Айтушы қарттар, Хангелді немересі Райымбек үш жаста ат басын алып жүрді, бес жаста өзі ат ұстап мініп, жылқы айдапты. Жеті жасында белгілі бір жігіттің сапында жылқы бағуға жарамды еді.
Райымбектің нағашы атасы Жалайыр Орақ батырдың тұқымынан екен. Райымбек жеті жасқа келгенде нағашы атасы бір көк тай, садақ, айбалта, қылыш, найза, қалқан, сауыт, болат, семсер даярлап алып келіп Хангелді батырға тапсырады. «Мынау менің жиенім Райымбектің жорыққа аттанғанда өзі жігіт болады, көк тайы ат болады, сонда мінетін аты, асынатын құралдары», — деп тапсырды.
Райымбек сол заман көк тайды өзі иеленіп, жүгендеп сол күннен бастап өзі меншіктеп бағуға, күтпекке алды. Тапса, төк тайға биенің сүтін береді, бие сүті табылмаса, ешкі сүтін береді, жетелеп жүріп оттатып, өзі білгенінше көк тайға өнер үйретеді, өзіне «Көкөйнақ» деп ат қойды.
Көкойнаққа берген тапсырма
Бірінші — қарғып секіру; екінші — жат десе жатып, хабар бермей, тұрмау; үшінші — қылышын алысқа көрсетпей тастап, тапқызып алып келу; төртінші — сумен жүзу, өзі жеке мініп те өту; бесінші — төрт атты қатар тұрғызып, өзі мініп тұрып, төрт аттың сауырына төрт аяғын қойып, сол орында рұқсатсыз жерге түспеу; алтыншы — алысқа жатқызып қойып, хабарламай басын көтермеуді тапсырды. Осы білімді Көкойнақ сегіз жасар болғанға дейін үйреніп болды. Райымбек өзі он бес жастан асқанша өзін-өзі садақ тарту, қылыш шабу, атпен ойнау әдістерін де, судан жүзу, атпен жүзу, жеке өзі суға сүңгіп малтып өту әдістерін де толық білді. Қасында жүрген өзі теңді балаларға да үйретіп, мұнымен ілес үйренгені де болды, кейбіреуі ілеспей қалды.
Халық Қараталға жиналып, жорыққа аттануға даярланып жатқанда Райымбек ауылда жоқ еді. Мінуге жарамайтън ақсақ жауыр атымен жұмысқа, жорыққа баруға жарамайтын бірсыпыра қарт адамдармен алыста бағуда еді, Райымбек сол қарттармен бірге Көкойнақты бағу, баптаумен бірге жүр еді. Райымбекке кейбір қарттар айтар еді:
— Ай, балам, қайдағы жоқ сұмдықты шығарып жауға барамын, жау келіп қалды деп зәрені кетіріп болдың ғой, — дер еді. Кейбір қарт:
— Балам, дұшпаңды шауьш келгенде олжа бермей, мені ұмытып кетпе, — дер еді. Бұл сөзге Райымбек:
— Ата, тілектес бол, — дер еді. Бір күндерде Сәді деген қарт елге барып келді. Әлгі келген хабарын «ұлы жүз болып бас қосып Қараталға жиналып, «ақырғы жорығымыз — осы» деп, қайтсек те дұшпаннан кек аламыз, жау қолында кеткен ұл мен қыздарды қайтарып аламыз, мал-мүлікті ала алмаған күнде кеткеннен артық емеспіз», — деп уәде жасап, аттанғалы жатыр деп хабар алып келді.
Бұл сөзді кейбір қарттар Райымбекке айтпалық десті. Сәді қарт:
— Олай емес, мұнан жас кезінде мен қалмаққа аттанамын дегенде, әкесі Хангелді: «батыр Көкөйнағың ат болсын, өзің азамат бол» деді. Биыл ел жорыққа аттанатынын өзі де айтып жүрген, талабын қайтаруға болмайды, — деді (Сөді қарт).
Кейбір қарттар күлкі қылып: «саған жау шауып олжа алып кеп беремін деген соң, барсын деп отырсың ғой» деп күлді. Сәді қарт:
— Ондай ой да, тілек те бар ғой, Райымбек мұнда тұрғанда оны біреулер мал іздемейсің, қаннан-қаперсіз ұйықтайсың, «құланды да жыландай жігіт атады» деген. Райымбек айсыз қараңғы түнде күндізгі қалың шөпке түсіп қалған қамшысын тауып алады. Атпен ойнатып Райымбек сияқты қайсы балалар жүреді? Садақ тартуы, қылыш шабуы, шын бір өзі тендестер түгілі, онан үлкендер де істей алмайды, — деп Сәді қарт та Райымбекке естіп, көріп келген әңгімесін айтты. Сонда Райымбек сол жердегі қарттардың батасын алып,: елге қарай жүріп кетті. Елге келсе, жорықшылар жүріп кеткен. Келіп анасынан жорықшылар қашан кеткенін білді, анасына «мен де жауынгерлердің артынан барамын» деп рұқсат сұрады. Шабуылға баруға жасы келмеген — деді сонда анасы. Сонда Райымбек:
— Жоқ, апа, атамның бұрын айтқан сөзі бар: «Көкөйнақ ат болсын, өзің азамат бол» деген. «Жауға барып өзіңді-өзің байлап бермейтін бол, өзің мен атың бірдей әдісті болып, қайратың толсын» деген. Осы тапсырманың бәрін орындадым, жаумен шайқасуға даярмын, — деп анасына жауап берді. Анасы тоқтамасына көзі жеткен соң, баласының азығын даярлап, рұқсатын берді.
Райымбектің бірінші сапары
Райымбек анасынан рұқсат-батасын алып жорықшылар артынан жүріп кетті. Қару-жарақтарын түгел асынып Райымбек жолға шығып Көкөйнаққа қамшы басып:
Иә, жорықшылардың жолбасшысы — нағашы атам Орақ батыр, өз атам Сырымбет батыр қолдай гөр! Жаудан қайтпасқа серт беремін, жәрдемдеріңізді сіздер бер! — деп өзіне-өзі қайрат беріп келеді.
Атына: «шаршама, шалдықпа, Көкойнақ, сені мен жас жүрек табынды тартпасаң да пірің бар, Қазіреті шерінің дүлдүлі сен де піріңе сыйын!» деп жауын кері кетпес жолменен түн демей, кезекті жерде тамақтанып, ат шалдырып, тоқтамастан жауынгерлер кеткен жолын болжап келеді. Арада қанша бел-белестер қалды, таулар қалды, бірде-бір рет саспай, тоқтамай ұлы сәске болғанда ұлытаудың басына шығып көп жауынгерлердің қарасын көреді. Бұларды көргенде жауды қиратып алғандай қуанышы койнына сыймай шаттанып Көкойнақтың басын бұрып, сансыз қаптаған қалың қолға қарай ат қойып келеді.
Келе жатып тағы Райымбек мынаны ойлайды: «атам Хангелді батыр мені көріп қойса, анам айтқандай, «әлі жассың» деп жауға жібермей қояр ма екен, жауға кіргеңде көп адамның арасымен жүрейін» деп ойлайды.
Сол кезде Райымбек он бестен асқан кезі, 16 жасқа толмаған, көп жауынгердің ортасына кіріп, аралап келсе, өзен бойында көп халық жиналған, өткел іздеп, көзер таба алмай аттарын өлтіріп алғандар бар, ат салып, суға атпен жақындай алмай жатқандар бар. Сол жерде Райымбек өзіне-өзі кеңес беріп, бел шешіп ағыны қатты суға түсуді мақұлдады. Қараса, суға түскен адамдар өз атын өзі атап айқайлап түсіп, шығып жатыр. Жиналып тұрған көпшіліктен рұқсат алып шығып жатыр. Райымбек мұны көріп: «тәуекел, осы суға мен де түсейін» деп, жиналып тұрған көпшіліктен аттан түсіп, қол қусырып: «осы суға мен түссем» деп рұқсат сұрады. Кейбіреулері: «белі қатпаған, әлі шикі жас бала екен, қиындау болар» деді. Көпшілігі: «жас талабын қайтарма» деп рұқсат берді. «Бақытты бол, балам!» деген көптің рұқсатын алып, Көкойнақтың айыл тартпасын қайта тартып, өз атын өзі ұран етіп айқайлап суға түсті. Көкойнақ су бетінде өзін суға батырмас әдісімен судың арғы бетіне шығып, сумен жарға қалай жақындайтынын болжап, қайта өтіп келіп халыққа айқайлап тұрған көп басшы батырларға мынадай тілек қойды:
— Айбалта, қылышымен отыз адам беріңіздер, су таяз, ертеңгі азанда өтеміз, бүгін сарбаздармен өтуге күн кеш болады. Таңда халық дайын болсын, бүгін жайланып жатсын, — деп хабарлады. Мұны естіп көп батырлар өздерінің қостарына қайтып, сұраған отыз адамын берді. Ел жайланып болған соң Райымбек бұл отыз адамға қамыс шыбық орғызып сал етіп, жуандығын құшақ толғандай етіп жалғастырып буғыза берді. Өз мөлшеріне толғанда жігіттерге тапсырды.
Райымбек Көкойнақты ойнатып келіп:
— Ал, жігіттер, маған қамыс пен шыбықтың басынан арқан байлап бер, суға итеріп кіргізе беріңдер, мен ар жақта судың шетіне шығып, мықтап байлап келемін. Жібермей берік ұстаңдар, — деп, Көкөйнақпен суға кірді де кетті. Бір заманда Көкойнақты ойнатып келді де, мына басын жуан терекке байлап қойды.
Райымбек:
— Ал енді батырлар, демалайық, тек қүн шықпай халықты хабарлап, әрбір батырлар өз-өздерінің жауынгерлерін қатарлап сапқа тұрғызып, ретімен судан өтетін болсын. Мына белгіден төмен кетпесін, төрт-бестен қатары көп болмасын. Жігіттерге тапсырды, — мен өзім алда бастап жүремін, — деп. Жігіттер бұл тапсырманы орындауға міндетіне алды. Түнімен Райымбек отыз жігітпен көзер басында болды.
Райымбек көзерді түнімен тексеріп шықты. Таң шыға Райымбек жігіттері мен сансыз жауынгерлерге көзер дайын, сапқа тұруды тапсырды айқайлап.
— Әрбір батырлар өз жауынгерлерімен қатарға сапқа тұрыңдар! — деп Райымбек Көкойнақты ойнатып, көп, сансыз қолды аралап, өз атын өзі атап, «көзер дайын» деп сансыз жауынгерлердің алдына көзермен өзі бастап, ақ найзасын көтеріп, өз атын өзі ұран етіп шақырып алды. Райымбектің артынан сансыз қол шулап, бес адам, онан артық емес, саппен жүріп, аман-есен суға жығылмай, сүрінбей көзерден көпшілік алға қарай өте берді. Судың ағысына қараса, сығылысқан сең жүріп жатыр. Суға батқан ат жоқ, қалай өткенін ел білмей қалды. Көзерден аман өткен соң кейбіреулер былай деп те түсінді: «бұрын-сонды «Райымбек» деген атты батырды көрген де емес, есіткен де емес еді. Бұл кім, адам ба, пері ме, періште ме?» — деп те ойлады. «өзі адам болса, аты бөлек, бұл күндегі жылқыға ұқсамайды. Жүруі құсқа лайық» деп кеңес жасап, таң қалыпты. Көп жауынгер аман өткеннен кейін Ұлы жүздің көп қолбасшысы, батырлары бастарын қосып, бірігіп: «бізді судан бастап өткізген кім, сол адам болса, таныссақ екен» деп сұрады сонда. Райымбекке хабар берді. Райымбек Көкойнақты ойнатып, жиналған Ұлы жүздің көп батырының алдына келіп төрт атты қатар қойып, Көкойнаққа мініп, тақымын бір қағьп қойғанда қатар тұрған төрт аттың сауырына төрт аяғын қойып тұра қалды. өзі ерге шығып тұра кеп тік тұрып, халыққа өзін таныстырып, айқайлап, Ұлы жүздің жиналған көп халқымен, жауынгерлерімен қолбасшы батырларша сөз тастады.
— Мен Ұлы жүздің Албаны, оның ішінде руым — Алжан, Хангелді батырдың немересі, атым Райымбек, — деді. Осы сөзді айтып Көкойнақты ойнатып жерге түсті.
Сонда Ұлы жүздің батырлары Хангелді батырға:
— Батыр-ау, кешеден бері бізге қалай айтпадың, Райымбек сіздің балаңыз екенін, — деді.
Хангелді батырдың батырларға берген жауабы:
— Батырлар, Райымбек көптің баласы, Ұлы жүз үшін туды. Ұлы жүз үшін еңбек етуге тиісті, — деді.
Сонда Ұлы жүздің қолбасшысы, көп батырлары тұрып: «бүгіннен бастап Райымбекті қолбасшы етеміз» деп айқай көтерді. «Осы соғысты бүгіннен бастап Райымбек бастасын!» — деп айқай көтерді. Осы жауынгерлерді бастап алып келе жат-қан батырларды қосқанда ұлы жүзде бір жүз он батыр бар еді Райымбекті қоспағанда. Ол батырлардың кейбіреуінде жүз, кейбіреуінде елу, яки отыздан кем емес екен, көп жауынгерді «сансыз қол» дейді екен...
Хангелді батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр, Ырыскелді батыр, Аралбай батыр, Бердіқожа батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр, Барақ батыр, Бақай батыр, Биеке батыр, Райымбек батыр. Сол уақытта осындай Ұлы жүзде батырлар болған мыналарды бас батыр деп атайды екен, көп батырлардың атын ұмыттық дейді. Жүздік батыр, елулік батыр, отыздық батыр деп атайды екен. Онда да өздерінше тәртіп қатты екен. Бағынушылық, қайта сөз қайырмай, тапсырманы орындауға басы кетсе де, қайтпайды екен.
Осы батырлар бастап Райымбекті бүгіннен бастап қолбасшы етуді қабылдады. Сонда ұлы жүздің көп батырларына тілек қойды:
— Мен әлі жаспын, бұрын соғыста болған жоқпын, соғыс әдісін білмеймін, қайта жұмсасаңыздар мен дайын, — деп жауап күтті. Сонда қолбасшы батырлар:
— Соғыс жағдайын біз айтамыз, мынадай заңдарды біл, — деді. — Бірінші — ол жақтан дұшпандардың жауы келеді. Соғыс қашан басталады, мезгілі көрсетіледі. Сонымен бірге соғыспай, келіс жұмысы тоқталмас.
Екінші — жекпе-жекке адам шығады. Ол шыққан батырлар өз аттарын баяндап ұран айтып шығады, бірден бес ретке дейін, егер екі жақтың бір жағы бес рет жеңілсе, ақыр жеңбесіне көзі жетсе, туын жығып, жеңіліс бітімге келеді. «Жоқ, біріміз қалғанша соғысып, жеңіс аламыз» десе, туын жығып, қолбасшысын өлтіріп, жеңіп алады. Сонда анық жеңген сол болып табылады, — деді батырлар.
Ұлы жүздің қолбасшы батырларының сөзіне түсінгеннен кейін Райымбек:
— Ақыры сіздер мақұлдаған істеріңізге мен разымын, — деді. — Менің ұсыныс тілегім ұран біреу-ақ болсын, кімді ұран етіп алсаңыздар да.
Жекелеп соғыс болмасын. Барлық соғысқа хабаршы болсын, — деп тілегін білдірді.
Ұлы жүздің қолбасшы көп батырлары: «Бүгіннен бастап Райымбек батыр Ұлы жүздің көп жауынгеріне, көп батырларына қолбасшы деп саналсын. Бүгіннен бастап Райымбек батырдың бастауымен соғыс болсын. Райымбек батырдың бастауына қарсы болса, көп ортасында басы алынсын!» — деп айқай көтерді.
«Соғысқа кіргенде ұран біреу-ақ болсын. Ол ұран «Райымбек» деп жауға шапқандар ұрандап кіретін болсын!» — деп Ұлы жүз көп жауынгерлері мен батырлары серт жасады.
Көп жауынгерлер арық ат, бие, байталға мініп, кейбіреуі жабағы тайға ертоқыммен ерттеп келгендер болған болар, сол сарбаздар қыстаққа түскен қалмақтарды шауып алды. Тұлпарын, арық-семіз аттарын мініп, соғысқа түсу кезін, еркек қойын азыққа даярлады, бар жерден соғыс құралдарын түсіріп қамданды, көп жауынгерлер тыныс алып, соғысқа қамданып жатыр.
Енді Түргендегі Қорын ханынан хабар келді.
Осы келе жатқан көп жауынгердің ішінде бұрын, жасында қазақ қолына түсіп қазақ болған қалмақтар бар, қалмақтармен байланысты болып жүрген ниеті бөлек қазақ бар және қалмақтармен байланысты болып жүрген одан басқа да қазақтар бар. Бұлардың бір тобы бастары қосылып, кеңесіп: «Бәрібір қалмақ күшті қазақты жеңеді, одан гөрі Түргендегі Қорын ханына барып хабар берелік, ол бізді сенімді адамы етіп, бұл қазақты жеңген соң әрқайсымызды билеуді мансабына қояды», — деп, баруға бел байлады. Бұлар ел орынға отырғаннан кейін он бір адам, Шаньшқылы Кенжеғұл деген бастап түн қатып жүріп, ешбір жерге тоқталмай, Қорын ханның алдына бастарын ханның аяғына қойып жылап, асығыс келген жұмыстарын баяндады.
Кенжеғұл жол бастап шулап:
— Тақсыр хан, қазақтың көп жауынгері келе жатыр сіздің еліңізді шауып, ордаңызды ойран етіп, мал-мүлкін талап алып, қатын, қызын күңдікке, еркегін құлдыққа аламыз деп. Іленің сығысқан сеңін тоқтатып тастап, көп жауынгерін суды тоқтатып, құрғақпен өткізіп алды. Райымбек деген жас сиқыршы батыры бар екен. «Қорын хан өзі бағынса, ұрыс ашпаймын, көнбесе, таудағысын тау мен тасқа соғып, ойдағысын Іленің суын қаптатып мұз қып қатырамын!» дейді. Тақсыр хан, ерте қамданбасаңыз, өте қауіпті.
Қорын хан мұны естіп, бірінші бас уәзірі бір жағынан жауынгерлерінің қолбасшысы Серке дегенді шақырды.
— Мына иттер нені айтып оттап отыр, сен он бес адам алып барып тексеріп қайт! Бірінші, Іленің мұзы қатты ма екен, қазақтың қолы келгені рас па екен, мұз қатпаса, қайтып өтті екен, Райымбек деген сиқыршы бары рас па екен, соны тез барып тексеріп қайт! — деп бұйрық берді.
Серке Қорын ханның бұйрығын алып, қасына он бес адам алып жүріп кетті. Жол бойы жолыққан қалмақтар көздері жасқа толып Серкеге арыздана шулап: «Қазақтың көптігіне көз жетпейді. Көп жауынгері келіп жылқыны отармен айдап кетті, сиыр, қойды қырып, сойып жеп жатыр. Іленің сықасқан сеңін бұзып барлық жауынгерін құрғаққа өткізіп алады.
Райымбек деген жас сиқыршысы бар екен. «Айтқаныма көнбесе, ойран етемін» дейді.
Серке жерге түсіп, аралап қарады. Мұз қатпаған. Іленің сеңі сықасып жүріп жатыр. Қорын ханның сенімді тұлпар баққан Әжіке деген мініскері бар еді. Сол Серкеге келіп жолығып:
— Тақсыр, мен жасымнан тұлпар бағамын, талай тұлпарды сынап та көрдім, мен мына Райымбек мінген аттай атты көрген емеспін, қанатты құсқа ұқсас. Өзі адам баласынан бір өзгеше барлығы да, оған біткен жүрек әр адамға біте бермейді, суды сеңімен тоқтатып тастап, барлық жауынгерін өткізіп алғаны рас, — деп Серкені сендірді: осы мәселелерді анықтап, қайта жүріп Түргендегі Қорын ханға келіп, көрген білгенін баяңдап өтті.
Қорын хан сонда ашуланып, жендеттерін шақырып алып, қасындағы он бес жолдасын дарға асып, Серкені «сен Райымбекпен тілектес болып келген екенсің, Райымбекті байлап алып келіп, екеуіңді біріктіріп дарға бір-ақ тартамын», — деп Серкені темір торға салып, аузын бекітіп тастады. Қалған жауынгерлердің бастықтарына жарлық берді:
— Өздері бастап, өзіне ажал іздеп келген қазақтарды елге әурелетпе, тез көзін жойыңдар, жорыққа жарайтын бірде-бір адамды қалдырмай қазақ жауынгерлерін ел аралатпай, алдын тосып тұру керек! — деп бұйырды. — Екі күннен қалдырмай алдынан шығамыз, — деді.
Қорынның орталық ханы Секерге жазғаны:
«Тақсыр, бас иеміз, әмірі күшті ханымыз Секер! Сізге қуанышты сәлеммен алдыңызға мына адамды жіберіп отырмын. Қуанышымыздың себебі мынау: мына қазақтарды ажал айдап, көп жауынгерлерімен келіпті. Атсыз, жаяу, құралсыз, қолындағы ұстағаны — бақан, өздері азықсыз, аш келіпті. Сізден тілегім, «ажал айдап келгендерді өлтіріңдер!» деп ашу шақырмаңыз, өз обалы өзіне және айтарым, олжаның ең алды өзіңіздікі және олжа алар адамдарыңызды, олжа қояр жеріңізді даярлаңыз деп жәрдем сұраймыз, өзіміз-ақ ойнап жүріп қызығын көрелік. Хат Қорыннан. Қыстақ Түрген».
Хан Қорын атқа мінуге жараған еркек адамын бірде-бірін қалдырмай соғысқа баруға жарлық беріп, қазақ жауынгерлерінің алдынан шықты. Қазақтың сансыз қолы жауға кіруге даярланып жатқанда, Қорын екі адам қазақ қолбасшыларына елші жіберді. Ол екі адам келіп қазақ қолбасшыларына ханның тапсырмасын баяндады.
— Қорын хан сіздерге жіберді, қырылмай, бастарын олжа қылып, аттарын тастап, жүзден бес адам құлдыққа беріп қайтсын, — деді. — Оған разы болмаса, бірде-бір адамы тірі қалмайды, — деп айтты. — Соған жауап күтеміз, — деді елшілер.
Райымбек батыр екі елшіге жауап берді:
— Елшілер, ханың Қорынға айтып барыңдар, бұрынғы уәдесіз, опасыз елімізді бес рет шапқан атамекен жерімізден кетсін, тез арада алып кеткен ұл, қыздарымызды осымен қайтарсын, алып кеткен малымызды осымен қайтарсын, опасыздық істегені жөнінде адаммен, малмен айыбын тартсын! — деп, Райымбек екеуін атымен қатар тұрғызып қойып, Көкойнақты ойнатып, тақымын қағып қалғанда қабат тұрған екі елшінің атынан қарғып ар жағына түсті. Елшілерге Райымбек батыр:
— Тез барып хандарыңа айт! — деді.
— Тақсыр хан, жарлығыңызды айттық, Райымбек деген жас батыры бар екен, адам баласына бітпеген түрі бар екен. Мінген аты бұл заманның жылқысы емес. Садақ тартқанда, екеуміздің атпен тұрған басымыз одан тең тартып, садақ алысқа түсті. Сол батыры Райымбек сізге айт деп бізге тапсырғаны: «Уәдені бұзып бес рет шапқан, сондағы алып кеткен ұлы мен қыздарымызды, мал мен мүліктерімізді осымен қайтарсын. Оған көнбесе, өзінің өлмесін ойласын!» деді, — [дейді] елшілер. — Және еркімен көшсін деді.
Хан Қорын бұл сөзді естіп ашуланып, жауынгерлеріне:
— Тез жиналыңдар! — деп бақырды. — Менің жарлығымды естідіңдер ме? — деп, өзі ортада тұрып жауынгерлерін жарлық шашып батыра сөйледі.
* * *
Райымбек сол қалмақтар жиылып жатқанда Ұлы жүздің қолбасшы батырларына мынадай мәселе қойды:
— Мына Қорын жауынгерлерін жиып жатыр, нендей мәселе болар екен, осыған мен барайын. Менің жаныма екі адам беріңдер, ол адамдар қалмақ тілін толық білетін болсын. Оларды қалмақ киімін кигізіп, ат-тұрманы қалмақша болсын. Қалмақтың айдары болсын, қара қалпағы баста, әйдері тоқымы болсын, мен өзгермеймін, — деді Райымбек.
Бас батырлар бұл сөзді қабылдап, екі адамды даярлады. Қалмақ тілін білетін, қалмақ үлгісінде, біреуі — Дулат Бүйембай деген.
Райымбек батыр сапар хабаршыға жүрді қасында екі жолдасымен. Сонда Райымбек батырларға мынаны айтты:
— Бізден хабар болмай жауынгер тарамасын және де өз жауынгерлері мен батырлар дайын болып тұрсын. Жол болып басшысы өліп, туы жығылса, жауынгерлерді өз батырлары бастап соғысқа кіріседі, — деп жол тартты батыр.
Райымбек батыр соғысқан Іле бойындағы жауынгерлердің ортасынан итермелеп, қысыла жүріп Қорын ханға жақын жерге жетті. Сонда Қорын хан сөйлеп жатты. Түгін сыртына алып жауынгерлерін боқтап қояды.
Райымбек батыр қасындагы жолдастарынан сұрады: «Қорын не айтып жатыр?» деп. Қасында тұрған Бүйембай ханның сөзін баян етті.
«Мына ажал айдап келген қазақтарды тұрған жерінде қыру керек, бұған аяушылық болмасын! Бұрын қазақты шапқанда алдыңғы олжа — хандікі, екінші олжа — жауынгер басшынікі, үшінші олжа — соғысқа қатысқан жауынгердікі еді. Енді олай емес, кімде-кім тапқанын өзі алсын, адамын құл қылып пайдалана ма, өлтіре ме — әркімнің өз еркінде. Және Райымбек деген жас батыры, өзі сиқыршы екен, соны тірі ұстап бергенге күттірмей тұқымына мәңгіге хандықты беремін. Осы келген қазақтарды бітірген соң, артында қалған еліне барып көнгенін құл етіп, қызын күң етіп аламыз. Олжа мұнан артық бола ма, менің жарлығымды сөзсіз орындау, жалтарғандарға қауып жазасы», — деп хан бақырып жатыр деп Бүйембай баяндады.
Райымбек батыр мына сөзді толық естіген соң, жолдасына:
— Қамданыңдар, қарап тұруға болмайды, енді мен ханның басын шабуға ұмтыламын, сіздер де айқай, ұран қосыңыздар, — деп Көкойнаққа қамшыны басып, өз атын өзі атап, ұран етіп: «Райымбек! Райымбек!» деп айқай салып, ұмтылды. Көкойнақ қатар тұрған көп аттың үстінен секіріп, Қорын ханның қасына жетті, алмас қылышпен ханның басын доптай ұшырды. Қасындағы ту ұстағанның басын алды. Ту жығылды. Қалмақ быт-шыт болып қашуға кірісті. «Райымбек!» деп ұран шақырған басында жалғыз адам болса, енді «Райымбек!» деп ұран шақырушылар көбейіп кетті.
Бұл — ұранды көбейту, бұрын басында қалмаққа түсіп кеткен қазақ балалары және ниеті қазақта болып жүрген қалмақтар да бар. Солармен дауыс көбейген.
Міне, арттағы көп жауынгерлер қалмақтың туы жығылып жатқанын көріп әр батырлар өздерінің жауынгерлерімен соғысқа кірді. Қалмақтар оңтүстіктегі тауға бет ала қашып, босып берді Ағанас пен Секер ханды бет ала. Осы кезде қасындағы жолдастары:
— Батыр, мына жерде «мені өлімнен құтқарған Райымбек батыр» деп зарлап жатыр, — деді. Айтқан жеріне бұрылып барса, темір торда жатқан әлгі Секер екен. Темір тордың аузын алмас қылышпен қағып тастап, босатып алды.
— Мен осы Қорын ханның бас уәзірі едім және жауынгерлерін басқаратын қолбасшысы едім, менің осы халге түсуіме сіздер Іле суынан өтіп келгендеріңізде Қенжеғұл бастап он бір адам барды. «Соғылысқан сеңді тоқтатып, көп жауынгерін Іле суынан өткізіп алды, Райымбек деген батыр бар, өзі сиқыршы», — деп баяндады. — Сол уақытта хан мені жұмсады, барып біліп келуге. Анығын тексеріп, қасыма он бес адам алып Ілеге түстім. Іленің мұзы әлі де қатпаған екен, сықасқан сең жүріп жатыр. Сіздердің жауынгерлеріңіз бірі қалмай арғы бетке тасқын судан аман өтіп алған. Іле суынан, сол Іле бойында отырған халық шулап, арыз болды: «Райымбек деген өзі жас бала батыр бар екен, өзі сиқыршы екен, мінген аты да бұл күнде адамнан бөлек» деп. Ханның жасынан тұлпар баққан сенімді Әжіке деген адам бар еді, ол да анықтады бұл сөзді.
Мен келіп ханға баяндадым көрген, естігендерімді. Хан ашуланып он бес жолдасымды дарға тартып өлтірді. Мені «сен Райымбекпен шарттасып, бірге болмақ болып келгенсің, Райымбекті тірідей ұстап, сен екеуіңді қосақтап дарға бірге тартамын» деп торға салып, мені де осында алып келді. Менің ішім ақ, тілегім дұрыс екен, сізді өлмей тірі көрдім, енді менің өлсем де арманым жоқ. Сізден рахым болса, жолыңызда өлуге серт беремін, қылышыңыздың дүзін қайда салсаңыз да, мен даяр, бірге туған бауырыңыздай болайын», — деп Серке Райымбек батырға ойдағы зарын айтып зарлап, басын иіп тағзым етті.
— Серке, сен бүгіннен тартып менімен бірге тудым деп есепте. Өзіңді Хангелді батырдың баласымын деп сана, сенің атың бұрын Серке болса, ендігі атың Аманжол болсын, қазірден тартып соғыста менімен бірге боласың, бір бүгін емес, кеудеден жан шыққанша бірге боламыз. Екінші, саған қоятын менің сертім бар, маған садақтың оғы тиеді, қылыш шауып, жаудың салмақты қолының зардабынан найзаның ұшы тиеді, сонда менің денемнен қан кетуімен күн мен таң асыра әлсіресем, маған айтқайсың, «қан көп кетті, әлсіредің деме», соғыс біткен жоқ, — деп Райымбек батыр Серкені атпен, қару-жарақпен толық қамтамасыз етіп, астына тұлпар мінгізіп, алмас қылыш, садақ, сауыт кигізіп, қолына найза, басына Қорын ханның «Тас жарған» деген алмас қылышын белге байлап, Серке Райымбек батырдың қасына еріп, жауға шабуға кірісті. Серке бұл халықтың елін, жерін, адамын толық білетін еді.
Хабар күтіп отырған арттағы ұлы жүздің жауынгерлері, көп батыр қолбасшылары қалмақтың көп жауынгерлерінің ыдырап қашқанын көреді, әр батыр өз қарауындағы жауынгерлерін бастап баршынның толық хабарын алып, шабуылға кірісті.
«Ел ортасынан үркеді» деген мақал рас дейді. Жоңғарларға сол күні түннен қалмай хабар жетті. «Қазақтың көз жетпейтін сансыз қолы келіп, Райымбек деген жас бала батыры бар екен, өзі сиқыршы екен, Қорын ханның басын доптай ұшырып, қылышпен шауып, қасқыр қуған қойдай жусатып, қуып қырыпты, қаптаған қол жоқ, шабысып жүрген жауынгер жоқ, әйтеуір Райымбек деген айқайшы ұранды. Көрнеу шабысып жүрген халық жоқ, қазақтың сансыз жауынгері кейін туралап соғысқа да кірген жоқ», — деп хабарлады.
Бұл сөзді естіп көпшілік жоңғар халқы, ауылда қалған қарттары мына мақалды айтып, жолдас болады десті. «Мың асқанға бір тосқан бар» деген, бейбіт, тыныш жатқан қазақты қайта-қайта шауып ұл-қыз, мал-мүліктерін талап, жерінен қуды. Қазақтың Құдай жар болып халқын қорғайтын, халқы үшін бір әулие туған болар».
«Жаудан қашқан құтылады» деген ғой, қой, сиыр байлау болады, жылқы, түйемен кетелі. Ата-анасымен Секер ханның еліне қосылады деп күн-түн демей қой, сиырды тастап, жүре алмайтын мүгедек, кемпір-шалды, көшке ілесе алмайтын ауруларды тастап Жалағаштағы Ағанас хан мен Көкпектегі Секер ханның еліне қарай күн-түн демей жөнелді. Осы сарынмен Жоңғар халқы қашуға кірісті.
Ұлы жүздің барлық батырлары, қолбасшылары бастарын қосып, енді соғысты қалай жүргізу жоспар-үлгісін жасады. Әуелі — Райымбек батыр бастап Түргендегі Қорын ханның ордасын алу, онан кейін күнбатыс шетінен Райымбек батыр, Бақай батыр, Шанышқылы Қожамберді батыр, Барақ батыр, Ердес батыр бастаған және қанша жауынгерлермен күнбатыс шетінен бері қарай қуу. Сатай батыр, ырыскелді батыр, өтеп батыр, Ақбас батыр, Тілеуке батыр қанша жауынгерлермен Алматыны асты, Іле бойын тазалауға кірісті. Хангелді батыр, Аралбай батыр, Қапай батыр, Биеке батыр және қанша батырлар бар, көп жауынгерлермен Сарықамыс шаһарының күнбатыс жағын тазалап шығу міндетін алды, соған қарай жол тартты.
Райымбек батыр Түргендегі Қорын ханның ордасын алып, ол араға өздерінің халсіз жауынгерлерінен адам қалдырып, Алматы, Қастектен өтіп жоңғардың арғы шетінен көп қалмақты түре қуып, әр жерге қалған 3-5 шалдардың басын қосып, қолға түскен мал-мүлікті соларға баққызып, өздерінің жауынгерлеріне бас етіп адам қосып, тез арада Түргенге жетті. Қолға түскен қатын-қыздарды, басқа адамдар мен мал-мүліктерін алып екі айдан асқанда осы күндегі Байсейіт мекеніне келіп бас қосар еді. Бұл жердің иесі Байсейіт деген мықты батыр деп жүрген сарбаз бар еді. Жасы егделеу. Досалы табынан еді өзі.
Райымбек батыр келсе, мұнда бірсыпыра батырлар да келген екен. Сол жерге өлмей, тірі қалғандар үш айда толық: бастарын қосты. Барлығы да жеңіске ие болған, жоңғарлардың қолға түскен адамдарының, малдарының, мүліктерінің есебін алуға адам даярлады.
Ұлы жүздің барлық батырлары мен қолбасшылары соғыс болған жерде өлім болмай қоймайды, әрбір батырларға тапсырды.
Бұрынғы шабындыда қалмақ қолына түсіп кеткен қазақтың ұлдары мен қыздары қойдай жамырап, қозыдай шулап, табысып жатыр. Жас шағында түсіп кеткен ұлдары мен қыздары балалы болған. Солар да қазақ екенін ұмытпаған, танығандары қуанышы қойнына сыймай, шаттанып жатыр, танымағандары да «қазақпын» дегеніне қуанысып, құрметтеп жатыр. Осы жеңіске жетіп, жоғалғандары үйіріне қосылғанына Ұлы жүздің батырлары мен қолбасшылары үлкен той жасауды қолға алып, әр батырдың жауынгерлеріне қанша малдан берілуін белгілеп мөре-сәре той болды. Осы шабыста қазақ қолына өз елдерінде батыр атағын алған көп жігіттер тірідей қолға түсті. Бұларды өздерінің қалауына берді. «Қай батырмен, болмаса қайсы сарбазға бауыр болуына өзі ерікті» деп Райымбек батыр айқайлап жариялады. Көпшілік бұл сөзді мақұл көріп, қолдады.
Сонда тұрып қазақ болған бір батыр мынадай бір әңгіме айтты.
— Менің атым — Арыстан. Бұл атты әкем қойған ат емес, Қорын ханның қойған аты, — деп. — Бұл атты маған қою себебі, мен ешкімнен қорықпаймын және де аянбаймын. Бұйырған жұмысын мезгілінен бұрын орындаймын. Сол себепті маған «Арыстан» деп ат қойған еді.
Менің өлмей, тірі сіздерге беріліп, қолға түсу себебім, мына кісінің бұрынғы аты Серке еді. Қазіргі аты Аманжол болған екен, Райымбек батырдың бауыры бізге басшы болған. Мұның басқаруы, істеген жүмысында ешбір кемшілік болған емес. Қарауындағы жауынгерлерге ізет, құрметі Қорын ханнан артық еді. Қорын кейбірде: «осының ақылыменен істе» деп айтқан күндері болды.
Міне, хан бізге тапсырма берді: «Райымбек батырды тірі ұстап берген адамның тұқым-тұқымына хандықты тапсырамын. Ол Райымбек өз атын өзі атап жауға соғысқа кіреді. Соғысқа қарасаң, соғысып жүргендер бәрі де «Райымбек!» деп ұрандап айқасады, шабысады. Оны көзім көрді. Оның қасиетінен бұрын өзім өлім жазасына бұйырған Серкенің өзі туған бауыры болып кеткен. Міне, сол Серке қазір атақты Райымбек батырдың жолдасы болып отыр».
Қорын хан осылай бұрынғы қолбасшы адамын езгілеп, өлім жазасына бұйырып отыр. Бұл мейірімсіз бетбақтардан не жақсылық күтуге болады, — деп, — мен Райымбек батырдың мейірлі, рақымдысына қызығып және жолдасым Серкемен бірге мына опасыздарға қылыш шауып, ұлы жүздің қолбасшыларына, Райымбек батырға қызмет істеп берейін, кеудемнен жаным шыққанша, сертім — осы, — деді.
* * *
Төле бидің әбден қартайған кезі еді. Бір жағы саулығынан, алдағы шабындыда бір жақсы баласы өлген екен. Ұлы жүздің батырлары, қолбасшылар: «Төле бидің баласы болсын» десіп, сол ұсынысты бірден қабылдады. Бүгіннен бастап Арыстан Төле бидің баласы атанады. Осы сияқты қазақ қолына түскен батырлар туысқан-ағайындар тауып алды, осы жасалған той қуанышты, жақсы өтті.
Осы тойда ұлы жүздің қолбасшылары, жоңғарлардың қолға түскендері Жалағаштағы Ағанас хан мен Көкпектегі Секер ханға барды. Бұл жаққа, артына қарамайтын болды. Бірақ мұнан былай әлі де үш хан бар. Бұлардың үлкені, ел билеу ханы — Секер хан. Енді мұның қарауында екі хан бар. Жалағаштағы Ағанас хан, ол — диқанға бай. Көмірші мен Темірлікте — Арысхан. Бұл соғыс құралын жасап шығарушы, бұл да өте мықты хан.
«Енді Көкпектегі Секер ханды жоймай, бұл жеңіске жатпайды, — десті. — Соның үшін қолға түскен мал-мүлікті үлеске салуға болмайды. Көкпектегі Секер хан бір жайлы болсы», — деп ұйғарды қолбасшы батырлар.
Ұлы жүздің қолбасшы батырлары кеңесіп, ортасынан алыстағы елге барып қайтуға Дулат Бүйембайды даярлады. Бір қанша жауынгерді алып, қасына сенімді адамдар қосып елдегілерге ауылдан шыққаннан бастап бүгінге дейін қандай жұмыстарды толық айтып, халыққа қуаньшты хабарды толық жеткізеді. Бұл батырлар оған сеніп, оны жүргізуге даярлады. Бірінші рет Төле биден «үлкен балаңыз тірілді» деп, «аты — Арыстан» деп сүйінші сұрап, сонымен бірге соғыста шейіт болғандарды естеріне түсіріп көңіл айту, бұрынғы шабында қолға түскендердің бірқаншасы қайтып, ұл-қыздардың елге қосылуы жайлы тапсырды Бүйембайға. Қанша мал-мүлікпен елге сәлемдемесін алып Бүйембай елге тартты. Қалған ел қолбасшы батырлар өздерінше кеңес жасап, Секер ханға жол тартты.
Көп батырларға Райымбек батыр:
— Осы топта Секер ханды алмасаң, күш бермейді, кейін қатты даярланып алады, алдымен Секер ханның ордасына жету үшін Көкпектіні басып өту керек. Жол жалғыз аяқ, екі жағындағы ұлытау басында қойған қарауылы бар. Алдымен ол қарауылдарды қолға түсіру керек. Сонда ғана Көкпектегі Секер ханның ордасына жетеміз. Сондықтан мен жиырма адаммен Күнбатыс жақтағы таудағы қарауылына барайын. Күншығыстағы тау басындағы қарауылға қасына жиырма адам алып Сатай батыр барсын. Бұлардың көпшілігі қалмақша тіл білетін болсын, қалмақ түрімен киініп, айдарын тағып, ер- тоқымы мен қалпағы ұнасымды болсын. Менің жанымда Аманжол болсын, Бақай батырдың жанында Арыстан болсын, серігі бүгін түнде орындап, күндіз қозы түсте осы орында болуға серт болсын, — деді Райымбек батыр.
Райымбек батыр қасында Аманжол бар, бірқанша батыр жауынгерлер бар, жиырма адамды қалмақ нобайында жабдықтап, қалмақ тілін білетіндерді алып, күн батыстағы тау басындағы қарауылдарға баруға жолға шықты.
Күншығыстағы тау басындағы қарауылға қасында Арыстан бар, қанша батыр жауынгерлерді алып жиырма адам мен Бақай батыр жол тартты, барлық жауынгерлерді қалмақ үлгісімен жабдықтап, қалмақша тіл білетіндерді алды. уәде — ертең Қозы таста болуға.
Жорықшы батырлар осы тапсырманы алып, сапарға шықты. Бұлар бір-біріне байланысты жасап тұруға ортақ адамдар болды. Тау басына шықты. Қараңғы түнде бұл қарауылшыларға айқайламақ болып уәде жасады. Райымбек батыр алдымен Аманжолды қасына алып, басқа жолдастарын артқа жүргізіп, қарауылшының кезекте тұрғаны бұларды көріп, тіл қатты. Бұл күзетшілерге Аманжол өз тілімен жауап берді: «Сіздерге жәрдем беруге келе жатырмыз» деп. Сол кезде аттағылар қалмақша өлең айтып, сырнайларын тартып, бұлар да жетті.
Бұл күзетші қуанғаннан ұйқыда жатқандарды да оятуға дегбір таппады. Бұларды жатқан орындарынан тұрғызбай:
— Сіздер өз жандарыңа жандарың ашыса, сөзсіз бағыныңыздар, болмаса түгел қырыласыздар, — деп Аманжол бұларға түсіндірді. Жатқан қарауылдың бастығы Аманжолды танып:
— Серке, осы тірі екенсің ғой, сіз қайда болсаңыз, мен де бірге боламын, жан сауға, — деп Аманжолдьң аяғына басын қойып жылады. Осы жерде сөзсіз барлық қарауылшылар қолға түсті. Бұлар Райымбек батырға өздерінше кішілік жасап, бағынды. Қырық шамасында адамды толық алып, мұның ішінен әлгі қарауылшының бастығы Байсерке:
— Мына адамдардың ішінде түбі-ниеті түзелмейтіндер бар, — деді. Бұл адамдардың орнына жаңалап адамдар қойып, қолға түскендерді алып қайтты. Бақай бауырындағы қатынасы арқылы хабар алды. Бұлар да отыз адамды тірідей қолға түсіріп, көп адам алып қайтты. Көнбегенінің басын алып, орындарына қарауылға адамдар қойып, бұл Бақай батыр да мезгілді уақыттан қалмай, Қозытаста ұлы жүз көп жауынгерлерімен батырлардың алдына келді. Райымбек батыр мен Бақай батыр көп табыспенен келіп қосылды қанша соғыс құралдармен. Ұлы жүздің жауынгерлері мен қолбасшы батырлары қатты қуанышта болып, Райымбек батыр мен Бақай батырға ұлы жүз атынан мәңгілік рахметін айтып, өздерінше «даңқы зор атақты батыр» деген атақ берді.
Енді көп батырлар кеңесіп, Секер ханға жол тартуға қам жасады. Қолбасшы Райымбек батыр мынадай тапсырма айтты:
— Енді, — деді Райымбек батыр, — Секер хаңды аламыз. Ордасын бұзамыз. Оған себеп — бізге енді жауынгерлерді үшке бөлу керек. Күнбатыс жақ Шілік суын өрлетіп Бақай батыр бастағандарды Суықтоғай айланып Көкпекке келіп қосылу. Күншығыс жақтан Шанышқылы Бердіқожа батыр, Ердес батыр, Тілеуке батырлар, бұл жаққа Сарықамыс басып, екі Бұғытыны айналып Көкпектіде, Секер ханның ордасында кездесетін болсын!
Ұлы жүздің бұрынғы қолбасшысы қарт батырлары мені жанына алсын, Көкпектің өзенімен жүріп Секер ханның ордасына кіреміз. Қарттар айтады: «қорыққан жау алмайды» деп. Жоңғардың алдыңғы беті тойтарылды. Дегенмен, әлі ерте. Енді өзіміз қорықпасақ, ендігі жауды алу онша қиынға түсе қоймас, — деді Райымбек батыр. Сарбаздарын, қосшыларын ширата түсті, — сақтық керек , — деді.
— Мына алдағы Қорын ханның ордасын бұзып, елін шапқанда мына Барақ батырдың алдынан атысып оғымен, шабысып қылышымен бес жүздей жоңғардан адам өлген, «Серіктің асуында» аш-жалаңаш, бұралқылар үсіп өлген әр жерде, «қаш- қан жауға қатын ер» деп бұрынғы қарттар айтады. Қатын, бала кінәлі емес, қазақты атамекен жерінен көшіріп, мезгілсіз шабуыл жасаған жоңғардың ханы мен байлары. Енді мұнан былай батырлар қатын-баланы сақтау керек, — деді Райымбек.
Сонда қолға түскен Байсерке деген Секер хан жайында айтты.
— Секер хан өзінше мықты хан, ордасы берік, оқ-дәрі соғады, құралы көп. Осы Түргендегі Қорын хан, Жалағаштағы ата-анасы, Көмірші, Темірлікте — Арыс хан осы Секер ханға бағынышты (көмірші). Темірліктегі Арыс хан соғыс құралын жасап шығарады. Секер ханның Барақ деген батыры бар, атақты жауынгер.
«Қазақты тоқыратып, өзім-ақ шауып аламын, бірінші әбиір- ді өзім аламын», — деп ойлаған Қорын хан. Екінші, «олжаға жекелеп қарық боламын» деп те ойлады. Жоқ, мұның ойы қараң қалды. Осы Қорын ханның елінен Секер ханға қашып барғандар ханның аяғын құшақтап, жылап зарлады. Біз Қорын ханның ақымақтығы деп осыны айтамыз.
Ханға жылап барғандар мынадай арыз, армандар айтты:
— Алматыдан айырылдық — алмасы бар жүректей,
Балдырғаны білектей, Түргенді тартып
Мұны алды, өзені — төлді үліктей.
Райымбек тұрғанда ешкімді қоймас,
Жоңғардың түгел күні өтпей.
«Райымбек батырдың дабысы, батырлығы, айлакерлігі көп айтылады. Жүрген жүрісін адам білмейді. Аты мен өзінің өнерін, Райымбек батырдың батырлығы мен айлакерлігіне де сүйінемін, кеудемнен жан шыққанша бұйырған тапсырмасын орындаймын», — деді Байсерке.
Райымбек батыр бастап Көкпектің қысаң сайына жолға шықты. Үшке бөлінген жауынгерлер мен батырлар өзі алған міндетті жұмысымен сапарға шықты. Жолға шығып ұлы жүздің барлық қолбасшыларымен Райымбек батыр ақылдасты.
— Көкпектің ойраны шықты. Мына Секер ханнан алынған хабарға қарағанда, Ағанас хан мен Арыс хан жауынгерлерді көп жинап жатқан көрінеді. Ертең сәскемен халқына, жауынгерлері мен қолбасшы батырларына бұйрық беретін күні екен, қалай да болса сол бас қосқан тобына мен баршы (жаушы) ретінде барып қатынасып, айтқан бұйрығын біліп келуім керек. Сол сапарға бару үшін он бес адам даярлану керек. Бестен үш бөлек болып жүру тиісті. Бес адам алдағы сапта, менің жанымда болсын, артқы он адам бірінен бірі қатынасып хабар алып тұратын жерде болсын, — деп, он бес адам даярлап алды. — Қалған қарт батырлар бар, әр батыр өз жауынгерлерімен бізден хабар келмейінше орындарында болсын, — деп бұйырды.
Райымек батыр бес адамды қалмақ үлгісінде киіндіріп, жабдықтап, Аманжолды өз жағына алып, басқа адамдар да бірге жүріп, жер қайысқан жиналған халықтың арасынан қыстақта тұрған Секер ханның жанына жақын жерге келді.
Секер хан мұнараның басынан орын алды. Қасында атақты Барақ батыры бар, жер қайысқан халыққа Секер хан мен Барақ батыр жарлық берді.
Сөзінің бастамасында Түргендегі Қорын ханды жамандап сөйледі.
— Қорын анық оңбаған, өзінің жауынгерлерін жөндеп басқара алмай, өзін-өзі опат етті. Онымен қоймай халқын ойран етіп қырғызды, енді өзін-өзі ажалға айдап, келген жаяу шұбап, өзі аштықтан қырылғалы келген қазақтардан жеңіліп отырған, бұл масқарашылық. Енді біздің мына Барақ батырдай дүниеге адам келе бермейді. Барақтың атын естіген қазақ ішкен асын жерге қойып, өз төсегінде жата алмайды. Енді менің жарлығым мынау: мына ажал айдап келген қазақтарды аяушылықтың керегі жоқ болады, ес алдырмай қыру керек болады. Бұл жерде дыбысын шығармай қырып, артындағы еліне барып қызын қатын, қатынын күң етіп, ұлын құл ету керек. Бұл қазақтан атам Қоңтажыдан тартып жеңіліп көрген емес, осы келген жауынгерлерін бастап жүрген бір сиқыршы Райымбек деген бар дейді. Соны өлтірмей, тірі ұстап алып келген адамға тұқым- тұқымына дейін хандықты тапсырамын.
Біздің халық қазақтан батыр болады. Оның дәлелі мынау: бізде соғыс құралын өзіміз жасап шығарамыз. Жылқының тұлпары да бізде, жүз адамға бір-ақ митың жауап береді, жүз шабан атқа бір-ақ тұлпар татиды. Міне, осындай соғыс құралы бар жерде, ұшқан құстай тұлпары бар елде батыр көп болады. Жауға тайға ерін ерттеп, қаруына қарамай найза ұстаған қазақта батыр көп болмақ па? Бұл жарлықты орындамағандар өлім жазасына тапсырылады, — деді Секер хан.
Райымбек батырға қасындағы қалмақ тілін білетін батыр: түсіндірді. Секер ханның халқына және жауынгерлер мен батырларына берген жарлығын бастан-аяқ түсіндірді.
Райымбек батыр бұл ханның жарлығын толық түсінгеннен кейін жолдастарына айтты:
— Ендеше, менің де жарлығымды орындаңдар. Енді қарап тұру болмайды. Төртеуің қатар тұрыңдар, мен анау мұнараның басында тұрған Секер хан мен Барақ батырын көздеп садақ тартамын. Сонан кейін «Райымбек!» деп ұрандап, қылышпен жауап беріңіздер, — деп.
Райымбек батыр аттарды қатар қойып, мұнарада тұрған Секер хан мен Барақ батырды көздеп: «Нағашы атам орақ батыр, өз бабам Сырымбет, Хангелді батырлар қолдай гөр!» — деп садақты бар күшімен тартқанда Барақтың садағының оқ мойнын жұлып өтіп, Секер ханның оң иығын қақыратып жіберді. Сол заманда Райымбек ұран шақырып, жалаң қылышпен кірісті. Райымбек батыр Көкойнақты ойнатып, атын қарғытып, ту ұстаған батырдың басын алмас қылышпен алмадай ұшырды. «Райымбек! Райымбек!» деген ұран көбейді.
Сонда Секер хан өлмей қалып, жауынгерлеріне жарлық берді. «Қазақ қолына түспесін, соғыс құралдары: оқ дәрі, өрт қойыңдар!» — деп жарлық берді. Сол жарлықты орындап, қоймаға өрт қойып жіберді. Бүткіл қойма өртеніп, оқ-дәрі атылып, жол қопарылып, атылған оқ-дәріден көп қалмақ қырылды.
Секер хан тірідей қолға үсті. Секер ханның басын шауып, оның қанын Аманжол ішті. Артта тұрған ұлы жүздің батырлары жауынгерлерімен қаптап, тұс-тұсынан қолма-қол қан майданға кірісті. Бұл соғысты кешегі Зәрезұм соғысынан қейінгі зор майдан соғысы деп есептеді. Күн-түн демей, жеті күн соғыс болды. Қалмақтан зор дауыс естіледі: «Райымбекті тірі ұста!» деп. Райымбек [тің] кім екенін білмейді. Соғыста жүрген барлығы «Райымбек!» деп ұран шақырды.
Күнбатыстағы Шелек өзенін өрлеп кеткен Бақай батыр жауынгерлерімен жол бойы жауды тазалап болды, осы соғысқа кірісті. Күншығыс жақтағы Сарықамысты өрлеп, екі жақты айналып Шанышқылы Қожамберді батыр да барлық жауынгерлерімен жол бойы дұшпандарын тазалап, аман-сау олжасымен осы соғысқа келіп қатынасты. Бұл күшті соғыстың зардабына шыдай алмай жоңғарлар Жалағаштағы Ағанас хан менен Көмірші, Темірліктегі Арыс ханның қол астына барып тығылды. Қалмақтардың үйі тігулі бойымен, [малы] қорада қалды, елсіз кемпір-шалдары жұртта қалды. Жалағаштағы Ағанас хан, Көмірші, Темірліктегі Арыс хан тірі қалған жауынгерлерімен өз жеріне қайтты. Сондағы қалмақтардың айтқан зары:
— Ойран төбе ойылды,
Секер, Барақ жойылды.
Райымбек келді де
Алмадай үзді мойынды.
Жалағаш [ты] жау алған.
Қазақтар ат мініп,
Қарны тойынды, —
деп зарлаған, қашқан Ағанас хан мен Арыс хан өз ордаларына барып барлық халқы мен жауынгерлеріне жарлық берді. «Тірі жан қалмай, біріміз қалғанша соғысамыз. Енді қазаққа бодау бола алмаймыз, — деді. — Егер қазақ бітімге келсе, біз де мақұл дейміз», — деп өздерінше соғыс дайындығын жүргізіп жатыр, шепке тірі жанын, ер адамдарын шығарды, өздерінің бәрі дайындауда болды.
Ұлы жүздің жауынгер, қолбасшылары болып мына екі хандықты шауып талқандағанына зор қуанышта болып, қорытынды жасауға кеңесті. Бұл жөнінде әрбір қолбасшы өз пікірлерін айтып, ортаға салып кеңесті.
— Ұлы жүздің жауынгер, қолбасшы батырлары, менің ойымша, бұл соғысты тоқтатпай жүргізу себебі — дәл осы уақта өздерінің күші азайған кезі, жүрегі қайтып тұрған мезгілі. оларға қарағанда біз күшейдік, алғашқы келгенімізде бізде не бар еді, мінгеніміз — алды ат, арты жабағы тай еді. Соғыс құралдан: жүз адам болсақ, он бесінде ғана соғыс құралы бар еді, азығымыз — жарма, тары еді. Ал енді барлық жауынгерлерде соғыс құралы толық бар. Барлығының мінгені — алды тұлпар, арты атақты ат болды. Азық та қыжалат емес, осы қызуымен Ағанас хан мен Арыс ханға кірісу керек, — деді Райымбек батыр.
— Қолбасшы Райымбек батыр, сіздің айтқан ұсыныстарыңыз дұрыс-ақ, біздің жауынгерлердің табысы — бұрын-соңды болмаған табыста, қуанышта. Анасынан айырылған қозыдай маңырап, қалмақ қолына түсіп кеткен жетім-жесірлеріміз қайтып келіп ата-ана, бауыр-туғандарын тапты, қалмақтан көп жетім-жесірлер түсіп қолымызда тұр. Есепсіз соғыс құралы мен мал-мүлік түсіп отыр. Мына жауынгер батыр Аманжол сияқты қанша батырлар бауар (бауыр) бала болып отыр. Мына Аманжолдың шыдамды, табандылығы сол емес пе, Райымбек батырға қадалған садақтың оғын өзі тартып алып, өзінің қалтасына жинап, кешегі демалыста: «сізге қадалған, тиген мынау еді» деп алдына саудыратып тастады.
Батыр Аманжол бір ғана Райымбек батыр емес, басқа да: батырларға оқ-дәрі тиген болса, оның іріңін суырып, тазалап жазады, мұндай дәрігер бола бермейді. Сол сияқты арыстай батырлар бізге түбелікті бауыр, мына табысымыз зор емес пе?
Біз енді біраз уақыт дем алсақ, соғыс басталғалы қаза тапқандарды анықтап, санын алып, олардың арттағы бала-шағаларына жәрдем берсек, мына қолға түскен кемпір-шалдардың есебін алып, оларға жандарын бағатын мал беріп, тұрмыстарын жөндесек, түскен мал-мүліктің есебін толық алып, әр жерге кетіп тасыған малдарды бірыңғайласақ.
Міне, Ағанас хан мен Арыс ханнан хабар алсақ, егер олар бітімге келсе, уақытылы бітім жасасақ, ар жақтағы елді бері орналастырып, орын берсек, — деп батырлардың атынан, көп жауынгердің атынан Сатай батыр айтып өтті.
Бұл тілекті Райымбек батыр да мақұлдап, бірінші соғыс басталғалы үлкендердің жұмысқа жарамайтын, ауыр жаралы болғандардың есебін алу әр батырға міңдеттелді. Қолға түскен адам, мал-мүліктің есебін алуға адам белгіледі. Бұрын қалмақ қолына, жетімдікке, күңдікке түсіп кеткендерден қанша адам қайтып елге қосылды, оның да есебін алу тапсырылды.
Осы Секер ханның соғысында берік салған қамалын, оқ-дәрі қойған қоймасын Секер ханның өз бұйрығымен өрт қойғызып, өртеп жіберді. Алты жүз құлаштан шығарып алған құдықты да топырақ басып, адамның өлігі тасталып, бұзылды. Ауыз суы халыққа жетпей, судан қатты тарықты. «Ұлытау» — осы күнде Торайғыр тауы еді. Сол тау түбінен Райымбек батыр қазып, бастау шығарып, сегіз ай сол бастау басында қоныстап, қосын тігіп отырған екен. осы күнге дейін «Райымбек бастауы» деп атайды сол өңірді жерлеген халық. Ал кейбір діншілер қоспа сөзбен: «Райымбек батыр тасқа найзасын шаншып, тартып алғанда су шығыпты» деседі.
Ұлы жүздің жауынгерлері мен қолбасшы батырлары кеңесіп: «Ағанас хан мен Арыс ханға елшілікке адамдар барсын. Оған мына адамдар барсын. Жалағашқа, Ағанас ханға, бас батыр қасына бес жолдас алып барсын. Көмірші, Темірліктегі Арыс ханға Қапай батыр барсын, қасына бес адам алып. Бұлар анығын біліп, сөздің тиянағын шешіп келсін. Соғысқа дайын болса, онысын анықтап, жоқ, болмаса, бітімге келсе, қайсы уақытқа жолдарын, мезгілін анықтап келу жіберілді.
Хангелді батыр мен Қапай батырлар ханға баруға жолға шықты. «Біз, қазақтан келе жатқан елшіміз» деп хабар берді хандарға. Бұлар асып-сасып екі ханның орталық жеріне үй тігіп қарсы алды. Батырларды Ағанас хан мен Арыс хан бастарын қосып, «батырларға беташар тартуымыз» деп, ер-тоқым сайманмен екі тұлпар ат тартты. «Ал енді батырлар келгендеріңізге құлдық айттық», — деді. Сонда, Хангелді батыр келген жұмысын айтты:
— Қалай сіздерден, соғысуға әзір болсаңдар, біздерден бітімді қаласандар, оны айт, — деді. Сонда Арыс хан:
— Тақсыр батырлар, жамандасамыз деп бірталай халқымыздан айырылдық. Енді жамандық-араздықтың керегі жоқ. Қазақ-қалмақ түбіміз бір, сондықтан тату болып тамырластықты күшейтелік, — деді. Қапай батыр:
— Тату болу үшін бұрынғы өз айыбыңды білесің бе? — деді.
Арыс хан:
— Айыптымыз, не десеңіздер де мойнымызда. Арыс хан кешікпей:
— Хабар өзімізден болсын, — деді. Хан мен батырлар мейірлесіп қоштасып, аттанды. Екі батырды қошеметтеп Көртоғайдың суынан өткізіп, қанша жауынгерлерімен қош айтысып қайтты.
Хангелді батыр мен Қапай батыр қасындағы жолдастарымен ұлы жүздің көп жауынгерлерімен қолбасшы батырлардың ортасына келді. Барған жұмыстарының баянды болғанын айтты. Бұл жұмыс [қа] көп жауынгерлер мен батырлар өте қуанышты болды. «Енді халықтың үлесін бітім соңын береді» деп уәде жасады. Тапсырылған есептер де дайыңдалды.
Көп кешікпей Арыс хан мен Ағанас ханның елшілері келді. Бітімге шақырып екі ханның орталық шетіне Көртоғайға жақын кең сайға үй тігіліп, екі хан бірігіп ұлы жүздің жауынгерлері мен қолбасшы батырлары, әрбір адамдары келді. Елшілердің сөзі: «Бітім қонағына көп келсе, көпсінбеймін, аз: келсе, азсынбаймыз. Бір-ақ тілегіміз, Райымбек бастаған қолбасшылар толық келуін сұраймыз» деген хан тапсырмасын айтты.
Ұлы жүздің жауынгер қолбасшылары кеңесіп, бес жүз жауынгер, батырларды жіберуді ұйғарды. Райымбек батыр мен Аманжолды қалдырды.
Ұлы жүздің жауынгер, батырларынан Жалағаштағы Ағанас хан мен Көмірші, Темірліктегі Арыс ханның шақыруына қазақ, қалмақтың мұнан былай тыныштықпен өмір сүруіне бітім жасау туралы Хангелді батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр, Аралбай батыр, ырыскелді батыр, Шанышқылы Қожамберді батыр, Бақай батырлар бастаған бес жүз адам бітімге жүрді. Бұлардың келе жатқанын Арыс хан мен Ағанас хан қанша батыр, жауынгерлерімен қарсы алды.
Арыс хан мен Ағанас хан: «бұрынғы өткен айыбымыз үшін» деп тоғыз атанға кілем жауып алға тартты. Тұлпар, арты тоғыз атқа ер-сайман мен тоғыз қызды мінгізіп Ұлы жүздің батырларының алдынан шықты. Жол бойы [аттан] түсіп құшақтасып көрісіп, танысты.
Сонда Ағанас хан мен Арыс хан:
— Қолбасшы Райымбек батыр қайда, бізбен достыққа қосылмай ма? Біз де батырды көріп танысуымыз керек еді ғой, — деді. Бұл хандарға Сатай батыр жауап берді:
— Райымбек батыр да келеді, — деп. Ұлы жүздің жауынгер қолбасшы батырларын даярлаған үйлеріне түсіріп, күтушілермен қамтамасыз етті. Сойысқа алды ту бие, өгіз, еркек қойлармен қамтамасыз етті. Өздерінше қонақ сыйын көрсетіп жатыр. Сырнайшы, домбырашы, бишілерін ойнатып, сыйлық етіп жатыр.
Екі жақ әртүрлі сөздер айтып мынадай қорытындыға келді: «Бұрынғы шабындыда қалмақ қолына түсіп кеткен қыз-қатын және еркектер бала жасынан қолға түсіп, осы күнде еркек болсын, қыз болсын, үш балалы болса да қазақ өз қазағына, қалмақ өз қалмағына қайтам десе, ерікті болсын, өз қолдарымен айыпқа берген тартуға тарыққандардан басқалар. Бұрын уәде бұзып, жай жатқан елді шауып алғандағы мал-мүліктер қайтарылсын!
Сол шабындыда өлген адамдарға құнын төлеуге деп екі жақ та разы болып, хандар мен батырлар бітім-құжаттарға қолдарын қойды қайта серттесіп.
Жер шебін белгілеу туралы көп айтыстар болып, кейбір жоңғарлар: «бұл жерден кетпейміз, қанымызды төгуге дейін» деп айтқандары болды.
Бұл сөзге қазақ қолбасшылары да қатты ашу шақырып, Райымбек батырға адам жіберді қалмақтың жер шебі туралы: «қалай бөлінеді?» деп. Мұны естіп сол заматта қасына Аманжолды ертіп, Аманжолға Секер ханның Көкшұбар тұлпарын мінгізіп Қозытастан, Көртоғайдан өтіп қалың тікен, қонақ күтушілердің тұсында Ақтау, Ешкі жолымен Көкойнақ пен Көкшұбарды ойнатып келіп, қалың жиналған қалмақ пен қазақтан жиналған, келген бес жүз жауынгерлер барлығы тұрғанда айқайлап:
— Мен, Райымбек! Достық бітім болды ма? Разы десендер, әр қолдарыңды көтер, разы болмасандар, соғыс бастаймын, — деді. Жалаңтаста Көкойнақты ойнатып, қылышын жарқылдатып ақырды.
Сонда:
— Не істесең, істе, Райымбек батырды тоқтат! — деп хандар өрекпіді.
— Онда қол көтеріңдер! — деп Ұлы жүздің батырлары айтты.
«Мақұл!» деп, барлық жоңғардың хандары мен жауынгерлері қолдарын көтерді. Кейбіреуі екі қолын тең көтерді. Халық қарсы алып келуді сұрады. «Ортаға ұлы жүздің батыры келмесе екен, бір дұшпан жамандық істеп қояр ма екен?» — деп қауіптенді. Райымбек батыр:
— Жақсылықтың біз де ішіндеміз, егер соғыс болса — басындамын, жақсылықтарың қабыл болсын! — деп жар тастап, аттарын ойнатып Көртоғайдың суына кіріп жөнелді. Мұны көрген хандар, халық айтса сенбеген, өз көзі көріп жер шебі туралы мынадай бітімге келді.
«Аяғы Шарын суының күншығыс жағы, Тастықараның желкесінен Қаратақыр Қалжат дейді. Қаны жақын қалмаққа мына жағы Сарытоғай суы мен Ақтоғай суынан өтіп, үлкен Қарқараның суымен жүріп тауға шығады». Күншығыс жағы — қалмаққа, күнбатыс жағы қазаққа қалды. Сөйтіп, келісімге түгел қол қойды.
Ағанас хан мен Секер ханның халықтың тілегі бойынша Аласаның тау тұмсығынан сол таудың терісімен жүріп, Суықтоғайға түсіп, Жіңішке, Таушілік, Қарабұлақ, Жалағаш, Үш Меркі, Көктөбені жерлеген Ағанас ханның елін өз еркімен жерді босатуға үш жылға дейін рұқсат берілді. Екі жақ келісімге қол қойды. Қолға түскен адамдар қайтыс болды, келісім бойынша жұмысты даусыз шешіп алды. Үш ай шамасында адамдарды қайтаруда қазақтан да, қалмақтан да қалушылар болды. Қалмақтан қазаққа көп қалды. Солардың ішінде Аманжол, Арыстан, Байсерке сықылды батырлар қалмаққа қайтпады. «Адам болып тудық, жан — біреу, серт — біреу», — деп, бұлар қазақ болып кетті. Бұл үшеуінің де ұлы жүзде тұқымы бар.
Мысалы, Аманжол: «Райымбек батырмен бірге тудым, Хангелді ұрпағымын» деп атанып, бұл Аманжол болып атанбайды, «Емеген» болып атанады. Хангелдінің бір баласы болып кетті.
Аманжолдың аты өзгеріп Емеген болу себебі — батырларға тиген оқ шықпай қалса, оны сорып тартып алады екен және де тоқтап қалған іріңін сорып тастайды екен. Құрбы-құрдастары қалжың ретінде қойған аты «Емеген» деп, сол қойылған ат ата- лып кетіпті. Қазір Әлжан да Хангелді ұрпағы деп аталады, Емеген деген бір ру ел бар.
Ұлы жүздің бұрынғы қолбасшы батырлары мен жас қолбасшы Райымбек батырлар болып кеңесіп, олжа бөлісті мына тәртіппен. олжа тартуға келген ұл мен қыздарды ұлы жүздің әр батырларының орнына қарай бөліс болды.
Түскен мал-мүлікті Ұлы жүз бойынша бұрын шабындыда қолында малын қоймай алып кеткен малсыздарды тексеріп, жорықта қайтыс болған адамдарды есептеп, мал-мүліктерді бөлді. Қалмақтан қазақ болғандарға да бөлді. Сонда есеп бойынша соғысқа қатынасқан жауынгерлер басына елу жылқыдан тиіс есеп болды. Өлгендердің құны да шығарылды.
Бұрын Ұлы жүз бойынша қолбасшы жүлгесін Жалайыр алады екен. Себебі: «Орақ батырдан бері ендігі жүлгені Райымбек батыр алуға тиісті» деп ұйғарды. «Ұлы жүз бойынша мұнан былай олжа бар жерде ешбір Ұлы жүз той бастап олжа алмасын, қашан да болса алдыңғы олжа — Алжандікі болсын, — деп, жүздің қолбасшы батырлары мен сансыз жауынгері: «мәңгі артындағыларымызға бірден-бір өнеге қалсын!» — деп серттеседі.
Әр қостан бір жылқы қолбасшының жүлкесі болады екен. Сол ереже бойынша әр қостан бір жылқы жинағанда үш жүз жетпіс бес жылқы болды. Ұлы жүздің батырлары соны ап келіп, Райымбек батырдың қосына келді. Сонда Райымбек батыр ұлы жүздің көп жауынгерлеріне:
— Маған деген жүлкелеріңізге разылық, рахмет айтамын. Бұл жүлкені үшке бөліңіздер. Бұрынғы жеріне жүлке алып жүрген қолбасшы батырлар, қан соғыста қатысы болғандардың бала-шағасына, ауылдағы мүгедек болған кемпір-шал, жетім балаларға менің малымды, сол баталарыңызға бер! Райымбек батыр: менің қалауым — Секер ханның Көкшұбар тұлпарын, ақ тайлағын, болат семсерін, сары қылышын, көк мойын дүрбісін беріңіздер», — деп тілегін білдірді. Ұлы жүздің көп батыры Райымбек батырдың сөзін мақұлдады да жүлгені үшке бөлді. Халқы қатты қуанышта болып той жасады, атамекен жерін жаудан босатты, өткендегі көп шауып қорлық еткен дұшпанынан кек алғандығына.
Ұлы жүздің қолбасшы жауынгер батырлары болып өріс алу туралы кеңесті. Бірінші, Жалайырдың балалары: «Бұрын ұлы жүз жерге орналасқанда атамыз орақты батыр Қараталдан тартып орналасқан екен. Ірі суларды санап, Жетісу деп есептепті. Бір шетінде мен болайын депті. Осы атамыз орақты батыр алған мекенінен тартып біздің Жалайыр өріс алады, — десті. Сонан тартып суан, албан, шапырашты, сарыүйсін, дулат, ошақты, бұрынғы қаңлылар болып Жетісудың қалған жеріне тарап, өріс алды.
— Ал біз ата қонысты алып болғанымыз жоқ, дұшпанды толық жеңгеніміз жоқ, қашан атам орақты батыр санаған, орта жүз бен Кіші жүз атам бөліп берген қонысын түгел дұшпан қолынан алмай бізде тыныштық болмайды да, көңіл орнына түспейді. Ендігі Ұлы жүз батырларының жауынгерлері мен жас балаларыңды баулып, айлакер жүректі етіп дайындау керек. Соғыс құралын дайындау керек. Жылқыдан тұлпар туғызып, ат даярлау керек, — деп, Райымбек батыр жарлығын жариялады, — жер шебінде отырғандар мықты болу керек, ел ортасына жау келмесін, — деп. Жер бөлісте Албан шығысқа қарай түсті, жер шебінде Райымбек батыр өзі өріс алды.
Райымбек батырдың бірінші сапары қысқаша осылай аяқталды.
Райымбек батырдың екінші сапары
Ұлы жүз халқы ата қонысынан өріс алып, мал өсіріп, еркін байтаққа кірді. Қазіргі Бақайтау деп атанып жүрген Талғар басындағы Бақай батырдың өрісі болған. Бақай атында қалғаны осы екен. Ұлы жүз халқы бұрынғыдай емес, жауын жеңіп, көңілі өсіп, соғыс құралы көбейіп, соғыс құралдарынан садақ қана болса, енді дәрісімен айдап ататын мылтық пайда болды. Дәрі мен оқты өздері жасап шығаратын халге келді. Жас жігіттер жауынгер болуға өнер үйренді, аттан тұлпар ұстау, биеден бедеу бағуды үйренді.
Бұл дайындық мынадан: қазақ, қалмақтың, ұлы жүздің қолбасшы батырлары бастаған Жалағаштағы Ағанас хан мен Көміршідегі Арыс хандар қол қойып, Көртоғай Күншығысындағы сайда бас үй тігіп, көп мал сойып, малдың аққан қанымен, оның майын ат кешіп жүрген екен. Сол жердің атымен Бұлақ атанғаны әлі күнге дейін сол — «Майбұлақ» деп атайды. Сондағы келісімді орындамай өз еркімен көшіп, жерді босатпай көшу серті үш жыл болса, кейін жеті жылға кетті. Жіберген елшіге беретін жауабы: «Қалмақ пен қазақ түбіміз бір туған, тату отырсақ жер жетеді», — деп қайырады.
Астыртын елшілердің айту хабарына қарағанда, Жаркент, Көкталдағы торғауыттың қорғаны тұр, ханмен келісе шарт жасаған болуынан қозғалмауға, «Енді қазақ қумайды, егер күштімін деп, зорлаған күнде біз де саған жәрдемдесеміз. Бұл қазақ шабуыл жасап сендерді алса, бәрібір бізді де шабуға шығады, онан да осы бастан соғыс құралды кебейтіп, адамдар- ды іріктеп, даярлық жасау керек», — деп кеңесті. «өзара келісім жасасып жатыр» деген хабарлар болып жатыр. Күнделікті қатынасушылардан Ағанас хан көшіп, жерді босатудың орнына күннен-күнге өріс алып, диқаншылығын көбейтуге кірісті. Бұрын Қарабұлақтан тоған қазып, диқанды көбейткен, айдағаны — көпшілігі онда тары еді.
Меркіден тоған шығарып көмейін бекіткенде, көмейі бұзылып тоқтамағанда, қолындағы қазақтардан «осы тоғанға су жүрді» деп атасынан қалған әдет-ғұрып бойынша үш адамды бауыздапты. оны есіткенде қазақтардың қаны қайнап кетті.
Ұлы жүздің қолбасшылары басты қосып, енді мына Арыс хан мен Ағанас ханға елші жіберуге үйғарды. уәделі уакыттан төрт жылға жуық асты. «Енді шатақсыз жерді босату, күнбе-күнде жеңгеніміз отыруға шарт, елім есептелмейтін майдан соғысы болады», — деп, жіберген елшіге тапсырды.
Елшіге Барақ батыр бастаған алты адам барып, толық жұмысын айтты. Оған екі хан көшіп, жер босатуды қаламады. «Бір ай мерзім ішінде жауап береміз», — деп елшілерге жауап берді. Ұлы жүздің қолбасшы батырлары бас қосып: «Ағанас ханға жаугермен барып көшіру, көнбесе, аяусыз соғыспен жауап беріп, жерден айдап шығуға деп және де «Арыс хан, Ағанас ханға қосылып бірге қарсы шабуылға шықсаңдар уәдесін бұзып, Арқан тасы, тағы орта таудан асыра қуып, мына жағын Көксу, Мұзарттан өткізу керек», — деп қорытынды жасады.
«Бұл Ағанас хан мен Арыс хан соғысып, жеңілмей жерді босатпайды. Алынған хабарға қарағанда, соғысқа дайындығы мықты, соның үшін қолбасшы батырларын үшке бөліп, жауынгерлерді бастап үш жолмен кіріп соғыс ашу керек.
Бірінші, Ағанастың ордасына Таушіліктің тауы мен Жіңішкенің тауы, Жалағаш, Мерке мен тау қорын тазалауға Райымбек батыр, Бақай батыр, Барақ батыр, Бердіқожа батыр, Сатай батырлар бастаған жауынгерлер барсын.
Екінші, Суықтоғай, Бартоғай, Торыайғыр тауынан тартып Қапай батыр бастаған Ердес батыр, Тілеуке батыр, Ақбас батыр, Аралбай батырлар бастаған жауынгерлерімен барсын.
Үшінші, Сарытоғай, Бөрітескен, Көртоғай, Сарқоршын, Қарадала осы жақтан Хангелді батыр бастаған ырыскелді батыр, Биеке батыр, Бекбас батыр, Палпанбай батыр, өтеп батырлар жауынгерлерімен шебіне алып, осыдан Құлық тауының Көкиірім судың құйғанында бас қосатын болсын! Осы жарлықты Ұлы жүздің көп батырлары мен қолбасшы батырларына, жауынгерлеріне тапсырып, әр батыр жауынгерімен өз орындарында болсын. Ағанас ханды өз еркімен көшіреміз. Көшпесе, соғыс бастау біз жақтан басталады да, арада хабаршы жүріп тұрады. Қатынас болсын», — деп Райымбек батыр, көп батыр жауынгерлермен Ағанас ханға жол тартты.
Райымбек батыр Ағанас ханға елші жіберді: «өз еркімен көшсін» деп. Елшісі барса, Ағанас хан: «Қазақтың Райымбек батыры бастаған көп батырмен жауынгерлік шабуға дайындалды» деген хабарды оқып, соғысқа дайындалып, Арыс хан мен Жәркенттегі Көкталдың қорғанын қорғап тұрған Төрехан көмектесуге келе жатқаны бұл сөзден анықталды.
Райымбек батыр бұл сөздің анығына көзі жеткеннен кейін, Барақ батыр бастаған көп жауынгерін Таушілік басына жіберді. Сондағы көшпелі елді көшіруге Райымбек, Бақай батырлар Ағанастың ордасына тиюге даярлануда болды.
Райымбек батыр «Ағанас хан осы топта не істеп жатқанын» біліп қайтуға Бүйембайды жіберген еді, бұл тапсырманы алып қайтқан ол көп қалмақтың арасына кіріп, араласып жүрді. Сол күні түнеп жатты. Ағанас хан халқына хабар жіберіп: «Қазақтың қалың қолы бізді шабуға дайын болды, бір адам қалмай атгануға шығу керек!» — деп жарлық берді. Бұл жарлықты алған соң, Ағанас ханның елі қаруланып, жиналып ордасына келген кезі еді. Бұл қалмақтар арасына мынадай аңыз- әуез тарады:«Қазақтың бір батыры бар екен Райымбек деген, өзі сиқыршы екен, алдағы Түргендегі Қорын ханды қиратқан, Іленің сығысқан сеңін тоқтатып, жауынгерін құрғақ жермен өткізіп алған адам сияқты дейді, атының қанаты бар дейді, жылқыға ұқсамайды дейді. Өзі қалай жүргенін адам білмейді дейді. Түн емес, күндіз де көрінбейді екен. Сол соғыстың ішінде болған адамдар айтты. Сонда оқ барса да, қияр қылыш бар, әйтеуір өліп жатқан адам көп, сонда өлмей калған адамдар айтады: «Біз де «Райымбек!» деп ұран салдық, қылыш тимей, оқ тимей аман қалдық», — дейді. Көпшілік бірін-бірі қоштай, расқа айнаддырды.
Ағанас хан Меркінің тоғанын шығарып, егін айдаған кезі еді. Тоғанның көмейін сонша биіктен шығарған. Меркенің арнасына су жібермей, тоғанның өр жерінен жол тауып өтуге бол- майды, иінді жерден салған көпір бар, сонымен өтуге болады. Ағанас хан «Райымбектің жауынгері келіп тұлпарларды айдап кетпесін» деп Меркінің аузына көп елді киіз үймен отырғызып, жылқыны Меркенің сайын өрлетіп баққызды. Сонда бір жылқышы бір ала биені асаудан үйретіп, арқанын шуатып, жылқының ішіне қоя береді. Әбден шаршаған жануар жатып-тұрып, ұшып тұрып, үстінен де, басынан да, астынан да арқан оралып, шабына тиіп, мөңкіп тұрып шыңғырып жусап жатқан жылқыға барып, жусап жатқан жылқы шошып үркіп, еңіске жосып жүріп береді. Көп жылқы тоқтамай, алдында бейқам ұйықтап жатқан жылқышыларды баса-көктеп, кейбір жылқышыны жылқы басып, жаншып та кетеді.
Баяғы өздерінің айтқан аңыздары бар: «Райымбек» десе, өлмей тірі қалады» деген сөз ойларына келіп, Райымбектің жауынгері, Райымбек бастаған қол келіп қалған екен деп: «Райымбек!» деп жеті ұран шақырып, ерген жылқымен бірге қашты. Айқай-шу «Райымбек» деген ұран тау жарып, жерді жаңғыртты. Қорада қой, сиыр қалды, үйлері жығылмай қалды. Алдынан түскен жылқы. Кейбіреуі ат ұстап мінген, біреуі — жаяу, кейбір адам киім киюге де мұршасы келмей, жан сауғалап қаша берген. осы қашқан бетімен Ақтоғайдың өзеніне түсті. Бір топ адам зарлап жылап Ағанас ханға жетті. «Райымбек бастап кеп жауынгермен келіп Меркеге шабуыл жасап, көп адам қырылды. Жылқыдан қанша алып кетті белгісіз, халқыңыз бүлінді. Мерке, Шуға дейін Райымбектің жауынгерлері қаптады», — деп аяғын құшақтап, Меркі жерлеген халқы зарлады. Осы кезде Бүйембай осы қалмақтардың арасында жүреді.
Ағанас хан шулатып: «Райымбек сол жақтан келіп тисе, мына жақтағы қазақтардың жауынгерлерін аяусыз қыру керек, тез Арыс ханға хабар жеткізу керек, енді қазақтан қорқатын уақыт өтті, соғыс туралы жеткілікті батырлар көп. Жаркент, Көкталдағы қорған Төрехан да, бізбен тілектес, қанша керек десек, адам, соғыс құралын аямайды. Енді аяудың керегі жоқ. Қазақ осы күнде шашқын кезі, олар басын қосқанша бір шетінен кіріп қуа беруіміз керек!» — деп Арыс хан жарлықты қатты беріп, халқына айғай салды.
Бүйенбай батыр осы хабарды өз құлағымен естіп, қайыра тартып Райымбек батырға келіп, есіткен, көргенін баяндады. Бұл хабарды есіткен соң Райымбек батыр тоқтамай Аманжолды қасына алып, топтасқан қалың қалмақтың арасына кірді. Бір жағынан Бақай батыр кірді. «Райымбек!» деп ұран шақырып кеткенде, қалмақтар кіммен соғысарын білмей де қалды. Қазақтың қалың қолы тұс-тұстан кіргенде калмақтар быт-шыт болып, қашуға айналды.
Ағанас хан уәзірлеріне, батырларына: «Мерке тоғанының көмейін бұз, онда қазір Райымбектің батырлары, жауынгерлері жоқ, ақыры тоғанның пайдасын қазақ көрмесін. Тарының қоймасына өрт қойып жібер, қазақ пайдасын көрмесін!» — деп бұйрық берді. Бұл жарлық қолына тиген соң Жалағаш өрлеп барып, Меркідегі тоғанының көмейін бұзып жіберді.
Тары қоймасына қалмақтарды жібермей, қазақ жауынгерлері оны қоршап алды. Ағанас хан көп қайрат етті. Көпке дейін берілмей Райымбек батыр қасында серігі Аманжол бар, Көкөйнақпен қарсыласып, Көкөйнақ тақымын қаққанда қарғып қылыш тигізбей ар жағына түсті, бұрылғанша Ағанас ханның басын Секер ханның ақ алмас қылышымен қағып жіберді. Ағанас ханның басы алынған соң қалмақтар қашып берді. Арыс ханның елін көздеді.
Ұлы жүздің көп батыры мен жауынгерлері өздерінің міндетіне алған серті бойынша жүріп берді. Ұлы жүздің ұраны — біреу. Барлық батырлар, жауынгерлер соғыста «Райымбек!» деп ұрандады. Жіңішке, Таушілік тауына жол тартып кеткен Барақ батыр да келді. Батырлардың арты Суықтоғайдан Жіңішке, Таушілік, Қарабұлақ, Жалағашқа, Меркі, Кеңсу, Көктебе, үш Қарқарадан тартып кірді. Ақтоғайдың суы тасып жатқан мезгілі еді. Аты әлсіздерден, қашқандардан суға кеткендер де көп болды. «Бұл соғыс ең ақырғы соғыс, сол үшін жайбарақаттық болмасын», — деп Райымбек батыр барлық батырлар мен жауынгерлерге жарлық берді. «Шапшаңдап, тездікпен Арысханның ордасын алмасақ, елінің арғы бетінен Төреханның жауынгерлері келіп қалды ма екен?» — деп, Көкөйнақты ойнатын Бақай, Барақ батырларды, көп жауынгерлерін ертіп, Арыс ханның ордасына тартты.
Бастапқы уәде Кегеннің жағасы, Иірсудың қосқанында табыспақ еді. Енді олай болмай шықты. Себебі Арыс хан көп жауынгерлерін құралымен соғысқа қосты. Сол үшін Райымбек батыр, Бақай батыр, Барақ батыр Арыс ханның ордасына тура тартқаны — осы болды.
Райымбек батыр Арыс ханның ордасына шабу туралы ойларында, батырлар әр тұстан қоршап кіруге уәде байласты. «Төңірегі тау-тас, бекініс көп, тура ат қою қиын болар», — деп, Бақай батыр мен Барақ батыр Райымбек батырмен кеңесті. Райымбек батыр: «Ажалдымыз өлерміз, жауынгерлер бір жағынан ұрандап кіру керек, сонда жол ашылмаса, аспаннан түспесек, төңірек тау-тас, ашық жерінде сығысқан жауынгері тұр. Сондықтан жауынгері болса да, мен бір топ жауынгерлер мен ұрандап араласайын, сіздер де артымыздан үн қосарсыздар!» — деп, Райымбек батыр Арысханның көп жауынгеріне ат қойып, араласпақ болды.
Дәл осы уақытта Арыс хан: «Бұл Райымбек батыр бұл жерге келеді» деп қауіптенген жоқ еді. Себебі Ағанас ханның елі де жер шалғайда, мол жауынгері бар еді, оның үстіне Арыс ханнан жіберілген көп жауынгерлер бар, олар бүкіл қазақты тойтарып қайтарды. Егер де шамасы келмесе, тағы жәрдем сұрайды. «Біздің шамамыз жетпейтін болса, Жаркент, Көкталдағы қорғанда отырған Төре ханнан жәрдем алатын уәде, серт бар.» Сол оймен жайбарақат, хабарсыз еді. Хабарға келе жатқан адам Райымбек батырдың жауынгерлерінің қолында еді. Орта жолда қатынас болмағаны осы еді. Арыс ханның соғыс құралын жасайтын өзінше шойын, темір, қорғасын ерітіп, қолменен түрлі құрал жасайтын ошақтары бар еді. Тек өзі құралсыз отыратын.
Арыс хан халқына жарлық беріп, еркектен жараулысын атқа мінгізіп, құрал беріп топтастырған еді. «Орданың шенінен жан жүрмесін» деп адамнан шеп жасап қойған еді. Бұл Арыс ханның жауынгерлерінің ішінде бұрынғы Қорын хан мен Секер ханның қиратылған соққысында болғандар да бар. Сол адамдар арқылы естіп, болмаса ел аузынан есітіп:«Райымбектің жүрісі сай екен, қайдан келгенін білмейсің, «Райымбек!» деген дауысты, қырылып жатқан адамды бір-ақ көресің» деп. Өзара жауынгерлер дәріптеп, тұрған біреулері: ««Райымбек» деп қашса, өлмей аман қалады екен», — деп айтты. Біреулері: «Онда Райымбекке келіп тиіссе, есінде болатын сөз», — деп өз-өздерінше шуылдасып тұр еді. Түнде, айсыз қараңғыда Райымбек батырдың өзі бастап тоқсандай жауынгері сырт киімін ақтан киіп, «қараңғыда бір-бірімізден адаспасқа» деп, жауынгер қалың тұрған жер болса да, «Райымбек!» деп ұрандап, қалың жауынгерлерге келіп араласты. Қасқыр шапқан қойдай быт-шыт болып қашты.
«Райымбек! Райымбек!» деген шу көбейді. Алдағы айтқан сөздері расқа айналды. Қалмақтар да «Райымбек!» деп ұрандап жатты. Қаптаған қалың қолдың арасынан сығылмай кеп ай- қай-шу, ұрандармен Бақай батыр мен Барақ батырлар да келіп қосылды. Тар өзенге таласып, бір-бірінің өлгеніне қарамай қашқан ел жол бермейді. Бұл қысымға шыдай алмай ордасына өрт қойғызып, Арыс ханның өзі де қашып кұтылды.
Ағанас ханның елі алдында Арыс ханнан жәрдем күтіп, «Қазақтың көп батырларын өлтіріп, көп жауынгерлерін қырып, кек алып береді» деген Арыс ханның ордасы өртеліп, өзі қашты» деген хабар алып, күн-түн демей қолына жылқы мен түйе тигендері тау бөктері, көк құз-құзартты көздеді. Арыс ханның елі Шелкөдеге қарай Айғайтасты көздей жөнелді. Таудың төріскейі Қалжат көздей жөнелді. Ұлы жүздің батырлары бастапқы сертінен қайтпай, артына түсті. Жан аямай соққы болған жерде өлім болмай ма, осы соғыста көп жауынгер- лер қайтыс болды, бірқанша батырлар өлді, жаралылар саны да аз емес.
Ұлы жүздің қолбасшы батырлары Көміршіге бастарын қосу жайлы хабарласып, сол Көміршінің суына үй тігіп, бастарын қосуға жиналды.
Өлгендерін көміп, жаралыларды емдеп, аз да болса тынығуға сабыр етті. Ұлы жүздің батырлары жауынгерлерінің есебін алып, артта қолға түскен адам, мал-мүліктерді жинастыруға адам бөліп, демалысқа кірісті.
Таушілік, Жалағаш, Көктөбе, үш Қарқарадан қашқан қалмақтардың арманы:
— Қош, Таушілік, Жалағаш,
Түңілді ханың Ағанас.
Райымбек тұрғанда,
Біздікі емес мал мен бас.
Үш Қарқара, Көктөбе,
Бұрын Бұрқан жақсы еді.
Енді бізге өкпелі,
Райымбек тұрғанда
Енді бізге жоқ төбе, —
деді. Көмірші, Темірліктен қашқан қалмақтардың арманы:
— Көмірші мен Темірлік —
Берік еді ордамыз,
Біз қазақты шапқанда,
Еркін еді олжамыз.
Райымбек келгенде,
Таба алмадық қорғаныс.
Елін тастап қашқан-ай,
Қарсыласпай хан Арыс!
Осындай зарларын айтып, бет алған жолынан қайтпай кете берді. Шалкөдеге барғанда артынан түскен қуғын болмаған соң, Арыс хан өз елінің қалғанын жинастыра бастап, хабар алды. Теріскей жағын Қалжаттан өткенінде анықтады. өздерінің алды Құмбел, Айғайтастан асқан, арты Шөлкәдеде. Ағанас ханның елінің алды Ақиязға барған, арты Текесте екен.
Ағанас хан екі ханның елінің қалған батырлары мен басшыларын жинап алып: «Әлі де қазақ бізді қуғанын қоймайды, қуып жүріп қырғанын да қоймайды, өзінің жерін босатып беріп, тыныш отыруға шарттасалық. Онан гөрі енді бері жібермей, алдынан «Хан жосын» тарту алып барып өтініш жасасын, оның үшін, алдымен, елші жіберелік», — десті. Бұл Арыс ханның сөзін барлығы мақұлдап, алдынан Ұлы жүздің батырларына, жауынгерлеріне елші жіберді.
Ұлы жүздің қолбасшы батырлары, көп жауынгерлері тыныштық алып, өлі-тірілерінің есебін алып, қолға түскен адамдар, мал, көліктердің есебін алып болып қалған кез еді. Үш адам елші келді Арыс ханнан. Келген елшілерді қол қусырып, батырлар жай сұрасқанда, Арыс хан жіберген елшілері болып шықты. Елшілердің тілегі:«енді мұнан былай тату тұруға, біз өз кінәмізді мойнымызға аламыз, ұлы жүз батырлары мақұл- даса, уақыт қашан, қай жерде болуын анық біліп қайту», — елшілердің өтініші.
Райымбек батыр: «Келіссөзге бармалық», — деді. Себебі Арыс ханның жерінде көп жауынгер мен бірталай батырлар қаза тапты және де көп адамдар жаралы болды. Соның үшін әлі де соғысты тоқтатпай, сол үлкендердің қанын қайтару керек. «Арыс ханның басын кеспей, кегім бітпейді», — деп кідіріп отырып алды. Бұл сөзге барлық батырлар мен жауынгерлер Райымбек батырдан сұрап: «Біздің бастағы тілегіміз жеңу еді ғой, сол тілек орындалды, өлгендер — шейіт, халқы үшін жанын киған», — деп Райымбек батырды мақұлдатты.
Сол кезде көп батырлар жаралы болып қалып еді. Райымбек батыр өзі де жаралы еді. Бірақ батыр жаралы екенін көп адамға сездірмейді. Бір санынан садақтың оғы тиіп, оғын ала алмай, асқынып іріңдеп тұрған кезі еді. оны Аманжол іріңін суырып емдеп жатыр еді, бірақ батыр оны ауырсынып тұрған жоқ еді.
Ұлы жүздің қолбасшы батырлары мен жауынгерлері кеңесіп, келісім жасауға келісті. Келген елшілерге жауап берді. «Арыс ханға тез жетіп айтқайсың, келісімге біз де мақұл, өз айыбы болса, тездеп хабар айтсын. Шәлкөде өзеніне үйін тігіп, өзіне керекті адамдарын жинап, бізге тездеп хабар етсін», — деп елшілерді қайтарды. осы тапсырманы алып, елшілер Арыс ханға келіп баян етті.
Арыс хан бұл хабарды есіткеннен кейін, екі ханның елінің басшы адамын шақырып: «Енді біз келсек-келмесек те, ел болудан кетіп, қазаққа бодау боламыз, қалмақтың кейбір батырлары: «осы соғыста Райымбек өлді, оны көзіміз көрді», — деген еді. Олай емес, жалған болып шықты, өлмек түгіл, жаралы да болған емес, оны барғандар көздерімен көріп келіп отыр. Енді бұл қазаққа өз айыбымызды мойынға алып, қалауын істеуіміз керек. Бастапқы келісім бойынша уәде қылған жерін босатып берсек, бұл күнге қалмас ек, екі-үш хан бірігіп қазақты жеңеміз деп, құр құрғақ сөзге мәз болдық. Төрехан бізге жәрдемдеспек түгіл, хабарласпай қалды. Енді қалған елді құрап, керек десе, жерін де босатып берелі, әлі де бос жер жетеді», — десті.
Бұл сөзді барлығы мақұлдап, Шәлкөденің өзенінің бойына үй тігіп, күтушілерін, сойыс малдарын, беташар тартуын даярлап, өздерінше «Хан жосын» деді.
Ұлы жүздің батырлары елші жіберді. Елшілер келіп қазақ батырларының аяғына бас қойып, өздерінің заңдарынша ізет еткен екен. «Тақсыр, Ұлы жүздің батырлары, біздің ханымыз сіздерді шақыруға жіберді. Сіздер үшін үй тігіп, сойыс даярлап күтушілерімен дайын тұр», — деп өтініш айтты.
Ұлы жүздің қолбасшы батырлары кеңесіп, бес жүз жауынгермен сәулетпен тіккен үйіне келе бергеңде, алдынан қанша батырларымен Арыс хан өзі бастап тоғыз атан, тоғыз ат, алды тұлпар алып шығып, жол үстінде жаяулап, тәжім жасап батырлармен көрісті. Алып шыққан малдарын тапсырып, Арыс хан өзі бастап тіккен үйге түсірді. Екі жақ көп кеңесіп, мынадай бітімге келді:
1. Қазақ қолына түскен мал қайтпасын.
2. Қолға түскен адамдар қайту-қайтпауы өз еркінде.
3. Қалмақтан өлгендер құнсыз болсын.
4. Қазақтан өлгендерге бұрынға қазақ-қалмақтың кесімі бойынша құн төлесін.
Осы себептен, тездеп алыс-берісті бітіруге қазақ пен қалмақтан адамдар шықсын.
* * *
Ел бойы қайырылғанына тура шығып, Қарасаздан Қаракүнгей мен Сарытауға шығып, Сарытаудың күнгейі, Сүмбе суының Күншығыс қырымен Текеске түсіп, шапқан жол мұзартқа тік шығып, Күнбатыс — қазаққа, Күншығыс — қалмаққа деп, екі жақ ризаласып қол қойды. Бұл шартқа екі жақтың батырлары толық қол қойды. Осы шекарадан енді соғыссыз, қуғынсыз қалмақтар бес жылда өтіп болуына ерік берілді.
«Енді мұнан былай екі жақтан да ел шауып, бұзықтық істегендер өлім жазасына бұйырылсын!» — деп шартқа қолдарын қойды.
Бұл соғыстың басталуына бір жыл толды. Екі ел алыс-берісін алып отырды. ұлы жүз халқы кең өріске ие болып, әр руға жер бөліп алысты. Ағанас ханнан түскен қырық мың пұт тарыны халыққа үлестірді, тұқым етіп егін айдауға. Мерке тоғанының көмейін үш жерден бұзған, бекітуге келмей қалды.
Райымбек батырдың үшінші сапары
Ұлы жүз халқы кең байтақ өріс алып, өз руларына тиген жерлерге ие болып, жаз жайлауын, қыс қыстауын, көктем көктеуілігін, күзде күздеуменді байтақ, еркін ата қонысына ие болып, беймарал мал өсіруге кірісті. Көмек күткен патшадан әскер келмеді. Сондықтан ұлы жүздің батырлары кеңесіп: «Әлі де біздің қазақ шамасы келсе, қарап отырмайды. Себебі атақты Жаркент, Көкталдағы қорғанда торғауыттың ханы бар, кешегі Қоңтәжінің ескі қазынасы, соғыс құралдары бар, сонан қалған жауынгерлік әдісі бар. Жауға қарсы жұмсайтын сиқыршылары да бар деп айтылады. Бұл — өнерпаз, мықты хан деп санайды. Бұл өткен соғыста Ағанас хан мен Арыс ханға көмекке шықпай қалды. оның себебі — Арыс хан мен Ағанас хандардың тығыз байланыс жасамайтынында да болды.
Төреханның Тарбағатай, Шәуешектегі Жоңғар хаңдарымен келіскен сөзі бар дейді. осы күнде Тарбағатай, Шәуешектегі жоңғарлар орта жүзге тиісіп жатқан көрінеді. Міне, Төрехан соған жәрдемдесетін болуы керек.
Төрехан оған жәрдем беруі үшін орта жолдағы біздің ұлы жүздің өлең арығы бойында екі елімізді шауып, жолымызды тазалап, сонан кейін Тарбағатай, Шәуешекке қосылады. Бұл тек тыныш отыра алмайды. Сондықтан мына Ағанас хан мен Арыс ханнан ажыратып алған қоныста, енді ту биелік тұқымға қалуды мақсат етеді. Мына екі ханнан түскен еркек, қыз-қатындарды иеленіп алған батырлар өз қол астына қараған жауынгерлерді өздерімен бірге туғандай көрсін, енші бергенде өздерімен бірдей беретін болсын!» — деп тапсырды.
Түскен мал-мүлікті, өздерінің бұрыннан бөліп алуға реттелген ережесі бойынша бөлістің бас бөлгенін Райымбек батырға бөлді. Қос басына бір жылқыдан бөлгенде, төрт жүз жылқыдан артық болды. Мұны да Райымбек батыр... өзінше үшке бөлінуін сұрайды. «Бірінші бұрынғы жүлде алып жүргендерге; екінші соғыста өлгендердің бала-шағасына; үшінші ауылдағы жетімдерге, кемпір-шалдарға болсын!» — деп тілек етті. Көпшілік бұл сөзін батырдың қабылдады. Қолға түсіп, қазақ болған қалмақтан батыр жігіттер бар, бұлардың қалауына берді батырмен бауыр болуына.
Ұлы жүздің барлық кәрі-жасы батырларына: «Бүгіннен бастап алда әлі де біздің елге дұшпан көп, қауіпсіз болмай, жастарды: «Ата, мен еркіммен жауға барамын!» — деп даярлау керек. Біздің ұлы жүз жабағы тайды жауға мінуден құтылды. Қарағайдан найза ұстау да жойылды. Мына жылқылар тұлпар болды. Соғыс құралдары көбейді, соғыс әдісін толық білдік, жас батыр, жаңа бауырлар көбейді.
Бүгіннен тартып Қабанбай батырдың еліне елші адам жіберу керек. Осы тобымыз тарамай, толық хабар алу керек», — деген шартты ұсынды Райымбек батыр.
Батырлар кеңесіп, Бүйембай басшы болып бес адам жіберілді. Бұларға тоқтамай тез барып, тез қайтуды тапсырды. Бүйембай көпшіліктен бата алып, жүріп кетті. Мұның артынан бірсыпыра жаралыларды алып, көп мал айдатып, Қапай батыр мен Сатай батыр жүрді. Бұрынғы қарт батырлар да, көп мал, көп адамдар, қалған батырлар елдеріне адам мен мал жіберсе де, көпшілігі Қабанбай батырдың еліне кеткен Бүйембайды тосып, тобын жазбай тосты. Шабыс ат, сынау. Жігіттерді кездестіріп шаптырып, сынау тамашасымен жата берді тарамаған халық күн сайын сауық етіп.
Бүйембай сол жүрген бойымен тынбай жүріп, жолдағы елге барды. Елдегі жаңалық, бір ауылды қалмақ шауып кеткен, он бес үйдің малын түгел алып, бейқам жатқан елдің жарамды мүлік, бой жеткен қыз, бірқанша жігіттерді алып кеткен.
* * *
Қабанбай батырдың елі де қалмақпен шабысуға кірісіп жатқан кезі екен. Осы шабуға келген қалмақтың ішінен бір жас жігіт жығылып, өзі аттың астында қалып, аяғы сынып, атына міне алмай қалып, атымен қолға түседі. Бұл бір қалмақтың мықтысының баласы екен, батырсынған жалқы бала екен. Мұны қолға түсіріп алып, бір қарт аяғын орнына салып, бағуда екен. Бұл жердегі халық жиналып екі адамды хабарға жіберуге ұлы жүздің жорықтағы батырларына даярлап жатқан кезі екен. Мұның үстіне Бүйембай кез болды. Мына қолға түскен адамнан Бүйембай ішінде, жол сұрады.
«Мен — қалмақтың Төреханының қарауындағы бір тайпа елін билейтін бектің жалғыз баласымын. Әкемнің аты — Көгершін. Өз атым — Ақбол, біз бұл жаққа аттанып келгенбіз, он бес адамбыз». Бұл адам бастап келген Төреханның белгілі батырының бірі еді. Бұған берген ханның тапсырмасы: «осы күнде қазақтардың жауға аттануға жарайтын барлық ер адамдары Ағанас хан, Арыс хандармен соғысуда, мұнда бас көтерер еркек қалған жоқ. Оның үстіне бір қуаныш — сеніп жүрген қолбасшы батыры Райымбек осы Арыс ханның ордасын бұзамын деп қолға түсіп, қылышпен шапқылап өлтірілді. Соғыс биыл басылар емес, — деді. — Енді олар сол жақпен әуреленіп жүргенде, бұл жақтағы елін шауып орнына орналасып алып, Тарбағатай, Шәуешекпен батыл іс жасап, қазақтарды қайта шауып, өзімізге бодауға аламыз», — деп Төрехан жарлық шығарыпты, бізді алдымен жіберді. «Халқында күші қанша екен, жорыққа кеткендері қайтып келіп пе, Райымбектің өлгені рас па екен, қанша жауынгермен барса, тез бітіріп алады екен, соны тексеріп, еліне біздің күшіміздің көп екенін көрсетіп қайтыңдар, шетінен бір ауылды ғана шауып қайтыңдар!» — деп жарлық берді.
Енді олар барып ханға хабар берді. Кешікпей бұл елді шабуға келеді. Хан қарсы шығар жауынгерлер жоқ екенін көзі көріп кетті, тегін жатқан елін шауып алып, көңіл қосып кетті. Бізбен қарсыласып шыкқан аздаған адамдарды байлап алып кетті.
Менің қолға түскен себебім — өзім қолға түсейін дегенім жоқ. Қалың дүбірде ел мал айдап, ел шауып, көңілі тасып жатқанда қатын, бала шулап жылап, бірқанша адамдар «Райымбек!» деп ұран шақырып бізбен араласқандай болды. Сонда мен елдің шет жағында келе жатыр едім, Райымбек те келіп ту сыртымнан найзамен ұрғандай болды. Сонда атым да жығылды, өзім де ессіз болдым. Қанша уақыт жатқанымды өзім де білмеймін, бір мезгілде көзімді ашсам, қасымда атымды ұстап бір адам тұрғанын көрдім. Ол адам тұр демеді, менің тұруға өзімде дәрмен жоқ. Жата бердім. Күн шықты, ел жайланғанда бір әйел адам келді, мені көріп: «Неғып жатырсың?» — деп сұрады. Бағанадан бергі қасымда тұрған адам қайда кеткенін білмей қалдым. Мына келген жас қатын мені орнымнан тұрғызып, қозғап, атым аяғыма оралып қалыпты. Атымды шешіп, сауыт-сайманымды алып, өзімнің аяғымды өз белбеуіммен орап таңып: «Бізден де жау қолына түсіп кеткендер бар, соның да басын аман сақтармыз, сені сақтау, тым қадірсіз кісінің баласы емес шығарсың, себебі мінген атың — тұлпар, сауыт-сайманың бар, жарқыраған асылдар, сені атама алып барып, аяғыңды ор- нына салып, атам бақсын», — деп сонда алып келді.
Міне, атам ісіп кеткен аяғымды таңып, қазір жаным тынышталды. Еңді мен жазылған күнде де қайтып қалмаққа бармаймын, барған күнде де мені тірі қоймайды хан. Себебі қаптаған соғыс жоқ, қолға түсуім мүмкін, мінгенім құспен жарысатын тұлпар еді, соғыс құралым мықты, сол себепті бармаймын. Сол мезгілде Қапай батырлар мен Сатай батырлар да келді. Бұл батырлар Төреханның жауынгерлері шауып кеткенін және мына қолға түскен жігіттің сөзін толық естіп, енді асығыс түрде ұлы жүздің батырларына хат жазуға кірісті.
«Мыңдаған Ұлы жүздің елінен (шетінен) Төреханның қанша жауынгері келіп бір ауылды шауып, ұлы мен қыздарын алып, аяқты малдан қалдырмай кеткен. Бір адам қолға түскен аяғы сынып, соның айтуына қарағанда, тез арада Төреханның қалың жауынгерлері біздің елді шауып, Тарбағатай мен Шәуешекке қосылмақ, Төреханның жарлығы солай», — деді.
Райымбек батыр сондағы батырлармен кеңесіп, ол жақтағы Ұлы жүздің халқына тездеп хабарлап, «қазір қыс түсіп қалды, қыс бойы қамданып, қозы аяқтана, толық Төреханның еліне аттанатын болды. Жауынгер батырлар мұнда тез жинала бастасын, Төреханның елшілері «Райымбек батыр Арыс ханның қолынан қаза тапты» деп оқыпты. Қолға түскен адамның айтуына қарағанда, Қабанбай батырдың да Тарбағатай, Шәуешектегі қалмақтармен айқасып жатқаны анықталды.
Райымбек батыр, өзіңіз бір қанша жас жауынгер батырларды мұнда бастап келе жатырсыз, ел өте сасқалақтамасын, бұрынғы уақтағыдай емес, бәрі жеткілікті, жасы өсіп жігіт болды, тайы ат болды», — деп хатқа қол қойды Сатай батыр мен Қапай батыр.
Хатты беріп, Бүйембай бастаған бес адам жолға түсті, күн- түн демей кезекті жерде ат шалдырып, ұлы жүздің көп батырларымен жетер жерге келіп, бір-бірімен көрісті.
«Осы бүгіннен бастап ұлы жүздің барлық батырлары жауға барып, жоңғармен шайқасуы керек», — деген Райымбек шешім алды.
«Біз бұрын Қорын ханның еліне шабуыл жасағанда, қарлы боранда да шабуылда жүргенбіз. Алды шабуылға кірісе берсе, арт жағынан жауынгерлер келе береді. Төрехан тыныштықты өзі бұзды, — деп айтты батыр. — Соғыстан қажалып шыққан жауынгерлер аз уақыт болса да демалсын. Райымбек батыр, Бақай батыр, Бердіқожа батыр, Ердес батыр, Барақ батыр, тағы бірқанша батырлар бүгіннен бастап сол Қапай батыр мен Сатай батырдың жанында болсын. Егер Төрехан қалың жауынгерін қаптататын болса, күнделік хабарсыз болмаймыз», — деді. Бұл сөзге Райымбек батыр да мақұлдасты. Осы ұсынысқа қосылып Райымбек бастаған көп батырлар Қараталға жүріп кетті. Жаралы болған батырларды, қарт батырларды қалдырды.
Райымбек батырдың жарақаты жазылмаған кезі еді. Бірақ батыр мұны ауырлап та жүрген жоқ еді. Ұлы жүздің қарт батырларының соғысты жаз шығуға қалдырып жүргені — Райымбек батырдың жарақаты жазылуын күтті. Бір ғана Райымбек батыр емес, бірқанша батыр жігіттер көп жауынгерлер де жаралы. Солар қатарға келуін күтті. Райымбек батырды «Қараталға барма» деуге өзі де болмайды. Екіншіден, Төреханның елі: «Райымбек батырды Арыс ханның қолында қаза тапты» деп өсек жасаған.
Бұл өсектің тарауы, Арыс ханның ордасын бұзғанда бір Андас деген батыр тірідей қалмақ қолына түседі. Халықтың бәрі «Райымбек!» деп ұрандап жүрген сонда. Андас та «Райымбек!» деп ұран салып жүрген жерінен қолға түсті.
Андасты қолға тірідей түсірген Арыс ханның батырлары: «Сен Райымбек батырмысың? Шынынды айт!» — деп қысады. Андас: «Мен емес» десе де болмай, «біз Райымбек батырды қолға түсірдік» деп халқына жариялады. Артынан: «расын айтпай, өзін-өзі қазаға тапсырды», — деп жариялады. «Сол ұшқын өсекті шын оқиға деп түсінген Төрехан да мұны еліне жариялаған болу керек» деп, батырлардың ұйғаруы осы болды.
Қыстың қысып тұрған кезінде Ұлы жүздің Райымбек батыр бастаған батырлары Қараталға жиналды. Бұл батырлар жиналып келгенше, Төреханның елінен тағы да бір топ жауынгер келіп, елді толық шаба алмай, аздаған жылқы алып кетті. Ол жауынгерлер бір малшыны ұстап алып, қолға түскен жігіттің аман, тірі екенін білді. Райымбек батырдың өлмегенін толық естіп білді. Жақында ұлы жүздің батырлары Қараталда бас қосатынын айтты. Бұл сөзді есіткен жауынгерлер Төреханға хабарлады.
Ұлы жүздің Райымбек бастаған батырлары Қараталға жиналды. Барлығы бас қосып, қалмақ жаққа қарауылды мықтап қойды. Қалмақ жасырын елші жіберді Төрехан қандай пікірде осы тапта, жауынгерін даярлап қазаққа көп жауынгерлермен шабуға дайындалып шықпақ па екен, шықса, қай мезгілге да- ярланып жатыр екен, күші болғанда, күші қандай екенін анықтап келуге. Бүйембайдың туған баласы ...дегенмен, қалмақтан қазақ болған Төле бидің баласы Арыстан екеуі кетті.
Арыстанның баруына бірқанша адам пікір туғызды, оған Райымбек батыр болмады, баруын қалады. Арыстан өзі де барып қайтуды сұрап отырып алды. Райымбек батыр Арыстан туралы батырларға айтқаны:
«Батырлар, менің жан жолдасымдай екі бауырым бар, Аманжол мен Арыстан. Бұл екі бауырымды мені қандай көрсеңіздер, сондай көріңіздер. Бұлардың жүрегі күшті, айлакерлігі сенімді», — деді батыр. Екі батыр тапсырманы алып жолға шығып кетті. Басқа батырлар халық ортасында сауық істеп жата берді.
Екі батыр жолға шықты көп батырлардың батасын алып. Сол бетімен жүріп, тура жат еліне барды. Түрлі әдістермен елді аралап, халықтың пікірін көрді. Ханның кіресіне кіріп, күш құралдарын көрді. Бір мезгілде құмалақ тартатын бақсы да болды. Мұны қалмақтар естіп, «бір құмалақ тартатын әулие бар екен» деп әркім де келіп құмалақ салдырып, «заман тыныш бола ма» деп, «Райымбек біздің елді шаба ма, өзінің өлгені рас па екен? Біреулер өлді деді, біреулер тірі деді. рас па? Соны анық айт», — деп, алтын, күмістен бергені де болды. Арыстан да
«бақсы келді» деп өздерінің заңынша, қос құмалақты шашып жіберіп, бұрқырап келіп сөйледі. «Райымбек тірі, өлген жоқ. Төрехан тыныш жатқан елге бүлік салыпты. Райымбек шабады екен» деп, «шатыры болмайтын күн туады екен» деп көпке көріпкел әулие болды. Мұны естіп, жалғыз баласы қолға түскен қалмақ келді әулиеге құмалақты салғызып. Қату қабақтан әулие баласының аты-жөнін, мінген атының өңі, түсін, ұстаған құралын көргендей толық айтты. Аяғы сынып түскенін, мұны естіп әлгі қалмақ көзінен жасы ағып, мұрнынан боғы аққанша жылап, әулиенің аяғын құшақтап жылап-жылап:
— Мен қазақ болсам, Райымбек жалғыз баламды өлтірмей, тірі қоя берер ме екен? — деп сұрайды әулиеден. Әулиенің айтқаны:
— Бала өте жақсы, Райымбектің қолыңда осы күнде, аз уақытта балаңнан хабар болады», — деді.
Бұл да өзінше бір тайпа қалмақты билеген мықтының бірі екен.
Бұл отырып ханның бұзылғанын айтты:
— Түбі қазақпен шабысуға даярланып жатыр. Қазір қыс суық болды. Жаз шыға қазақпен шабысуға дайындалып жатыр. «Қазір ұлы жүз шашқын болды. Олар басын қосып, жиналғанша бұл жердегісін тез бітіріп, Тарбағатай, Шәуешекпен орта жүзді жаулауымыз керек» деп даярлық жүргізіп жатыр, — деп, сол ханның жарлығын: «Райымбек батыры өлген, өлмеген күнде соғысқа шығуға жарамайды, жорыққа жарамсыз» деп бізге хан қатты ұрысты. «Алдыңғы Райымбектің күшін мақтаған бірқанша адамды дарға тартты, — деді.
Арыстан мен Талас батырлар аман-сау ұлы жүздің Райымбек батыр бастаған батырларының алдына келіп, үйден шыққаннан көрген білгенін баяндады. Мұны естіп ұлы жүздің төңірегіне адамдар жіберіп, қозы аяқтанбай үш түбек толық жиналуын күтті. Осыменен жаз да шықты. Ұлы жүздің жауынгерлері толық жиналды.
Ұлы жүздің батырлары Қабанбай батырдың елінен хабар алып, Төреханмен Тарбағатай, Шәуешекті бірін-біріне қатынастырмай қоюға уәде жасап, қамданды. Ұлы жүздің батырлары соғыс үлгісін төмендегідей тәртіппен жүргізуге — жауынгерлерді үш топқа бөлуге келісті. «Бағай жас батырларды бастап барсын, қалған қарт батырлар артта, орталық ордамызда болсын, Хангелді батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Өтеп батыр, Аралбай батыр, ырыскелді батыр сияқты қарт батырлар орталық ордада болсын! Себебі соғыс жүретін жерге көпшілігі таумен жүреді.
Сарытаудың күнбатыс сыртынан тартып Райымбек бастаған жауынгерлермен, көп батырларымен кірсін Тарбағатай, Шәуешекке! Жол қатынасын жібереміз. Райымбек бастаған батырлар мен жауынгерлердің міндеті — таудағы шашқындаған елді Сарытауды айналдырып үйгентас пен Кең жайлаудан айдап өсекке түсіруге міндетті.
Райымбек батырға жалғас орта белден Бақай батыр бір топқа басшы болсын. Қасындағы қанша батырлары мен бұлардың міндеті — орта таудағы шашқын елді тазалап, өсекке түсіруге міндетті. Райымбек батырмен байланысы мықты болсын. Жауынгерлер сергек болсын!
— Елді бойлап аралап, тазалап, шашқын елді өсекке дейін апаруға міндетті. Мына атақты Шанышқылы Бердіқожа батыр — көп батырларымен, көп жауынгерлерімен бір топтың бастығы, бұлар бір-бірімен байланыс үздіксіз болсын. Орталық ордада отырған батырлардың қолында көп жауынгерлер болсын. Керекті жағына жұмсап отыратын бұл үш топтың қолға түсірген адам, мал-мүліктері болса, осы орталық ордадағы батырларға жеткізіліп отырсын. Осы бұйрықты орындамай соғыстан бас тартушыларға ұлы жүздің қолданған ережесі бойынша ауыр жаза берілсін! — деп Райымбек батыр, барлық батырлар мен жауынгерлер бір-бірімен «жол болсын!» айтысып, өздерінің міндетіне, алған сапарларына қарай жол тартты.
Бірінші жолға Райымбек батыр шықты. Көп жауынгер, батырларымен, екінші жолға Бақай батыр шықты. Үшінші жолға Бердіқожа батыр шықты көп жауынгер батырларымен. «Бір-біріне қайрат беріп, жеңіске жетіп, жемісті болалы. Атамекенімізді толық жаудан босатпай, тоқталмалы», — деп өздерінше уәде жасап аттанысты батырлар.
Артта, ордада қалған қарт батырлар қолдарындағы жауынгерлерін өздерінше кеңесіп, тұсындағы жолдарға шығарып, өздері тиісті орталықта шатырларын тігіп, жайғасып отырды.
Райымбек батыр тау жақтан соғысты бірінші рет бастауды міндетіне алған еді. Сол алған міндетін атқаруға Тарбағатай, Шәуешекке қатынасатын жолдан тартып жауынгерлері мен батырларын сап құрып, «Райымбек!» деп ұран шақырып кірісті. Бұл соғысты бұл жақтан бастауы — Тарбағатай мен Шәуешектің байланысын үзу еді. Айтқанындай, бұл өңірді жерлеген жоңғарлар Ұлы жүздің көп жауынгерлерінен жосып көшіп, қашып берді. Мұрсалары келгені қой, сиырын алып, мұрсасы келмегені қойын, сиырын тастап қашты. Қашқан елден шабуыл барып Төреханға хабар жетті. Райымбек көп жауынгермен келіп: «Еліңді шауып, қатын-бала, кемпір-шал, қой, сиыр жұртта қалды», — деп хабарлады.
Төрехан мұны естіп барлық қолбасшыларына бұйрық берді.
— Бұрынғы дайын тұрған жауынгерлердің үстіне елде қалған, атқа мінуге шамасы келетін еркек адам қалмай аттаныс жасасын! Осы күнде бұл қазақтар әлсіреп тұрған кез еді. Себебі, қанша жылдан бері соғыстан көз ашпай келеді. Өлгенінде есеп жоқ. Тірісінің жарасы жазылған жоқ. Егер күш мықты болса, өзіне-өзі сенімді болса, берік қорғанды қалмақ кіріп бұзбай ма, сырттан тие қашып, мал ұрлап жүрген ұрыдан да үрейленіп қорқуға бола ма, бізде құрал да көп, батыр да көп, қазақтардан жаралы, әлсіз емес. Енді өздерін өзі ажалға айдап келген қазақтарды аяусыз қырып, тез күннің ішінде бітіру керек. Біздің халық жауынгері атам Қонтажіден тартып қазаққа кегін жіберген емес, қазақты ес таптырмай қырып, басшы батырларын тірідей менің алдыма келтіріңдер. Бізде түрлі соғыс құралы көп, айлакерлер де бар, құстың тілін білетін, күн жауғызатын, көз байлаушы да бар. Соларды түгел осы соғысқа пайдаланып, бұл соғысты тездетіп бітіру керек, — деп, — көп жауынгер батырларымен қаптап қазақтың алдынан шығып қыру керек, — деп Төрехан жарлықты қатты беріп, жолға салды.
Бұл Төреханның жауынгерлері басы Сарытау, аяғы — елі, шеп құрып қазақтың көп жауынгерлерінің алдынан шықты. Әр батырлары өзінің бөлімдерімен хан жарлығын орыңдауды міндетіне алды.
Қазақ батырлары бірі қалмай, тас түйін бекініп бұл Төреханның жауынгерлеріне қарсы тұрып, майдан-соғысқа кірді. Райымбек батыр мен Бақай батыр біріне-бірі жалғасып, күн-түн демей қан майдан соғыс болды. Төреханның жауынгерлері сын таппай: «Райымбек қайда, мұның бәрі «Райымбек!» деп айқайлайды, көптен де қорықпайды, көбісі қылыштан да қорықпайды», — деп, бұлар сын таппай өсектің жазығынан түсуді мақұлдай, тау басындағы, орта таудағылары бірігіп үсек бойына түсіп, бас қосты. Сол күні Іле бойлаған Бердіқожа батыр да келіп бас қосты. Батырлардың басын қосып алып Райымбек батыр мынадай ұсыныс айтты:
— Бүгін бұлар қандай кеңес құрып жатыр екен, мен барып қайтайын, — деп, қасына Аманжол, Арыстан, тағы басқа адамдарды алып қалың қаптап жатқан Төреханның жауынгерінің ортасына барып, сөйлесіп жатқандардың жанына барып, Аманжол бірге отырып әңгіме айтып, сөздерін тыңдап отырды. Сонда бұл жауынгерін бастап келген батыры әңгіме жасап отырды. Оның кайда тұратынын, қанша жауынгер бағатынын толық біліп, Райымбектің қандай айлакер екенін айтып отырды. «Өзіне оқ тимейді дейді, жүргенін де адам білмейді дейді. Ағанас хан мен Арыс ханның соғысында болғандардан естідік» деп соқты. Бұған қосымша Аманжол да зәресін алып, бірталай Райымбек батыр туралы әңгімелер айтып, қарауылдағылардың зәресін алып, Аманжол Райымбек батырға келді. Арыстан да бірталай жерді шарлап келіп отыр екен. Сонда Райымбек батыр жолдастарына айтты:
— Енді қорқу болмайды, жауынгердің қолбасшысына баралы, жөні келсе, соны қолға түсіріп алып, мүмкін болса, сол жерден ойран салып, соғыс шығаралы, — деді.
Бұл сөзді жолдастары мақұл көрді. Бұлар өздерімен атын алып жауынгерлердің қолбасшысы жатқан ордаға келді. Келсе, айналасын алған жауынгерлер күзетте, күрзі, ауыр құралдар да осында тұр, қанша тұлпарлар ер-тоқыммен байлауда тұр. Мұны көріп Райымбек батыр:
— Мен бастығына кірейін, сіздер сыртта дайын бол! — деді. Сонда қарауылда тұрғандар біріне-бірі айтады: «Райымбек келіп қалып жүрмесін, сақ қарандар!» — деп. Сонда Райымбек батыр басшының ордасына кірді. Қараса, қасында айдан сұлу, сүттен ақ бір қызды құшақтап жатқан, алмас қылыш, ақ семсер, түрлі құралы тұр. Мұны көріп Райымбек батыр алмас қылышты қолына алып, үнін шығармай киіндіріп, қол аяғын байлап, «Мен — Райымбек, үнің шықса, өлесің!» — деп есікті тарс бекітті. Сонда қыз өксіп жылап, Райымбек батырға қарап сөйлеуге ауыз буулы, сонан соң аузын шешті. Бұл қазақ қызы екен, «тілегім дұрыс» деп, қыз батырға жағдайын айтты. Сонан соң қызды босатып, «басшы шақырып жатыр» деп атақты батырларынан байлап алып, күрзі, қанша құралын, көп тұлпа- рын алып бұларға баяғы батырларына ие етіп, «Райымбек!» деп таң алдында кірісті. Төреханның көп жауынгерлері қараса, көтерілген ту жоқ, жарлық берген басшы жоқ, бет-бетімен қашуға кірісті. «Райымбек!» деген дауыс көбейді. Осы қашқан бетімен сейпілдегі ханның ордасына кірді. Арты созылып, кейін қалғаны қазақ жауынгерлерінің қолына түсті. Қолға түскен адам, мал-мүлікті ордада қалған батырға жеткізіп отырды.
Төреханның жауынгерлерінің көбі қашып кетті, Іле бойындағы Қорғасқа дейін барды.
Алды Айнабұлақ, арты Алтынемел күншығыс жағына дейін, орда бағушылары Қалқан деген созылған таудың жағына орналасты. Қалқан деген ат сонан қалған. «Екі белес — үлкен Қалқан, Кіші Қалқан» дейді айтушылар.
Осы жерде қазақтың ең көп жауынгерлері мен батырлары басын қосып, қолға түскендердің сенімдісін өздерімен бірге ала жүрді. Бірсыпырасын орталық батырларына тапсырды. Сол кезде жаңбыр араласа қар жауып» бірқанша күн қиыншылық көрді. Жауынгерлерге сол уақытта бір адам келіп, қазақ жауынгерлеріне қосылды. Бұл адамның мінген аты — тұлпар, соғыс құралы өте көрнекті адам. Мұның жағдайын сұраса,
— Мен Райымбек батырды іздеп келемін. Маған Райымбек батырды көрсетіңіздер, жағдайымды сонда айтамын, — деп өтініш жасады. Батырлар Райымбек батырдың қасына алып барды. Атын, құрал саймандарын алып бөлек атқа мінгізіп, бұл жігіт Райымбек батырға өздерінше бас иіп, тағзым етіп, өз жағдайын айта бастады.
— Мен — Төреханның белгілі бір тайпа елін билеген батырдың баласымын. Бірақта бұрынғы өзімнің туған әкем қазақ екен, аты — Бүйембай. Ол алты жасында шабында қалмақ қолына түсіп кетіп, бір атақты қалмаққа бала болып, он алты жасында асырап алған. Әкесі таңдап жүріп Құралай атты бір сұлу қызды алып береді, үш жыл бірге тұрады. Бүйембай өзі өте мықты жігіт болып өседі. өнерпаз, айлакер, атқыш, палуан, өткір жігіт болады. Асырап алған әкесі де өте жақсы көреді. Ханға да белгілі жігіт, елге де сенімді болады. Сөйтіп жүрген кезінде шешем екі қабат болып, уақытында мені туады. Мен тоғыз айлық кезім екен, Төреханның інісімен ойнап жүріп қас- қа тісі сынады. Сонда бұл ашуланып, мені: «түбі — қас, қазақ, қастығын істеп тісімді сындырды, бұл түбі дос болмайды» деп әкемді дарға тартуға бұйырады. Бұған халықтың барлығының да жаны ашиды. Мұны естіп әкем Бүйембай қазағына қашып кетеді. Әкесінің қолынан келер нәрсе жоқ, қала берген. Не істесін? Шешем байға тимей үш жыл тосыпты, «бір айланып келіп алып кетер» деп. Келмеген соң шешем сұлу, ақылды адам, тағы бір ханның сенімді адамына тиеді. Онан екі ұл бар. Сонда бір шешеден үш ұл бармыз, аз уақыт болды әкеміз өлді осы соғыс алдында, шешем Құралай әлі тірі.
Осы жақында хан жарлық шығарып, жасында қазақтан түсіп, қазақ болғандарды, қазақпен тілектес болып жүрген қалмақтарды түгел ұстап зынданға салады. Сонда мен ханның қарауындағы бір бектің қойшысы едім, мына хабарды естіген соң үйге келдім. Осы сөзді шешем де, бауырларым да есітіп, қайғырып отыр екен. Мен келген соң қатты қуанысып қалды, «Сені жамбылға салып қойған шығар деп едік, енді аман келдің», — деп, анам ақыл айтып, жол көрсетті. «Сен, балам, қазірден бастап атқа мін, Райымбек бастаған қазақ жауынгерлеріне жет! Аман жетсең, Райымбектен басқа адамға сыр айтушы болма. Әкең еліне тірі барған болса, бұл сыр ашылмай қоймайды, әкең өлген күнде де аты жойылмас, егер өлсе де, Райымбек білмей қоймайды. Егер әкең тірі болса, сол батырлардың ең болмаса атын бағуға, есігін бағуға жарайсың», — деді. Анам менен басқа адамға сыр шашпайды, сізге айтып отырғаным осы. Өз атым әкем қойған — Құткелді, өзімде екі ұл, бір қыз бар. Шешем мен бауырларым: «тілегім жай тапса, мұнда қалдырма» деп жылап қалды, — деп жігіт сөзін бітірді.
Райымбек батыр сол сөзді естіп жігітті құрметтеп, кілемге салып жігіттер көтеріп, қуанышта болды. Бүйембай бұрын да баяндаған, өзі қалмақ қолынан қашып келгені рас, Құралай деген сұлу қатыным қалды дейтін. Бір ұлым қалды деп айтар еді. Құрбылары «Құралай сұлудың күйеуі» деп атар еді.
Бүйембайға сүйінші сұрап хабарға адам барды. Бүйембай бұл адамға астындағы атын берді. Бүйембай келіп баласын құшақтап, өксігін баса алмай жылап тұрып: «Құралай бар ма?» — деп сұрады. Халық жігітке үлкен той жасады. Бүйембай баласымен сырласып, мейірін қандырды.
Төрехан ханның үш сиқыршысы бар деп айтады. «Бірі — күн жауғызады, екіншісі — көз байлаушы, үшіншісі — құстың тілін білетін», — дейді. Оны басқаратын Төрехан ханның туған інісі Кенжеқұл деген. Осы күнде бір бұрышта, елден аулақ жерде тұрады» деді. Мұны естіп Райымбек батыр жиырма адаммен жүрмек болды. Ішінде Аманжол, Арыстан бар, Бүйембай баласымен жатқан жерін көрсету үшін, сиқыршыларды және ондағы балаларын алып қайтуға жіберді. Айсыз қараңғы түн, үш үй оңаша жерде, қаулап жатқан қанша құралы мен көп жауынгерлер күзеткен елу адамның үстінен түсірді Құткелді.
Райымбек батыр жауынгерлерін сыртқа қойып, Аманжолды қасына алып, үңгірге келіп кіріп: «Көтер бастарыңды, мен — Райымбек!» деп ақырды. Ешбірі үн шыкпай қолдарын көтерді. Құралдары бөлек бұрышта еді. Оған Аманжол ие болды. Қалған адамдарды, құралдарды жинап алып Бүйембайдың балаларын қоса жинап алып, бұлардың көнгенін бос алып, көнбегенін қол-аяғын байлап алып, Іле жағалап, түсте аман-сау көп олжамен жауынгерлерге келіп қосылды.
Бүйембай Құралаймен қайта қосылды. Балалары қазақ болды. Қолға түскендердің көбі серт беріп, қазақ болды. Төрехан ханның інісі Кенжеқұл көнбеді. Сонда да өлтірмей бағып тұра берді. Қалған үш сиқыршы барлығы қазаққа берілді. Бұларды қарт батырларға тапсырды. «Еңді өнерің болса, Төреханның ордасына күн жауғыз!» — деп бұйырды Райымбек батыр. Бұл сөзді «қабыл» деп, шебер тасын жинап алып, аузына келген бір нәрселерді айтып жатыр. Күн ашылып жер сергіп, ел жадырап қалды. Бұларды Қапай батырдың қарауына берді. Қапай батыр қарауына алып, қалай жұмсау өз билігінде болды.
Қазақ жауынгерлері үш топқа бөлініп Төреханның ордасын бұзулары керек. Айтушыларға қарағанда, екі есікті, қос дарбазалы дейді.
— Екі бөлім екі дарбазаға ие болып, соны бұзуға міндетіне алсын, қалған бір бөлім сырттағы Төреханның жауынгерлерімен айналыссын. Соны алуға міндетіне алсын! Бұған кеш бата кірісу керек. Бір дарбазаға Райымбек бастаған батырларымен көп жауынгерлер барсын. Екінші дарбазаға — Бақай батыр мен Тілеуке батыр бастаған батырлар көп жауынгерімен барсын.
Қорған сыртындағылармен Бердіқожа бастаған көп батырлар мен көп жауынгерлер соғыс жүргізсін, лажы болса, ордасын бұзбай қолға түсіруге. Біздің ақырғы соғысымыз — бұл. Қорғанды бұзып тұрып, ханды ала алмасақ, біздің ұтылғанымыз, өткен соғыстарда берік қамал құрған жоқ еді. Мынау өте берік, сондықтан жан аямауға керек. өлсек, шейітбіз, атамекенімізді кейінгі ұрпақтарға иелендіріп кетсек, ұмытылмайтын болады. Есік ашыла қорғанға кернеп кірмей, жауды ала алмаймыз, жау да сескенбейді және де қашпайды, — деп Райымбек батыр сөзін ұқтырды көпке.
Райымбек батырдың айтқанын көп батыр, көп жауынгерлер бір ауыздан қабылдап, әр батыр өз тобымен өздерінің міндетіне алған жолына түсті. Біріне-бірі қайрат айтып: «бүгін түнімен қорғанның іші-тысын тазалап, ертеңгі күн бас қосып жауды жеңіп, тойлауға» деп бір-біріне жауап беріп аттанысты.
Райымбек батыр мен Бағай батыр жауынгерлерін атқа қойып, дарбазаға жақын келді. Жандарында үштен ғана адамдар бар. Райымбек батыр дарбазаның есігіне жетіп келіп еді, білектей қара құлпы екі жерден салған, алдында төрт адам сайманымен, «Сіздер кім боласыздар?» — дейді.
— Ханға бару жолы қайда? өте тығыз жұмысымыз бар, — деді Аманжол.
— Бізде кілті болмайды, біз сонда хабарлаушы күзетшіміз, — деді.
— Кілті кімде болады соны айтыңыз? — деді Аманжол. Бұл турасын айтпады. Аманжол оның басын ақ алмас қылышпен қағып тастады. Қалғаны: «Тақсыр, сіздер Райымбексіздер ме?» — деді. Аманжол:
— Міне, Райымбек, — деді.
— Енді біз ханға сіздер келді деп хабарламалы, құралдарың болса, ашып кіріңіздер, ханның қорған жайын көрсетіп береміз, құрал қойған орындарын, — деді. Ол адамдарды өзі тұрған кішкене үйіне кіргізіп аузына құлып салып, өздері құлпын қарап таппай қойды. Райымбек батыр алмас қылышпен шауып, құлпын лақтырды. Екі құлпын қиратып, артқы жауынгерлерге хабарлап, қорғанның ішіне кірді. Бұларды Төрехан, ханның жауынгерінің бастығы біліп қойып, дарбазаға кернеп келіп, қазақ жауынгерлерін кіргізбеуді ойлап, күш шығарды. Райымбек батыр дарбаза қасында, Аманжол бар, бірқанша батырлар мен жауынгерлері бар қорғанның ішіне кіріп кеткен. Райымбек батыр дарбаза баққан күзетшіні алып, ханның ордасына тартқан. Бұлар ханның ордасына жеткенше, дарбаза жақтан қалмақша шу шықты. Қазақша «Райымбек» деген айқай, ұран шықты. Ханның ордасын баққан жауынгерлердің көпшілігі, о шеті мен бұ шетіне айқай жетпейді. Арасынан адам түгіл, оқ өтпейді.
Райымбек батыр Аманжолға айтты:
— Енді қарап тұру болмайды. Біз де ұрандап жалаң қылышпен кіріселік, — деді де, өз атын өзі ұрандап сығысқан қалың жауынгердің ортасына кірді. «Райымбек!» деген ұран көбейді. Кіммен кімнің соғысып жүргені белгісіз. Жылап жатқан, ұлып жатқан адам көп. Сырттағы Бердіқожа батырлар не болды, Бақай батырлар қорғанға кірді ме, бұл қалай? Өзіммен бірге батырлар, жауынгерлер түгел қорғанға кірді ме, бұл да белгісіз. Мұнша өліп жатқан адамдар қазақ па, қалмақ па? Райымбек батыр әр ойға кетіп, қайраттанып, ақырып, бір сығысқан қалың адамның ортасына кірді. Бұл адамдар ханды қорғап, Төрехан қашуға даярланып тұрған беті екен. Бұл жауынгерлер: «Мынау Райымбектің өзі сіздің мұнда тұрғаныңызды біліп келді», — деді. Төрехан алды-артына қарамай қаша берді бірқанша батырлары мен жауынгерлерін алып.
— Енді қырылмай, жан сауғалаңдар, қазақ қолына түсіп кетпесін ордаға, өрт қойыңдар! — деп жарлық берді Төрехан.
Бұл жауынгерлер басын қайда қоярын білмей тұрғаңда, естіген заман, ордаға өрт қойып жіберді дейді. Атылып, тарсылдап, бүткіл қаланың іші түтін-тұман болып бірді-біреу білмейді. Қалмақтың көп жауынгерлері Төреханның өлі-тірісін де білмейді, қашқанын да білмейді, сонымен таң атып, күн шықты, қалмақтың көп жауынгерлері мен батырлары қолға түсті.
Бағай батыр да екінші дарбазаны бұзып, қорған ішіне кіріп алып ойран салған, сырттағы Бердіқожа батыр да қосылған. Бағай батыр, Райымбек батыр қорған ішіне кіріп, ұрандап жүргенін естіп қора құлпысын бұзып, қарауылын өлтіріп, қорғанға кірген бірнешеуін ұрандап жалаң қылышпен кіріскен, бұлар таң атып, күн шыққанда табысып, қалмақтан көп жауынгер қолға түсті. Құралдары мен Төреханды өзі шығарысып салған қалмақтың бір жауынгері анығын айтты.
— Орда мен қоймаға өрт қойғызған, жарлық берген Төрехан ханның өзі, қазақтың пайдасына қалмасын, — деп.
Төреханның қашқанын қалмақ жауынгерлері мен қазақ жауынгерлері сонда ғана білді. Мұның анығын естіп, қазақтың қолбасшы батырлары мен көп жауынгерлері қолға түскен адам мен мал-мүліктерді қалған батырларға жіберіп берді. Мұнда өздері, әр батыр өз жауынгерлерінің өлі-тірісінің, жаралыларының есебін алып, тез арада Төреханның өзіне қосуды мақұлдап жұмысқа кірісті. Қолға түскен адам мен мал-мүліктің есебін алуды әрбір батырлардың өзіне тапсырды.
Бұл қорғанды алуда қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлардан қаза тапқандары болған. Батырлардан көп батыр жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр, сол сияқты батырлар жаралы болған. Биеке батыр, Бердіқожа батыр сияқты батырлар қаза тапқан. Аманжол батыр ауыр жаралы болған. Бұл шығын, жаралылар өте көп болды. Тар қорған, ұзын түнде кімді кім өлтірді соғып, қылыш пен найза салды.
Райымбек батыр мына қаза тапқан жолдас батырларын және қаза тапқан көп-көп жауынгерлерді естіп және жаралы болған батырлар мен жауынгерлердің санын көріп Төреханның тірі қашып құтылғанына ыза болып, көп батырларға:
— Бұл соғысты тездетіп жүргізіп, қалай да болмасын Төреханның басын алмай бұл соғысты тоқтатуға болмайды, мына қаза тапқан батырлардың қанын сонымен қайтармай жүрек орнында болмайды, — деді.
Төрехан Қорғасқа жетіп, елінің сол маңға жеткенін жинап алып, ел басқарған қалған адамын шақырып:
— Мына Райымбек бастаған қазақ жауынгерлері біздің түбімізге жетпей, тоқтамайды. Өйткені бізде айлакер, сиқыршы көп, адам жеңбес батыр көп деп мақтанар едік. Айлакер, сиқыршымызды қанша жауынгерлерімен, құрал-саймандарымен үнсіз, тілсіз байлап алып кетті. Күші де, айласы да мықты деп жүрген жауынгер бастығы қанша батырмен өзі де өсекте байлауға қолға түсіп, қанша жауынгер қырылды. Міне, адам баласы бұзбақ түгіл, шеніне келе алмайтын қамалды бұзып, өзіне қарсы шығатын адамын қырды. Енді аз болмаса, менің басымды алмақ еді. Аты атты адамдардың үстінен қарғып, менің басымды алуға келгенде, жауынгерлердің арасымен қашып құтылдым. Қазақ не айтса да қалған жанның тілеуін тілеп, соның үшін қазаққа елші жіберелі. Бұған кім барсын, — деді қалмақ басшыларымен кеңесіп. «Мөңке шешен барсын» деп ұйғарды Төрехан. Ханның атақты ақыны, шешені еді Мөңке. Мұның қасына үш адам қосып, «Хан жосын» тартуымен жүргізді. Мөңке жолдастарымен қазақ батырларының алдына келіп өздерінше бас иіп, сәлемдеді.
— Ұлы жүздің қолбасшы батырлары мен көп жауынгерлері сіздердің алдыңызға көпшілік Торғауыт қалмақтың атынан және ханымыз Төреханның атынан бас иіп, құлдық айтып, алдыңызға келдік. Атақты батырларымыздың бес сұлу қызын алып, тоғыз тұлпар — қанды атымыз ер-тоқымымен, тоғыз атан түйе, қара кілем жіберді. Кессең, басымыз дайын, құлдансаң, еліміз дайын, аталарымыздан қалған сөз рас екен: «Күндестің күлі де күндес» деген. Қазақ, қалмақ бір кісіден айырмасы — шешенің бөлектігі ғой. Ендеше бізге жер жетпей ме, мал жетпей ме? Мұнда елді қырып әбігерге салған оңды тұрмыс емес, тыныш жатқан елді соғысып азаптағанына себепкер болғанын мойнына алып, Төрехан айтты: «Сондықтан атамыздың айтқаны бар: «Судың кемерін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деген. Атаулы жердің адамдары бес сұлу қыз жібердім, қоршаласып құда болып, құшақтасып дос болалы», — деп Мөңке шешен сөзін бітірді.
Райымбек батыр бітімді қаламай айтқаны:
— Қаза тапқан батырлардың қанын қайтару керек, сонда ғана кек бітеді Төреханның басын алсақ, — деп еді, Ұлы жүздің батырларының Райымбек батырға өтініш жасап айтқаны: «Ажалды адам үйде отырса да, өледі, халқы үшін еңбек істеп, соғыста шейіт болды. Ақырғы күшті бізге, дұшпанды жеңуге жұмсады. Арманы жоқ, келешек ұрпақтарға ұмытылмайтын ата қонысына ие болатын болды. Мына соғысу жолы жиырма бес жылдай болды. Халық та қажыды. Ақырғы бітім осы болар. Атаң Хангелді батырдан бастап көп батырлар қаза тапты. Біздің елдің жеңуіне көзі жетіп кетті. Енді қалған ұлы жүзді өздерінің қалаған жерлеріне қоныстандыру болсын. Міне, Төреханмен бітім жасасу», — деді батырлар. Бұл сөзді Райымбек батыр да мақұлдап, елшіге жауап беруге батырлар кеңесіп, елшіні ортаға шақырды.
«Бас қосу орынды. Мөңке шешен, сіздің қалаған жерлеріңіз болсын!» — деді.
Ұлы жүздің батырлары Жаркенттің күншығыс жағы деп айтты. Мөңке жиырма күн уақыт сұрады. Үй тігіп, сойыс дайындау, күтушілермен қамтамасыз етуге деп тіледі.
Ұлы жүздің батырлары бас қосар жеріне де, сұраған уақытты, күніне де мақұлдасты.
Мөңке шешен қош айтып, қайтты. Мөңке шешен:
— Бас қосу, қонаққа мың адам да аз, көп келсеңіздер, көпсінбейміз, жүз адам келсеңіздер, азсынбаймыз, — деді.
Ұлы жүздің батырлары кеңесіп үш жүз адам баруды мақұлдасты. Қолбасшы батырлар онда барғанда келісім бітімді көпке созбай, тез бітіру жайын ойластыруды мақұлдасты. Себебі ауыр жаралылар көп, елге қайтару жағы да тезірек болуын ойлады. Қолға түскен адам, мал-мүліктерді бөлу, бітім артынан болсын деп қабылдады. Райымбек батырдың жарақаты айықпай, көпке созылды. Себебі оғын сорып алып тастайтын Аманжолдың өзі жаралы болып жатыр. осы халде болған себепті Райымбек батыр бітімге баруға лайығы келмеді. «Көпшілікке өте қажет болса, көрерміз», — деді. Ал Райымбек батыр бұл жарақатты ауырлап отырған жоқ, соғыс десе, әлі де алдымен жүргісі бар. Басқа көп батырлар Райымбек батырға: «Сіз дем алыңыз, өте керек болған күнде өзімізден батырлар келіп, көп батыр, жауынгерлеріңізбен бірге барасыз», — деп мақұлдасты. уәделі күнде ұлы жүздің батырлары үш жүз адаммен жүріп тіккен үйлеріне жақындаған кезінде, Төрехан көп батырларымен алдынан шығып қарсы келді. Төрехан:
— Түбіміз достықпен өтсін. Достық кейінгі ұрпаққа қалсын! — деп Ұлы жүздің батырларымен кезек-кезек құшақтасып көрісті. Төрехан көрісіп болып, жан-жағына қарап:
— Қолбасшы Райымбек батыр қайда, біздің бітімді қаламай ма, елдің достығы мәңгілік жақсылық бітіміне неге келмейді? Біздің тілегіміз — Райымбек батыр қатынасқаны дұрыс, — деп Төрехан тілегін білдірді.
Ұлы жүздің батырлары бұл тілегін дұрыс көрді. Көбі ақылдасып: «Райымбек батырдың халі қалай екен, бірқанша батырларымен Бердіқожа батыр барып қайтсын», — деп ұйғарды да, Бердіқожа жүріп кетті. Бердіқожа батыр келсе, Аманжол оғын суырып алып, іріңді тартып жатыр екен. Батыр сау адамдай болып, қарғып тұрып Бердіқожаға сәлем беріп, қолын алды. Бердіқожа қуанғанынан көзінен жасы ағып:
— Қолбасшы жас бауырым, айықтың ба? — деді. Райымбек батыр:
— Батыр аға Бердіқожа, жас бауырым Аманжол батып тұрған тікенді алып тастады, — деп қуанышын білдірді.
Бердіқожа батыр:
— Сізді Төрехан өзі, бүткіл халқы сұрайды, баруды қалай кересіз?
Райымбек батыр:
— Мен дайын, — деп жауап берді.
Сол заман Бердіқожа сауыт-сайманын даярлап, атын жабытып, бірқанша жауынгерлер ортасына алып, жүріп берді. Көкойнақ сегіз жасар күйіне келді. Райымбек батыр соғыста жарақат болмағандай түрленді. Төреханға «Райымбек батыр келеді» деп хабар жетті. Қанша батырымен алдынан шығып, ізет жасап, құшағын жазып көрісті. Қайтадан ұлы жүздің батырлары екеуіне де құрмет етіп, аттарына көтеріп мінгізді. Бұл себебі — Райымбек батырдың оқ жамбасынан тиген, соны ауырламасын және қалмақтар жаралы екенін білмесін деп, Төреханға қоса қорған жасап жүрген еді. Түсіргенде де құрметтеп, аттан көтеріп алып түсірді. «Райымбек батырды көреміз» деп торғауыт қалмағы, көпшілік тілек етті. Бұларға Бердіқожа батыр тұрып жауап берді.
— Райымбек батыр осында болады. Тойдың артынан өз іштеріңе барады, сонда көресіз, сөйлесесіздер , — деп жауап қайырды. Дүниеге қызықпайтын кішіпейілділігі, жан адамға тура келмес және жолдас сақтауды алғашта ойлаған Райымбек: «кейбіреуді қорқытып алған шығармын» деп, «Адамға бақ қонса да, кішіпейіл мінез-құлқы серік» деген сөз рас екен деп бағалайтын болды. өз пікірі — Райымбектің алдына соғыста өзі өлуіне разы болатын болды. Соғыста да бірнеше қатарлы жерден алып қалып өзі кетіп, өзі ойрандап келді. Осы табысты, Ұлы жүзге осы бақытты Райымбек батыр алып берді деп есептер еді. Осы соғыста ауыр жаралы болғанда қатты қайғырды. Жамбасынан тиген оқ шықпай, оны алатын Аманжол өзі ауыр жаралы еді. Төреханның бітіміне бара алмауы сол еді. Төреханның сұрауы бойынша Райымбек батырдың бітімге қатынасуға шақырып Бердіқожа батырдың өзі баруы — Райымбек батырдың өз көзімен халін білу еді. Оғын «Аманжол алып, секіріп тұрды» дегенде қуанып қалды. Райымбек батыр тұрып келіп қол бергенде, қуанғанынан көзінен жасы тоқтамай аққаны осы еді.
Екі елдің басшылары мейірлесіп, кеңесіп мына төмендегі бітімге келді.
Қазақ қолына түскен мал-мүлік қайтпасын. Екі елдің қолға түскендері еліне қайтуға рұқсат. Қайтпай қаламын деушілерді зорламау, қала берсін. Мұның сыртында қазаққа алты батырдың құнын төлеуге төрт жүз жылқы есебімен деп те келісті.
Ұлы жүз батырлары: «Атамекеніміз Құлжаға дейін болсын», — деді. Бұған Төрехан өзі бастап, көп батырлары халқымен шулап бас қосып, тілек қылып жатып алды. Ұлы жүздің батырлары мен жауынгерлері кеңесіп: «Жер шебі — тау жағы Талкыға айқасатын таудан Алмалы суы, Қорғасқа түсіп, тура өтіп, елден Қаракемер, Қарамолаға қосылсын. Мұның күншығыс жағы жоңғар халқына тисін. Күнбатыс жағы қазаққа тисін», — деп екі жағы разыласып, бітімге батырлар, хандар қолдарын қойды.
«Алыс-беріс бір айдың ішінде бітсін!» — деді. Төрехан халқымен тілек етті: «Қашпай, қумай бір жыл мерзім ішінде белгілеген шептен өз еркімізбен өтіп боламыз», — деп тілек етті. Бұл тілегі де берілді. «Енді мұнан былай ел шауып, мал ұрлаушылар болса, өлім жазасына тапсырылсын!» — деп екі жақ қолдарын қойды.
Адамды өткізу, алыс-беріс екі айдың жүзі бір жарым айға созылды. Бұрын балалы болып қалған қазақ әйелдерінен де қалмақта қалды.
Бірен-саран еркектен де қалды. Қазақта көп қалмақтың әйел, еркегі қалды. Атақты Төреханның кішісі Кенжеғұл еліне тірі қайтты. Атақты үш сиқыршы Қапай батырдың бауыры болып, жалайырда қалды. Сол сияқты көп адам қалды қазақта, бітім осымен аяқтады. Ел араласып, алыс-беріс жасап, тамыр, дос болып, татулыққа көшті. Сол кезде Орта жүзде Қабанбай батырдың елі өз тұсындағы қалмақпен жауласып, жер шебін белгілеп алды. Қаракерей, сарыкерей деген Орта жүзден ел кері барып жер алып, сонда қалды дейді айтушылар, сол кеткеннен сол жақта дейді.
Олжаға түскен мал-мүлікті есептеп, өлгеннің құнын шығарғанда, жауынгерлер есебіне алпыс жылқыдан тиді дейді. Олжаға түскен жастарды басшы батырлардың желкесіне берілді. Қолбасшы желкесін қос басына бір жылқыдан жинағанда, төрт жүз жылқыдан асты. Мұны Райымбек батырдың қосына айдап келіп еді, Райымбек батыр бұрынғы бөліс бойынша көп батырларға берді. Бұлар үшке бөліп таратты. Ауылдағы мүгедек кемпір, шал, жетім бала, жесір әйелдер, соғыста өлгендердің бала-шағасына, бұрынғы желке алып келе жатқан батырларға бөлді.
Ұлы жүз жерге орналасуды бұрынғы өздерінің бөлісі бойынша орналасты. Сонымен әрбір батырлар өз жеріне қайтты. Қорғасқа жақын Сатай батырдың бастауымен өріс алды. Осыменен ұлы жүз кең байтақ жерге ие болып, өрістеп көшіп, мал бағу әдетімен көшіп-қонып жүре берді.
Райымбек батыр Темірлік, Кегеннен келіп өріс алды. Жарақаты жақсы оңалды. Аманжол толық айықты, осымен бірталай уақыт өтті.
Патшадан бірлеп уәкілдер де келе бастады. Ол патшадан келген уәкілдер басшы батырлармен кеңесіп қана кетті. Олардың берген жауабы: «Сіздердің жер шептерің белгіленген, енді ешкім ала алмайды, менен де үлкен ұлықтар келіп сұлтан, би сайлайды», — деп айтып кетті.
Ұлы жүз толық жерге орналасып болды. Алды Сырға дейін, мына жағы Қаратал, Күншығыс жағы Алмалы қырқасы, Қалжат, Сүмбе, Көксу тауға дейін. Бұл жақта қалмақ, қазақ аралас отырды. Мына Қордай көлдің күнгей жағы Қырғыз Алатауының осы күндегі Қызылқия жер шегі, бірақ қоныс аралас болды. Өзбек жағын Хиуаның ханына шектес Шанышқылы Бердіқожа батыр алды. Бірақ ұлы жүз болып Жетісуға орналасқанмен, әр руға жердің шегін белгілегенмен, руларына қосылмай, араласып отырғандары болды. Бірақ өрісі еркін, молайды. Елдің әдеті там салып бір жерге қоныстанбаған. Жазы-қысы көп мал бағумен күн көрген ел еді. Осы уақытқа дейін мына шекарада қазақ, қалмақ араласып отырар еді. Мысалы, Нарынқол, Шәлкөде, Қалжат, Қорғастың күнбатыс жағында қалмақтар болды.
Қазақтар алды Жұлдызға, Құлжаның басы тауға шығып, теріскей жағы Алмалы, Суасуға дейін өрістеп мал бағып қайтар еді. Сол өрістеп мал бағумен мына қызай деген ел сонда қалып қойды дейді айтушылар. орта жүзден мына рулар: қаракерей, сарыкерей деген рулар қалды дейді. Кейін патшаның екілі келіп жер шебін белгілегенде, мекендеген өрісінен қайтпады. Оларды «көш!» деп жоңғарлар қоймады.
Қлы жүзде бұл кезде қарт батырлардың көпшілігі қаза болып, жас батырлар өсе бастаған кезі еді. Осы уақыт Райымбек батырдың жарақаты оңалмауы салдарынан ауырлай бастады. Сонда Райымбек батыр жақындағы ағайын, жолдастарын шақыртып алып:
— Мен көп ұзамай дүниеден қайтуым тура болғалы тұр. Мүмкін болса, Ұлы жүздің батырларына хабарласаңыздар, қош айтқаным дұрыс шығар. Қанша жолы қатерлі қан майданнан аман шықтым. Сол қиян-кескі соғыста аталарым да, қанша бауырларым да қаза тапты. Бүгінде соларды да, Ұлы жүздің батырларының бастарын қоспай, жайбарақат тыныштық, хабарсыз кеткенім дұрыс болмас, қозы аяқтана осында бастарын қоспақпын, осылай хабар жеткізсеңіздер, — деп Райымбек батыр халқына айтты.
Жиналған халық ақылдасып, батырдың мына сөзін естіп, «ортамыздан батырдың кетуге уақыты жақын болыпты. Бұл айтқанын орындалық, Ұлы жүзге түгел хабарлалық, қазір айтуына қарағанда, уақыт жетеді. Әлі толық үш ай бар», — деп жарамды жігіттерді сайлап, қолдарына хат жазып, ұлы жүздің ру бастығы батырларға жүргізді. Қастарына жолдас қосып, жарамды ат мінгізіп, көп адамдар жіберді. Бұларға тапсырды тез жетіп, хабарлауды. Көп адам Ұлы жүздің алыс жердегісіне бұрын жетуді қам етті. Бұлар толық бір айда ұлы жүздің шетіне шықты, Ұлы жүздің көп халқы, батырлары бір-біріне хабарлайды деп, қой коздап аяқталмай жиналып болды. Келгендер батырмен қоштасып, амандасып жатыр. Халық кернеп, көп жиналды. Келгені шетінен амандасып жатыр, көп үй тігіп, кәдімгі соқта қосымен жүргендей тамақтанып жатыр.
Райымбек батыр Бақай батырды шақырып алып:
— Көңілдегі елің, азаматтарың келіп болды ма? — деп сұрады. Бақай батыр:
— Көпшілігі келді, — деді.
— Олай болса, батыр, мені далаға шығар, биік жерге отырып халықпен қоштасайын, — деп айтты. Халықтың ортасына сөре жасап отырғызды. Батырды көргендер кейбірі: «Осымен батырдан ажыраймыз ба?!» — деп көздерінен жасы парлап тұр, халықта қайғырушылар көп болды.
— Ұлы жүздің көп батырлары мен халықтары, менің сіздерге ақырғы жолығуым болу керек. Сіздерге айтарым — мен дүниеден сапар шегемін пәни дүниеден бақи жайға, айтарым, менде арман жоқ, жауын жеңіп Жетісуға орналасып, өріс алғанын көзім көрді. Бұл дәуірді көрмей кеткен батырлар көп, енді қарттар кетіп, жастар өсіп, еліне ие болу — бұрыннан-ақ Құдайдың жазуы солай, барлығыңа жекелеп қоштасуға уақыт аз, аталарың Ұлы жүз үшін туып, өмірін осы ұлы жүзді атамекені Жетісуға орналасуға, соның жолында соғыспен, дұшпандармен қарсыласып соғысумен өмірін бітірді. Көбі соғыста қаза тапты, міне, мені өз қолдарыңызбен жөнелткелі отырсыздар. Ал маған рұқсат етіңіздер, ауылда қалғандарға да менен қоштасу сәлем, — деп үйге кіруді сұрады. Бақай батыр, Бердіқожа батырлар көтеріп үйге алып кірді. Аз дем алуды сұрады. Сол мезгілде Ұлы жүздің батырлары, келген халық болып кеңеске кірісті.
Ұлы жүздің батырлары жиналған халықтар кеңесіп, батырды жерлеу, қою орнын белгілеуде Ұлы жүз үшке бөлінді. Бірінші, Албан батырлары мен халқы:«осы қайтыс болған жеріне қоямыз» дейді. «Көп батырлар қаза болған жеріне қойылды. Сондықтан Райымбек батырды да осы қайтыс болған жеріне қоямыз», — деді. Жалайырдың батырлары, келген адамдары: «Жоқ, олай болмайды, себебі бұрынғы батырлар көбі соғыста қаза тапты. Қысталаң уақытта алысқа апаруға мүмкіндік жоқ уақыт еді. Бұл күнде олай емес, халық кең, бейқұт уақытта жаудан құтылып, ел жайбарақаттыққа келіп тұрған кезі. «Батыр дүниеден қайтса, қайта айланып келмейді. Жауласқан ел қайта бас көтермейді деуге болмайды. Сол себепті жауласқан елдің жер шебіне — сүйегін қойғызуға, Қараталға қоюға рұқсат етіңіздер», — деп басқа Ұлы жүзден тілек етті.
Дулат, шапырашты, сарыүйсін, шанышқылы, ысты, ошақтылар батырдың көп еңбегі сіңген алғашқы жас кезіндегі босатқан жері еді. Қастекке қоюға ұлы жүз батырларынан сұрады.
Бірі-біріне келіспей отырып еді, Бақай батыр ұлы жүздің батырларына, жиналған халықтарына ұсыныс жасады.
— Сіздерге лайық келсе, Райымбек батырдың өзіне кеңесімізді айтсақ қайтеді, — деді. Сонда кей адамдар айтты: «Өзі қоштасып жатқанда, қалай айтуға болады?» — деді. Көп батырлар өзіменен ақылдасуды мақұл көрді. Осы сөзді мақұлдап, келісу сөзін естіп шығуға үш жағынан үштен тоғыз адам батырдың үстіне кірді. Бұлар келісіп Райымбек батырға айтуға Бақай батырға сөз берді. Бақай батыр ұлы жүздің пікірлерін толық түсіндірді үш жерді көрсетіп отырғандарын.
— Жан серігім Ұлы жүздің батырлары, сіздерге айтарым, арғы атам Сырымбет батыр, бергі атам Хангелді батыр дүниеге келгеннен Ұлы жүз үшін туып, Ұлы жүз үшін еңбек істеп, өмірін өткізді. Солардың жолымен мен де тудым. Ұлы жүз үшін еңбек еттім. Бұрынғыдай соғыс уақыты емес, халық жайбарақат. Соның үшін менің сүйегімді қайда қоюын Ұлы жүз білсін. Жанталаспаңыздар, бірақ мынаны ескеріңіздер: Алматы — Ұлы жүздің ортасы, Кең жайлауың — Қарқарасы. Ұмытылмайтын Алматы — судың басы, ақылдылар, айтарым осы, — деді Райымбек батыр. Райымбек батырмен халық қоштасып болды, сонда Райымбек батырдың тоғыз ұлы бар екен. Алды ержеткен, арты жасы кіші әйелінде, басында үй де, жеті асқан қазан-ошағы да жоқ екен. Бар малы бір ат, бір атан түйе, бір сауулы інген түйесі бар екен. Жауға асынар құрал, сайманы түгел екен. Сонда мына әйелі Райымбек батырмен қоштасып отырып айтқаны:
— Батыр, менде бір арман бар, — дейді. — Арманым, сізден шаңырағы бар үй де қалмай барады және сізден қалды деп ұстайтын қазан, ошақ жоқ, — деп арманын айтты.
Райымбек батыр сонда ұлы жүздің батырларынан сұрады:
— Менің жайым қай жер болды? — деді.
Бақай батыр:
— Келістік, Алматы суының күн батысы болады, — деді. Осы батырларды, алдына бәйбішесін қосып, тоғыз ұлын шақыртып алды. Сонда мына балаларына:
— Менің жолымды ұстап, Ұлы жүзге қызмет етерің бар ма? — деп сұрады. Қожағұл сонда тоғыз жастағы кезі екен, ұшып тұрып:
— Мен сіздің жолыңызды ұстап, Ұлы жүзге қызмет істеймін, — деп қолын қусырды. Сонда Райымбек батыр бәйбішесіне айтты:
— Менен қалған мұра мынау емес пе, сіз, бәйбіше, менімен бірге жауға бардың, дұшпанды жеңгеңде бірге болдың, арман етер жеріңіз жоқ, — деді.
Ұлы жүздің батырларына айтты:
— Мені қойғанда, жерді терең қазсаңыздар дұрыс болар. Себебі түрлі заттар шығуы мүмкін, бәйбішеге бір белгісін алып келіп берерсіздер.
«Менің сүйегімді көк шөпке орап, қапқа орап тігіп, ақ атаныма артып алып барғайсыздар. Қынжыла қоймасын халық. Ақ атанымды сойып жеңдер, басын қойып кетерсіздер, — деп Райымбек батыр қош айтып, жүзін сипап, қаза болды.
Оқуға кеңес береміз:
Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі