сонымен қатар жыл сайын жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі (2019 жылы – 50 901, 2020 жылы – 51 071, 2021 жылы – 56 561 грант, 2022 және 2023 жылы – 73 061 грант) ұлғаяды. Соңғы бес жылда бакалавриатқа мемлекеттік тапсырыс көлемі 31 пайызға өсті. 2025 жылға дейін гранттардың саны 50 пайызға артады. Нәтижесінде кемінде 75 мың жас қазақстандықтар мемлекеттік қолдауға ие болады», - делінген Тамара Дүйсенованың жауабында.

Осы орайда министр жоғары білім беру жүйесінің негізгі міндеті экономика салаларын инновациялық дамыту үшін жоғары білікті мамандар даярлау екендігіне назар аудартады.

Жоғары оқу орындары жұмысының сапасы түлектердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігімен өлшенеді. Ол үшін талапкерлерді сапалы іріктеу қажет. Білікті мамандарды даярлау үшін талапкерлерден белгілі бір біліктілік деңгейі (дағдылар мен қабілеттер) талап етілетіндіктен жоғары оқу орындарына қабылдаудың қолданыстағы ҰБТ механизмі сапалы іріктеуді қамтамасыз етеді», - деді ол.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова конкурстан кейін қалған бос білім беру гранттары ҰБТ нәтижелері бойынша балдары жоғары талапкерлер арасында қайта бөлінетіндігін атап өтеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар