Белгілі ғалым 1928 жылдың 1 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. «Озерный» кеңшарында бастауыш сыныптарын тәмамдап, кейін Петропавловск қаласындағы №45 темір жол мектеп-интернатында жеті жылдық білім алады. Осы аралықта ата-анасы, екі бірдей ағасынан айырылып, інісі екеуі қалған болатын.
1947 жылы Петропавл малдәрігерлік техникумым тәмамдап, Омбыдағы С.М. Киров атындағы ауылшаруашылығы институтына оқуға түседі. Оқуды аяқтағаннан кейін ҚазақКСР ҒА аспирантурасына жіберіледі.
Қазис Тәшенұлының қызмет жолы 1952 жылы ҚазақКСР ҒА Эксперименталды биология институтында кіші ғылыми қызметкер міндетінен басталды. Бұдан кейінгі қызметі Физиология институтымен байланысты болды.
Ғалым «Күйіс қайыратын малдың асқорыту физиологиясы» атты диссертациялық зерттеу жұмысында алғаш рет күйіс қайыратын төрт түліктің таз қарынында микробиологиялық ақуыздардың жинақталу үрдісі азық рационы мен ас қорыту жолына түсетін сілекей мөлшеріне байланысты екенін анықтады.
1961 жылдан бастап Қ. Тәшенов ҚазақКСР ҒА Физиология институтының асқорыту физиологиясы зертханасында меңгеруші қызметін атқарып, ауыл шаруашылығындағы төрт түліктердің асқорыту жүйесін зерттеумен айналысты. Сонымен қатар, ұйқы безі мен өт жолдарын бөлудің хирургиялық операция арқылы жүзеге асыруды ойлап тапты. Қазис Тәшенұлы ойлап тапқан түтіктік әдістің жаңа нұсқасының бірі – иннервация мен қан тамырларын сақтай отырып, ұлтабардан кіші асқазанды бөліп алу. Ғалымның бұдан кейінгі зерттеулерінің нәтижесі 1967 жылғы «Сауын малының асқорыту бездерінің қызметі» атты докторлық диссертациясында көрініс тапты.
Қазис Тәшенұлы төрт түлік малдың асқорыту мүшелері мен сүт бездерінің қызметін реттеуде бүйрек, қалқанша және жыныс бездерінің маңызын анықтады. Ғалым қозы мен қойдың зат алмасу үрдісіндегі бауырдың рөлін анықтау үшін қақпа мен бауыр тамырларының ангиостамия әдісін ойлап тапты. Бұл әдіс тереңірек орналасқан қан тамырларынан қан алуға мүмкіндік берді.
1975 жылы Қ.Т.Тәшенов ҚазақКСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Осыдан бастап ғалым Чехословакия, Польша, Словакия елдерінің бірқатар институттарымен бірлесіп, күйіс қайыратын малдардың ас қорыту жүйесіндегі азотты алмасу және нейрогуморалды реттеуді анықтау мақсатында зерттеу жүргізеді.
1980 жылдан бастап Қазис Тәшенұлы ҚазақКСР ҒА Физиология институтында қызмет етті. Алдымен, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, кейінірек институт директоры болып тағайындалды. Осы аралықта ғалымның бастамасымен «Лимфа түзілу физиологиясы» және «Өнімді жануарлар физиологиясы» бойынша Бүкілодақтық бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ, тамыр қан айналымы мен лимфа айналымының физиологиясы бойынша Бүкілодақтық сипозиум, И.П.Павлов атындағы Бүкілодақтық физиология қоғамының ХІІІ съезді, Қазақстан физиология қоғамының V съезді өткізілді.
Тәуелсіздік жылдары ғалым биология ғылымын дамытудың басты бағыттарының концепциясын дайындауға қатысып, 1994 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Қазис Тәшенұлы білікті кадрларды даярлауға ерекше мән берген еді. Ол кісінің бастамасымен 25-ке жуық ғылым кандидаттары мен докторлары дайындалды. Жалпы ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде 250-дей ғылыми еңбек, оның ішінде 4 монография жарияланды. Автордың 20 шақты еңбегі ағылшын, неміс, чех тілдеріне аударылды. Ғалымның өнертабыстары үшін алған авторлық куәліктері, оқулықтары да бар. Сонымен қатар, төрт түлік малдың ас қорыту мүшесінің қызметі және оны реттеу механизмімен байланысты хирургиялық операцияның 20 тәсілін ойлап тапты.
Отандық ғылым саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан Қазис Ташенұлы 2015 жылы сәуір айында 87 жасына қараған шағында өмірден өтті. Дегенмен, ғалымның артынан өшпес мұрасы сақталып қалды. Бүгінде Қазақстан ғылымының тарихы музейінің қорында ғалымның «Закономерности всасывательной деятельности желудочно-кишечного тракта», «Регионарная микрогемодинамика и лимфообразование», «Деятельность пищеварительных желез у лактирующих животных», «Микроэлементы в деятельности пищеварительных желез», «Хирургические методы исследования физиологии пищеварительной системы и механизмы ее регуляции» сынды еңбектері, фотосуреттері, марапат куәліктері, алғыс хаттарының, құжаттары мен авторлық патенттерінің көшкірмесі сақтаулы тұр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Казис Ташенович Ташенов. Материалы к биобиблиографии ученых Казахстана. Гл.ред. Н.А. Айтхожина. – Алматы: Арыс, 2004. – 107 с.
Смагулова Жанар, Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі