«Он сан орта жүзге ұран болған Олжабай» деседі. Бұл сөзге дәлел боларлық әңгіме айтады.
Бұрынғы қазақтың жорықшыл, жортуылшы болып жүрген күндерінде бірін-бірі танымайтұғын екі жау түзде кездессе, қай бұрын «Олжабайлап» шапқаны жойып, жеңіп алып кете береді екен. Бірінен бірі естіп, құлағы есіткен (естіген) қазақ жауға шапса: «Олжабай, Олжабай!» — деп шабатұғын болыпты.
Қазақ орысқа қарамаған күнде Айдабол ішінде Құлнияз, Бабыр аталған екі ру елдің жылқыларын жау алыпты. Қарап отыра ала ма, тайлы-таяғына шейін қалмай, қуыпты. Сонда жауға шапқанда: «Құлболды! Құлболдылап» шауыпты. Жеткендерін «қызыл көтен» қылып түсіріп, қиратып барады дейді. Қуғыншылардың ішінде Құлнияз ұрпағы, Құнды баласы Байдалы бар екен.
Аты жүйрік болмағандықтан, жігері құм болып, кейінгі қуғыншылардың ішінде келеді екен.
— «Құлболды жолы қызыл-жосыл қан болады!» — дейтұғын, «Олжабай, Олжабай!» — деп, шаба көріңдер! деген соң:
— Олжабай! Олжабай! — десіп шуласыпты.
Сөйтсе, Бабыр ішінде түбі-тегі сарт бір биеші бие сауып жүрген бір құлынды биеге жайдақ міне салып, шапқан екен.
«Олжабай! Олжабайлап» барып, жауды жайратып, қалғаны тырым-тырақай қашып, жұрт жылқысын аман айырып алып қалыпты.
— Жауды түсірген кім? Кім? — дегенде:
— Бір биеші, — делінгеннен: «Биеші» атанып, осы күнде соның ұрпағы: «Биеші балаларымыз!» — деседі. «Тоғайда Апайбері Қазанғап ауылында төртті-бесті үй бармыз!» — дейді.
Қазақ орысқа қарамаған күндерде Ертістің арғы жүзі «Қарағай», «Жақсылық» — дегенмен, жалпақ Сүйіндік жылқысын солай айдады дейді. Жылқышылардың ішінде Шоң, Торайғырдың кенже інісі Қосдәулет бар, Сары деген таптан Ботбай бар, Қаржас, Таластан «Төртқара» атанғанның бір қарасы Жаманқара бар. өзге елдің жылқысы Ертістен әрі өтіп, Қызылтау-Қозғанының жылқылары Ертістің бер жағында жатып қалыпты. Қозған жылқыларын түп көтере жау алыпты. Қостарында арқандаулы тұрған аттарын міне сала жылқышылар қуды дейді. Сонда ішінде қу сақал бір қырқылжың:
— Балалар, «Олжабай! Олжабай!» — деп, шаба көріңдер! — депті. «Олжабайласып», шуласқан соң, жаудан кісі топырлап түсе бастапты, жылқыларын да аман айырып алыпты. Қолға түскен жау кісісін атқа жайдақ мінгізіп, екі аяғын аттың бауырына қоса байлап, жылқымен бірге айдасып қайтыпты. Сонда қолға түскен жау кісісі:
— Сендердің мана бізді қуған көп кісілерің қайда?! — деп қоймайды дейді.
— Осы шіркін не былшылдап отыр? Қос басына бесті- алтылы жылқышымыз. Ел жоқ, күн жоқ, көп кісі бізге қайдан келуші еді?! — десіпті, — ендеше мана біздің көзімізге күннің көзі, жердің жүзі кісіге толып кетті. Біздің батыр-басымыз Наманай, Мендеке батыр еді. Ол «өзінің өз болғалы, көйлегі бөз болғалы» бетін бұрып, тайсалып, жаудан қашқаны-ақ осы шығар! Ол қашқан соң, өзгемізде не үрей қалсын?! Жан тәтті ғой! Қайсың ұрып жығып, мені байлап алдыңдар? «Етімізге нәпіз етпесін (итмесін)!» — деп, өзіміз аттан құлап, топылдап түсе бердік. Мына отырған сендерге бұл жылқыдан бір тал қыл да бұйырмайтын еді! — депті.
Осы сөздер сол замандағы талайдың аузында әңгіме болып жүрген сөз ғой. Көктен маған Жебірейіл келіп айтып отыр дейсіңдер ме?! «Құлағының тесігі бар, қеудесінің есігі бар» құма құлақ шалдар сөйлеп, сонан бірден бірге қалып, әңгіме болып, жеті атаға келген. Міне, мен сөйлеп отырмын. «Он сан орта жүзге ұран болған Олжабай» батырдың немересі Арыстанбай жігіт күнінде қасында екі жолдасы бар жоғарғы қаракесек: қарсұн-керней, қояншы-тағай жағында жорықта жүрсе, елсізде бір бес кісі жау жолығыпты. Сонда бұл Арыстанбайлар «Олжабайлап» шауыпты. Ана бесеуі де «Олжабайлап» шауыпты. Ертеңнен кешке дейін соғысып, бірін-бірі ала алмай, аттары болдырған соң, титығы құрып, аттарынан түсіп: «Бір-бірімізге қастық ойламасқа!» — деп, қоржындарынан алып, малта тас түсіріпті. Олай қылғаныи елдескендігіне сенімді уәделері екен.
— Танысып, білісейік! — десіп жөн сұрасыпты.
— Біз — Айдабол, Күліктің Айдаболы. Әкемнің аты — Дулат, өз атым — Арыстанбай, Дулат әкесі — батыр Олжабай. Мен бабамның аруағын шақырдым. Сендердікі не? Сен неге «Олжабайладың?» — депті. Онда ол айтыпты:
— Жа[с]тықта сол өзің айтып отырған батыр Олжабай бір жорыққа бара жатып, біздің Шор ұлытаудікіне қонады. Ұлытау өзі ұлытау, Кішітаудың ұлытауында туып, атын «ұлытау» қойған екен. Өз заманында өзі ұлытау қандай болса, сондай жан болыпты. Дүниенің жүзінде жалғыз-ақ кемшілігі — перзентсіз болыпты. Алған қатыны да өз тұсындағы әйелдің «құлан қарауыл алғары — қиғашы» атаныпты, пұшпағы қанамапты. Олжабай батырға қос тігіп беріп, мандық көрпе жауып, қатыны бір шапанды бас жағына іліпті:
— Мынау әруағыңа байлаған ақтығым. «Ертең киіп [кетсе], көзі бола ма?! Тиіп кетсе, сөзі бола ма?» деп, Олжабай батырдың қойнына кіріп барыпты. — Мен борбайымнан суым сорғалап жүрген жалаң бұт қу емеспін. Абысын-ажынның: «пұшпағы қанамаған, Құдай қаламаған!» — деген сөзін не қылайын?! «ұрыспас ұл, керіспес келін» бола ма? Аузына әлі жетпеген жамандардың: «қубас, шіркін!» — деп, байымды мұңайта бергендігінен, тарығып, зарығып: «мергеннен — сирақ (сырағы), батырдан — сауға» деуші еді ғой! Атың шыққан ер едің: «бір атым оғын аямас!» — деп, әруағыңнан дәметіп келдім, — депті.
— Атым Олжабай болып, ат арқасына мінгелі арам етекке етегімді ашып көрген жан емес едім. «Болатымды боққа суармаспын!» деген антым бар еді. «Жолыма жобалғы болар!» деп, жоламаушы едім. Менде бар болса, сен бір ұл табасың. Атын «Олжабай» қой! — деп, кіндігінен жүндігіне шейін бір сипап жүре беріпті.
Қатын ертеңінде қайта тұра келіпті:
— Қо...ғымен с.іп берген жоқ, қолымен тығып берген жоқ.
Бір бала беріп кетті! — деп, бозқасқа сойып тарқатыпты.
Сонан кідірмей буаз болып, ер ұл тауып, атын: «Олжабай» қойып, сол Олжабайдан туған Ханкелді — мына мен! Мен де сол Олжабайдың лепес баласы Олжабайдан туғам. Сондықтан біз де Олжабайды ұран қылып алғанбыз! — депті.
Міне, бұрынғының әулие екендігі — осы, өз заманындағылар «Олжабай!» деп жүрген, жүріп, қылып жүрген қылығы.
Оқуға кеңес береміз:
Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі