Өтеген далада жүріп, бір күні кешке таман Албан деген елдегі Әжібай деген өзімен қатарлас бір азаматтың үйіне қонуға келсе, Әжібай үйінде жоқ екен. Әжібайдың әйелі Өтегенді қондырып, қонақасыға қой сойып, ішек-қарнын аршып, бас-сирақ үйтіп жүргенде екі тұлым, бір кекілі бар үш-төрт шамасындағы бала қыңқылдап жылай берген соң Өтеген:
— Ей, қызым, жылама, — депті.
Бас үйтіп отырған Әжібайдың әйелі:
— Аты қырық жеті емес, ат ұстар еді, — дейді. Өтеген:
— Ат ұстар болса, бұл шіркін маған бала (күйеу) болсын, — деп маңдайынан сипапты. Өтеген кеткен соң бірнеше күннен кейін Әжібай үйіне келгенде әйелі:
— Әне күні осында Өтеген қонып, біздің Жақсылықты «Маған бала болсын», — деп кетті, — деді.
Содан бірнеше жылдар өткен соң жорықта жүрген Өтегеннің шідері үзіліп қалыпты. Күндіз бір жерде ат отта- тып отырғанда Өтеген Аюсаға айтады:
— Сен мына үзілген шідерді алып Әжібайға баршы. Ұқыпты нәрсе еді, басы артық шідері бар ма екен? — деп Аюсаны жұмсайды. Аюса үзілген шідерді қолына алып Әжібайға барып, Өтегеннің шідер сұратып жібергенін айтыпты. Әжібай үзілген шідерге бір сау шідерді қосып екі шідерді қолына ұстап, тамаша етуші көпшілікке айқайлай айтады:
— Уа, жиылған көп! Мынау екеуміз құда едік. Бұл менен бір шідер сұратып жіберіпті. Мен оған мына шідерді бердім. Бұл шідердің үш бұтағы.— Өтегеннің үш түлік қалың малы, шідердің мына желісі — Өтегеннің әртүрлі кәдесі. Енді мен Өтегеннің қызының қалың малынан құтылдым ба? — деп айқайлапты. Ерігіп отырған көпшілік:
— Әжібай, сен Өтегеннің қалың малы мен барлық кәдесінен құтылдың, — деп (тамашалап) шуласыпты. Аюса екі шідерді де алып Өтегенге келеді. Жорықтан жұрт тарасып, үйлеріне кетеді.
Тағы бірнеше жыл өтіп, қыз бен ұл ержеткен мезгілде Өтеген бір жатқан келсе, аулынан үш-төрт бөтен ерттеулі аттарды көріп, далада жүрген бәйбішесінен:
— Бұл аттар кімдікі, — деп сұрапты. Бәйбішесі:
— Қаңғырма (түзде көп жүргендіктен «қаңғырма» дегені екен), бір басыңа жететін дүние бар ғой. Қайда жүріп қарыздандың, «күйеуміз» — деп келіп отырған елдің аттары, — депті ашуланып.
Өтегеннің «Әжібайдың баласы маған бала болсын» дегені сонда есіне түсіпті де: «Е, Мақпалжанның күйеуі екен ғой», — деп ойланып, бәйбішесіне:
— Сен маған ұрыспа. Қолыңа қап ал да, үш керегенің астында жатқан күйеу балаңды көрші. Мен көрген бала болса, өскен соң бұзылып кетпесе, сенің Мақпалжаныңа лайықты еді. Егер күйеу балаң көңіліңе жақса, менде не дауың бар? — депті.
Өтеген айтқан соң бәйбішесі қолына қап алып, тезек терген әйел болып үш керегенің астында жатқан күйеу баланы көріп: «Қаңғырманың айтқаны рас екен», — деп риза болып, үйіне қайтыпты.
Күйеу бірнеше күн ауыл сыртында жатып, еліне қайтқанда, Іленің өзеніндегі мұздың үстімен жүрсе, мұз ойылып, күйеу бала суға кетіп өліпті. Өтегеннің әйелі: «Қу көзім, жас баланың түбіне жеттің ба?» — деп жылапты.
Күйеу өлген соң, артындағы жеті жасар інісі Жақыпқа қалыңсыз беріпті. Қызды алып барған жеті жасар Жақып ержетіп, жігіт болған соң, Жақып пен Мақпалдан екі ұл туады.
Үлкенінің аты — Есіркеп, кішісінің аты — Мүсіркеп. осы екі бала атқа мінетін болғанда, Әжібай бір күні Жақып пен Мақпалды шақырып алып:
— Бір ауыз қалжыңмен Өтегеннің қарызы менің мойнымда кетіп барады. Мынау екі жиенін ертіп, Мақпал, Жақып, қастарыңа он шақты адам жолдас алып, жүз жылқы, елу түйе айдап барып, көзімнің тірісінде Өтегеннің қарызынан құтқарыңдар! — дейді.
Мақпал мен Жақып Әжібайдың айтқан малдарын айдап, екі ұл мен жолдастарын ертіп, бірқанша күн жол жүріп, Өтегеннің үйіне күндіз келіп түседі. Өтеген үйде жоқ екен. Кешке Өтеген аулына келсе, аулының сыртында ерттеулі аттарды көріп, аттан түспей бәйбішесін шақырып, жай сұрапты. Бәйбіше:
— Келіп отырған Жақыпжан мен Мақпалжан, тағы екі жиен, жолдастарымен. Ана жылқылар мен түйелер—солардың айдап келген малдары, — дейді. Өтеген бұл сөзді естіп, сегіз ұлын шақырып:
— Балаларым, менен туған бала болсаңдар, Әжібайдың тағалы тайларына тимей, өздеріне қайтарыңдар! — депті. Балалары:
— Әке, бұл қызыңыздан қалың мал алмаймыз ба? — десе, Өтеген:
— Әжібай көптің ішінде айқайлап бір шідер өткізді. «үш бұтағы — үш түлік малы, желісі — барлық кәдесі. Құтылдым ба, көпшілік!» — дегенде, көпшілік: «құтылдың», — деді. Сол жетеді, — деп, Әжібайдың бір малына емес, малының жалғыз құлынына тигізбей, неше күн қонақ қылып жіберіпті.
Содан Жақыптар ауылдан шыға бергенде Өтегеннің Базарбай деген ұлы бір айғырды қалап алып қалған екен, әкесіне айтпай. Мұны арада бір-екі жыл өткен соң ғана білген батыр баласына қатты ренжіпті. Содан Базарбай ұрпағы өспей қалған екен. Өтеген балалары ішіндегі азы да осы Базарбай балалары деседі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі