Өлең, жыр, ақындар

Итеке батыр

Итеке батыр бала кезінің өзінде-ақ ат құлағына ойнап, құралайды көзге атқан мерген болыпты, күреспен аты шығыпты. Көздері танадай от шашып тұрады екен. Осыдан ба қаймығып, бетіне жан қарай алмайтын көрінеді. Итекенің аулы көбінесе құм ішіндегі сексеуіл арасын, жаз Хан тауының бөктерін, кей жылдары Балқаш жағалауын қыстайды екен.

Сол жолбарыспен кездесетін жылы шағын ауыл Балқашты қыстапты. Бұл кездесу былай болған екен. Итекенің жақсы көретін айғыры болыпты. Бір күні таңазанымен тұрып, аттарын көруге қораға барса, айғыры жайрап жатыр. Сөйтсе, жолбарыс жарып кетіпті. Ашуға мінген Итеке сол жерде биесін ерттеп, қамшыдан басқа қару алмастан жолбарыстың ізіне түсіп берді. Осының алдында қарпық қар жауып, күллі аңның ізі сайрап жатса керек.

Итекең ауылдан біраз ұзап шығады. Аз жүрген соң алдындағы ши түбінде бүктүсіп жатқан айбатты аңды көреді. Жолбарыс та аттылы адамды көреді, бірақ орнынан қозғалмайды, көз алмай жата береді. Итекең де жыртқыштан көз алмайды. Ашу қысылған отты көздері ұшқын шашып, жақындай түседі. Бұл жерде күш емес, көз аңдысады. Көзді құдірет тұтатын жүректі аңның жанары сола береді. Осы кезде Итекең жанынан өтіп бара жатып, қамшымен басын ала салып өтеді. Жолбарыс мыңқ демейді. Қайта оралып, биесінен түсіп, жанына келіп қараса, аң атаулыны тітіренткен айбынды жолбарыс сол бүк түскен қалпында жатыр. Бастан тиген қамшы жолбарыстың бас сүйегін қақ айырып, миын шығарып жіберіпті. Білектей боп қамшы ізі және қалған. Бұл Мтекең батырдың көп ерлігінің бірі екен.

Оқуға кеңес береміз:

Жидебай батыр (І нұсқа)

Жидебай батыр (ІІ нұсқа)

Тарақты Байғозы батыр туралы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз